Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТIЛI – ТАТУЛЫҚ ТIЛIНЕ АЙНАЛУҒА ТИIС

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТIЛI – ТАТУЛЫҚ ТIЛIНЕ АЙНАЛУҒА ТИIС

27 сәуiрде Астанада «Бейбiтшiлiк және келiсiм» сарайында Қазақстан халқы ассамблеясының ХIХ сессиясы болып өттi. Сессияның күн тәртiбiнде: «Қазақстан жолы: тұрақтылық, бiрлiк, модернизация» тақырыбы талқыланды. Қазақстан халқы бiрлiгi мейрамының алдында ашылған салтанатты жиында Елбасы сөз сөйледi. Президент Назарбаев Қазақстан халқының басты байлығы – бiрлiк екенiн баса айтты. Осы бiрлiкке ұйытқы болып отырған қазақ халқының туабiттi толеранттық қасиетi Президент баяндамасында ескерiлмей қалған жоқ. Сондай-ақ, Елбасы елдегi өзге ұлт өкiлдерiне қазақ халқы мен қазақ тiлi Қазақстан халқын бiрiктiрушi фактор екендiгiн шегеледi.

– Қазақ халқы мен мемлекеттік тіл дамып келе жатқан қазақ­стан­дық азаматтық қоғамның бірік­тіруші ядросы ретінде көрінуде. Бұл үдеріс объективті жүріп жатыр. Мемлекеттік БАҚ-тардың 70 пайызы қазақ тілінде шығады. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқитындардың саны 63 пайызды құрайды. Біз 2020 жылға қарай барлық қазақстандықтардың 95 па­йызы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деген міндет қойып отырмыз. Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек. Еліміздегі он миллионнан астам қазақ түгел ана тілінде сөйлесе, байлықтың үлкені осы болар еді. Бұл тіл баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс! Мен тіл туралы мәселе – саясат мәселесі емес екенін талай айтқанмын. Саяси шешім баяғыда, Конституция мен тиісті заңдар қабыл­дануымен алынған болатын. Тіл туралы мәселе саяси сау­да­лаудың тақырыбы бола алмайды. Енді бұл практикалық мәселе, – деген ол, елдегі ұсақ ұлттардың мәдениеті мен тілін сақтау үшін жақсы жағдай жасалып отырғанына да тоқталып өтті.

– Әлемнің қай мемлекетінде этномәдени орталықтарға, Достық үйлері мен мектептерге, түрлі БАҚ-қа мемлекет тарапынан масштабты түрде қолдау көрсетіліп отыр. Бүгінде қазақстандықтардың 92 пайызы ұлтаралық бірлікті оңтайлы бағалайды. Қазақстандықтардың болашағы – ортақ, – деді Мемлекет басшысы.

Әрине, өзге ұлт өкілдері өз болашағын қалай елестетеді? Қазақ мәдениетінің төңірегінде топтасып, мемлекеттік тілде сөйлеуді мұрат тұта ма?! Мәселе осында. Президент бұл ретте елдегі өзге ұлт өкілдерін былай қойып, 10 миллион қазақтың өзінің қазақ тілінде сөйлеуіне баса назар аударып отыр. Өз елінде өз ана тілінде, мемлекеттік тілде сөйлемейтін қазақтардың патриоттығының өзі күмәнді. Президенттің меңзегені осы іспетті.

1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан Президентінің Жарлығымен дүниеге келген Қазақстан халқы ассамблеясы – мемлекеттік ұлттық саясат жүйесінде маңызды орын иеленеді. Онда 820 этномәдени орталықтар шоғырланған. Елдегі ұсақ ұлттардың мәдени, тілдік бет-бейнесін сақтау үшін барлық жағдайлар жасалған. Мәселен 88 ұлттық мектепте білім этностар тілінде жүргізіледі, 195 этноағарту кешендері мен лингвистикалық мектептер ашылған, 108 мектепте 22 этностың тілі өз бетінше үйретіледі. 14 орыс, ұйғыр, корей, неміс, өзбек ұлттық театрлары жұмыс істейді. 11 этностың тілінде 35 БАҚ жұмыс істейді, оның басым көпшілігі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Қазақстан халқы ассамблеясы – елдегі ұлтаралық татулықты, бірлікті насихаттайтын бірден бір орган. Соңғы жылдары Ассамблея тарапынан мемлекеттік тілді насихаттау, ел бірлігі доктринасын дайындау секілді жұмыстардың қолға алынғаны мәлім. Дегенмен Ассамблея басшылығының әлі күнге дейін бұл істе табандылық танытып, мемлекеттік тілдің шын мәнісінде төрге озуына орай жасап жатқан іс-шаралары жетімсіз. Осы мәселені Ассамблеяның нақты күн тәртібіне енгізіп, негізгі бағытты елдегі көп ұлт өкілдерін қазақ мәдениеті мен мемлекеттік тіл төңірегінде топтастыруға қарай бұратын кезең жетті. Енді 8 жылдан кейін Қазақстан халқының 95 пайызы қазақша сөйлеу үшін негізгі міндет – Қазақстан халқы ассамблеясына жүктелетін тәрізді.

Сессия барысында Назарбаев халқымыз­дың қайғылы өткеніне көңіл бөліп, қуғын-сүргін, аштық салдарынан халқымыздың үштен бірінің қырылғанының, елден, жерден жырақ кеткенін баса айта отырып, мамырдың 31-інде «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күніне орай «Ашаршылық құрбандарына арналған» монументтің орнатылатынын атап өтті. Қиын-қыстау кезеңде Сталин депортациясынан қиыр шалғайдан босып келген талай ұлт өкілдерін қазақтар бауырына басып, бір үзім нанды бөліп жеп, қара күркені бірге паналағаны мәлім. Бүгінде солардың ұрпағы Қазақстанның азаматы. Сессия барысында олардың өкілдері де өз көңілдерін білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Ал балалық шағы Түркіменстанда өткен, жазушы Смағұл Елубай елдегі көші-қон саясатының саябырсығанын айта отырып, бұл ретте сындарлы бағдарлама қажеттігін сөз етті: «Міне, оралмандардың отан­шыл­дығы осындай! Олар Ата­жұртқа деген сезімін кірлетпей, үнемі көз жасымен жуып жүреді. Шетел қазағы үшін Атажұрт – арман. Олар қазір Қазақстанмен мақтанады. Әлемді мойындатқан Елбасынан – Сізден әкелік қам­қор­лық күтеді. Соңғы кезде «Нұрлы көш» кейбір заңнамалық кедер­гілерге ұшырап, саябырсып қал­ды. Бұл саябырсу шетел қа­зақтарының оралуға деген ынтасын азайтып, ал қандас жас­тары­мыздың сол елдердегі жергілікті халықпен ассимиляциялануын жеделдетпесе не қылсын! Ұлы көш жолында осындай кедер­гілер бар», – деді ол.

Сессия жұмысына елдегі этномәдени орталықтардың басшылары, Ассамблеяның барлық өңірлердегі мүшелері, Парламент депутаттары, Орталық атқару орган­дарының басшылары, саяси партиялар, діни бірлестіктер, бірлестіктер мен ҮЕҰ, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиясының өкілдері қатысты.

Есенгүл Кәпқызы