Жұртын сүйген Жұмат!

Жұртын сүйген Жұмат!

Жұртын сүйген Жұмат!
ашық дереккөзі

Өзгелермен терезесi тең тәуелсiз ел болу ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан берi жалғасып келе жатқан қасиеттi асыл арманы едi. Бұл арманды жүзеге асыру жолында халқымыздың басынан қаншама аласапыран оқиғалар өттi, қаншама ұлтжанды арыстарымыз өз өмiрлерiн құрбан еттi.

Жиырмасыншы ғасырдың соңғы сәтінде қазақ халқы өзінің осы аңсаған арманына жетті. Ежелгі қазақ елінің көгінде Тәуелсіздіктің көк туы желбіреп, бостандықтың алтын таңы атты. Еліміз тәуелсіздіктен кейінгі соқтықпалы соқпақсыз қиын кезеңнен аман-есен өтіп қана қоймай, сонымен бірге тарих үшін қас-қағымдай болып есептелінетін жиырма жылда экономикасы дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің біріне айналды. Бірақ сонымен бірге кез-келген елдің даму дәрежесі оның экономикалық-әлеуметтік деңгейімен ғана емес, мәдени-рухани саладағы жетістіктерімен де өлшенеді. Ал бұл саланың ең бастыларының бірі – театр өнері. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ елінің де бүгінгі таңға дейін қол жеткізген жетістігі баршылық. Бұл ретте өткен ғасырдың сонау отызыншы жылдарының алмағайып, ең қиын күндерінің өзінде Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин сияқты ұлттық өнердің шынайы жанашырлары іргесін қалап, шаңырағын көтерген қазақ театр өнерінің өзіндік мектебі бар екендігін атап айтқан жөн.

Сондай қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, режиссер, драматург, актер, қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің туғанына биыл 120 жыл толды. 14 наурыз айында облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайында аяулы азаматымызға арналып «Жұртын сүйген Жұмат!» атты іс-шара өткізілді.Оған Ж.Шанин атындағы облыстық сазды драма театрдың жұртқа танымал режиссерлары мен театр ардагерлері, жоғары оқу орындарының тарихшы ұстаздары мен студенттері қатысты. Жиналғандарға Шанин жайында деректі фильм көрсетілгеннен соң, мұражай директоры Ханбибі Есенқарақызы сөз сөйлеп, бүгінгі кездесудің мәні мен мазмұнына тоқталды. Мұражайдың экскурсия жүргізушісі Ажар Оспанова Ж.Шаниннің өмірі мен қызметі жөнінде баяндама жасады. Бұдан кейін ҚР халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Ақсақал Қалмырзаұлы, ҚР еңбегі сіңген әртістер Мәжит Илияасқарұлы, Айжан Жұмабекқызы, режиссер Өтеулі Тастанбекұлы сөз сөйлеп, ҚР еңбегі сіңген әртіс Сапар Өтемісұлы жастарға үлгі өнеге ретінде Абайдың өлеңдерінен үзінді оқыды. Сонымен қатар іс-шараға Шымкент қаласындағы №2 дарынды балалар мектебінің 6-сынып оқушылары да тартылды. Аталмыш басқосуда халқымыздың біртуар талантты азаматы жайында кеңінен әңгімеленді.

Ажар ОСПАНОВА

Шымкент қаласы