ЖОҚ, ҰҒЫМДА ОЛ – Ұлу жылы

ЖОҚ, ҰҒЫМДА ОЛ – Ұлу жылы

ЖОҚ, ҰҒЫМДА ОЛ – Ұлу жылы
ашық дереккөзі

«Түркiстан» газетiнiң биылғы 2012 жылдың 19 қаңтардағы санында жазушы Арасанбай Естеновтiң «Ұлу – улитка емес» деген мақаласы жарияланып, автор «ұлу» деген жануардың атауына байланысты өз ой болжамын бiлдiрген екен. Бұл мақаланы оқып шыққан соң, бiз де осы мақалаға сәйкес өз пiкiрiмiздi бiлдiрудi жөн деп есептедiк. Бiрден айтпағымыз – мақаланың атауының өзi «Ұлу – улитка емес» дегенi дұрыс емес деп есептеймiз. Өйткенi орысша «улитка» сөзi ежелден «ұлу» деп аталып келе жатқандығы барша жұртқа белгiлi жағдай.

Табиғатпен етене жақын қазақ халқы табиғаттың әрбір құбылысына, оның әрбір туындысына өте орынды атау беруі заңды. Өйткені табиғатты, оның әрбір өсімдігі мен жануарын біздің ата-бабамыздай жетік білетін халық кемде-кем. «Табиғаттану – туған мекеніңді танып білуден басталады» – деген Жақау Дәуренбековтің (2009) ой толғамы көп нәрсені аңғартып тұр емес пе?

Біз пікір жазып отырған мақала авторы А. Естеновтің «Ұлу жылы қазіргі жорамалшылар айтып, жазып, суретін салып жүрген ұлуқұрт, яғни улитка емес, ағайын», – деп шорт кесіп айтуымен мүлде келісуге болмайды. Бұл арада «ұлуқұрт» деген сөздің өзі орынсыз қолданылған. Өйткені ұлу жануарының «құрт» сөзіне ешбір қатысы жоқ. Тіпті: «… зиянкестер тобына жататын сүйкімсіз ұлуқұрттың жылға кіруіне қайдан жол болсын», – деп үзілді-кесілді менсінбеушіліктің өзі қате пікір. Ұлулардың бәрі «сүйкімсіз» деп жеккөрушілік сезім білдіру мүлде дұрыс емес. Мақала авторы өз пікірін дәлелдеу үшін көрнекті ғалым Мыңбай Ысқақов ағамыздың «Халық календары» (2009) деген өте құнды еңбегіне сілтеме жасаған. Ғалым ағамыз бұл еңбегінде он екі жыл санауға кірген жануарлардың атауларына талдау жасағаны да белгілі.

А.Естенов ғалымның «ұлу – балық та, айдаһар да емес, барыс тұқымдас аң… Бұдан артық дәлелдің қажеті қанша. Демек ғалымның тұжырымынша, Ұлу кәдімгі «Жайра (Динозавр)» (? Р.С.), Зіл (Мамонт) секілді бұл күнде тұқымы жойылып біткен барыс тұқымдас жыртқыш аң болып шығады» – деген түйінді тұжырым жасаған. Бұл арада айтылған «барыс тұқымдас» және «Жайра (Динозавр)» деген ұғымдар зоология ғылымына мүлде жат ұғымдар. «Барыс» деген жануар мысық тұқымдасына жатса, ал «Жайра» – Динозавр емес. Оны орысша «дикобраз»деп айтатынын мектеп оқушылары да біледі.

Зоолог ғалымдар жануарлар дүниесін омыртқасыздар және омыртқалылар деп үлкен 2 топқа бөледі. Ұлу – омыртқасыз жануарлардың түрі, құрамы мол (130 мыңдай түрі бар) жеке тобын құрайды. Олардың көпшілік түрі сулы ортада мекен етсе, кейбір түрлері құрлықта да кездеседі (мысалы жүзім ұлуы, жалаңаш шырыш, т.б.).

Ұлу жылын халқымыз «Ұлы жыл», «Ұлу жылы – үлгілі» деп атауында да үлкен мән бар.

ХІV ғасырда өмір сүрген, «Шипагерлік баян» атты іргелі еңбек жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыз Ұлу жылын «Иіртек» деп атағаны белгілі. Осы сөздің өзінде ұлу жануарына тән денесінің сыртқы бақалшағының иірленіп оралмалы болып келетінін аңғартады.

Соңғы жылдары ұлу жылын «Айдаһар жылы» – деп шатастырып атап жүргенін баспа беттерінен жиі көреміз. Мұның өзі де мүлде теріс пікір екендігін атап айтқан жөн. Өйткені аңыз-әңгімелерде айтылатын – «Айдаһар» тікелей жыланға қатысты айтылатыны белгілі. Ал жылан жылы жыл санауымызда өз алдына жеке жыл ретінде берілген. Олай болса, жылан атауымен екі жылды қатарынан атау мүлде ақылға сыймайды. Жыланға жеке жылдың атауын берген халқымыз Ұлуға да жеке жылдың атауын беруіне ешқандай күмән келтіруге болмайды.

Мақала авторының М. Ысқақов ағамыздың еңбегіне сүйене отырып, Ұлудың бейнесін мақалада берілген К. Истоминнің кескіндеме суретіндей бейнеде беру керек деген пікірімен де келісе алмаймыз. Ұлудың бейнесін кәдімгі өзіміз күнде көріп жүрген оралмалы бақалшағы бар ұлу кейпінде берілуі тиіс деп ойлаймыз!

Әрбір маман өз кәсібінің құпия сырларына терең бойлай біліп, сараптама жасаса құба-құп болар еді.

Кемеңгер дана да, дара халқымыз әрбір жылға тек жақсылық пен құт-береке әкеледі деп сеніммен қарап, үкілі үмітпен болжам жасап отырғаны белгілі. Мысалы Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық, Барыс жылы – байлық (бірлік), Қоян жылы – қамбалы (құт-береке), Жылан жылы – жайлы, Жылқы жылы – жұтсыз, Қой жылы – құтты, Мешін жылы – мерейлі, Тауық жылы – татулық (табысты), Ит жылы – игілік, Доңыз жылы – дүниелі – деп әр жылға жақсы ниетпен сипаттама беруінің өзінде үлкен әрі ғылыми тәрбиелік дүниетанымдық ұғым жатқандығын бірден-ақ аңғаруға болады. Ұрпақтарға өмірлік өнегелік жол сілтер ұлттық ұғымдарымызды бағалайық, білейік, ардақты ағайындар!

Қазақ халқы Ұлу жылын ежелден-ақ «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» деп ерекше қастерлеп, құтты жылдың бірі деп санаған.

Ұлудың денесі жұмсақ болғандықтан бұл жыл жерге де, елге де құт-берекені, ырыс-несібені мол әкеледі деп есептеген. Ылайымда солай болғай!

Ұлу жылы туылғандыр еңбекқор, қиыншылыққа төзімді келеді, істеген ісінің көзін таба біліп, діттеген мұратына жетеді. Ұлу жылы өмірге келген ұл балалар өршіл, алға ұмтылғыш, әрі талантты болса, ал қыз балалар сүйкімді, алғыр ойлы болады деп жорамал жасаған…

Бұл ерекше жануар құрлық пен судағы,

Жыл ішінде өзгеше дара пішін тұлғалы.

Ұлу жылы ұрпақ өсер көбейіп,

Қыздар сұлу, батыр болар ұлдары.

(Рысбай Сәтімбеков)

Халқымызда «Ұлу жылы көтерілмеген он жылда да көтерілмейді» – деген даналық нақыл ұлу жылының елге қолайлы болатынын білдіреді.

Халық даналығында Жаңа жылға байланысты айтылатын ақ баталарда:

Қоян жылы жұрттан жылу сұратпа,

Ұлу жылы ұл-қызымды жылатпа,

Жылқы жылы жеткізе гөр мұратқа! – деген жүрекжарды ізгі тілектер айтылады. Лайымда, Ұлу жылы – Ұлы жыл болсын деп тілейік!

Рысбай СӘТIМБЕКОВ,

Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық

университетiнiң профессоры;

Гүлжан БЕКТҰРҒАНОВА,

Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнiң

ғылыми қызметкерi