ЯДРОЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК және бойтұмар

ЯДРОЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК және бойтұмар

ЯДРОЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК және бойтұмар
ашық дереккөзі

Сеул саммиті 50 мемлекет басшыларының басын қосты

Америкалық әрiптесiне бойтұмар сыйға тартқан Қазақ Президентi екi ел арасындағы саяси, экономикалық қатынастарға, әсiресе ядролық қауiпсiздiк, Ауғанстан проблемалары, кәсiпкерлiк, инвестиция мәселелерiн нығайтуға мүдделiлiк танытты.

ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, АҚШ президентi Барак Обама мен Ресей президентi Дмитрий Медведев 2012 жылдың 26-27 наурызында Сеулде өткiзiлген Ядролық қауiпсiздiк жөнiндегi саммит барысында ресми түрде кездестi. Екiжақты экономика, саяси және ядролық қауiпсiздiк саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға байланысты әңгiме қозғаған ел басшылары мемлекеттiк және әлемдiк деңгейде маңызы бар мәселелердi қаузады.

Басқосуда Қазақ Президенті Қазақстан­ның ядролық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударатынын көлденең тартса, оның америкалық әріптесі 20 жыл бұрын ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның осы бағытта белсенді әрекет етіп келе жатқанын айтты. Н.Назарбаев: «Менің Жарлығыммен бұдан 20 жыл бұрын біз Семей сынақ полигонын жаптық. Бірнеше жылдан бері Қазақстан, Ресей және АҚШ сынақтардың салдарларын жою жөнінде бірлескен жұмыстарды жүргізіп келеді. Біз бұл көмектері үшін се­рік­тестерімізге ризашылығымызды біл­діре­міз», – деді. Осы орайда Обама Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы бүкіл әлемге үлгі болатын қадам екенін жеткізді: «Қазақстан Жер шарына жаппай қырып-жоюға қабілетті қару-жарақтың жат пиғылдылардың қолы­на түспеуі үшін басы бүтін қалай жою керектігін үйретті». Кездесуде Обама уран мен плутоний байыту, халықаралық ядролық жанар-жағармай банкін дамыту мәселелерін талқылауға да мүдделілік танытты. Өйткені бұл мәселе кейбір мемлекеттерді уран мен плутоний байы­татын зауыт салу мәжбүрлігінен құтқармақ.

«Мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз қа­рым-қатынас ядролық қауіпсіздікпен шек­тел­мейді. Бұл басқосу бірнеше жылдан бері жүргізіп келе жатқан Ауғанстанға қатысты мә­се­лелердегі ынтымақтастығымызды одан ары қалай дамыту керектігін ақылдасуға мүмкіндік бе­реді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саласындағы бай­ланыстарымызды күшейтуге ден қою керек» деген Б.Обаманың бейбітшілікті яд­ро­лық қарусыз қорғауға шақырған үндеуін Н.Назарбаев құлшына құптады. Мысал ре­тін­де Құрама Штаттардың қазақ экономикасына ендігі 20 млрд. доллар көлемінде ин­вес­тиция салғанын келтірді: «Орталық Азияға бағытталған инвестицияның 80 пайы­зы Қазақстанның үлесінде. Әлбетте, лаң­кестікке қарсы күресте, Ауғанстан мә­се­ле­сін­де, Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымал­дау мәселелерінде тығыз қатынас жасай бер­мекпіз. Біз бұл тақырыптарды 2 жыл бұ­рын талқыға салған болатынбыз». Қазақ Пре­зи­денті сонымен қатар өзге де саяси және эко­но­микалық ынтымақтастықты нығайта отырып, тізе қоса жұмыс жасайтынын айтты. Назарбаев америкалық әріптесіне «Жолың бол­сын!» деген тілекпен бойтұмар сыйлауды да ұмытпады.

Кездесудің қорытындысы бойынша үш мемлекеттің басшылары бұрынғы Семей сынақ полигонына қатысты үшжақты ынты­мақ­тастық жөнінде бірлескен мәлімдеме қа­былдады. Аталған құжатта: «Қазақстан Рес­пуб­ликасының, Ресей Федерациясының және Аме­рика Құрама Штаттарының Президенттері яд­ролық қаруды тарату қауіп-қатеріне және яд­ролық лаңкестікке қарсы күрес жолын ұс­та­нады. 2004 жылдан бастап біздің үш ел бұ­рынғы Семей сынақ полигоны аумағында жа­салған ядролық сынақ әрекеттерінің салдар­ла­рын жоюға және оны қауіпсіз қалыпқа кел­тіруге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда ынтымақтасып жұмыс жасап келеді. Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Америка Құрама Штаттарының Президенттері осы мақсаттардың іске асырылуын өз ба­қы­лау­ла­рына алып отыр. Қазіргі уақытқа дейін ау­қымды жұмыстар жасалды. Заманауи фи­зикалық және техникалық құралдарды пай­да­ланудың нәтижесінде бұрынғы полигонда қауіпсіздіктің деңгейі айтарлықтай артты. Бұл жұмыс аяқталуға жақын және біз оны физикалық ядролық қауіпсіздікті және ядролық қаруды таратпау жолын ор­тақ ұстаным ретінде көрсететін үшжақты ын­тымақтастықтың аса табысты үлгісі деп қа­рас­тырамыз» делінген.

Саммиттің кеңейтілген отырысында яд­ро­лық қару-жарақтың әлемдік қорын азайту туралы да мәселе көтерілді. Өйткені бүкіл Жер шарына аса қауіпті бұл материалды іздеп жүргендер көп. Адамзатқа қауіп төндірген осы материалдардың бір уысы мыңдаған бейкүнә жанды баудай сұлатуға қауқарлы болса да, олар қажетті деңгейде бақылауда отырған жоқ. Сеулде жиылған 50-ден астам елдің өкілдері ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы әлемдік деңгейдегі іс-шараларды талқылады. Негізі Сеулдегі Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит екінші рет өткізіліп отыр. Біріншісі 2010 жылы Вашингтон қаласында ұйымдастырылған болатын.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ