Түркияда тағы да той
Түркияда тағы да той
1992 жылы Алматыда өткізілген Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайында іргесі қаланған дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдық мерекесі 9 наурыз күні Ыстамбұлда аталып өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы қыркүйек айында Түркияға барған сапарында Түркия қазақтарымен болған кездесуінде 1992 жылы өткізілетін тұңғыш дүниежүзі қазақтары құрылтайы туралы шешім қабылдап, оның орындалуын ол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаевқа тапсырған еді. Осы құрылтай кезінде дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. Міне, содан бері 20 жыл өтіпті.
1997 жылы наурыз айында Дүниежүзі қазақтарының шетелдегі тұңғыш кіші құрылтайы Ыстамбұл қаласында өткізілген еді. Содан бері бұл құрылтай 2000 жылдан бастап жыл сайын Еуропа елдерінде өткізіліп келеді. Биыл мамыр айында Данияда өтпек. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына 20 жыл толуына байланысты өткізілген іс-шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауы таныстырылып талқыланды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауы туралы жиналысты Ыстамбұл университеті журналистика факультетінің докторанты, қазақстандық Ержан Қалымбай жүргізіп отырды. Салтанатты жиынды ашып сөз сөйлеген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев қауымдастықтың 20 жылдығын шетел қазақтары ішінде бірінші болып Түркияда мерекелеп отырғандықтарын, өйткені қауымдастықты құру шешімінің Ыстамбұлда қабылданғанын атап өтті.
Мимар Синан Көркем Өнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Әбдіуақап Қара қауымдастықтың 20 жылдығына байланысты Түркияда өтіп отырған іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Биыл сонымен қатар Қазақ-Түрік дипломатиялық қарым-қатынастарының да 20 жылдығы, сондай-ақ қазақтардың Түркияға қоныстануының 60 жылдығы екенін атап өтті ғалым.
– Қазір келіп түсіп жатқан мәліметтерге қарағанда, қауымдастық осы жиырма жылдықта қыркүйек айында “Тәуелсіз Қазақстан және Шетел Қазақтары” деген атпен халықаралық симпозиум өткізгелі отыр екен. Бұл – өте маңызды. Өйткені Қазақстанда әлі де болса шетел қазақтары туралы дұрыс түсініктің толық қалыптаспағаны, Кеңестік кезеңдегі қазақты қазаққа айдап салу жөніндегі идеологиялық жаңсақ мәлімет пен көзқарастардың сарқыншақтарының әлі де бар екені байқалады. Сонымен қатар шетел қазақтары туралы мәліметтер әлі де болса кемшін. Міне, осындай жағдайда шетел қазақтары жайында ғылыми конференциялар өткізу, зерттеулер жүргізу, кітап мақалалар жариялау, көркем өнер мен әдебиет, кино мен теледидар салаларында еңбектер шығару маңызды. Сонда шетел қазақтары мен атамекен байланыстарындағы қате пікірлерден арыламыз да, ынтымақтастық нығая түседі. Сөйтіп атамекен қазақтарында шетел қазақтарына деген сүйіспеншілік, ал шетел қазақтарында Қазақстанға деген патриоттық сезім күшейе түседі, – деді ол.
Мимар Синан Көркем Өнер университеті тарих факультетінің докторанты Айнұр Ержібаева Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі туралы Елбасының жолдауындағы жетінші тармақтың өзі үшін өте маңызды екенін тартымды түрде айта келіп, бұл туралы ойларын ортаға салды.
Ыстамбұл университеті халықаралық қатынастар магистранты Бауыржан Сарқытұлы жалпы Түркиядағы студенттердің жолдаудан үлкен әсер алғандарын, елдің дамуына қалайда үлес қосу керектігі жөнінде, әсіресе студенттердің мен Қазақстаннан не алам деп емес, мен Қазақстанға не берем деген ойда болып, сонда не беретінін осы жолдауда табатындықтарын айтты.
Жиналыс соңында көпшілік атынан ақсақал Омар Жігіт сөз алды.
– Өткен ғасырдың басынан бері көптеген қиыншылық пен тауқыметтерді басынан өткізіп келе жатқан Түркия қазақтарының өмірде екі үлкен қуанышы болды. Оның бірі – 1952 жылы Түркия үкіметінің құшақ жайып қазақтарды қабылдап, бауырына басуы. Екіншісі, Қазақстанның 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялауы. Сонда өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай адам айтқысыз қуанышқа бөлендік. Осы қуанышымыздың бекер емес екенін 1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш қазақ құрылтайын өткізу және дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құру шешімімен көрсетіп берді. Қазір сол қауымдастық төрағасы Елбасының өзі. Бұл біз үшін үлкен абырой. Ал осы қауымдастықтың 20 жылдығында үлкен жаңалықтың бірі болып Алматыдан ат терлетіп Талғат Мамашев мырза осында келіп, бізге Елбасымыздың биылғы жолдауын таныстырып отыр. Бұл шара бізді қуанышқа бөледі, Мамашев мырзаға алғысымызды айтамыз, – деді ол.
Кешкісін Қазақстаннан келген өнерпаздардың концерті болып өтті. Онда Түркияның Қазақстандағы елшісі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, қоғам бастықтарына алғыс хаттар табыс етті. «Түріксой» төрағасы Дүйсен Қасейінов қатысқан кешке Түркия Республикасы Бас Министрі Режеп Таййіп Ертуған, Еуропа Одағымен байланыстарға жауапты министр Егемен Бағыш, Бас министрдің орынбасары Бәкір Бозтау, Мемлекеттік министр Ертуған Байрактар, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Мұстафа Жұрттас және Халұк Жібек, Еюп ауданы Әкімі Исмаил Қауыншы, Бағшылар аудан Әкімі Лоқман Шағрышының жіберген құттықтау телеграммалары оқылды.
Концертте Қазақстаннан келген әнші және күйшілер: Майра Ілиясова, Меруерт Түсіпбаева, Еркін Мерген, Өмірқұл Айниязов және Уатқан Заханқызы өнерлерімен Ыстамбұл қазақтарын тәнті етті.
Концертте Абай атындағы бастауыш мектеп пен Ғазипаша атындағы бастауыш мектептің қазақ және түрік балалары қазақ ұлттық билерін көрсетті. Нұргүл Тастемір деген қызымыз Зейтінбұрында тұратын ақынымыз Ибрахим Ақсел деген азаматтың “Қазақтың еркіндігінде шек жоқ” деген түрік тіліндегі өлеңін компьютерлік бейнекөріністер арқылы шебер оқып берді. Шеууал Тастемір деген бүлдіршін қызымыз қазақтың бір биін бір өзі билеп берді.
Гүлшырай МҰҚАШҚЫЗЫ