Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗ ӘУЕЖАЙЛАРЫНДАҒЫ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗ ӘУЕЖАЙЛАРЫНДАҒЫ

Наурыздың ортасында Бішкекке АҚШ-тың Қорғаныс министрі Леон Панетта ресми сапармен келді. Негізгі мақсаты – Америкалық әуе қорғаныс күштері жалға алған «Манас» әуебазасын жалға алу мерзімін ұзарту. Алайда америкалық әскери қолбасшы бұл ниетін ашық білдіруден сақтанып отыр.

«МАНАС» ЖЫРЫ АЯҚТАЛАР ЕМЕС

2011 жылғы қазан айындағы президент сайлауында жеңіске жеткен Алмазбек Атамбаев 2014 жылы «Манас» әуежайын америкалықтардың жалға алу мерзімі аяқталатынын, одан әрі бұл келісім шартты созғысы келмейтіндігін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Америкалықтар әзірге Қырғызстанға «Манас» әуежайын жалға алу мерзімін созу туралы әңгіме қозғамауды жөн көріп отыр. Америка Қарулы күштерінің ресми таратқан мәлімдемесінде: «Қорғаныс ведомствосының жоғары шенді шенеунігі екі ел арасындағы келісімшарт 2014 жылдың шілдесіне дейін күшіне ие екендігін мәлімдеді. Бұл сапар барысында министр жалға алу мерзімін созу туралы әңгімені қозғауды жоспарлаған жоқ. Бұл сапардың негізгі мақсаты – былтыр желтоқсан айында инауграция­сы өткен Президент Атамбаевқа және Қырғызстан үкіметіне Қырғызстанмен арадағы қарымқатынас Орталық Азия аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды екенін паш ету» делінген. «Рейтер» агенттігінің мәлімдемесіне назар аударсақ, «Манас» әуежайын жалға алу мерзімін ұзарту туралы әңгіме ашық болмаса да, жанама түрде өрбіген: «Атын айтудан бас тартқан америкалық шенеунік 2014 жылдан кейін «Манас» әуебазасын жалға алу туралы әңгіме қозғалған жоқ. Бірақ президент Атамбаевтың сөзі соңғы сөз болмауы тиіс. Оған ықпал етудің басқа да жолдары бар дегенді айтады», – деп жазды. Америкалық «The New York Times» газетінің 14 наурыздағы «Киргизия хочет, чтобы американская база перестала быть военной» атты мақалада Қырғызстанның Қорғаныс кеңесінің жетекші-хатшысы Бусурманкул Табалдиев «Манас» әуежайының бұдан былай әскери база болмайтынын мәлімдеген. Транзиттік орталық аталып келген «Манас» әуежайы жауынгерлер мен әскери техниканы Ауғанстанға жеткізуге арналған маңызды көлік дәлізі болғаны мәлім. Америка Ауғанстаннан 2014 жылы әскери базасын шығаруды мақсат етіп отыр. Егер Қырғызстан «Манас» әуебазасын американдықтар үшін жабатын болса, Американың бұл мақсатына кедергі келтіретіні анық. Сарапшылар американдықтардың «Манас» әуежайында мәңгі қалуды көздемегендігін айтады. Олар жалға алу мерзімін қысқа уақытқа, Ауғанстаннан әскери жасағын шығарып алып кеткенше ғана созбақ. Атамбаевтың бұл ұсыныстан бас тартуы қиын. Біріншіден, американдықтар оны жалға алу құнын өсіруге келіседі, екіншіден, аз ғана мерзім сұрайды. Бұған Қырғыз тарапынан қарсылық көрсетіле қоймас. Қазір қырғыздар бұл әскери база үшін жылына 60 миллион доллар алады.

Дегенмен Атамбаев «Манас» әуежайын Бішкектің және Қырғызстанның қауіпсіздігі үшін бұдан былай әскери әуебаза ретінде пайдалана алмайтындығын кесіп айтқан. Әрі бұған американдықтардың келісіп отырғанын да мәлімдеген.

«КАНТ» ӘСКЕРИ БАЗАСЫ КІМГЕ КЕРЕК?

Сондай-ақ, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев елдегі ірі ресейлік әскери база – «Канттың» да ешқандай стратегиялық маңызы жоқ екендігін мәлімдеген 1 наурызда Астанаға жасаған ресми сапарында. «Коммерсант» газетіне сұхбат берген қырғыз президенті Ресейдің 4 жыл бойы «Кант» әуежайы үшін аренда құнын төлемей отырғанын және оның Қырғызстан үшін де, Ресей үшін де маңызды обьект емес екендігін айтқан.

– Ресей базасы өз міндеттерін дұрыс атқармай отыр. Аренда құнын төлемейді. Бұл жағдай бізді алаңдатады. Келісімшарт бойынша, көптеген талаптар қойылған.

Бірақ ең бастысы – жалға алу құны. Төрт жылдан астам уақыт біз жарыққа, суға, жылуға және телефонға өз қалтамыздан төлеп келеміз. Бұл жайында Ресей басшылығы білмеген секілді. Мен РФ президентіне жағдайды таныстырып едім, бірден тапсырма берді. Ресейдің төрт жылға төлейтіні 15 миллион доллар, бұл американдықтармен салыстырғанда түкке тұрғысыз қаржы. Біз былтыр РФ алдындағы қарыздарымыздың тек өсімақысы ретінде – 15 миллион доллар төледік. Оның үстіне Ресей әуебазасы біздің ұшқыштарымызды оқытуы қажет. Ол да орындалмады. Қырғызстанда 5 жыл тұрғанда ол база Қырғызстан үшін не істеді?», – деді ол Мәскеудегі келіссөздер барысында.

Атамбаев, сондай-ақ, Американың әскери базасын «Манастан» «Кантқа» көшіру жайлы ақпараттарды да жоққа шығарды:

«Бұл енді ешқашан болмайды. Әзірше бізде Ресей әскери базасымен келісім- шарт автоматты түрде созылды. Бірақ, меніңше, әр ел өзін-өзі қорғауы тиіс. Егер Қырғызстан Ресеймен қандай да бір база арқылы, ортақ экономикалық кеңістік арқылы, ортақ сыртқы шекаралар арқылы байланысатын болса жақсы болар еді. Бішкек үшін қырғыз әскерилеріне арналған жаттығу орталығын АҚШ сала ма, Ресей сала ма, бәрібір. Ал егер онда әскери кеңесшілер мен нұсқаушылардың бірі қалатын болса, біз оған келіспейміз. Біз енді бұндай әскери ойындарды ешкіммен ойнағымыз келмейді», – дейді ол.

Есенгүл Кәпқызы