Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ӘСКЕРІН ҚҰРУ ОҢАЙ БОЛҒАН ЖОҚ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ӘСКЕРІН ҚҰРУ ОҢАЙ БОЛҒАН ЖОҚ

Биыл – Қазақстан армиясы үшiн айрықша жыл. 7 мамырда ел қорғаны – Қазақ­стан­ның Қарулы Күштерiнiң 20 жыл­дығы! Осы жиырма жыл­да қазақ ар­мия­сының қаз тұрып, қа­дам басуы үшiн ауқымды жұмыстар атқа­рыл­ды. Қазақ­стан әскерi елмен бiрге есейiп, қалыптасты, дамыды. Сонау 90-шы жыл­дар­дың басында егемен елiмiздiң Қарулы Күштерiн құруға белсене қатысқан, жаңа тұрпатты ұлттық әскер құрудың бел ортасында жүрген қайраткер азаматтың бiрi – Ким Серiкбаев. Бiз Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi, әскери ғы­лым­дар докторы, профессор ағамызбен әскерiмiздiң кешегi мен бүгiнi туралы кеңiнен әңгiмелескен едiк.

– Қазақстанның қарулы күштерінің құрылғанына 20 жыл. Соның құрылуының бастапқы кезінде сіздер тұрдыңыздар. Егемендік алған елге армия құру қиын болған жоқ па?

– Қазір осы тақырып бойынша көп мақала жазылып жатыр. Әрине, өзім әскери ғалым болғандықтан бәрін қарап отырамын. Меніңше, бұл мақалаларда бір-екі қателік бар. Бірінші мәселе – персонификация. Бұл жеке адамның ғана көрсетілуі. Екінші келіспейтінім – Қазақстанда бұрын армия болған жоқ. Бәрі ақ қағаздан басталды деген әңгімелерді айтады. Бұл дұрыс емес. Біз келешек жастарға тек шындықты айтуымыз керек. Әскер құру мәселесі өте күрделі жағдай. Бір бригада ұйымдастырып, үй салу да үлкен мәселе ғой. Ал әскер құру деген бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Әрине, қолбасшы алысқа жол сілтейтін ақылды, дана адам болу керек. Сосын «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген бар емес пе? Негізі мәселені тәжірибеде ондаған, жүздеген, мыңдаған адам шешеді. 1992 жылы 7 мамырда 28 панфиловшылар паркінде армиямыздың құрылуына байланысты салтанатты шара өтті. Ол уақытта әскери сапта 36 жыл жүріп, запаста болдым. Әуелі бізде Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Бір жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Оны отставкадағы генерал-лейтенант Сағадат Қожахметов басқарды. Б.Момышұлы мектебінде қолбасшы болып қызмет атқарып жүргенде мені кеңесшілікке шақырды. 1992 жылдың наурыз айының аяғында Президенттің Жарлығы бойынша, Әскери қорғаныс бөлімі құрылды. Сол бөлімнің меңгерушісі қызметін атқардым. Әскерде жұмыс істеген ғалымдарды жинадым. Бұл бөлім өте күрделі жұмыстарды атқарды. Әсіресе саясатта, әскери салада болып жатқан жаңалықтарға қорытынды жасап, Жоғарғы Кеңеске құжат дайындап шығардық. Әскер құру үшін құжат керек. Заң керек. Егер де құжат, Жарлық болмаса әскер құрыла ма? Қорғаныс бөліміне тәжірибелі әскери мамандар – запастағы офицерлер: Роллан Қаратаев, Кәрім Әбілғазин, Марлен Тыныбеков, Петр Черкашин, т.б. шақырылды. Олар әскери қауіпсіздік заңдарына өте көп еңбек сіңірді. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде біздің жеке әскери қауіпсіздік туралы заңдарымыз болған жоқ. Өйткені бір Одақтың құрамында болдық. Әскери доктрина дегенді тек оқыған, көзі ашықтар ғана білді. Президенттің тапсырмасы бойынша, құжаттарды жеті айдың ішінде дайындадық. Негізі бұл құжаттарды дайындауды 1991 жылдың аяғында Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің офицерлері бастады. Генерал-майор Сейілбек Алтынбеков басқарған жұмысшы тобына полковниктер Эмиль Алманиязов, Қалижан Әлжанов, Владимир Данник, Сағатжан Тасмағамбетов пен запастағы ардагерлер Бейсен Құдайбергенов, Бапан Тәңірбергеновтер қатысты. Әлі есімде, 1992 жылдың желтоқсанында Жоғарғы Кеңес Әскери доктрина қабылдады. Сол арада әскери төрт заң қабылданды. Бұл заңдар армияның құрылуына әжептәуір қызмет істеді. Ақ қағаздан басталды дегенді осы жерде айтсақ, қиянат болмас еді. 1992 жылдың 21 желтоқсаны бүгінгідей көз алдымда. Министр, генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов әскери доктрина туралы баяндама жасады. Депутаттар жақсы қабылдады. Сұрақ, қарсылық болған жоқ. Содан кейін менің кезегім келді. Қазақстан Қарулы күштері және қауіпсіздік туралы баяндама жасадым. Соның негізінде заң қабылдануы керек болатын. Екі күн талқыланды. Әлдебір есеппен аяғымнан шалғандар болды. Өйткені «Қазақстан – егеменді ел. Қазақстан ешкімнің жеріне шабуыл жасамайды, ешкімнің байлығына көз салмайды. Соған байланысты Қазақстан ешкімге соғыс бастамайды» дегенді айттық. Бұл доктринада да, заңда да болды. Қазір де осы саясат жүріп келеді. Бұл бейбітшілік саясат. Посткеңестік елдердің кейбірінде қандай қиыншылық жағдай орын алды?! Бір республиканың өзіндегі халық бір-бірімен соғысты. Ал бізде мұндай болған жоқ. Бірақ кейбір депутаттар түсініңкіремей: «Олай болса, бізге әскер неге керек?» деп даурықты. «Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің жағдайы, экономикасы құлдырап кетті. Мұндай жағдайда әскерге қаражат бөліп керегі жоқ. Тіпті әскердің керегі жоқ…» деген әңгімелер гуледі. Баяндамадан кейін шу болғанда, сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев, генерал Бағадүрбек Байтасов қалғандарына түсіндіруге тырыс­ты. Мысалы Манаш Қозыбаев: «Егер де елімізді, Тәуелсіздігімізді дамытамыз десек, өзіміздің әскерге керекті қаражатты бөлуіміз керек. Олай етпесек, келешекте сол қаражатты басқа елдің әскеріне беруіміз де мүмкін», – деді. Ал Бағадүрбек Байтасов: «Өзім қаншама жыл армияда қызмет атқардым. Кеңес армиясына да біреуді жаулап алу деген талап қойылған жоқ. Кешегі Ұлы Отан соғысында да жерімізді, елімізді қорғадық. Келешекте қандай жағдай болады? Тек шекара әскері емес, жалпы әскеріміз болу керек», – деп қолдау білдірді. Осы азаматтардың арқасында қалған депутаттардың беті бері қарап, Қарулы Күштер мен қорғаныс заңы қабылданса да, қаражат бөлу мәселесі айтылған 19-бап өтпей қалған еді. Кейін Президенттің араласуымен 19-бап қабылданды. Сондай-ақ сол кездегі Қорғаныс министрінің орынбасары Тоқтар Әубәкіров «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы туралы» Заң жөнінде баяндама жасағанда, бұл еш кедергісіз қабылданды. Бұған бәлкім, тұңғыш ға­рышкердің абыройы, сыртқы келбеті әсер еткен шығар. Онда әскерге, әскери отбасыға қамқорлық жасауға байланысты баптар болды. Одан соң Жоғарғы Кеңес алдында Қорғаныс министрінің екінші орынбасары Анатолий Рябцев «Әскери қызметшілер мен қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің зейнетақымен қамтамасыз етілуі туралы» Заң жобасын ұсынғанда, айқай-шу осы кезде басталды. Онда да қаражат мәселесі. Бірақ әлгіндей ағалардың арқасында заңның бәрі қабылданды.

– Ресеймен екі арадағы қару-жарақ бөлісуі қалай болды? Олар бәрін алып кетті ме?

– Кеңес үкіметі құлады. Бұрынғы әскер тарады. Әскери қару-жарақ шығаратын зауыттар тоқтады. Оның көпшілігі ыдыс-аяқ шығарып кетті. Келешегімізді ойламай, көп нәрсені жоғалтып алдық. Бұл зауыттардың жұмысы лажсыздан тоқтатылды. Орал, Павлодар, Ақтөбе, Алматының өзінде әжептәуір қару-жарақ шығаратын зауыттар болатын. Әскер керек болса, ол қазіргі техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз етілуі тиіс. Аз да болса бүгінгі күннің техникасына ие болуымыз керек. Амал нешік, жоқ болғаннан кейін әрине сатып аламыз. Ресейден, Америкадан, т.б. сатып алып отырмыз. Олар көмек есебінде беріп жатырмыз дейді. Бірақ мына заманда кім тегін көмек береді? Нарық деген солай. Олар есесіне басқа жағынан пайда көргісі келеді. Егер еліміздің қауіпсіздігін сақтаймыз десек, әскерден қару-жарақ пен техниканы аямау керек. Сондай-ақ басқа елдермен саясат жағынан ғана емес, экономика жағынан да байланыс орнату қажет.

1992 жылдың сәуіріндегі Президент Жарлығының 4-тарауында «Бүкіл әскери бөлімдердегі дүние-мүлік Қазақстанның меншігі болып есептелсін» делінген еді. Соның өзінде де, Ресей көп қару-жарақты алып кетті. Қорғаныс министрлігі өз өкілдерін жіберді. Сол арқылы қадағалап тұрды. Дегенмен бәрін алып қалдық десек өтірік болар. Бірсыпыра байлық кетіп қалды. Мысалы бұрынғы атом орталығы болған Курчатовты, Сарышағанды, Ақтөбедегі полигонды айтайық. Сондағы техниканың көбі қолды болды.

– Сол уақытта бұған бас-көз болатын ұлттық кадр да жоқтың қасы емес пе?

– Иә, ұлттық кадр жоқ болды. Қателіктің бірі сол. Қазақтың ішінен 74 жылдың ішінде үш адам ғана Бас штаб академиясын бітірсе, екі адам ғана әскери ғылымның кандидаттық дипломын қорғаған екен. Ал сапта тұрған жауынгерлердің қатарында қазақтың саны аз болды. Мысалы бүкіл Кеңес үкіметінде тек 2 мың 830 ғана қазақ офицері болған. Ол уақытта КСРО-ның армиясы 2 млн.-нан астам ғой. Алматының Жоғары жалпыәскери командалық училищесінде 190 офицер істеді. Соның ішіндегі алты қазақтың біреуі едім. Оқып жүрген мыңдаған курсанттың ішінде 87 қазақ болды. 19 облыстық әскери комиссариатта бір қолдың саусағындай ғана қазақ болды. Әскери кадр мәселесі саясатының кемшілігі осыдан көрініп тұр. «Қазақтар әскерге барғысы келмеді» деген бос әңгіме. Қаншама жігіттер әскери оқу орнына түсе алмады. Ол уақытта конкурс қиын еді. Бір орынға төрт-бес адамнан келетін. Сынақтың бәрі орыс тілінде өтетін. Ауылдан келген балалар орыс тілін білмегендіктен өте алмайтын. Міне, осы қателіктерді түзеу керек болды. Бұл мәселе бірте-бірте шешілуде.

– Тіпті білікті әскери кадр дайындайтын оқу орны да саусақпен санарлық болды ғой…– Республикада екі-ақ әскери оқу орны болды. Бұл Алматының Жоғары жалпыәскери командалық училищесі және Жоғары шекаралық училищесі еді. Қарулы күштерді құрғаннан кейін бізге тек қана шекара емес, басқа да мамандар керек болды. Мысалы байланысшылар, зеңбірекшілер, танкистер, инженерлер, химиктердің қа­жеттілігі сезілді. 1994 жылдан бастап жалпы әскери училище 11 мамандық бойынша кадр дайындауға кірісті. Оның бастығы болып ынталы да жігерлі азамат Абай Тасболатов тағайындалды. Мұнда үш-төрт жылдың ішінде әр түрлі мамандарды, взвод командирлерін дайындадық. Кадр мәселесін шешуге атсалысқан сол жылдардағы кафедра басшылары – Жақып Әбілдаев, Виктор Абраменко, Пернехан Ермекбаев, т.б. азаматтарды ерекше атап өту керек. 1997 жылға дейін әскери оқу орындардың жағдайы нашар болды. Бөлінген ақша киім мен тамаққа ғана жететін. Ал жоспарға байланысты жаттығулар, техниканы пайдалану мәселесіне қаражат жетпеді. Дегенмен қазіргі жағдайды бұрынғымен салыстырғанда, жер мен көктей. Қомақты қаржы бөлінуде. Бірақ біздің әскерімізге бірыңғай баға беруге құқым жоқ. Тек ғалым ретінде салыстыра аламын. Оған баға беретін бас қолбасшы Президент, Қорғаныс министрлігі. Ал өтіп жатқан жаттығуларға, ТМД, НАТО әскерлері қатысатын сынақтарға жақсы баға берілуде. Оған Елбасы қатысып, көріп жүр. Жаттығуға қатысатын әскери бөлімдер бір-екі ай дайындалады. Олардың техникасын, киімдерін жаңартады. Жігіттер әскери міндетін жоғары деңгейде орындайтыны сөзсіз. Менің тілегім, қалған әскери бөлімдер де кәсіби тұрғыда осы деңгейге жетуі керек. Сонда ғана біздің әскеріміз еліміздің Тәуелсіздігін берік қорғайды деп айтуымызға болады. Өзім әскердің сыртынан қарап отырған адам емеспін. Шамам келгенше, осы уақытқа дейін барлық әскери оқу орындарымен байланысты үзген жоқпын. Негізгі жұмысым Щучинск қаласындағы Ұлттық мемлекеттік әскери университетте дәріс оқу. Онда жоғары білімді, әскери шен алатындар дайындалады. Қазір шүкір, республика бойынша оннан астам оқу орындары бар. Әрине, оған түсу қиын. Көбі әскери оқу орнына түсіп, бір жағынан мамандық алайын дейді. Былтыр бір орынға үш-төрт адамнан таласты. Оның ішінен таңдап алу қажет. Көп адам хабарласып: «Балам әскери азамат болғысы келеді, көмектесіңізші» дейді. Әрине, көмектескім келеді. Бірақ баласы әлжуаз, спортпен айналыспаған. Білімі де төмен. Оған қалай көмектесемін? Өзім тек әділдікті жақсы көремін.

– Армия кешегіге дейін орыс тілін­де болды. Қазақ тілінің жанашыры ретінде армияның қазақ тілінде сөйлеуіне айтарлықтай еңбек сіңірдіңіз. Әскери сөздіктерді, Жарғыларды қазақ­шаладыңыз. Бірақ толық көше алдық па?

– Рас. Негізі орыс тілі тек армияда ғана емес, барлық жерде болды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі мәселесі қазір әскерде де шешімін тауып келеді. Заңға байланыс­ты әскери оқу бөлімдерінде сапта тұрған азаматтарға қазақ тілін үйрету қолға алынуда. Қазір әр әскери оқу орнында тіл үйрететін бөлім бар. Онда қазақ тілін сауатты білетін офицерлер жұмыс істеуде. Соның әсері шығар, бес-алты жыл болды, саптағы әскерилерге берілетін бұйрықтар қазақ тілінде жүреді. Одан бөлек техниканы пайдалануды қазақ тілінде жүргізу мәселесі қарастырылып, кітапшалар қазақ тіліне аударылуда. Әскери-техника ғылымының кандидаты, профессор Пернехан Ермекбаев тынбай еңбектеніп, бірсыпыра кітаптарды қазақ тіліне аударды. Әскери сөздіктің 1995-96 жылдары бірінші нұсқасы қабылданды. Оған кейіннен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Орыс тілінен, ағылшын тілінен аударылды. Әскери саптағы жауынгерлерге қолданатын терминдердің көбі қазақ тіліне көшті. Қазір жастарымыз үш тілді. Бұрын «орыс тілін білу керек» десе, қазір «ағылшын тілін біл» дейді. Көпшілік жастар ағылшын тілін білмегендіктен жұмысқа орналаса алмай жүр. Бұл не масқара? Дегенмен тіл туралы Елбасының сөзін қолдағым келеді. Тілді саясаттың деңгейіне көтеруге болмайды. Онсыз да лапылдап тұрған отқа май құйсақ, не болады? Әсіресе, қазір елімізде жарылыс көбейіп кетті. Оған тіл мәселесін қоссақ, не боламыз?

– Бірақ аға, 20 жыл болды емес пе?! Қашанғы біз жалтақтай береміз? Бізбен қатар тәуелсіздік алған мемлекеттер тіл мәселесін ашықтан-ашық шешіп келеді ғой…

– Бізде де тіл – басты мәселе. Қаншама қазақ өз тілін білмейді. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл деген саясатты жүргізуіміз керек. Неге дейсің бе? Әсіресе, әскери салада жаппай қазақ тіліне көшіп, орыс тілінің керегі жоқ деу қателік. Бұл келешекке қауіп төндіреді. Өйткені ТМД елдерінде достық шарты қабылданып отыр. Жаман айтпай жақсы жоқ. Ертең басқа бір мемлекет бізге шабуыл жасаса, бізге ТМД-ның алты мемлекеті көмектесуі керек. Майданға шығып, оларды ұйымдастыруымыз керек. Қазақстанды қорғауға келген әр ұлт өз тілінде сөйлесе, не болып жатқанын қалай түсінеміз? Ұлы Отан соғысы кезінде де әр ұлт соғысты өз тілінде жүргізген жоқ. Бір тіл – орыс тілі болды. Әрине, жалпы тәрбие мәселесі, әдебиет мәселесі өз тілімізде жүрді.

– Сонда бұлай кете берсек, қазақ тілін қалай дамытамыз?

– Қазіргі әскердегі қазақ тілінің жағдайына шүкіршілік деймін. Қаншама құжат, оқу құралдары қазақ тіліне аударылып жатыр. Ал бірақ бәрі қазақ тіліне көшіп кетсін дегенге қосылмаймын. Еліміздің келешегі үшін басқа ұлт өкілдерімен ауызбірлікте болуымыз керек.

– Еліміздің Қорғаныс министрлігі қазақ тілінің қажеттілігіне мойынсұн­ғысы келмейді екен деген қауесет бар…

– Бұл өтірік. Өйткені Қорғаныс ми­нистрлігін басқарып отырғандар заң­ды білмей ме? Президенттің айтқан сөзін тыңдамай ма? Министрлікте тіл мәселесі туралы басқарма жұмыс істейді. Жалғыз Жақсыбеков қана емес, қаншама министрлер қазақ тілін білмейді. Мысалы өзім 20 жыл сыртта жүрдім. Ол кездегі қазақшамды қазіргімен салыстыра алмайсың. Оған да уақыт керек. Елімізде тұратын басқа ұлт өкілдеріне «тек қазақ тілінде сөйлеңдер» десек, не дейді? Сөйте отырып достық мәселесін көтергіміз келеді. Қазақ пен орыс арасындағы достық – тарихи факт. Қазақ десе, кеудесін көтеріп мақтанатын адамның бірімін. 1970 жылы академияны 300 адам бітіргенде, оның 26-сы аспирантураға таңдап алынды. Соның ішіндегі бір қазақ мен едім. Сол уақытта қазағымды ойладым. Бауыржан, Талғаттың аты жалғасса екен деген арманым болды. Әр адам өзінің ұлтын, тілін сүйсе, ол жігерлі болады.

– Қазақстанда қорғаныс саласында ұзақ жылдар бойы реформа жүріп келеді. Бұл аяқталды ма, жемісін беріп келе ме?

– Қазір экономикада да, саясатта да, білімде де, медицинада да, әскерде де реформа көбейіп кетті. Министр ауысса, жаңа реформа басталады. 20 жылдың ішінде қорғаныс саласына сегізінші министр келіпті. Министр тұрақты жұмыс істеуі керек.

– Әрі сол саланың нағыз маманы болуы керек қой…

– Өте дұрыс. «Етікші етік тігуі керек» деген сол. Ал біз «батыста солай екен, бұлай екен» деп батыстың үлгісін көшіріп аламыз. Бұл дұрыс емес. Қазақтың шапанына Американың қалпағын кигізсек, не болады? Кішкентай ғана шағын армияны әскери адам басқаруы керек. Оның саясаттан хабары болуы тиіс. Қайсы министрдің реформасы орындалды немесе орындалмады, ол туралы талай жаздым. Әр министр келгенде бұрынғы жағдайға қарамайды. Қандай нәтижесі бар, қандай кемшілігі болды, талдау жасамайды. Ол үшін ғалымдарды пайдалану керек. Керісінше, олар «министрмін, менікі дұрыс» дейді. Өзінікін дәлелдеп, өткізіп жатады. Одан пайда шамалы. Әрине, реформаның негізгі мәселелері шешілді. Бұл туралы Елбасының, министрдің «Қазіргі әскер шағын, шапшаң. Бүгінгі қару-жарақпен қамтамасыз етілді. Еліміздің әскери қауіпсіздігін сақтауға деңгейі жетеді» деген пікірі бар. Ал бірақ «сақтансаң сақтаймын» дегенді де ескерген жөн. Әр уақытта ТМД елдерімен келісім-шартымызды орындап отыруымыз керек. Бұрын қара қытай қаптаса, ақырзаманның болғаны немесе орыспен дос болсаң қолтығыңда айбалтаң болсын дейтін едік. Қазір мұны пайдаланбаймыз. Заман өзгерді. Кішкентай әскерімізді басқа елдермен байланыстыруымыз керек. Соның ішінде біздің негізгі тарихи досымыз – орыстан айрылмауымыз керек. Дос болуымыз керек, бірақ ұлттық әскери құпияны аңдамай беріп қойсақ, қиын болуы мүмкін. Әр отбасының құпиясы секілді мемлекетте де сондай құпия бар. Демек басқа елдің әскери базасын, әскерін елге емін-еркін орналастыру қиындау мәселе.

– Бізде армияның Бас қолбасшысы Елбасы екені белгілі. Барлық елдердің президенттері қолбасшы болып табыла ма, әлде…

– Армияның өзі тірі организм. Оны бір адам басқаруы керек. Бірақ ол қарамағындағы мамандарды тыңдап отыруы абзал. Көп мемлекеттердің президенттері жоғары әскери қолбасшы қызметін де атқарады. Америкада, Ресейде, Германияда, Францияда да солай. Бұл халықаралық тәжірибе. Мысалы Ұлы Отан соғысы туралы материалдарда Сталинді әшкерелеп жатады. Ал кейбірі әділін айтты. Ол соңғы сәтте шешімді жалғыз қабылдаған жоқ. Жанындағыларды тыңдап отырып, әділ қорытынды шығарды. Оның даналығын, соғыс кезінде дұрыс шешім қабылдағанын қолбасшы маршалдар Г.Жуков, К.Рокоссовский, И.Конев айтып, өз бағасын беріп кеткен.

– Бұрын әскерде сарбаз екі-үш жыл борышын атқаратын. Қазір бір жыл. Бұл кәсіби Отан қорғаушы дайындауға әсер етпей ме?

– Сұрағың өте орынды. Өзім 1988 жылы запасқа шықтым. Бұрын әскер үш жыл еді. Бұл көбірек қой деп жүріп, екі жыл қылдық. Меніңше, сол екі жыл дұрыс еді. Ал қазір бұрыс деп айта алмаймын, бірақ бір жыл аздық етеді. Біз кәсіби әскер құруымыз керек. Бір жылдың ішінде кәсіби сарбаз дайындай аламыз ба? Әрине, оның бер жағында сарбаздарды келісім-шартпен көбірек алу керек дейтіндер де бар. Кейде кәсіби дегенді шатастырып жатады. Келісім-шартпен қабылданғандар көп болса, кәсіби болады деген дұрыс емес. Кәсіби деген қолына берген қару-жарақ пен техниканы дұрыс пайдалана біліп, елімізді қорғауға дайын болу. Қазіргі техника, қару-жарақ өте күрделі. Әскерге сарбаз қабылдауға байланысты заң қабылданар кезде, бір жыл аз дегенді айттым. Бірақ заң қабылданып кетті. Ал есесіне орта мектептерде әскери алғашқы дайындық пәнін дұрыс өткізуіміз керек. Шамамыз келгенше мектептерге кейбір техниканы беріп, балаларды содан бастап үйретуге тиіспіз. Екіншіден, бір жылда кәсіби жауынгер да­йындау үшін ДОСААФ сияқты кәсіби оқу орындарын қайта ашу қажет. Мұнда байланысшылар, инженерлер, жүргізушілер, т.б. дайындайды. Біздің бұрыннан қалған процент қуғыш әдетіміз бар. Пайызды көбірек айтсақ, мақтайды ғой дейміз. Алматыдағы бір әскери бөліміне келісім-шарт бойынша 600-700 адам алдық. Жарты жылдың ішінде 10 пайызы ғана қалды. Біріншіден, оларға беретін ақша аз болды. Екіншіден, ауылда жұмыс таба алмай жүрген азаматтар тізімге жазылған. Бірақ олардың көбінің әскери тәжірибесі төмен болды. Бұл кәсіби емес қой. Бонапарттың: «Легионерлер (жалға алынған әскерлер) еш уақытта жеңіс әкелген жоқ» деген сөзі бар. Меніңше, келісім-шартпен алынатын азаматтар әрі кеткенде 60 пайыз, ал 40 пайызы азаматтық борышын атқаратын жастар болуы керек. «Соғысты сана-сезімі таяз саясаткерлер бастайды, майданда сарбаздар қаны төгіледі, ал соғыста жеңіс әкелетін халық» деген тарихи пікір бар. Халықты дайындамасақ, бізге жеңіс қалай келеді? 40 пайыз халық өкілі, жастар болуы керек. Сарбазды әскерден қайтарғаннан кейін ұмытып кетпеу керек. Оларды өз мамандығы бойынша тізімге алып, керек уақытта жаттығуға қатыстыру қажет. Сонда ғана елімізді қорғайтын кәсіби әскер дайындаймыз. – Қазіргі жастар әскер қатарына баруға құлықты ма?

– Жыл сайын елімізді қорғағысы келетін жастардың көбейіп жатқаны қуантады. Бір өкініштісі, біздің қазіргі әскеріміз кедей шаруалардың балаларының әскеріне айналып барады. Өйткені кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер, қаражаты көп кәсіпкерлер балаларын әскер қатарына жібермеуге тырысады. Олар керісінше шетелде оқытқысы келеді. Осыған байланысты отбасында, балабақшада, мектепте жастарға әскери патриоттық білім беру мәселесін жүргізуіміз керек. Бұл өте күрделі жайт. Қазіргі нарық заманында әскери-патриоттық жұмыстың мағынасы, мазмұны, бағыты бұрынғыға қарағанда өзгеруі керек. Сонда ғана біз отансүйгіш патриоттарымызға елімізді сеніп тапсыра аламыз.

– Ким аға, үлкен екі мерекенің қарсаңында отырмыз. Айтыңызшы, кейінгі буын Жеңіс күнін қаншалықты бағалап жүр?

– Биыл Жеңіс күніне 67 жыл. Қазір Медеу ауданы ардагерлер кеңесін басқарып келемін. Бұл ауданда 22 мың 600 зейнеткер бар. Олардың жартысы майданға қатысқан, тылда жұмыс істеген. Армияны қару-жарақпен, тамақпен, киіммен қамтамасыз еткен. Бұл ата-апаларыңның да жасы 85-тен асып кетті. Біз соғыстан бұрын туған ұрпақпыз. Соғыс басталғанда бірінші сыныпқа бардым. Тәрбием, алған білімім патриот деген ұғыммен сабақтас еді. Соғыстың басталғанын көрдік. Жылап отырған аналарды көрдік. Жетім қалған балаларды көрдік. Дегенмен халқымыз батыр халық. Кеңес халқында достық болды. Әсіресе әскери майдан тарихында 28-панфиловшы атқыштар дивизиясының, соның ішінде Бауыржан Момышұлының, Мәлік Ғабдуллиннің, Төлеген Тоқтаровтың, Баубек Бұлқышевтің ерлігі жазылды. Қазақстанның екі батыр қызы Әлия мен Мәншүктің ерлігін сана-сезімімізге сіңіріп өстік. Қазір Жеңіс күні ұмытылып бара жатыр. Соңғы кезде кейбіреулер Ұлы Отан соғысын «екінші дүниежүзілік соғыс» дейді. Оның астарында не жатыр? Дардай атағы бар тарихшылар: «Ол соғыс қазаққа керек емес соғыс еді. Ол соғыс Сталин мен Гитлердің соғысы» деп жазады. Бұл не деген сөз. Бұл кешегі тарихты бұрмалау. Әр нәрсенің жақсысын жақсы, жаманын жаман деу керек. Соғыс кімге керек? Ешкімге керек емес, бірақ «Басқа түссе баспақшыл» демей ме? Ол уақытта одақ болдық, бір мемлекет болдық. Кім біліпті, сол кезде Гитлер жеңіп кетсе, осы бостандыққа жетер ме едік. Бұл туралы Елбасы Жеңістің 65 жылдығында сөйлеген сөзінде: «Егер біз жеңіске жетпесек, бүгінгі Тәуелсіздігіміз болар ма еді, болмас па еді…» деген болатын. Өзім 12 жасымда жетім қалдым. Балалар үйінде, интернатта тәрбиелендім. Үкімет өсірді, өндірді. Кеңес үкіметінің саясаты, көмегі болмаса, 12 жасымда жетім қалған мен өсіп-өнер ме едім? Докторлық дәрежеге жетіп, полковник болар ма едім? Осының бәрін біле тұра, өткенді санадан өшіріп тастауға ықылас бермеймін. Ата-апаларымыздың ерлігін айтуымыз керек. Қазақстаннан 500-ден астам адам батыр атағын алды. Соның ішінде 98 қазақ қос атаққа ие болды. Олардың көпшілігі о дүниелік болып кетті. Ал жаңағыдай сөз айтсақ, солардың әруағының алдында кінәлі емеспіз бе? Көзі тірі адамдар бар. Олардың көзіне құм құйып жатқан жоқпыз ба? Бұл дұрыс емес.

Шын жүректен, Ұлы Отан соғысына қатысқан, тылда еңбек еткен, бала болса да, ересектің жұмысын атқарған, әскерімізді қару-жарақпен қамтамасыз еткен аға-апаларымызға денсаулық тілеп, Жеңіс күнімен құттықтаймын!

Әңгiмелескен

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ