Жаңалықтар

«ҚУ ТІЛМЕН ҚУЛЫҚ САУҒАН заңы құрсын»

ашық дереккөзі

«ҚУ ТІЛМЕН ҚУЛЫҚ САУҒАН заңы құрсын»

Отаршылдар “қу тiлмен қулық сауған заңы” арқылы қазақ жерiн тал түсте тонаумен қоймай, қазақтың дәстүрлi заңын заң арқылы заңсыздандырып, отарлық заң ережелерiн мылтықсыз майданның қаһарлы қаруына айналдырды. Бүкiл отарлау тарихында патшалы Ресейдiң бұратана жұрттарға арналған адамдық әдiлетке сай шығарған бiр де бiр заңы жоқ. Қағаз жүзiнде қатталып, отарлаудың тарихи құжаты ретiнде бiзге жеткен мыңдаған ұсақ қаулы, шешiм, бұйрық, жарлық, ұсыныс, ереже, заң дегендердi есептемегенде, империя тарапынан сонау Әбiлхайырға жауап ретiнде жiберген грамотадағы “қамқорлыққа (покравительство) алу” деген сөздiң орнына “бодандыққа (подданство) алу” деп бүкiл саясатын астыртын қулыққа негiздеуден бастап, әскери жорықтармен аяқтаған отарлау барысындағы iрi-iрi заңдарының бәрi де – халықты құлдандырудың құжатты дәлелдерi.

Солардың iшiндегi ең негiзгiлерi мыналар:

1) “Қазақ ханы Әбiлхайырға жол­да­ған Анна падишаның грамотасы”, 1731 жыл, 19 ақпан. Әбiлхайырдың башқұрттармен бейбiт қатар өмiр сүру үшiн, башқұрттар сияқты қазақтардың Кiшi жүзiн де қамқорлыққа алу арқылы, Жайық бойында тыныштық орнатуды сұраған хатына жауап ретiнде жiберiлген бұл грамота – отарлаудың басы болды.

2) “Орынбор қырғыздары туралы Устав”, 1824 жыл, “Сiбiр қырғыздары туралы Устав”, 1822 жыл. Бұл қазақ елiнiң дербес мемлекеттiгiн жойып, Ресей империясы құрамына қосып алған озбырлық әрекеттi заңдастырған заң болатын.

3) “Жетiсу, Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша Ереже”, 1867 жыл, 11 шiлде, “Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ереже”, 1868 жыл, 21 қазан. Бұл қазақ жерiн облыстарға бөлiп, Ресейдегі әкiмшiлiк басқару жүйесi енгiзiлген, елдi саяси билiктен толық айырған заң болатын.

4) “Далалық Ереже”, 1891 жыл, 25 наурыз. Бұл, отарлаудың соңғы соққысы – қазақты өз жерiне иелiгiнен айырған заң болды.

Осылардың кесірінен қазақ халқының бүкiл әлеуметтiк, саяси, рухани құрылымы Ресей империясының құрамындағы аймақ ретiнде сол империяның заңдарына бағындырылды. Осы негiзде қазақтың әдiлет жарғылары аяққа тапталып, отаршыл әкiмшiлiктiң кез-келген озбырлықтарына жол ашатын империялық сот заңдары үстемдiк еттi. Және олар әр жерде әр түрлi басқару аппаратына бағындырылды. Мысалы, Түркiстанда Соғыс министрлiгiне, солтүстiк облыстарда Iшкi iстер министрлiгiне қаратылған. Абай заманында империялық сот заңдарынан бөлек, тұрмыстық iстердi қарастырған шариғат заңдары да қолданылды. Бiрақ олардың шешiмi от басы, ошақ қасы деңгейiнен әрi аспаған. Өкiмет халық жадында сақталған көне би, қазы деген ұғымдарды сайланбалы билер мен указной молдалар түрiнде дауды бiтiстiру емес, өршiту, парақорлықтың түпсiз құтысына айналдыру арқылы, халыққа жексұрын көрсету үшiн, сол күйi қалдырды. Мiне, сондықтан да Абай:

Ант iшкен, күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып, тiленген малы құрсын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тiлмен қулық сауған заңы құрсын —

деп, отаршыл өкiмет әкелген әдiлетсiз заңдардың халық iшiне салған лаңын бiр шумақ өлеңiмен-ақ айқара әшкерелеген. Бұдан бөлек хакiмнiң лексикалық қорындағы орыстың сот, заң iсiне қатысты сөздерiнiң бәрiнен де отарлық озбырлықтың қияпаты жоталанып көрiнiп тұрады. Мәселен: “Өтiрiк арыз”, “басым сотқа айналар”, “кiрлi болып түскен соң”, “өзi залым закүншiк”, “көрмей жатып күсемiн, темiр көздi сарайды”, “өтiрiк, ұрлық, өкiмет зорлық”, “өтiрiк шағым толды ғой”, “арызшы орыс – олардың олжаласы”, т.б.

Ал жаңағы айтқан сайланбалы билердiң Абай заманындағы ұсқыны мынадай болса:

Келелi кеңес жоғалды,

Ел сыбырды қолға алды.

Ел iшiнде бiтiмшi

Түгел алып қайтпайды

Сұрай келген бiр малды.

Ел жамаған билер жоқ,

Ел қыдырып, сандалды.

Астыртын барып жолғасқан,

Ақша берiп жалғасқан,

Ақысын әрең сол алды.

Орыс сияз қылдырса,

Болыс елiн қармайды.

Қу старшын, аш билер

Аз жүрегiн жалғайды.

Ал өкiмет қолдап, қолпаштап отырған указной молданың сиқы Абай суреттеуінде төмендегiдей: “Бұл заманның молдалары хакiм атына дұшпан болады. Бұлары – бiлiмсiздiк, бәлки бұзақы пиғыл, әл-инсан ғәддү дәма жәһилгә қисап” (адамның көңілі жаманшылыққа ауып тұрады).

Ендi осындай әдiлетсiз заңмен заң­дас­тырылған би мен билiкке қарсы ХІХ ғасырдағы қазақтан шыққан кемеңгер ойшылдар ненi қару еттi дегенге келсек, әрине ауызға бiрiншi iлiгерi даланың әдiлет, құқық һәм билiк жарғылары. Бұл жайлы алғаш “Уақытша Ережелер” дайындалып жатқан кездiң өзiнде-ақ “Сiбiр қазақтарының қылмысты iсi” атты 1857 жылы шыққан сот заңына қатысты олардың қазақ өмiрiне үйлесiмсiздiгiн дәлелдей келiп, Шоқан мынадай ұсыныс айтқан: “1. Орыс губернияларына арналып, жобаланған мировой соттың бастамасы көптеген жағдайларда қазақ халқының тiрлiгiне үйлеспейдi. 2. Қазақтағы рулық әдет-ғұрыпта, рулық қатыс үстемдiк құрып отырған жағдайда, қазiргi кезде, қызмет көрсетiп отырған билер соты басынан кешкен өмiрiнде халықтың өзi өндiрген өнiмi есептi, оның елiнiң ерекшелiгiнiң ықпалымен өсiп-өркендеуiнiң жемiсi есебiнде халықтың өркендеуiн толық қанағаттандыра алады. 3. Мировой сотпен салыстырғанда билер сотының ең болмағанда қазақ үшiн кейбiр айырмашылығы бар. 4. Сот реформасы мәселесiмен пiкiр жинағанда, қазақ жұртының басым көпшiлiгi ежелгi билер сотына ешқандай өзгерiс немесе қосымша енгiзбей қолдады”. Ал, Абайдың ұлттық әдiлет заңдарына қатысты көзқарасына Әлихан Бөкейхановтың: “Билердiң шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескi заңы кезiнде өмiр сүрсе, Абай атақты би атанар едi”, – деген сөзiн келтiрсек де жеткiлiктi.

Сонымен, Абайлар қолдаған ұлттық әдiлет заңдары қазақ хандығы дәуiрлерiнде бекiтiлiп, халық арасында ғасырлар бойы қолданылған мынадай Жарғылар болатын:

1) Қасым ханның “Қасқа жолы”;

2) Есiм ханның “Ескi жолы”;

3) Тәуке ханның “Жетi жарғысы”.

Қ.Халидтiң: “Орыс отарлауы кезiнде ел арасындағы үлкен жиынды “сияз” деп атаған. Оның қарарларын қағазға түсiрiп, мөр басып, шешiм қабылдағаны болмаса, iс бiтпей-ақ ел тарқамай жатып, жұрт дауласып, кетiсiп жататын”, — деп жазғанындай, ел iшiндегi берекесiз заңдар кесiрiнен туған дауды салауатпен (“қазақта “салауат” деген – бiткен дауы, шешiлген iс, iске әдiл төрелiк, тоқтам айтқан адам дегендi бiлдiредi”. Қ.Халид) шешу үшiн Абай осы Жарғыларды заманына лайықтап жаңа билер ержелерiн жасауда қолданған. Ол Ереже 1885 жылы Өскемен, Семей уездерiнiң бастықтары, Зай­сан уезi болысының көмекшiсi, Қарқаралы уезi бастығының аға көмекшiсi, Семей облысының әскери губернаторы, 38 би мен 5 болыс және төбе би ретiнде Абай қол қойып, 1886 жылы Семей облыстық әскери губернатор Тупкленскийдiң бұйрығымен 14 ақпанда бекiтiлiп, 1898, 1899 жылдары “Дала уәләяты” газетiнде басылған “Билер ережесi”. Бүгiнде ғылыми жұртшылыққа белгiлi бұл ереженiң барлық баптарына байыппен көз салған адамға, Абайдың қазақы әдiлет қағидаларын заман бетiне ыңғайластыра отырып, отарлық саясатқа қарсы халық өмiрiне үйлесiмдi етiп қиюластыра жасағанын көруге болады. Олай болса, Абай – озбырлыққа қарсы өз шығармашылық жолы арқылы ғана емес, нақты iсiмен де күрескен қайраткер болғаны анық.

Марат Бекбосынов,

филология ғылымдарының кандидаты