ТРАЙБАЛИЗМНЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?

ТРАЙБАЛИЗМНЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?

ТРАЙБАЛИЗМНЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
ашық дереккөзі

Қазiр қоғам iштей жiк-жiкке бөлiнiп алған. Әсiресе мемлекеттiк қызметке орналасқысы келген шенеунiктерде жершiлдiк, рушылдық дертi асқынып барады. Ол ол ма, бұл ауруға шалдыққандарды көшеден де кезiктiретiн болдық.

Жақында қоғамдық көлiкпен жұмысқа бет алып келе жаттым. Жол бойы «Газель» көлiгi ешкiмге жол бермей, көшенi ойқастап келедi. Бiз отырған автобус жүргiзушiсiнiң: «Мынау қайтедi өзi? Көшеде жалғыз өзi келе жатқандай ғой, тiптi» деген жан даусы шықты. Бәрiмiз жапа-тармағай әлгi «Газельге» қадала қарадық. Сөйтсек, артқы терезесiне үлкен әрiптермен «Жалайыр» деп бадырайта жазып қойыпты. Бiреулер риясыз күлдi, бiреулер мысқылдай кекеттi. «Қазақтар жүрген жер осы ғой. Ендi қалмағаны ру атын көлiгiне жазып қою едi», – дедi елудi алқымдаған ел ағасы. Шынында да, бәрiмiзге ерсiлеу көрiндi. Дәл осындай көрiнiстi қала көшелерiнен бiрнеше рет көзiм шалған. Жеңiл көлiктердiң маркасының жанынан «Найман», «Арғын», т.б. ру атауларын көргенде «Осы жұрт қызық. Руының атын көлiгiне жазғаннан не ұтады екен?» дегендердi де талай естiгем. Кiм бiлсiн, бәлкiм жастар өз руын мақтаныш санайтын шығар, әлде жұрттың көңiлiн өздерiне аударғысы келе ме? Әйтеуiр осындай жайттардың жиi көзге ұшырайтындығы рас.

Ал өткенде интернет сайттарын қарап отырсам, тап осы жағдай алдымнан қайта шықты. «Найман от Аргына далеко не падает» дегендi елiмiздiң туына әдемiлеп жазып қойыпты. Қатты қапаландым. Мұны көрген жұрт: «Осы қазақтар руын тықпалай бередi екен» дейтiн шығар. Онсыз да бұл дерттен құтыла алмай жүргенде кейбiр жүгенсiздердiң әр жерге ру атауын тықпалай беруiне не жорық?

Тоғжан ТӨЛЕГЕН