КӨКІРЕГІ АЛТЫН КӨМБЕ

Ұлтымыздың басынан сан түрлi аумалы-төкпелi замандар өткенi белгiлi…Тек қана кешегi қанқұйлы ХХ ғасырдың өзiнде адам айтса нанғысыз алапат кезеңдер өттi. «Ақ қашып, қызыл қуып» дүние асты-үстiне аударылған сәтте халқымыз әрi-сәрi күйге түстi. Дәл, осындай шақта заманның қайда бет алып, уақыт дөңгелегi қайда бұрылып бара жатқанын ел iшiндегi көкiрегi ояу, ойы зерек зиялы тұлғалар бiлдi. Бiлдi де, қолдарынан келгенше қарсылық көрсеттi. Оның ақыры не болғаны белгiлi…

Бүгін біз сөз еткелі отырған тұлға – құранқари ақын Файзолла Сатыбалдыұлы туралы болмақ. Ақын есімі жалпақ қазаққа белгісіздеу болуы да мүмкін. Алайда ескі сөзді, дінді жақсы білетін адамға жіті таныс есім. Файзолла атамыз – 1883 жылы Қостанай облысы (бұрынғы Торғай облысы), Аманкелді ауданының Батпаққара (бүгінгі аудан орталығы) деген жерде дүниеге келген. Әкесі Сатыбалды – әулие, дінбасы болған адам. Жұрт Сатыбалдыны Қыпшақ ишан деп атаған. Сатыбалды ишан – Бұхарадағы Көкілташ медресесінде білім алған, Құранды жетік меңгерген, діндар болған кісі. Бұхарада оқып жүргенде «Ишан» деген атақ алған. Бұл құрмет бұған дейін тек ақсүйек қожаларға ғана берілген.

Файзолла ақын – осындай әруақ қонған, текті әулеттен өрбіген. Ол ең алғаш сауатты ауыл молдасынан, кейін әкесі Сатыбалдыдан алады. 9 жасында Тройцкідегі Ахон хазіреттен білімін ұштайды. Ахон хазірет әкесі Сатыбалдымен сыйлас, пікірлес дос болған. Содан кейін Бұхараға барып, діни білімін тереңдетеді. Бұл жердегі ұстазы – қари Баһрам деген ғалым. Жасынан зерек, оқуға алғыр жас бала 17 жасында «Құранқари» деген атаққа ие болады. Құранқари деп құранды жатқа білген адамды айтамыз. 1900 жылы оқуды тәмамдап, елге оралғанда әкесі Сатыбалды ишан дүниеден озған болатын. Әкесінің досы Ахон хазіретке қайта барып, тәлім-тәрбие алады. Осында жүріп арқалы ақын Мұхамеджан Сералинмен танысады. Ақынның «Топжарған» поэмасы жеке кітап түрінде басылып, атағы дүркіреп тұрған тұс. Өзі де қолына қалам ұстап, өлең жазатын Файзолла арқалы ақыннан үлкен әсер алады.

Ақын елге қайтып келгеннен кейін туған жерінде діни қызметін қайта жалғайды. Торғайдағы атақты діндар тұлғалар – Оспан қожа, дәмолда Бәйту, Бейіс хазірет, Кәтен молда, Әлмұхамед Оспанұлы секілді айтулы ел ішіндегі ықпалы зор діни қайраткерлермен сырлас дос болып, қоян-қолтық араласады. Осы кезде ақын Торғайдағы Алаштың көрнекті тұлғалары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ахметсафа Жүсіпов, Байқадам Қаралдин секілді тұлғалармен тығыз байланыс жасайды. Торғайдағы оқыған зиялы азаматтар бас құрап, елдің жағдайына алаңдай бастайды. Патша құлап, қызылдар қыр көрсете бастағанда елдің іші де сан тарауға түскені белгілі. Осы кезде Алаштың көрнекті тұлғалары ұлт үшін басын бәйгеге тігіп, ұйыса бастаған болатын. Осы топтың алдыңғы қатарында Файзолла Сатыбалдыұлы да тұрды.

Кеңес үкіметі атқа мінгеннен кейін ел ішіндегі озық ойлы азаматтарға бүйідей тигені мәлім. Дәулетті адамдардың бар мүлкін тәркілеп, өздерін үрім-бұтағымен қуғынға салып, тоздырып жіберді. Ел ішіндегі шолақ белсенділер қолына билік тигесін елді қуырдақша қуырды. Осы ауыр қасіретті діни қайраткерлер де тартты. Халық арасында зор беделге ие болған діндар тұлғалар ұсталды, қамалды, атылды. Құранқари ақын да осы ауыр азапты бастан кешті.

Ақын өмірі кейде тосын сәттерден тұ­ратын секілді… Ол 1918-1923 жылдары болыстық милиция бөлімін басқарған. Бұл сол кездегі өте беделді қызмет. Алайда сол кездегі империяның саны аз ұлттарға жасалып отырған қысастығына пайымды парасатты азамат ретінде жаны төзбегені рас… 1923-1928 жылдар аралығында діни жолға кайта келіп, мешітте имам болды. Осы діни қызметте жүргенде қамауға алынды. Ақыры Қостанайдың өкіл соты ақынды 14 жылға үкім кесіп, 1929-1935 жылдар арасында Ақтеңіз-Балтық, Мәскеу, Новосібір каналдарын қазу жұмысына айдап жібереді. Алла қолдап, 14 жылға кесілген үкімді 6 жыл өтеп, аман-есен босайды. Алайда осы 6 жылда көрмеген мехнаты жоқ. Айдауда жүргенде Міржақып Дулатов, Мырзағали Есполовтармен жүздескен. Ал Мағжан Жұмабаевпен 2 жыл 5 ай бірге болған. Асыл ақынмен бір болған азапты кезең Файзолла ақынға ерекше әсер етті деп ойлаймын. Екі ақынның тар кезде сырлас, пікірлес, мұңдас болғаны кәміл…

Қапастан аман-есен оралған соң бірден Алматыға келеді. Көрнекті қоғам қайраткері, әрі туыс, сыйлас досы Әліби Жанкелдиннің үйіне ат басын тірейді. Бар жайды жіті түсінген Әлекең қамқорлық қолын созады. Ақынды Қазақстанның 15 жылдық тойын өткізу іс-шарасына қатыстырады. Арнайы цех ашып, қазақтың ұлттық киімдерін тігетін шеберлерге жетекшілікке қояды. Осы кезде атамыздың беделі де көтеріледі. Дүрілдеген тойға Мәскеуден келген М.Калининге өз қолымен сый-сияпат тапсырады. Сыйға риза болған үшін «ресми» мейман алғыс білдіреді.

Алайда басынан қиқу кетпей, Әлібидің ақылымен Башқұртстанға өтіп, 1936-1945 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы және Қарағанды облысының Нұра ауданында тұрады.

Осындай түрлі ауыр жолдарды бастан өткеріп, елге 1945 жылы ғана табан тірейді. Оның өзінде Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тұратын досы Әлмұхаммед Ос­панұлын сағалап келеді. Ал туған жеріне Батпаққараға келер жылы оралады. Бұл кезде ақын пайғамбар жасына келген болатын. 25 жыл сыртта жүріп, қуғын-сүргінді бастан кешкен ақын туған жерінде өмірінің соңғы жылдарын өткізеді.

Файзолла Сатыбалдыұлы – ең алдымен діндар тұлға, құранқари ақын. Шеберлігі де болған. Парсы, түркі, орыс және араб тілдерін жетік меңгерген. Файзолланың ақындығы – сол кезде дүркіреп шыққан ақындардан бір кем емес. Оның өлеңдерінде терең философия, елдік, адамдық мұраттар басты орын алған. Құранқари ақынның дүниелері әлі толық зерттелген жоқ. Зерт­теуді күтіп жатыр. Әрине, біз кәсіби әде­биетші емеспіз. Тек, біздікі жақсы ниет қана… Бірақ ақынның өлеңдерін тебіренбей оқу әсте мүмкін емес.

Мәселен мына өлеңіне қараңыз:

…Өз әлімше тірлікте тарттым өрге,

Сырымды сөз ұғатын айттым ерге,

Азамат, кейін туған кемел ойлы,

Есті болсаң жырымды талдап, терге.

Болса да көкірегім – алтын көмбе,

Мен де бір бағы жанбай кеткен пенде.

Асығыс ғайбаттама не істеген деп,

Боларсың қысым көрсең мендей сен де.

Дүниеге ойлап тұрсаң адам қонақ,

Болғанда біреу ұста, біреу олақ.

Менің де өлеңдерім зармен жазған,

Күндердің бір күнінде болар сабақ…

Осы өлеңде ақынның табиғи болмысы, азапты өмірі, шынайы мұңы әсерлі өрілген. Ақын – өзі дәуірінің үні, сол заманның тынысын қапысыз терең таниды. Дарынды ақын өз жүрегі сезінген дүниені ғана толғап, барынша тереңірек қаузап, оқырманды сан түрлі ойға салады. Ақын өлеңдері елдік қасиетті биік жырлайды. Өзі ғұмыр кешкен уақыттың ащы шындығын айтып шерленеді:

Ай, заман-ай, заман-ай,

Замананың зауалы-ай.

Құбылып соққан құйындай

Айласы мен амалы-ай…

Бір қазақтың баласын,

Екіге бөліп арасын,

Қырқыстырып қойғаны-ай,

Ағызып көзден сорасын.

Ақын сол кездегі алаштың көрнекті азаматтарымен сыйлас, пікірлес болған. Олар ұстанған жолды қолдаған. Қазақтың азатты бейнесін армандаған, сол үшін басын бәйгеге тіккен. Алаш арыстары қуғынға түсіп, шетінен ату жазасына кесілгенде, өзі айдауда жүріп, соларды жоқтап өлең жазған. Болашақтың жақсы боларына сенген.

Міржақыптың қазасын естігенде:

Міржақып өлді деген сөз,

Ішімді өртеп кетті лез.

Дірілдеп жүрек демігіп,

Малынды жасқа екі көз.

Қасиет тұтқан Алашым,

Кеңге жайған құлашын.

Намысты қолдан бермеген,

Қайран да менің нағашым.

Міржақып пен Ахмет

Нақақтан-нақақ болды шет.

Бір уақыттар болғанда

Ақталар орнап әділет.

Қиянат кетпес тоқтаусыз

Әділ сөз қалмас құптаусыз.

Күндердің күні болғанда

Міржақып кетпес жоқтаусыз, – деген. Ақиқат қайтып оралды. Сонау 1935 жылы жазылған өлең бүгінгі азат күнді қалай дөп басып тұр. Тәуелсіздік алғаннан кейін арыстарымыз қайтып оралды. Міржақып атамыз толық ақталғанда ақын әруағы да бір аунап түскен болар. Келер жарық күнді дәл болжаған ақын көрегендігі осы болар…

Файзолла атамыздың Ахмет Байтұр­сыновқа арнаған өлеңіңде:

Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,

Қайырылмай алды-артыңа кеткенің бе?

Ахмет опат болды дегенді естіп,

Егіліп жылай бердім, тек дедім де!

Айрықша артық көрген ғазиз досым,

Жоқ еді қысқада – кек, ұзында – өшің.

Алаштың қамын жеген азамат ең,

Сүйреген алға қарай Қазақ көшін – деп, жырлаған екен. Парасатты майданда қиын күнді бірге көрген ұлы тұлғаның адами қасиетін ашып беретін осы өлеңде үлкен мағыналы ойлар бар. Оны әдебиетші ғалымдар жіліктеп, талдап жазса қуанышымыз шексіз.

Ақынның «Тас түрмеде» деген өлеңіне келейік:

Тырнағыма қадаса да инесін,

Білсін тағдыр өнер басын имесін.

Өлсе өлер Файзолла ақын түрмеде,

Бірақ өлең өмір кебін кимесін.

Көре алмадым күннің жарық сәулесін,

Көрдім бірақ бейнет-азап әуресін.

Тас түрмеде ұзақ жылдар отыру,

Кім-кімнің де кетірер-ақ тәубәсін.

Ақ оралып, жүйрік озар күн келер,

Сіз бен бізді тірі болып кім көрер?!

Әттең сол күн сөйлер ме едің, Ахмет,

Ар алдында адалдыққа күн берер.

Өлең азапты жолға аттанар алдында 1928 жылы Қостанай түрмесінде жазылған.

Құранқари ақын өлең-толғауларымен бірге үлкен дастан, поэмалар жазған. Оның: «Шәкір-Жамал», «Тоқымбет-Гүләйім», «Әбдіғапар хан», «Адамзаттың шежіресі», «Өмірбаян», «Ұзақ жол», «Ер Толыбай», «Имам Ағзам хазіреттің ақырғы ғұмыры» сынды шығармалары бар. Әрине, ұзақ жыл қуғын-сүргінде жүрген ақын көп қағажу көрді. Жазылған дүниелері дер кезінде жарық көрмеді. Өзі дүниеден озғасын да шығармалары бүркеуде болды. Осы поэманың ішіндегі «Әбдіғапар ханға» ерекше тоқталсақ. Бұл – 1916 жылы Торғайдағы Ұлт-азаттық көтеріліс туралы жазылған шынайы дүние. Оның басы-қасында жүрген «қарадан шығып хан болған» Әбдіғапар хан туралы:

Бұл заман – байқасаңыз жұмбақ сапар,

Айламен жақсыларды болды матар.

Ел ұстап, тұлпар мініп, ту көтерген,

Есімнен кетпей қойды Әбдіғапар.

Патшаға екі ғасыр болдық отар,

Дәміміз осы болар әлі татар.

Хан болған 13 болыс, үш Торғайға,

Жігіттің сұлтаны еді-ау Әбдіғапар.

Әбдіғапар ханның барлық болмысы дас­танда бедерлі тілмен толық қырланған. Ұлт азаттық көтеріліске қатысқан батырлар бейнесін поэзиялық шабытпен ойлы толғай білген. Бүкпесіз айтылады.

Құранқари ақын 1959 жылы 26 жел­тоқсанда дүниеден озды, мүрдесі әкесі Сатыбалды ишан кесенесіне жерленді.

Біз ақынның өмірі мен шығармаларына аз-кем ғана тоқталдық. Ақынның жыр-дас­тандары терең әдеби зерттеуді талап етеді. Біз үшін басты мақсат – ақын есімін жалпы қазақ білсе екен, шығармаларымен таныс болса екен деген ой. Файзолла ақын – тек туған жері Торғайдың ғана емес, жалпы қазақтың көрнекті зиялы тұлғасы деп білемін. Қарап отырсаңыз, ұлты үшін түрлі азапты бастан өткерсе де, еш мойымаған қайраткердің өмірі өте күрделі. Ақын жырлары кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында, нақтырақ айтсақ, жариялық желі соққан кезде ғана мерзімді баспасөзде жарық көрді. Оған ақын мұрасын зерттеушілер, жергілікті кәрі құлақ қариялар көп еңбек сіңірді. 1993 жылы Аманкелді ауданында ақынның 110 жылдық мерейтойы салтанатпен өтті.

Бұған дейін ақынның жыр жинақтары жергілікті баспадан жарық көріп келді. Және ол аз дана көлемінде. Өмірі шежіреге толы абыз тұлғаның еңбегін мемлекеттік тапсырыспен толық таңдамалы түрде шықса дейміз. Тірлікте көп қағажу көрген ақынның алдындағы парызымыз кішкене болса да өтелер еді. Ұлт үшін жаралған адамның есімі ел есінде мәңгілік қалары хақ. Ал, Файзолла Сатыбалдыұлы – осындай тұлға.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Астана қаласы

Back to top button