БАЗАРДА – БIРЕУДIҢ ЖАНЫ, БІРЕУДІҢ ТӘНІ...
БАЗАРДА – БIРЕУДIҢ ЖАНЫ, БІРЕУДІҢ ТӘНІ...
Қазақстандағы адам саудасының проблемасы соңғы жылдары ушыға түскен. «Құлбазарда» сатылатын әйел мен еркек, жас пен кәрi, бұғанасы қатпаған балалар мыңдап саналады. Ақшаға құныққандар тiптi мүгедектердiң өзiн жаздың аптабы мен қыстың қытымыр аязында қайыр сұрауға мәжбүрлейдi екен. Сорақысы сол, адамдарды құлдыққа сататындардың 99 пайызы – қаракөз қандастар…
«ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСТІ ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ» Өткен бейсенбіде Алматыда Орталық Азиядағы USAID өкілдігі тарапынан ұйымдастырылған бейресми дөңгелек үстелде еліміздегі адам саудасының проблемалары сараланды. Аталған шара барысында «Қазақстандағы адам саудасы уақыт өткен сайын неге өсіп келеді?», «Қазақстандық БАҚ-та бұл проблема қаншалықты қамтылады?», «Көрсеткіштің өскені саудаға түскен адамдардың жанайқайын ашық айтуға көшкендігінен бе, әлде шынымен-ақ құрбандар қатары артып келе ме?» деген секілді басқа да сұрақтарға жауап іздеген дөңгелек үстелден түйгеніміз – азаматтардың құқығын қорғайтын және жеке бас қауіпсіздігін қорғайтын заң солқылдақ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан – Орталық Азия бойынша елдің ішінде адамдарды саудаға салу оңайға түсетін жалғыз мемлекет. Миграция және босқындар проблемасы жөніндегі аймақтық орталықтың 2010 жылға арналған «Орталық Азиядағы адам саудасының ауқымы» тақырыбындағы деректерін сөйлетсек, 140 мың 454 адам құлдық саудаға түскен. Құрбандардың 49 мың 696-сы әйелдер болса, 90 мың 758-і– еркектер. Шекарадан тысқары әкетілген құрбандар 52 мыңнан асқан, оның 23 мыңға жуығы – әйелдер, 29 мыңнан астамы – ерлер. Жыл сайын 8 мыңға жуық отандас жезөкшелікке жегілсе, елден алдап әкетілетін 6 мыңға жуық қыз-келіншек шетелдіктердің төсегін жылытуға мәжбүр. Орталық Азиядағы USAID Аймақтық өкілдігінің жетекшісі Эрин Элизабет Макки ханым: «Былтыр адам саудасының құрбаны болған 140 мыңның 90 мыңға жуығы ер адамдардың үлесіне тиді. Демек бұл дерек «тек әйелдерді ғана ұрлап әкетеді» деген «аңызды» жоққа шығарады. Екіншіден, «адам саудасы тек жезөкшелікке және әйелдерді жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеуге ғана қатысты» деген қисынсыз уәжге де тойтарыс беруге болады. Өйткені арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген басқа елдердегі секілді Қазақстанда да адам саудасының құрбандары негізінен ерлер екендігі анықталды. Олар құрылыс нысандарында, жанар-жағар май бекеттерінде, мейрамханаларда жұмыс істейді. Сіздердің кейбіріңіз олармен бетпе-бет келулеріңіз де әбден мүмкін. Құлдыққа ерлер, қыз-келіншектер, тіпті балалар да тартылады» деп мәлімдеді. Дөңгелек үстелге қатысқан мамандардың сөзіне қарағанда, балаларды негізінен әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардан ұрлап немесе алдап әкетеді екен. Ата-ананың қарауынсыз, қадағалауынсыз әрі қамқорынсыз қалған жас буын осылайша құлдықтың қамытын киеді. Бүгінде мүгедектерді қысы-жазы қайыр-садақа сұратуға мәжбүрлеу де кең тараған. Жол бойында тізбектелген көліктер арасында қол жайып жүрген мүгедек отандастар қатары да сиремей отыр. Алматы қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілі Нұрбақыт Нәбиевтің айтуынша, көбінесе елімізде заңсыз жүрген мигранттар адам саудасының құрбаны болады. Ал олардың кім екендігін анықтап, Отандарына қайтарам дегенше біраз уақыт пен қыруар қаражат керек. Кейде мигранттарды туған жерлерінде де құшақ жая қарсы алуға құлықсыз: «Былтыр құжаттары жоқ 600 адамды автобусқа тиеп алып, Қырғызстанға кері апарғанда қырғыздар шекарадан қабылдап алудың орнына миграциялық полиция қызметкерлерін таспен атты. Меніңше, адам саудасына тосқауыл қою үшін бірқатар заңнамалық құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ауқымы өте үлкен жұмыстар жүргізілуі қажет». Қазір полиция «құлбазардағы» жағдайдан хабардар. Бірақ уақыт жетіспеушілігі, қаражат тапшылығы және заңдағы кейбір шектеулер полиция қызметкерлеріне қолбайлау болып отыр. Әрине, жемқорлыққа бейім «қызыл жағалылардың» кездесетінін құқық қорғау органдарының өкілдері жоққа шығармайды. Жуырда ғана құрыққа түскен жоғары шенді бір прокурор соның айғағы. Әрі Ішкі істер саласында да ондай «құмалақтар» кездесетіні сөзсіз. Бірақ олардың қаншалықты әділ жазасын алатыны – бөлек әңгіме. Дөңгелек үстелде өз пікірін айтқан Адам саудасы құрбандарының қылмыстық істер бойынша қоғамдық қорғаушысы Әсия Қалиеваның: «Полиция қызметкерлері жезөкшелік мәселесінде «жеңгетайлық» жасағандарды немесе олардың қылмысын бүркемелеген үшінші жақты қамауға алуға құлықсыз. Олар кімнің кімді қайда әкететінін жақсы біледі» деген пікіріне Нұрбақыт Нәбиев: «Рейд барысында қолға түскен жезөкшелер өздеріне кімдердің қысым көрсететінін ашық айтудан бас тартады. Мысалы, күні кеше ғана «жеңгейтайлары» туралы ақпарат беруден бас тартқан Өзбекстанның екі азаматшасы үйлеріне кеткісі келетіндіктерін айтты. Егер құқық қорғау органдарына құрбандардың өздері көмек беруге мүдделі болмаса, біздің қолдан келер қайран аз», – деп қарсы уәж айтты. «Адамдар өз тағдырына немқұрайлы қарайды» Ресми деректерге сүйенсек, қазір Қазақстандағы адам саудасының 86 пайызы еңбек етуге мәжбүр болғандардың үлесінде көрінеді. Сондай-ақ, ұрланатын тек әйелдер емес, еркектер де. Бірақ көрсеткіштің басым бөлігі әйелдерге тиесілі – 60 пайыздан астам. Мұның себебін мамандар ұрланған қыз-келіншектерді жезөкше ретінде де, күң ретінде де пайда табуға болатындығымен түсіндіреді. Ал ұрлайтындар – көбінесе өзіміздің қандастар. 2011 жылы ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы бойынша (адам саудасы) – 25 адам, 133-бабы бойынша (кәмелеттік жасқа толмағандарды саудаға салу) – 21 адам, 125-бабы бойынша (жұмысқа жегу мақсатында адам ұрлау) – 23 адам, 126-бабы бойынша (құлдыққа сату мақсатында адамдарды бостандығынан заңсыз айыру) – 12 адам, 270-бабы бойынша (жезөкшелікке тарту) – 22 адам, 271-бабы бойынша («жеңгетайлық» жасағандар) 184 адам жазаға тартылған. Құл саудасына тосқауыл қою мақсатында Қазақстан Үкіметі түрлі шараларды күшейтуде. Мәселен осы мәселеге байланысты Әрекеттердің ұлттық жоспары қабылданып, Астанадағы адам саудасының құрбаны болғандарға қаржылай қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекеттік бюджетте құл саудасына қарсы күреске деп қаражат бөлетін арнайы бап бар. Осы мақсатта отандық үкіметтік емес ұйымдарға – 64 200 АҚШ доллары, құлдыққа сатылатындардың қатарын азайтуға қатысты жұмыстар жүргізу үшін жергілікті басқару органдарына 11800 АҚШ доллары көлемінде ақша бөлінген. Мамандардың айтуынша, өкінішке қарай аталған сома жеткіліксіз. Адам саудасына қарсы күресетін құқық қорғау органдарының саны да саусақпен санарлықтай. Мысалы Алматыдағы көрсеткіштерді алсақ, небары 3-4 қызметкер. Сорақысы сол, олар «құлбазармен» бірге экстремизм, лаңкестік т.б. індеттермен де күресуге міндетті. Қазақстандық дағдарыстық орталықтар одағының (Toll-free hotline) президенті Зульфия Байсакованың айтуынша, аталған проблеманы ашық көрсетіп, қоғам назарын аударуға тырысатын шаралар кейде нәтиже бермейді: «Өйткені бір-бірінің тағдырына бей-жай қарайтын қазіргі пенделер телеарналардан адам саудасының құрбаны көз жасын көл қылып жатқанда адамдардың көпшілігі «Ойбай-ай, обал болған екен. Қап, байғұс-ай» деп аяушылық сезімін білдірумен шектеледі. Дертке қарсы жұмыла күресу жоқ». Былтыр жыл бойы отандық жетекші телеарналардан ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Коммуникация және ақпарат министрлігі осы проблеманы қоғамға ашық көрсету мақсатында тегін жарнама жасаған. Өкініштісі сол, күрес бір жылмен шектелмесі анық. Адамдардың санасына құлдыққа сатылудың қаншалықты оңай да қауіпті екендігін күн сайын құйып отырмаса, нан табу мақсатында кез келген іске, кез келген жерге баруға және кез келген адамға сенуге дайын азаматтар саны азаймайды. «ЖЕЗӨКШЕЛІК – АДАЛ ЕҢБЕК ЕМЕС» Бүгінде жұмысқа қабылданушылардың заңдық құжаттарға аса көңіл бөлмеуі, келісімшарт жасасуды құнттамайтыны да адам саудасын одан сайын ушықтырып отыр. Мұның соңы жұмысшылардың еңбекақысыз қалуға, кейде тіпті айлығын сұрағаны үшін аяусыз соққыға жығылуға, полицияның қамауға алуына әкеп соғады. Осы орайда Әсия Қалиева көп жағдайда жалданған жұмысшыларға жалақыларын төлегісі келмейтін жұмыс берушілердің оларды полицияға әдейі ұстап беретінін айтады: «Талай жылғы тәжірибемнен түйгенім, жұмыс берушілер жұмысшыларды жалақы төлемес үшін полицияға ұстап береді. Құқық қорғау органдары тарапынан да кемшіліктерге жиі жол беріледі. Мысалы заң бұзушыны ұстаған бойда бейнетаспаға түсіруі керек. Өйткені құрыққа түскен алғашқы сәтте азаматтарды құлдыққа сатқан немесе ұстағандар өз кінәларын ашық мойындайды. Бірақ адвокат жалдаған бойда және уақыт өте келе олар алғашқы түсініктерінен бас тартып, кейде тіпті қысым жасады деп полицияның өзіне жала жабады. Өкінішке қарай, полицейлер бейнетаспаға түсіруді құнттамайды. Осының салдарынан қолға түскен бірнеше заң бұзушы жазасын өтеуден оңай құтылып кетті». Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, қазіргі монша-сауналардың барлығын дерлік жезөкшелердің ұясы ретінде қарастыруға болады. Өйткені емдеу-сауықтыру шараларын қамтуы тиіс монша-сауналарды көңіл көтеретін «жынойнаққа» айналдырған қожайындар адам саудасының өршуіне ықпал етуде. Сондықтан еліміздегі барлық жекеменшік моншаларды қайта тіркеуден өткізіп, қатаң қадағалау орнату қажет. Мамандардың жезөкшеліктің арқасында нан тапқандарға шүйлігуі тегін емес. Себебі жезөкшелік – бүкіл қоғамның дерті. Жезөкшелік дегеніміз – ВИЧ/СПИД. Бұл қатерлі ауру тіпті жаңа туған нәрестелерден де табылуда. «Ойнаймын» деп жүріп от басқандардың кесірінен талай отбасы ойрандалып, талай ұрпақ жарық дүние есігін түрлі дертпен ашады. Мемлекеттің жарқын келешегіне балта шапқан жезөкшелікті ауыздықтау – қоғамға сын. «Жезөкшелер қит етсе «адал еңбегімізді нан тауып жүрміз» деуге құмар. Бірақ жезөкшелік – жұмыс емес, табыс табудың көзі емес. Жезөкшелік – қылмыс. Осыны түсіндіретін уақыт жетті» деген Әсия Зейнуллақызы адам саудасына, жезөкшелікке қарсы күресуге қоғамды түгел жұмылдыру керектігін көлденең тартты. «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаеваның айтуынша, ауылдан – қалаға, қаладан ауылға қарай бағытталатын құл саудасының қыз-қыз қайнауы кейбір аймақтардағы кедейшілік, полиция қызметкерлерінің кейде өз міндеттерін атқаруда кемшіліктерге жол беруі секілді басқа да мәселелердің кесірінен. Қылмыстың алдын алу үшін заңнамалық құжаттарды жақсарту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған көрінеді: «Біздің Қоғамдық қор жанынан 5 заң ғылымдарының докторы, 5 заң ғылымдарының кандидаты және басқа да мамандар тартылған жалпы саны 20-ға жететін жұмыс тобы қазіргі ҚР Қылмыстық кодексі мен ҚР Азаматтық кодексіне балама заң жобасын дайындап жатыр. Аталған құжат үстіміздегі жылдың желтоқсанында Мәжіліс талқылауына ұсынылуы тиіс. Белгілі бір топтар заң жобасына кедергі жасауы мүмкін деген қаупіміз бар. Бірақ соған қарамастан қылмысқа қарсы күресуге міндетті Қылмыстық кодекстің кейбір солқылдақ тұстарын жөндеуге мүдделіміз». Демек, азаматтарды бас бостандығынан күштеп айырып, оларды еріксіз құлдыққа жеккен қылмыскерлермен күресу – тұтас қоғамның міндеті.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ