Жаңалықтар

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ашық дереккөзі

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ТАШКЕНТ ГАЗ БЕРУДЕН ТАЙҚЫП ОТЫР

Өзбекстан – Тәжiкстанды газбен қамтамасыз ететiн жалғыз ғана шетелдiк қамтушы болып табылады. Алайда «Өзбекмұнайгаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, өзбек тарапы 1 сәуiрден бастап келiсiмшартқа сәйкес, Тәжiкстанға табиғи газ жеткiзудi тоқтатады.

Тәжік әріптестеріне берген жауабында өзбекстандықтар: «Өзбекстан табиғи газ өндіру жөнінде өзінің негізгі әріптесінің алдындағы міндеттемелерін орындауы қажет. Бұл мәселеде негізгі әріптес болып табылатын Қытай Халық Респуб­ликасына берілуге тиісті ресурстардың жетіспеушілігінен Тәжікстанға газ беру мәжбүрлі түрде тоқтатылуда», – деді.

Ақпарат көздерінің мәліметіне қа­рағанда, өзбек тарапының елді қам­тамасыз ететін газ ресурсы тапшылық тудырып жатқан көрінеді. Айта кету керек, Өзбекстанда табиғи газдың бір сөткелік өнімі шамамен 200 млн. текше метрді құрайды. Бұл Тәжікстан мемлекетіне 2012 жылға берілетін газ экспортының көлемі екен. Биылғы жылдың қаңтар айында «Өзбектрансгаз» бен «Тәжіктрансгаз» арасында жасалған келісім-шартқа сәйкес, алғашқы жарты жылдықта жеткізілетін кепілдендірілген газдың көлемі 45 млн. текше метрді құрау тиіс болатын. Негізінен өзбектің газын Тәжік аллюминий зауыты мен «Тәжікцемент» кәсіпорны тұтынады екен. Алайда бұған қарамастан ағымдағы жылдың 4 қаңтарынан Өзбекстан мемлекеті Тәжікстанға газ жеткізуді тоқтататын болған.

ФРАНЦИЯ АЗА ТҰТУДА

Францияда мыңдаған адам радикализм мен экстремизмге қарсы наразылық бойкөрсетуіне шықты. Мұндай шерулер тек ел астанасы Парижде ғана емес, басқа бірнеше қалада жалғасуда. Наразылық білдірушілер қоғамға іріткі салатын радикалдық пиғылдарға қарсы күрестің қажеттігін қолдайтындарын білдірді.

Шерулерге себеп болған жайт – радикалдық бағыттағы Мохамед Мера есімді адамның әскерилерді және мектеп оқушыларын өлтіруі. Экстремистің өзі Тулуза қаласында полициямен болған атыста қаза тапқан болатын. Оның Әл-Каида лаңкестік ұйымына қатысы бар екен. Бір жағынан радикализмге қарсы шерулер франциялық лаңкестің қолынан қаза тапқандарды аза тұту үшін ұйымдастырылды. Сондықтан да бұл шеруде адамдар айғайлап, ұран айтып немесе әуен қойған жоқ.

СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАҢА СИПАТЫ Ресей Президенті Дмитрий Медведев Сеулдегі Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Семей қаласындағы бұрынғы ядролық сынақ полигонының бұдан былай қауіп төндірмейтіндігін айтты. Медведевтің пікірінше, Ресей, Қазақстан және АҚШ-тың полигон бойынша өзара әрекеттестігі – өзге елдерге үлгі.

«Бүгінде барлық қауіп-қатерлер жойылған, полигон мүлдем өзге сипатта жұмыс істеуде. Қазақстанға болашаққа нық қадам жасауына, бұл аумақты дамытуына болады», – деді Дмитрий Медведев. Медведевтің сөзіне қарағанда, Сеулде өтіп хатқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке ұқсас халықаралық басқосулар «ынтымақтастықтың нақты үлгілерін көрсету» үшін өткізіледі. Семей полигоны бойынша ынтымақтастық дәл осындай үлгі болып табылады. Медведев АҚШ Президенті Барак Обама мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бұрынғы кеңестік ядролық полигон жөнінде ынтымақтастық туралы мәлімдеме жасады. Дмитрий Медведев үш ел Семей полигоны қандай қауіп төндіретінін түсіне отырып, 2004 жылы бірлескен жұмыс бастағанын еске салып өтті. Ресей Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бұл мәселеде табандылық танытып, белсенді әрекет еткені үшін алғысын білдірді.

МЕРЕНГЕ БИІНЕ ЕЛТІГЕН МЕХИКО

Мехико қаласының мыңдаған тұрғыны әлемдік жаңа рекорд орнатты. Олар таңертеңнен бастап қала орталығындағы алаңға жиналып, ең үлкен аэробикалық топ құрды. Дене шынықтырудың халықаралық күніне орайластырылған бұл шара жергілікті әкімшіліктің қолдауымен өткен. Негізінен әйелдерден құралған бұл топ латын америкалық музыка ырғағында өнер көрсетті. «Би фитнесінде ең көп адам жинаған класс» номинациясында жаңа әлемдік рекорд орнату үшін алты жарым мыңнан аса адам жиналыпты. Олар сальса мен меренге биінің қимылдары бар жаттығуларды бір сағат бойы орындаған. Ұйымдастырушылар бұл шара мыңдаған адамды дене шынықтырумен айналысу мен салауатты өмір сүруге ынталандырады деген үмітте.

Дайындаған

Динара ДҮРМӘН