ДЖОН РОКФЕЛЛЕР

1830 жылы Нью-Йорк штатындағы кішігірім қала Моравияда Билл Рокфеллер деген біреу көшелерді кезіп жүріп, қолдан жасалынған дәрілерді сатып тұратын. Ол өзін жұртқа мылқау адам тәрізді көрсетуші еді. Сол қалада 24 жасар діндар Элиза Дэвисон да тұратын. Қызға Билл қатты ұнайды. 1837 жылдың ақпанында олар үйлену тойын жасап, жақын маңдағы Ричфорд қалашығына қоныс аударады. Онда Биллдің шағын үйі болатын. 1839 жылы 8 шілдеде Элизаның бірінші ұлы Джон Дэвисон Рокфеллер дүние есігін ашқан. Арада бірнеше айлар өткен кезде Нэнси де босанып, өмірге тағы бір қызды әкелді.

Рокфеллер отбасы 1853 жылы Стронгсвиль қалашығына қоныс аударады. Джон әуелі орталау, 15 жасқа толғанда орта мектепке ауысты. Ұстаздары оның математикаға талабын ерекше бағалап жүрді. 1855 жылы Рокфеллер мектепті тастап, Фолсомедағы техникалық училищенің сауда құқығы және бухгалтерлік есептің үш айлық курсына түскен. Сол жылы тамыз айында курсты бітіріп, Кливлендтен ұзақ уақыт жұмыс іздейді. Тек 1855 жылы 26 қыркүйекте «Хью итт и Таттл» компаниясың директоры Джон Рокфеллерді ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алу мен сату жұмысына сынақ мерзімімен қабылдайды. Алғашқы үш айда оның үстінен ешқандай шағым түспеген соң директор бухгалтердің көмекшісі қызметіне көтерген. Ол уақыт өткен сайын іс-тәжірибесін ұштастыра түседі. Алғашқы жалақысына жазба кітапша сатып алып, бірінші бетіне «Бухгалтерлік кітапша.А» деп жазып қояды. Сол жазба кітапшасына кіріс пен шығыстың бәрін түсіріп жүрген. Рокфеллер есепте дәлдікті жақсы көрді: Компания басшылары оның іскерлікте қабілеті ерекше екенін біліп, бұрынғыдан да күрделі жұмыстарды сеніп тапсыратын болды. Ол Вермонттан ауыр мрамор қималарын тасумен айналысқан кезде өзінің істі ұйымдастырғыш қабілетімен бастықтарын таңдандыра білді. Мрамор кесінділерін әуелі поезбен жіберу керек болатын. Содан соң баржаға артып, каналмен ағызатын да, белгіленген жерден кемеге артып, Эри көлі арқылы тиісті жерге жеткізетін. Рокфеллер бұл жұмысты басқаша ұйымдастырды. Ол әр үш тасымал компаниясы басқа компания шығынының бір бөлігін өзіне алуына қол жеткізді. Бұл сол кездегі үлкен жетістік еді.

Арада біраз уақыт өткен кезде британдық Морис Кларкпен танысады. Олар өзара келісіп, ауылшаруашылық өнімдерін сату мен сатып алу жөнінде жаңа компания ашуға уағдаласады.

Рокфеллерге жаңа компания құру үшін көп қаражат қажет болды. Оның соңғы үш жылда жинаған ақшасы жетпейтін еді. Кларкты да осы мәселе толғандырды. Сөйтіп жүріп ол әкесінің 21 жасқа толғанда бір мың доллар сыйлаймын дегені есіне түскен. Алайда соған дейін әлі 16 ай бар болатын. Ол әкесін сол ақшаны беруге алдын ала келісіп, бір жылдан соң он пайыз үстемемен қайтаруға уәде береді. Сол ақшаның септігі тиіп, олар 1858 жылы «Кларк и Рокфеллер» атты компания ашады. Сол жылы ауа райы алабөтен суытып, Американың батысында ауыл шаруашылығы өнімдері жұрт күткендей болмай, компания жағдайы тығырыққа тірелген. Солай бола тұра олар маусымның соңында тәп-тәуір табыс тапты. Оның Хьютонға қарағанда еңбек ақысы үш есе артық болды. Келесі жылы оларға кәсіпкер Джордж Гарднер қосылып, компания «Кларк және Гарднер» деп қайта аталынды. Компанияның табысы келесі жылда да өсті. Олар енді қосалқы табыс көздерін ұйымдастырып та үлгерді. Әр долларды орнымен жұмсап қалған Рокфеллердің жаңа серіктесі Гарднермен осы мәселеде келісе бермейтін. Ал Гарднер оның әкесі Биллмен дос. Әке мен бала арасы сол кезден бастап бір-бірінен алыстай берді. Оған негізгі себеп әкесі өзінен жиырма жас кіші Уильям Ливингстонмен көңіл қосқан еді. Ол солай тағы да екі әйелді болды.

Бұл кезде Американың ішкі жағдайы қатты шиеленісіп тұрған. Солтүстік пен оңтүстік штаттары соғыс жағдайына дейін барды. Рокфеллер Кларктың қарсылығына қарамастан көп мөлшерде тұз, жеміс-жидек, темір рудасы мен көмір сатып алды. Сол кезде ел тоқырау кезеңін бастан кешіп жатты. 1862 жылы басталған азамат соғысы сауда орындарына жан бітіріп, компания әлгі артық сатып алған өнімдері арқасында өткен жылмен салыстырғанда төрт есе жоғары табысқа қол жеткізді. Сол жылдың соңында ол Гарднердің ақшасы енді қажет болмай қалғандықтан компаниядан кетуін өтінді. Сөйтіп компания алғашқы «Кларк және Рокфеллер» атын қайта қалпына келтірген.

Көп қаражатты жинаған Рокфеллер соларды қайда жұмсау керек деген ойда жүрді. Солай ой үстінде жүріп Кларктің досы Самуэл Эндрюспен танысты. Көп кешікпей оны компанияға серіктес етіп қабылдады. Ол мұнайды тазалап, керосин шығарумен айналысты. Рокфеллерді Пенсильванииде табылған Дрейк мұнай көзі қатты қызықтырды. Мұнай кәсіпкерінің бірі Эндрюспен мұнай өңдеу жөнінде жаңа компания құрып, түскен табысты теңдей бөліп алуға келісті. Бұл компания «Эндрюс және Кларк» деп аталынды. Жаңа серіктес Кливлендегі «Флэкс» мұнай өңдеу кәсіпорнына қаражат құйды.

Рокфеллер мәселені тез түсініп, іскерлік қабілетімен басқаларды тәнті етіп жүретін. Мұнайды айдаудың жаңа жолын тауып, оны қолданудың да көздерін іздестірді. Мұнай қалдықтарынан ауылшаруашылығына аса қажетті тыңайтқыш шығара бастады. Ол жеміс-жидек тасуға арналған контейнер өнімдерін шығарып, тыңайтқыштың өзіндік құнын біраз төмен түсірді. Оның осы бір тапқырлығының арқасында мұнай өнімдерінің бір жылдық табысынан ауылшаруашылығы өнімдерін сатудан түскен табыс әлденешеге асып түсті.

Байлығымен елге танылып қалған Рокфеллер күндердің бір күнінде баяғыда мектепте бірге оқыған Лаура Спелмен кездеседі. Олар 1864 жылы қыркүйекте бас қосып, өз алдарына отау тіккен. Майда деңгейдегі кәсіппен айналысып жүрген серіктесі Кларкпен арасына жік түседі. Компанияда Рокфеллердің үлесі серіктесіне қарағанда бірнеше есеге көп еді. Екеуінің арасындағы егестің ақыры Кларктің компаниядан кетуімен аяқталған. Компания шығарған мұнай өнімдерінің үштен екісі шет елдерге сатылған. Келесі жылы ол Уильямды Нью-Йоркке жіберіп, сол жерден экспортты қадағалап тұратын «Рокфеллер лимитед» компаниясын ашқызады. Уильям сондай-ақ Нью-Йорк банкілерінен төменгі пайызға алынған зайымдармен де шұғылданды.

1860 жылдардың басында Америкада мұнай кәсіпшілігі дами бастаған шақ. Пенсильвандағы бас кеңсеге қарайтын көптеген майда мұнай компаниялары жұмыс істеп тұрған. Бұл компаниялар сол штаттағы мұнай көздерін көбірек қамтып қалу үшін жанталасып жатты. Алайда рынокта мұнай өнімдеріне баға тұрақсыз болған соң банкілер мұнай өндіруші компанияларды қаржыландырып тұрудан бас тартқан. Осыны білген Рокфеллер жеке инвесторлар іздестіруге кірісті. Сол мәселемен миллионер Стивен Харкнеске кездесіп, көмек беруін өтінеді. Ол егер өзінің бір туысы Генри Флеграны финанс директоры етіп алса, компанияны тиісті қаржымен қамтамасыз ететін болып шарт қояды. Флеглер іскер жан болғандықтан Рокфеллер онымен келіскен. Тіпті оны өзінің оң қолы етеді. Флеглердің арқасында компания табысы үстемелей түскен. 1867 жылы компания кезекті рет атын «Рокфеллер, Эндрюс және Флеглер» деп өзгертті. Олар әуелі тасымал жағын арзандатуды қолға алған. Пенсильванияның тұрған жері Кливлен мен Шығыс жағалауы қалаларының ортасы болатын. Сол аралық аймақта мұнай көздері көп еді. Әлгі қалалардағы компаниялар бірнеше мұнай айдайтын зауыттарын тұрғызыпты. Кливлен мұнай кәсіпшілері, оның ішінде Рокфеллер де бар, Сол кезде Пенсильванииде басқа қалалармен жалғастыратын үш темір жол желісі бар еді. Бұл қалалар мұнай өнімдерін көп қажет ететін. Рокфеллер мен оның серіктестері қиыннан жол тауып, басқа мұнай компанияларының алдына түсті. Рокфеллер «Нью-Йорк сентрал рейлроудпен» келісім-шартқа тұрып, күн сайын 60 цистерна мұнай жеткізіп беруге оның есесіне аналар 30 пайыз тасымал құнын түсіретін болған. Ол сонымен бірге құбыр өнімдерін шығаратын «Эри рейлоуд» компаниясына қарасты жанама кәсіпорнының 25 пайыз акциясын сатып алды. Осындай жолмен Рокфеллер түйінді мәселені оң шешіп, тіптен зауыттарының алыста орналасқанына қарамастан рынокты жаулап алды. Ол жаулап алып қана қойған жоқ мұнай бағасына да елеулі ықпал етті.

Флеглердің идеясы бойынша 1870 жылы 10 қаңтарда «Стандарт ойл» компаниясы дүниеге келді. Джон Рокфеллер оның президенті болып сайланды. Ал інісі Уильям Рокфеллер орынбасары, Флеглер әкімшілік және қаржы меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Бұл компанияның қаржылық қоры басқалардың кез келгенінен бірнеше есеге көп. Келер жылы керосинге баға төмен түссе де «Стандарт ойл» компаниясының табысы шарықтай берді. 1872 жылы майда мұнай өңдеуші компаниялардың темір жол алыптарына қарсы ереуілінен біраз уақыт бұрын Рокфеллер оның бәсекелестерін қаржыландырып тұратын банкілердің басшыларын өзіне қаратып алған болатын. Содан мұнай өңдейтін майда кәсіпорындар қаражат тапшылығын қатты сезініп займға мұқтаж болып қалды. Рокфеллер бұл оңтайлы сәтті де мүлт жіберген жоқ. Мұнай өңдеу саласындағы фирмаларды бірінен соң бірін сатып алды. 1874 жылы 29 қаңтарда Рокфеллер отбасында өмірге жаңа нәресте келді. Оған Джонсон деп ат қойды. Соған дейін оның төрт қызы болатын. Рокфеллер баласына қатты қуанды.

Рокфеллер құбыр жасау бизнесін де қатар жүргізіп, ерен табыстарға қол жеткізіп жатты. Бірнеше зауыттарды сатып алған Рокфеллерді жұрт «Анаконда» деп атай бастады. Ол солай жолында көлденең тұрған зауыттардың бәрін жұтып жатты. Тіпті Пенсельваниидің балалары оның атын есітсе болды, қорыққаннан үйді-үйіне кіріп кететін.

1880 жылы бүкіл Америкадағы мұнай Рокфел­лердің зауыттарында өңделді. Ол қы­рық жасқа толмай жатып-ақ Америкадағы мұнай өндіру мен оны тасымалдау саласында шарықтап алға шықты. «Стандарт ойл» компа­ниясының өндіріс орындары көбейген сайын оған басшылық жасау да барған сайын қиындай түсті. Сол кезде Америка заңдары бойынша инвестициялық қаржы ұстау тек сол компанияның бас кеңсесі тұрған штатқа ғана рұқсат етілген. «Стандарт ойлдың» бас кеңсесі Огайда болатын. Ал компанияның мұнай бизнесіне қатысты зауыттары көптеген штаттарда бар еді. 1879 жылы адвокат Самуэля Додданың ұсынысы бойынша компанияның барлық акциялары Огайдағы үш жанама компанияға бөлініп трест құрылды. Алайда жұрттың бәрі бұл трестің бір орталықтан басқа­рылатынын білді. Сондықтан Нью-Йорк штатының заң шығаратын жиналысы өздерінің мүшесі Алонсо Хепбернге мұнай спрудының ісін тексеруді тапсырды. Хепберннің есебі Рокфеллердің рынокты монополиялау үшін жасаған заңсыз істерін ашқан. Сол есептен кейін «Стандарт ойл» компаниясы жалпы көпшілік пен құқық қорғау орындарының назарына ілікті. Алайда Рокфеллер өзінің мұнай жөніндегі саясатын жүргізе отырып, тұтынушыларға арзан керосин ұсынып, мұнай рыногын тұрақтандырды. 1882 жылы ол басқарудың жаңа түрін қолға алып, трест құрамындағы 34 компанияның акциясын және оларды қолдаушы компанияның да акциясын қосып, тоғыз жолдастыққа бөлді. Арнайы комитет құрып, оның мүшелігіне осы компаниялардың акция иелері сайланды. Рокфеллердің өзі барлық акциялардың үш бөлігіне иелік етті. 1882 жылы Рокфеллер Нью-Джерси мен Нью-Йорктен «Стандарт ойлдың» жаңа кеңселерін ашты. Оның өзі Нью-Джерсидегі, ал інісі Уильям Нью-Йорктегі кеңсені басқарған. Келесі жылы Огайодан «Стандарт ойлдың» штаб-пәтерін Нью-Йоркке көшіріп, өзі де сонда қоныс аударды. Рокфеллер жолына кесе көлденең келген қарапайым адамдарды да аяған жоқ. Қыруар қаражат жинаған алаяқ, заңдарды айналып өтіп, бәсекелестерін алдап жүрсе де дінге берілген жан еді. Ол әрбір жексенбі сайын бұрынғы дағдысымен бабтистердің шіркеуіне соғатын. Шіркеуге тұрақты түрде қаражат аударып тұрды. Оның байлығы астрономиялық көрсеткішке жеткен. Ол қайырымдылық қорына да өте көп ақша аударып отырды. Соны білген жұрт оған жан-жақтан келіп көмек сұрай бастаған. 1890 жылы баптист священнигі Фредерик Гейтстің ұсынысы бойынша Чикагодан діни университет ашты. Сондай қайырымдылықтары арқылы ол трестке қарсы жақтардың шабуылын тоқтатпақшы болған. Ол солай жұрттың алдында өзінің беделін көтеріп алмақшы еді. Бірақ жұрт «Стандарт ойлдың» бұл істерін көз алдау деп қабылдады.

1890 жылы Америкада сенатор Джон Шерманның ұсынысымен треске қарсы заң шығарылды. Бұл заң еркін бәсекелестікті шектеуге арналған. Алайда Шерманның әділет үшін деп құрған актсы маңызды мәселелерге дәл жауап бере алмайтын. Оның бұл заң нұсқасы халықаралық сауда мен штатаралық істерді шектеп тастайды екен. Ал заңның бұл осал тұстарын Рокфеллердің білікті заңгері Самуэл Доддаға тиімді пайдаланып, «Стандарт ойлдың» статусын сақтап қалды. Ал актінің негізгі мақсаты бүкіл қаражаттың аз ғана монополистер қолына жинақталуына жол бермеу еді. Бір жылдан кейін Огайо штатындағы сот зерттеуінің нәтижесі бойынша қоғамдық айыптаушы Дэвид Уотсон «Стандарт ойлдың» жергілікті филиалын трест құрамынан шығаруды ұсынды. Бұл сот шешімі Огайо штатындағы фирма Нью-Йорк штатындағы қаржыландыру компаниясының жанама кәсіпорны болып табылатынын, бұның Огайо штатының заңына қайшы келетінін негізге ала отырып шығарылған. Алайда айлакер Рокфеллер бұл жолы да жол тауып кетті. Ол өзінің бас кеңсесін Нью-Джерси штатына ауыстырды. Бұл штаттың заңы бойынша компанияның басқа штаттардан акцияларды сатып алуға тиым салынбайды. Заң орындарының тексеруінен шаршаған Рокфеллердің өзі де осы кезде компания басшылығынан кетуді жөн көрді.

1893 жылғы дағдарыста АҚШ-тан өте үлкен мөлшерде алтын шетелдерге өтіп кеткен екен. Алтын қорына тікелей байланысты доллардың құны түсе бастаған шақ. Финанс министрі миллионер Джон Морганнан көмек сұраған. Бірақ оның ақшасы ел қажетін өтеп, жағдайды тұрақтандыра алмады. Сонда Американы экономикалық күйреуден «Стандарт ойл» компаниясы алып қалды. Олар орасын зор ақшаны рыноктарға шашып жіберді. Алайда олардың бұл ісі де өздеріне айтылып жатқан сыннан құтқарған жоқ. Сол кезде белгілі журналист Генри Ллойд «Қоғамға қарсы байлық» атты кітабын жарыққа шығарды. Бұл кітаптың басты нысанасы атын атап айтпаса да «Стандарт ойл» еді. Кітап қарапайы американдықтардың Рокфеллерге деген жағымсыз пікірлерін өршітіп жіберді. Орын алған жағдайға байланысты 1895 жылы «Стандарт ойл» компаниясы қаржыландыру компаниясының басшыларымен пікір таластыра отырып, трест құрамынан шығып, «Пьюар ойл» боп қайта тіркелді. Рокфеллердің «Стандарт ойлдағы» ең соңғы ісі Миннесота штатындағы Месаби темір кенін өндіруге үкіметтен рұқсат алуы болды. Оның қызметтен кетуі компанияның жоғары басшылығының деңгейін өте әлсіретіп жіберді. Сондықтан ол құрметті директор болып қалды. 1897 жылы 57 жастағы Рокфеллер барлық ісін университетті жаңа ғана бітірген ұлы Джон Рокфеллерге өткізуді жөн көрді. Алайда оған деген сында толас болмады. 1904 жылы «Макклюрис» журналында Иды Тарбеллдің «Стандарт ойл» компаниясының тарихы» атты топтама мақаласы жарияланды. Онда Рокфеллердің бизнесті қандай қитұрқы тәсілдермен жүргізгені айтылған. Бұл мақалалар отқа май құя түсті.

1905 жылы Рокфеллер Бостондағы Америка християндары шетелдерде миссия жүргізу бюросының өтініші бойынша оларға аса үлкен мөлшерде қаражат аударды. Бірақ артынша бұл ұйымның кейбір мүшелері бұл «кір» ақшаны Рокфеллердің өзіне қайтару жөнінде мәлімдеме жасаған. Бұл мәлімдемені жұрт қолдап кеткен соң Рокфеллер өзінің қайырымдылық жөніндегі істерін басқаратын ұйымын құрды. 1906 жылы әкесі Билл қайтыс болған. Рокфеллер оны өз отбасының мүшесі санамағандықтан бейітінің басына оның жалған аты-жөні Уильям Ливингстон деп жазды. Бес айдан соң федеральдық үкімет «Стандарт ойлдың» ісі туралы Шерманның толықтырылған заңын қайта қарады. Олар Нью-Джерсидегі компанияның бас кеңсесін заңға қайшы деп тапты. Сот компанияның көптеген жөнсіз істеріне тиым салған. «Стандарт ойлдың» содан бастап, әлеуеті төмен құлдырай берді. Чикаго соты оның бірнеше активтеріне айып салды. Ақыры АҚШ-тың Жоғарғы соты 1911 жылы 15 мамырда «Стандарт ойл» тресті таратылсын деген шешім шығарды. Оның 34 компаниясы алты айдың ішінде таратылды. Американың тұңғыш миллиардері Джон Рокфеллердің 100 жыл өмір сүргісі келген. Ол гольф ойынын ұнататын. Сол үшін Панкатилодағы жеке үйі жанынан гольф үшін алаң да жасатты. Зейнетке шыққан соң Америкада одан қайырымды адам болмады. Ол 1937 жылы 22 мамыр күні 98 жасына небәрі бір жарым ай қалғанда өмірден озды.

Көлбай Адырбекұлы

Back to top button