Жаңалықтар

ИДЕЯ ҰРЛАУ ҮРДІСКЕ АЙНАЛДЫ

ашық дереккөзі

ИДЕЯ ҰРЛАУ ҮРДІСКЕ АЙНАЛДЫ

Жақында ақпарат құралдарынан атақты американдық «Секс в большом городе» сериалының қазақша нұсқасы түсіріліп жатыр деген хабарды естідім. Бір кездері көрермен Сара Джессика Паркер бастаған актрисалар өнерін осы сериал арқылы тамашалаған болатын. Ал Алматыда дәл осы фильм желісімен «Құрбылар» отандық сериалы түсіріліп жатқанға ұқсайды.

Бұған бәзбіреулер «Секс в большом городе» сериалына қазақстандық кинематографтардың жауабы болса керек деп осы бастан баға беруде. «Сатайфильм» компаниясы түсіріп жатқан жаңа сериал «не жастардың, не кәрілердің қатарына жатпайтын» бес келіншектің бақыт іздеу жолында тап болған оқиғаларын баяндайды. Сериалды түсірушілердің айтуына қарағанда, көрермендер сериал түсірілімінің жоғары сапасына тәнті бола алады. Сондай-ақ сериалға Қазақстанның біраз танылып үлгерген кино және театр актерлері қатысады деп болжануда.

Замира есімді басты рөлдегі әйелді актриса Айнұр Тұрғанбаева сомдаса, сонымен қатар сериалдағы басты рөлдердің бірінде Лермонтов атындағы театр актері Михаил Токарев ойнайтын көрінеді. Басты рөлдегі бес кейіпкерден бөлек, сериалдағы қосалқы персонаждарға шамамен 180 адам қатыстырылмақ. Түсірілім жұмыстары үшін үлкен павильон құрылып, барлық негізгі түсірілім сол жерде жүзеге асырылатын болады.

Алдын ала болжамға сәйкес, сериал көгілдір экранға орталық арналардың бірінде алдағы айларда шығып қалуы мүмкін. Сериалға сценарий жазған – Тимур Жақсылықов. Ал Ақан Сатаевтың өзі аталмыш жобада продюссер қызметін атқармақ. Қазіргі кезде жаңа жобаның 55 сериясын түсіру жоспарланып отыр. Алайда авторлар туынды көрермендер арасында зор сұранысқа ие болған жағдайда оның әрі қарай жалғасуын жоққа шығармайды.

Әлбетте, «Секс в большом городе» сериалы әлемнің барлық елдерінде өз көрерменін тапқан фильм. Оған өзіне тиесілі рөлді алып шыққан талантты актерлердің де еңбегі ерен. Алайда отандық режиссерлер басқа дүние құрып қалғандай неліктен бұл сериалдың қазақшасын түсіруге құлықты болып отыр? Әлде, бізде басқа тақырып жоқ па? Әйтеуір соңғы кезде табиғатымызға жат болса да, басқаның идеясын тікелей көшіріп алу үрдісі белең алып барады. Дәлірегін айтқанда, ізденіс жоқ.

Жәнiбек ӘШIМ