ЖАҢА ҚҰЛДАР
ЖАҢА ҚҰЛДАР
Құл. Кәдімгі құл. Әсілі, кімге? Иә. Анығы. Құдайға емес. Себебі құлқынға. Нақтылап айтсақ, «Құлқынға құл – адам емес». Бұл қазақ дүниетанымының тобықтай түйіні. Сонымен «қазақ» құлқынға құлды адам емес» деп отыр. Сонда… Біз кімбіз? Дұрысы, Қазақпыз. Жоқ. Әуелі, адамбыз. Енді, осы сауалды жеке адамға қарата қойып көрелік. Сонымен, сіз кімсіз? Тағы да дұрыс. Иә. Қазақсыз. Жоқ. Айтқымыз келген ой, ол емес. Әуелі, адамсыз. Енді осы жерде сәл аялдасақ. Әуелі деген сөзбен әспеттелген адамдығымызды, кешегі «құлқынға құл адам емес», елдік сана қалпына салып көрелік. Түсінікті… Иә. Кім екенбіз? Құл. Кімге? Белгілісі – құлқынға. Ал белгісізі – … әлдекімдерге… Кімге құл екеніміз маңызды емес. Маңыздысы, құл екенімізде.
Жоқ. Құл екенімізде де емес. Құл екенімізді білмейтінімізде. Рас. Гәп – сезбейтіндігімізде. Кілтипан осы тұста. Айтпақ ойымыздың өзегі де осы жерде. Өйткені бұл олардың мақсаты. Әлдекімдердің. Әлдекімдерді нақтылық үшін өзге ұлыс өкілдері деп алсақ. Осы мақсат үшін олар қыруар қаржыны шашуға дайын. Қарыштап шашып та жатыр. Сонда осынша қаржыны шашуға дайын мақсаттың ниеті не? Абайша айтқанда «бекерден бекер мал шашпақ» өзге ұлыстың үрдісінде әу баста болған емес. Енді сол «бекерден бекер шашылған мал» бүгінгі күні өз нәтижесін бере бастады. Өйткені өркениетті елдер адам санасы мен ішкі мүмкіндігін өздеріне тәуелді етуге миллиардтаған қаржыны бекерден-бекер шашып отырған жоқ. Түсініктілік үшін мына жағдаятты ескермей болмайды. Еуропаның ең ірі қаржыгерлерінің бірі өзара құпия кездесулердің бірінде былай дейді. Бұл перденің ар жағында болған әңгіме. Құпия болған соң, сыртқа шықпауы керек еді. Бірақ. Иә. Белгілі себептермен… Лепес деуге де болмас. Тіпті құпия да емес. Себебі қоғамымызда көрініс тапқан. Қауіпті дағды. Мұны. Жә. Әңгіменің аужайына көшейік. Әлгі қаржыгер кресло арқалығына шалқая жатып, екінші адамға айтады.
– Бізге құлдар керек. Бізді толығымен қанағаттандыратын жаңа құлдар (современный). Бірақ бұл құлдар құл екендерін білмеулері керек. Кімге құл екендерін де.
Қарсы алдында отырған адам айтады:
– Оларды қайдан аламыз?
– Әрине, тәуелсіздігін жаңа алған Орта Азия елдерінен. Есін жиып үлгермеген дамушы мемлекеттерден (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстаннан, т.с.). Ең батысы бұл құлдар мойынында қыларқан, қол аяғы кісендеулі Римдегі құлдар емес. Өте сауатты, білімді, бірнеше тіл білетін, астында қымбат көлік, мойынында галстугы бар ересек адамдар болуы керек, – деп жылбысқы жыртқыш тісін ақситады.
Қазіргі еуропалық елдерде, әсіресе Орталық Еуропада осы мақсатта 2007- 2008 жылдары бағдарламалар ашылды. Бұл бағдарламалардың мақсаты – арзанқол, мәдениетті, момын құлдарды жұмысқа тарту. Осы бағдарлама жыл сайын Орталық Азияның азаматтарын, негізінен Қазақстаннан он бес мың адам шақырады. Әрине, жұмысқа (құлдыққа). Шақырғанда қалай? Бірінші, сіз өзіңіз жайында ақпарат қалдырасыз. Ол ақпарат өз ісіңіздің шеберлігіне дәлел болуға тиіс. Сөзімізді дәйектей кетсек. Сіз мәселен Чехия өкілеттілігіне барасыз. Әлбетте, жасыңыз 19-28-ден аспауы керек. «Мен филология мамандығының иесімін. Орыс тілін терең зерттегенмін. Үйленбегенмін. Чехияға барып қызмет істегім келеді» дейсіз. Құжатыңызды алып қалғаннан кейін белгілі бір уақытта жауап келеді. «Сіз Чехияға келіңіз. Брно деген қалада тұрасыз. Еңбекақыңыз 400 евро» дейді. Сіз сонда, келісімшарт бойынша 10-20 жыл көлемінде еңбек етесіз. Бір қарағанда, дұрыс. Заңды. Қызықты. Жас өмір үшін. Бірақ… Жұмыс жасау уақытыңыз біткеннен кейін әр түрлі себептермен елден шығарып жібереді. Себебі. Иә. Зейнеткерлікке жақындағанда… Бұл құлдық қой (Қазіргі көзқараспен жұмыскер адам). Ол жерге билік те, саясат та араласа алмайды. Оған дәлел «Work and Travel» («Жұмыс пен Саяхат») бағдарламасымен АҚШ-қа барып көз алдымызда көз жұмған Айнұр Ахметоваға қатысты қаралған істер. Мұндай мысалдар аз емес. Бұл – біз білетін құл дайындаудың бір ғана озық жүйесі. Жалпы, жыл сайын Қазақстан бойынша осындай бағдарламамен 12-15 мыңның аралығында өрімдей жастар елден кетіп жатыр. Арасында орыс, неміс өзге ұлт өкілдері болғанымен, басым көпшілігі қазақтар. Біз білікті мамандарды жоғалтып жатырмыз. Бұл біз үшін, Қазақстанның болашағы үшін өте қауіпті. Тура сондай кадрды ертең миллион теңге беріп те шақырып ала алмаймыз. Білікті мамандарды өзімізде де дайындауға болар еді. Өкініштісі, біздің өмір салтымызда өзгенің жұлым-жұрнағын артық бағамдау психологиясы (құлдық сана) үстем болғандықтан, бәріне бір өзі иелік еткісі келіп тұратын басым күштер осы олқылығымызды сәтті пайдаланып жатыр.
– «Regent business school» – білім деңгейі жоғары, соңғы курста оқитын студенттер аталмыш бағдарлама бойынша оқуға барады;
– «Work and Travel» бағдарламасы – АҚШ мемлекеттік департаментінің бастамасымен жұмыс жасайды;
– «Эдмунд (Muskies)» атындағы стипендиялық бағдарлама жоғарғы білімді жастарға арналған. Бұл бағдарлама АҚШ мемлекеттік департаменті білім беру, мәдениет бөліміндегі халықаралық зерттеу және айырбастау жөніндегі (Айрекс) бойынша ұйымдастырылады;
– «Comp counselors USA» бағдарламасы арқылы студенттер еліміздің түкпір-түкпірінен баруда;
– «Iaeste» техникалық мамандықтар бойынша жастардың халықаралық қауымдастығы болып табылады.
Бұл құлдыққа баулудың түрін соза беруге болады. Байыптап қарасақ, әртүрлі жолдармен шетелге кетіп жатқан білімді жастарымыздың елге қайтып келіп қызмет істеп жатқандары көп емес. Соған қарағанда физиологиялық, психологиялық ерекшеліктеріне қарай, өмір сүрген ортасының әсерінен және бастарындағы құлдық сезім «вирусының» мутацияға ұшырауына байланысты құлдардың жаңа түрлері пайда болуда.
Құл – бас бостандығы жоқ адам. Әрине, құл болған соң. Бұл әріге барсақ адамға адамның тәуелділігі, құл иеленушілік ұғымындағы түсінік. Ал қазіргі көзқараста – жұмыскер адам. Біз қажетсіз санаған бүгінгі жастарымыздың ойы әлдекімдердің уысында, біз үшін әлдекімдер ойланады, қалай өмір сүріп, қалай қарым-қатынас жасауымыз керек, бәрін біз үшін белгілеп қойған. Сонымен, сіз кімге құлсыз?
Әсет БЕКТҰР