52 ШӨБЕРЕ СҮЙГЕН ӘЗ ӘЖЕ

52 ШӨБЕРЕ СҮЙГЕН ӘЗ ӘЖЕ

52 ШӨБЕРЕ СҮЙГЕН ӘЗ ӘЖЕ
ашық дереккөзі

Аумалы-төкпелi заманда қазақтың басынан не өтпедi десеңшi. Қаншама жұрт шекара асып, жат елден пана iздеуге мәжбүр болды. Сөйткен қандастарымыз ұрпақ өрбiтiп, күнi бүгiнге дейiн қазақтың салт-дәстүрiн кейiнгi буынға жалғап келедi.

Бүбіхан әжей сондай буынның ұрпағы. Ол 1922 жылы Қытайда туылған. Көзін тырнап ашқаннан Қытайдың қатаң тәртібі мен заңымен тәрбиеленген өрімдей қыз ширақтық пен шапшаңдықты бойына сіңіреді. Бірақ та Бүбіхан әже: «Қытайдың саясатына бағынсақ та, қазақ екендігімізді бір сәтке де естен шығармай, ұлттық әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді жаңғырттық. Әке-шешем бізді солай тәрбиеледі. «Сен қазақсың, сенің тілің – қазақ тілі» деп құлағымызға құйып отырды. Бұл сөз біздің ұлттық намысымыз бен қайратымызды жани берді, жани берді, – деп өткенді еске алған әже: «Бір қауым ел болып түтін түтеттік. Ескі кәсібіміз – мал бақтық. Бір-бірімізге өте бауырмал болдық. Сөйтіп жүргенде, 13 жасымда атастырылып қойған атаңа 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Өмірге он перзент әкелдім. Кейінгі балаларым өз Отанында өмірге келді. Құдайдың берген жасының арқасында бала-шағаның ортасында жүре бергенге не жетсін?!» деп шүкіршілік танытты.

Әңгіме арасында хат танымайтындығын айтқан әже: «Әке-шешем өмір бойы малдың соңында жүрді. Біз де сол кәсіппен кеттік. Ешкім де «оқы» деп айтпапты ғой», – деп сауат ашып, білім алмағанына іштей өкініші барын білдіріп қалды. Есесіне бала-шағасы жоғары білім алып, лауазымды қызметтер атқарып жүргеніне тәубе дейді.

Наурыз айында 90 жасқа қадам басқан Бүбіхан Омарбекқызының табаны атақонысы – Қазақстанға 1960 жылдары тиген. Сол кезде Қытайдан Қазақ даласына ағылған көш нөпірі ерекше сезілді. Ондағы әрбір қазақтың жүрегіндегі асқақ арман – ұрпағын өз елінде, өз Отанында өсіру, тәрбиелеу болды. Тіпті, қазақ даласының саф ауасын терең жұтып, тыныстаудың өзін бақыт санағандар аз болмады сол кезде. Міне, сондай бақытты күн Бүбіхан әженің отбасына да бұйырып, бүгінде он баласынан 43 немере, 52 шөбере сүйіп отыр.

«Бес қыз ұзатып, бес келін түсірдім. Балаларым да өсіп-өніп жатыр. Біреуінің үйінде бес күн, екіншісінің үйінде он күн боп, қызығына тоймай жүремін. Қазір Алматы облысындағы Ташқарасу елді мекеніндегі немеремнің қолындамын. Алланың берген күніне қанағат қылып келемін», – деген әже «Қыздар мен келіндеріміз қазақтың санының өсуіне білек сыбана кіріссе, әлі-ақ көбейеміз» деген тілегін жеткізді.

«Алтын алқа» тағынған Бүбіхан әже 90 жасқа шықса да, әлі тың, сөзі түзу. Немере, шөберелеріне құрақ құраудың қыр-сырын үйретуден шаршаған емес. Ал той-томалақта ауылдың алты ауызын айтып, суырып салма ақындығымен көзге түсетін батыр ана қашан да ауыл-аймаққа сыйлы, құрметті.

Динара ДҮРМӘН