МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ

МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ

МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ
ашық дереккөзі

Тiршiлiк атаулы күн сәулесiне молынан шомылғысы келiп, дүркiрей бастаған кезде жаның бiр жылуды аңсайды. Бiр жақсылықты күтедi. Үкiлi үмiтке оранасың. Жан-жаққа қарап елегзiген сәтiңде, күн сәулесi сенiң не iздегенiңдi сезгендей, бар қызуымен, бар нұрымен жердi құшақтауға ұмтылар. Жылғалардан су аққан, көк дүркiреген мезетте ет-жүрегiң елжiремей көр! Жүрек мейiрiмге толған, әлде мейiрiмдi аңсаған дәл осы уақыт бiздер үшiн думанды мерекемен тұспа-тұс келгенi қандай әдемi!

Шындығында, Наурыз әдеміліктің тойы емес пе? Көктем келіп, қыз-бозбала жасанып, қарттардың жүзіндегі қыртыс-қыртыс әжімдері жазыла түскендей, келін-кепшіктің үстіндегі киімі жарқырай көрінетіндей. Ол-ол ма, қытымыр қыс қатқылдандырып жіберген адамдардың жүзін көктемнің алғашқы шуағы жылытып, халықтың көзінде күн ойнар сәтте осы мерекенің келе қалатыны қандай жақсы! Иә, Наурыз – әдемілік.

Наурыз және тазалықтың мерекесі ғой. Үй-үйдің, мекеме-мекеменің маңы қыс бойғы қатқан тоңынан арылып, тазаланар тұс та осы мезгіл. Үйлер әктеліп, іші-сырты бүтінделіп, аула жинастырылып, арық артық қалдықтардан арылып, бәр-бәрі ретке келіп, ерекше бір күйге енеді. Сондықтан да Нау­рыз – тазалық.

Сыртқы сипатты былай қойғанда, дәл осы күнгі емен-жарқындық адамдардың жүрегін де мейірімге орап қоятындай. Яғни Наурыз – мейірімнің мерекесі болғаны да. Мейірім мерекесі болмай не, осы күнгі айқасқан құшақ, айтылған ақ тілектің өзі де талай жанның жүрегін жібітіп, жанын ерітпей пе? Міне, сол үшін де Наурыз – мейірім.

Жүректің жібуі демекші, Наурыз және кешірім күні ғой. Бір жыл бойына тоң-торыс жүрген жандар өкпе-ренішінен арылып, жеңілейіп, тазармай ма? Қара тастың өзін жібітер күн сәулесі молайған сайын, адамдардың қанына жылу тарап, жан-жүрегі елжіремей ме? Келісіңіз, Наурыз – кешірім.

Сондай-ақ, Наурыз – қуаныштың мерекесі. Құлдыраңдап жүгірген баладан, таяқ сүйенген қартқа дейін мәз-мейрам, әзіл-қалжың айтысып, бір жасап қалмай ма осы күні? Бір-бірінің амандығын біліп, хал-жағдайын сұрасып, қауқылдасып, қалжыңдасар, шаттық сыйлар мерекені қуаныш демей не дейміз енді?

Наурыз – көктің күні. Көктің қадірін бір білсе, жылқы мініп, қой баққан қазақ білер. Әр түп ағашты аялап, беліндегі орамалын байлап кетер қазақ талды құрметтемейді деп кім айта алар? Ең бастысы, дәл осы Наурыз күні «Бір тал кессең – он тал ек» демейтін бе еді? Бұлақтың көзін ашу, ағаш егуді сауап іс деп санайтын біздің ұлт жер бусанып, күн қызған мезгілді тек өздерінің ғана қуанышына айналдырмай, көк шөптің де жайқалуы үшін қолынан келгенін істеп баққан. Ендеше Наурыз – көктің күні болғаны да.

Наурыз – және ақтың, молшылықтың мерекесі. Үйге кірген жыланның да басына ақ құйып шығарып салар біздің ел осы күні жеті түрлі дәм қосылған, қатық не айран араластырылған Наурыз көжені тауыс­пай дастарханнан тұрмайды. Наурыз күнгі дастарханнан нағыз молшылықты, бақуатты тірлікті, мамыражайлықты сезінуге болады. Бәлкім, сол үшін де Наурыз ақ пен молшылық мерекесі шығар?

Наурыз – дәстүрдің тойы. Тамырымыздан ажырап барамыз деп елеңдескен осы күні ел-жұрт өзінің тегін сезінеді. Дәстүріне бір күн, бір ай бойы мойын бұрады. Кіші – үлкеннің қолын алып, үлкен – кішіге ақ батасын беріп, тіпті біз күнделікті өмірге енгізе алмай қойған қазақы оюмен әспеттелген киімдердің де жарқырап көрінер тұсы осы мезгіл емес пе? Қазақы салт-дәстүр, жөн-жоралғы, ырым-тыйым осы мерекеде кеңінен насихатталады. Оны өсіп келе жатқан кіші ұрпақ өз көзімен көреді, жүрегімен сезінеді. Иә, Наурыз – дәстүр мейрамы.

Ең бастысы, Наурыз – сіз бен біздің мерекеміз. Ол және БҰҰ халықтық мейрам деп таныған, әлемнің бірнеше елдері қатар тойлайтын ұлық күн. Демек, осы күні жалғыз қазақ халқының емес, әлемнің жүрегі мейіріммен, ізгілікпен, жақсылықпен молығады. Осы күні әлем халқы бір-біріне жылы қабақ танытып, қол алысады. Осы күні миллиондаған жандардың жанарына қуаныштан жас үйіріледі. Осы күні әлемнің көптеген елінде шаттық-думан басталады.

Сол үшін де Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні, ұлттың күні.

Сәкен ҚОЙБАҒАРОВ,

Әулиеағаш орта

мектебiнiң мұғалiмi