Жаңалықтар

КІТАПҚА СУСАҒАН ҚОҒАМ

ашық дереккөзі

КІТАПҚА СУСАҒАН ҚОҒАМ

Елiмiзде кiтап шығару iсi мен оны тарату мәселесi туралы әртүрлi әңгiме көп. Осы жағдай төңiрегiнде бұған дейiн де талай отырыста сөз болғаны белгiлi. Алайда көп уәденiң айтылған жерде қалып жүргенiн бүкiл баспа иелерi бiледi. Ал бұл жолғы дөңгелек үстелдiң көтерген жүгi де бұрынғыға қарағанда өзгерек сияқты.

Бүгінде авторлармен шама-шарқынша жұмыс істеп, қоғамға қажетті кітаптарды шығарып келетін баспаның дені мәдени орда – Алматы қаласында. Мәдениет және ақпарат министрлігінің кітапқа қатысты қордаланған мәселелерді талқылауға арналған басқосуды осы шаһарда өткізуі де сондықтан. Министрлік кітап мәселесіне жаңаша көзқараспен келіп отыр. Бұдан былай кітаптың оқырманға қолжетімді болуы мен оның оқылуына баса мән берілмекші. Әуелгі сөзді алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев еліміздегі кітап шығару мен тарату ісіне байланысты бірсыпыра жайтқа тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару республикалық бюджеттік бағдарламасы» шеңберінде жыл сайын 400-ге жуық кітап жарық көреді. Оған 1 млрд. теңге бөлініпті. «Министрлік 27 шартты баспа табақтан тұратын таралымы 2 мың дана кітапқа 2700 мың теңге бөледі. Осы сомадан типографиялық шығындар мен полиграфиялық материалдарға (қағаз, бояу, желім, т.б.) 1500 теңге жұмсалады. Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптарды шығаруда авторларға авторлық қаламақы төлеу мәселесі туындап отыр. Ал кітаптың авторына авторлық қаламақы төлеу баспа мен автордың арасында жасалған шарттың негізінде шешілуі тиіс», – деген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Оразбайұлы қадау-қадау мәселелерді жіктеп берді. – Биылғы жылдан бастап министрлік мемлекеттік тапсырыс арқылы жарық көретін барлық кітаптарды интернетте жариялау туралы шешім қабылдады. Мұндай шешім қабылдаудың өз себептері бар. Біріншіден, мемлекеттік тапсырыс арқылы басылып шыққан кітаптарды тек қана кітапханаларда емес, бұдан былай барлық әлем қолданатын интернет желісінде оқуға болады. Бұл қадамымызбен еліміздің авторларын барлық әлемге танытамыз. Сонымен қатар шетелдердегі қандастарымыз да қазақ тіліндегі кітаптарға қол жеткізе отырып, елімізде болып жатқан сан алуан өзгерістер туралы хабардар бола алады. Екіншіден, мемлекеттің қаражатына шығарылған кітаптардың сапасын, мұнымен қоса баспалардың жауапкершілігін арттырамыз. Бұл неден туындап отыр? Министрлікке кейінгі кезде мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарда қателер көп кездесетіндігі туралы наразылықтар келіп түсуде. Ал ендігіде интернет желісінде жарияланған кітаптарды көпшілік оқып, өз бағаларын береді. Электрондық нұсқада қай баспаның шығарғаны, кімнің редактор, кімнің корректор болғаны тайға таңба басқандай көрсетілетін болады. Сол арқылы қай баспаның қандай деңгейде кітап шығарып жатқанын байқауға болады. Бұл баспалардың кітап шығарудағы жауапкершілігін арттырады. Кітап шығару мәселесі кітап тарату мәселесімен қатар жүретіндігі баршамызға мәлім. Осы орайда әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, салаға нарықтың жаңа механизмдерін кіргізуіміз керек. Ол үшін бас­палар 2 мың дана тиражды шығарып алып, келесі жылғы конкурсты күтіп отырмауы тиіс. Қазір еліміздің кітап дүкендерінде сатылатын кітаптардың 80 пайызы шетелдік әдебиеттер. Соны өзіміздің дүниелермен алмастырудың жолдарын қарастыруымыз керек. Ол үшін үш жақты, яғни автор-баспа-кітап таратушы жүйесін нақтылау қажет. Мысалы автордың қаламақысы ретінде дүкенде өткізілген кітаптың белгіленген пайызы автоматты түрде жазушының есеп-шотына түсіп тұру тәжірибесін енгізуді ойластырған жөн. Сонда біз қандай жазушының шамасы қандай екенін, қай баспа қандай сапалы кітап шығара алатынын әлеуметтік зерттеусіз-ақ біліп отыратын боламыз. Бұл арқылы кітап шығару ісінде отандық бәсекелестікті қалыптастыра аламыз. Осы жағын да бірлесіп ойлануымыз керек. Министрлік кітап шығару ісінде «Мем­ле­кеттік сатып алу туралы» және «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңдарды басшылыққа алады. Соның ішінде кітап шығару қызметтері «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының нормаларымен реттеліп отырады. Біріншісі – кітап шығару қызметтерін байқау жариялау арқылы мемлекеттік сатып алу, екіншісі – 4 бап бойынша сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты ерекше құқықтары бар тұлғадан зияткерлік меншік нысандары болып табылатын тауарларды, көрсетілген қызметтерді сатып алу. Заңның қай тәсілімен болмасын кітап шығаруға ие болған баспа кітап авторымен авторлық шарт жасауға міндетті. Ал авторлық шарттың талаптары «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңымен реттеледі. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаевтың бұл ұсыныстары бір үстелдің басында кеңесуге жиналған баспагерлердің де пікірін дөп басқандай. Мәселен еліміздің ұлттық Кітап палатасының директоры Жанат Сейдуманов өзінің баяндамасында кітап шығару мен оны тарату мәселесіне қатысты тезистерді тізіп берді. Оның айтуынша, біздің рухани азығымыз болып табылатын кітапты көпшілік оқырман жата-жастана оқуы үшін «Кітіп ісі» туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет. Онсыз айта-айта жауыр болған мәселеде ілгерілеушілік болмайды. «Бұл жерде көңілге кірбің түсіретін басты нәрсе – кітап шығару және кітап тарату жүйесінің басқа салаларының жағдайы туралы кітап нарығы субъектілері үшін толыққанды ақпараттың жоқтығы, әлеуметтік және жан-жақты маркетингтік зерттеулер негізінде жасалған толыққанды сараптаманың жоқтығы, кітап шығарудың, тарату мен кітап оқу ісін қолдаудың нормативтік-құқықтық базасының жоқтығы, кітап ісін ұзақ мерзімді мәселе ретінде дамытуға мемлекеттің жеткілікті түрде көңіл бөлмеуі, елімізде полиграфиялық базаның жетіспеушілігі салдарынан бас­па өнімдері бағасының қымбаттығы, кітап саудасы ұйымдарында ресейлік баспа өнімдерінің көптігі. Сол сияқты бүгінгі таңда болашақта баспа ісінде жұмыс істейтін барлық деңгейдегі білікті мамандардың жеткіліксіздігі мен республика аймақтарында баспа ісі дамуының төмендігі де кітап шығару ісіне әжептәуір салқынын тигізуде. Ұлттық Кітап палатасының директоры Жанат Тұрарұлы бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін кітап ісі саласында нақты жасалған мемлекеттік саясат пен мемлекеттік қолдау мәселесін шешуде жүйелі және жос­парлы қадам болу керектігін алға тартады. Ең бастысы, баспа ісін, кітап шығару мен тарату мен оқу саласын дамытудың нормативтік-құқықтық базасын жасау, яғни «Кітап ісі туралы» Заң жобасын дайындап, қабылдауы тиіс. Мұнымен қоса елімізді халықаралық деңгейде көрсету мақсатында отандық әдебиеттің озық үлгілерін шет тіліне аудару үшін Аударма орталығын құру және әлемдік классикалық шығармаларды қазақ тіліне сапалы түрде аудару да кезек күттірмейтін мәселе. Әрі ұлттық кітап шығару ісінің бәсекелестігін арттыру мен кәсіби мүдделерді қолдау мақсатында кітап нарығы субъектілерінің «Қазақстан Кітап одағы» қоғамдық бірлестігіне бірігуі мен шоғырлануы да аса маңызды шаруа екені сөзсіз. Ұлттық Кітап палатасының алдын-ала болжауынша, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтамасыз етілген бөлігіне жергілікті бюджеттен көмек көрсетуге 640 млн. теңге шамасында, ал жоғарыда аталған бағдарлама мен заң жобасын әзірлеуге 4,2 млн. теңге, сондай-ақ мәселенің ең маңызды бөлігін анықтау үшін әлеуметтік зерттеу жүргізу және кітап нарығына маркетингтік зерттеулер жасауға жылына 10 млн. теңге көзделсе, біраз түйінді мәселенің тиегі ағытылмақшы. Бұдан соң елімізде кітап шығару ісімен айналысатын бірқатар баспа басшылары көкейіндегі сауалдары мен ұсыныс-тілектерін ортаға салды. «Қазақстан» баспасының директоры, баспагер Нұрмұхан Оразбек: «Әр баспа әртүрлі салаға жауап беруі керек. Бірінші, бұрыннан келетін баспаларды мамандандыру жағына көңіл бөлу қажет. Екінші, баспаның жауапкершілігін арттыру қажет. Қазір жарық көрген кітаптарда қателер өріп жүр. Аудармасы да сапасыз. Кітап баспаларынан бес-алты сарапшы тағайындап, кітаптың сапасын қадағалау керек. Бүгінде кітап дегеннің не екенін білмейтіндер де кітап шығаруда. Мұндай сауатсыз кітаптарды оқыған балаларымыз қандай білім алады? Ал қаламақыға келсек, бір баспа табаққа 10 мың теңге беріледі дейді. Бірақ та мұрағат қорларында пәленбай жыл бойы жұмыс істейтіндер үшін бұл ақша өте аз. Олардың еңбегін бағалауымыз керек. Бәлкім, еңбектің күрделілігіне, тақырыбының ауқымдылығына, оның жазылуына қарай қаламақыны да көтеріп қою керек сияқты. Және бір ұсынысым – Кітапқұмарлар қауымдастығын құрсақ деймін» десе, «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкенов те бұл мәселенің талай мәрте әңгіменің арқауына айналғанын айта келе: «Бұл әңгімені айтып, ауыз жия бергенше министр ауысып кетеді. Біздегі кадр мәселесінің жиі ауысуы кітап шығару мен тарату ісіне айтарлықтай кедергі келтіреді. Жақында ғана биылғы жоспар қайта қаралды. Қазір 2013 жылдың жоспарына іліккен кітаптар жарық көруде. Ол үшін арнайы комиссия құрылды. Бірақ тізімде 10 жыл бойы кітабы үзбей шығып келе жатқан жазушылар әлі жүр. Меніңше, бұл ең көп тиражбен шығып, кітапханаға тарайтын кітаптардың оқылмауына әкеп соғады. Оқылмайтын кітаптар көп. Жұртты елең еткізетін шығармалар азайып кетті. Газет бетінде жарияланған мақалаларын кітап етіп шығарып жатқандар бар. Оны кім оқиды?» – деді. Ол сондай-ақ жауырды жаба тоқыған аударма мәселесін де ұмыт қалдырған жоқ. «Аударма жайы нашарлап кетті. Он кітапты бір аудармашы аударады. Сонда оның сапасына кім көңіл бөледі? Меніңше, жыл сайын «ең үздік кітап» деген аталым бойынша сүйікті оқырманын тапқан кітаптарды анықтасақ, сонда ғана оқылатын кітаптардың тізімі шығады. Қазір кеше ғана пайда болған баспалар тендерді жеңіп кетуде. Олар баға саясатын төмендетеді де, басқа бір сапалы баспаның шығарайын деп отырған кітабын алып кетеді. Бұл әділеттілік пе? Бұдан бөлек баспа мен кітапхана арасында тығыз байланыс орнату қажет. Кейбір кітапханалар мемлекеттік тапсырыс­пен шығатын кітаптарды алғысы келмейді. Өйткені бұл кітапты ешкім оқымайды…», – деді. Бұл кезекте «Мектеп» баспасының директоры Ерлан Сатыбалдиевтің «Баспа нарықта кемінде 5 жыл жұмыс істеуі керек. Ондай баспаға тендер беру-бермеуді де қарастырған жөн» деген ұсынысын ескеру керек сияқты. Бірақ бұл мәселе «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға тікелей қатысты және Қаржы министрлігінің құзыретіндегі шаруа екені тағы бар. Әрине, бұл тұрғыда балаларға арналған көркем-суретті кітаптардың аздығы мен са­па­сыздығы жөнінде айтпай кетуге болмас. Қашанда балалар әдебиеті мен балаларға арналған кітаптар үшін жаны ауырып жүретін С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасының директоры София Раева мәселенің күрделеніп кеткендігіне ашынады. «Қазақ балалары қазақ ертегілерін, қазақ аңыз-әңгімелерін, батырлар туралы жырларды оқығысы, жаттағысы келеді. Алайда қазақтілді балалардың сұранысын қанағаттандыратын кітаптардың аздығына қатты қапаланамын», – деді балалардың болашағына алаңдаған кітапхана басшысы. Алматы қаласының баспагерлері бас қосқан жиынды қорытындылаған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев уақытты ұтымды пайдаланып, түйткілді түйіндерді бірлесіп шешуге әркез дайын екендігін жеткізді. «Оған әуелі сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз маңызды. Дархан Мыңбай басқарған министрлік өз алдына үлкен мақсат қойып отыр. Жаңадан көрініп келе жатқан жастарды танымал етуге, олардың еңбектерінің жарық көруіне қал-қадірінше қолұшын береді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, осындай ортақ ұсыныстар жиындарда айтылмаса, баспасөзде жарияланбаса мәселенің шешілу тетіктері табылмайды. Сондықтан да «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істейік! Бізде мықты идеялар көп. Оны жүзеге асыру үшін бар күшімізді салып еңбек етеміз деп ойлаймын. Ал Нұрмұхан Оразбек ағамыз айтқан Кітапқұмарлар қауымдастығын құрам деген белсенді адам болса, дәл қазір қолдауға дайынбыз!» – деді вице-министр. Кітап шығару мен оны тарату ісі оңай шаруа емес. Бұл біздің егемендік алған жылдардан бергі шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселе. Алайда Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл тақырыпқа тыңнан түрен салып, кітап саласының қыр-сырына жаңа қырынан үңілмекші. Біздің тарапымыздан тек жақсы бастаманы қолдау ғана қажет.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ