ҚОРЛАУ – ӘНЕ! Қорғау кәне?

ҚОРЛАУ – ӘНЕ! Қорғау кәне?

ҚОРЛАУ – ӘНЕ! Қорғау   кәне?
ашық дереккөзі

Кез келген мемлекеттiң әнұранының әуелете асқақтайтын кезi – көбiне спорт сайыстары. Әсiресе әлемдiк деңгейдегi дүлдүл жарыстарда әнұранның шарықтауы спортшы түгiл, сол елдiң барша жанкүйерлерiне патриоттық рух беретiнi анық. Былтыр ауыр атлетикадан Парижде өткен әлем чемпионатында Илья Ильин үш дүркiн әлем чемпионы атанып, мемлекетiмiздiң әнұраны қойылғанда, төбемiз көкке жеткен. Шаттанғанымыз соншалық, спортшымен бiрге қуаныштан көз жасымызды сығып та алғанбыз.

Ал Ұлыстың ұлы күніне тұспа-тұс өткен Кувейттегі нысана көздеуден халықаралық турнирде еліміздің абыройына нұқсан келді. Масқарасы сол, жеңімпаз атанған қазақстандық спортшы Мария Дмитриенконы марапаттау кезінде мемлекеттік әнұранның орнына сайқымазақ Саша Коэннің атышулы «Борат» фильміндегі ағылшын тіліндегі әуен қойылған. Бір өкініштісі, жеңіс тұғырына көтерілген спортшымыз еш саспастан кеудесіне қолын қойып, сол әнді соңына дейін ұйып тыңдап тұра беріпті. Егер ол әнұранның сөзі мен әнін білетін болса, «Мынау менің елімнің әнұраны емес қой» деп жанындағыларға емеурін танытатын еді-ау. Тіпті оның қуанышты жүзінен бұл әуенді жатырқаған бір белгі байқалсашы. Соған қарағанда спортшымыз туған елінің әнұранын білмейтін де шығар. Тым болмаса, жаңсақ әуен естілгенде-ақ Қазақстан спорт делегациясы өкілдерінің біреуі шығып, дереу тоқтатуға әрекет етпегеніне қарнымыз ашты еріксіз. Әлде, олардың да патриоттық намысы ояна қоймады ма?

Ал нысана көздеу спорты бойын­ша Қазақстан құрамасының бас жаттық­ты­рушысы Анвар Юнусметовтің айтуы­на қарағанда, спортшыларды марапат­тау рәсімінен бұрын ұйымдастыру комитетінен Қазақстанның әнұранының бар-жоғын сұраған. Олар «бар» деп жауап берген көрінеді. Бірақ салтанатты рәсім кезінде «Менің Қазақстанымның» орнына британдық сайқымазақтың осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанды мазақ етіп түсірген фильміндегі ән шырқалып қоя берген. Ағылшын тіліндегі бұл әнде еліміз ашықтан-ашық келемежделгені белгілі. Сорақысы сол, дүйім жұрт тыңдаған әнде «қазақ жезөкшелері» мен «өзбек топас­тары» туралы, сондай-ақ «Қазақстан – көңнің әлемдегі бас­ты өндірушісі» деген жолдар бар екен. Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы: «Біз ұйымдастыру ко­митетінен Қазақстан тарапынан ресми ке­шірім сұрау керектігін айттық. Оларға Қа­зақстанның әнұранын тыңдауға бердік. Олар кешірім сұрап, келесі күні қайтадан үш туды көтеріп, нағыз әнұранымызды бәрі тұрып тыңдады» деген болатын. Ал тағы бір ақпарат көздерінде жаңсақтыққа жол бер­ген ұйымдастырушы тараптың Қазақстан құ­рама командасының алдында «әнұранды» ин­тернеттен көшіріп алғандарын айтып ақ­тал­ғаны туралы айтылады. Алайда Спорт және дене тәрбиесі жөніндегі Қазақстан Рес­публикасы Штаттағы ұлттық командалар дирекциясы Агенттігі Халықаралық ны­сана көздеу турнирінің Ұйымдастыру комитетіне наразылық нотасын жолдаған соң, Кувейттің жарыс ұйымдастырушылары біздің жергілікті телеарналар арқылы спортшыларымыздан және Қазақстан Республикасынан «қателік кетті» деп кешірім сұрады.

Әрине, кешірім сұрап, құтыла салу оңай. Егер де біздің орнымызда басқа мемлекет бол­сыншы, мемлекеттік рәмізін қорлап, елді масқаралағаны үшін кешірімнен бөлек басқа да шаралар қарастыруы мүмкін еді. Ал біз «болары болып, бояуы сіңгеннен» кейін кешірім сұ­рат­қанға мәзбіз.


БҰЛ БІРІНШІ РЕТ ЕМЕС ҚОЙ…

Соңғы кезде әсіресе спортшылар тарапынан мемлекеттік әнұранға деген құрмет төмендеп кеткен сияқты. Үлкен чемпионаттар мен олимпиадаларда топ жарып, жеңіске жетіп жүрген спортшыларымыз (оның ішінде басқа ұлт өкілдері) әнұранның әні тұрмақ, сөзін де білмей тұрады мөлиіп. Әншейінде «Менің Қазақстаным» әнін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жатқа біледі деп мақтанамыз. Ал ел атынан байрақты бәсекелерде алқа тағынып жүрген спортшыларымыз әнұранды неге білмейді? Олар бір емес, бірнеше рет қазақ елін тығырыққа тірегенін сезіне ме екен? Бұл шаруамен тікелей айналысатын Дене шынықтыру және спорт агенттігі қайда қарап отыр?

Естеріңізде болса, ауыр атлетикадан Париж­де өткен әлем чемпионатында еліміздің спорт­шысы Зульфия Чиншанло алтынға қол жеткізіп, жеңіс тұғырына көтерілгенде Қазақстанның ескі әнұраны шырқалып, ыңғайсыздық жағдай туғызған-ды. Ол ол ма, жақында Қостанайда өткен шаңғы фестивалінің ашылу салтанатында әнұранның ор­нына шетелдік әнші Рики Мартиннің «Livin ‘La Vida Loca» деген әні қойылғаны да күллі әлемге тарап кетті. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, нағыз қорланғанымыз Кувейттегі нысана көздеуден өткен халықаралық турнир болды.

­Бұған әуелі, жергілікті ұйымдас­тыр­у­шы­­лардан бөлек спортшыларды апаратын Қа­зақ­с­тан құрамасының жаттықтырушылары мен спорт функционерлері тікелей кінәлі. Олар мұның бәрін алдын-ала шешіп қоюы керек еді. Тіпті Дене шынықтыру және спорт агент­тігі әу бастан-ақ қадағалауды неге естен шы­ғарған?

Қазір әнұранды кез келген жерге тық­па­лауды әдетке айналдырдық. Өткен аптада «Алматы» телеарнасынан ережесіз жекпе-жек көрсетілді. Халықаралық турнирге әр ел­дің спортшылары қатысты. Қазақстан атынан Қайрат деген жігіт аренаға шығар алдында еліміздің әнұраны шырқалды. Неге? Сонда әнұран спортшыларымызды сайыс алаңына шығарып салатын қатардағы жәй ән бе? Жарайды, Қайрат намысты қолдан берген жоқ. Жеңді. Ал егер жеңіліске ұшырағанда не болар едік? Тағы да ел-жұрттың мазағына қа­ла­тын ба едік, кім білсін?! Соны ойлаған біреу-міреу бар ма екен?! Дене шынықтыру және спорт агенттігі осындай келеңсіз көріністерге неге тоқтау салмайды?


БҰЛ СОРАҚЫЛЫҚ
ЛОНДОНДАҒЫ ОЛИМПИАДАДА
ҚАЙТАЛАНБАУЫ ТИІС

Қазақ әнұранын масқаралаған оқиғадан кейін Дене шынықтыру және спорт агент­ті­гінің жұмысына жан біте бастағандай. Үкімет отырысынан кейін журналистердің сауалына жауап берген агенттіктің төрағасы Талғат Ермегияев бұл инцидентке қатысты мәселені Сыртқы істер министрлігімен бірігіп, шешіп жатқандығын мәлімдеді. «Жарыс басталғанға дейін бізге Кувейттегі ұйым­дастыру комитетінен ресми сұрау түсті ме, жоқ па, соны анықтаймыз. Шынын­да да, мұндай чемпионатқа алдын ала дайын­да­лады ғой. Егер арнайы сұрау түсіп, біздің шенеуніктер бекітіп жіберсе, онда жаттықтырушылар мен агенттік өкілдері сазайын тартатын болады. Ал сұрау келмесе, онда бұл істі ұйымдастыру комитеті шешу керек. Мұны арандатушылық деп ойламаймын. Бірақ сол Кувейттің өзінде тыйым са­лын­ған «Борат» фильміндегі әннің «Менің Қа­зақстанымның» орнына қалай қойылғаны тү­сініксіз. Бізден кешірім сұрады, бірақ бұл жағ­дай қалай болды және қандай себепке бай­ланысты орын алды дегенге қатысты ресми жауапты күтіп отырмыз», – деді Ермегияев. Оның сөзіне қарағанда, бұдан кейін еліміздің әнұранына қатысты мә­селені өзі қолына алатын сияқты.

Иә, бізді алда Лондонда өтетін 30-шы Олимпиада күтіп тұр. Дене шы­нық­тыру және спорт агенттігінің басшысы әлгіндей келеңсіздікке тап болмас үшін федерацияның әрбір президентімен кез­десіп, қазақстандық спортшылар қа­ты­сатын барлық жарыстар бойынша мемлекеттік рәміздердің сәйкестігін тексермекші. Сол үшін сәуір айының ор­тасында арнайы сапармен Лондонға ұша­тын көрінеді. «Лондонда өтетін олимпиада да алтын медальдарға қол жеткіземіз деген үміт бар. Әрине, Лондон олимпиадасының ұйымдастырушы комитетінің жұмысына емін-еркін араласу жеңіл емес. Бізге тіпті мемлекеттік рәміздерді тексеруге оңайлықпен мүм­кін­дік береді деп айта алмаймын. Сонда да болсын, біз тырысып көреміз. Біз Кувейтте болған оқиғаның Лондон олимпиадасында қайталанбауына жол бермеуіміз ке­рек», – деді. Біздің де бұған сенгіміз ке­леді-ақ…

Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов бір депутаттық сауалында еліміздің атынан спорт сайыстарында бағын сынап жүр­ген кейбір спортшылардың ән­ұранның сөзін білмейтіндігін, мем­­лекеттік рәміздерге немқұрайлы қа­рай­тындығы жөнінде ашына айтып еді («Мемлекеттік рәміздердің сақ­та­луы – отаншылдыққа тәрбиелеу көзі», «Түркістан», №2, 13 қаңтар, 2011 жыл). Бұл депутаттық сауал газетімізде жария­ла­нып, айтарлықтай қоғамдық пікір ту­ғыз­ған. Алайда есті сөзді құлағына іліп жат­қан спортшыларымыз байқалмайды әзір­ге. Бәлкім әнұранды білмеу олар үшін ұят та емес шығар, бірақ Қазақ елінің атын жамылып шығып тұр­ған­дық­тан, Қазақстан мемлекетінің әлемдік дең­гей­дегі беделіне нұқсан келетіні сөзсіз.

Не десек те, қазақ елін шетелге масқара еткен «Борат» фильмі бізді тағы бір мәрте ұятқа қалдырды. Бұл келеңсіз жайтты шетелдің ақпарат агенттіктері де ерекше бір сарказммен хабарлап үлгерді. Мәселен ресейлік «НТВ» телеарнасы «Проклятие Бората не дает казахом почувствовать себя великой нацией» деп келеке еткенде кіріп кететін тесік таппай қалдық. Шынында да, күллі жұртқа күлкі болдық емес пе?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ