Жаңалықтар

«БАҺАДҮР»

ашық дереккөзі

«БАҺАДҮР»

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін Сейтқұлұлы Жалаңтөс баһадүрді өзбек ағайындар иемденіп келді. Ол туралы фильм де шығарған болатын. Ғасырдың соңына таман Жалаңтөстің 1576 жылы қазіргі Қызылорда облысындағы Қазалы шаһарында өмірге келіп, 1656 жылы Самарқан маңында қайтыс болғаны анықталған соң, өзбек ағайындардың баһадүрдің қазақ екеніне мойындамасқа амалдары қалмады.

Біздің журналистер, әдебиетшілер және тарихшылар Жалаңтөспен тәуелсіздіктен соң ғана шындап айналыса бастады. Солардың ішінен ең алғашқы қалам тартқан жазушы Бегілда Алдамжаров. Ол 1969 жылы-ақ «Қазақ әдебиеті» газетіне «Жалаңтөс баһадүр» атты зерттеу мақаласын жариялап, оның қазақ екенін тұңғыш рет дәлелдеп шыққан қаламгер. Мұрағаттардан тарихи тұлға туралы тың деректер тауып, мерзімдік басылымдарға бірнеше материалдар жазып, жұртшылыққа кеңінен таныстыра бастады.

Қойылымның тұсаукесеріне арнайы келген Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ержан Уәйіс 2001 жылы тарихшы академик Манаш Қозыбаев Қызылорда қаласында өткен ғылыми-практикалық конференцияда «Жалаңтөс баһадүр Тұран өркениетінің ұлы перзенті» тақырыбында баяндама жасағанын ауызға алды. Сол конференцияда жазушы Жұбатқан Мұратбаев «Тұран баһадүрі», этнограф зерттеуші Тынышбек Дайрабай «Жалаңтөс баһадүрдің жазығы не?» атты қосымша баяндамалар жасаған. Жалпы, Жалаңтөс туралы мәселені ең алғаш көтерген тікелей ұрпағының бірі, кезінде ел басқанған, бүгінде ардагер ақсақал Ыдырыс Қалиев. Ол 1992 жылы баһадүрді ұлықтау жөнінде Республика Президентімен жеке кездесіп, арнайы хат арқылы өтінішін білдірген. Содан көп кешікпей-ақ Қызылорда қаласынан және барлық аудан орталықтарынан баһадүрдің атына көше беріліп, Сыр өңірінің бірнеше елді мекендерінен ескерткіші салынып, мешіттер ашылды. Ол туралы жазушы Ұзақбай Бегімбаевтың тарихи романы да жарық көрді. Солай өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тіріліп, тарихи тұлғаның есімі елге қайта оралып, ардақталды. Енді міне белгілі режиссер Қалдыбай Әбенов Жалаңтөс туралы «Баһадүр» атты кең форматты, түрлі түсті деректі фильмді экранға шығарып, қалың көрерменге тарту етті.

Фильм өткен жексенбі күні «Тұран – Жа­лаңтөс баһадүр» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматыдағы «Арман» кинотеатрында қойылды.

Режиссер Қалдыбай Әбенов тарихи оқи­ғалардың кезеңді сәттерін ұтымды пайда­лана білген. Фильмнің жоңғарлардың шап­қыншылығымен басталып, жойқын соғыстан кейінгі отқа оранып, күлге айналған қазақ ауылдары, бесіктегі баласын садақ жебесінен кеудесін жаба қорғап, өзін жанпида еткен жас әйел, Салқам Жәңгірдің (рольде Тұңғышбай әл-Тарази) түтін басқан ауылдарды аралап жүріп күңірене отырып, күрсіне сөйлегені ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Сейтқұлдың түсі, әйелінің шекесі торсықтай ұл табатыны, бала Жалаңтөске (рольде Фараби Әбен) анасы Ақтұмардың (рольде Аша Матай) тәрбиесі, оның ер жетіп (рольде Ергенбай Әбуов) жері мен елін жаудан қорғағаны, Шығай ханның (рольде Айдос Бектеміров) жас батырдан үміті, оның ел қорғап, батыр болып өскені, Хонтайшы Батур (рольде Мұрат Омаров) бейбіт жатқан қазақ елін шауып, қалың елді қанға бөктіргені, сондай ауыр шақта Жалаңтөс баһадүрдің жиырма мың қолмен Салқам Жәңгірге көмекке келіп, Ор шайқасында жоңғарлардан кек қайтарғаны, баһадүрдің жасы ұлғайған шағында Фатимаға (рольде Айжан Қоянбаева) ата-салтымен үйленуі, екеуінің ел тағдыры жөніндегі пікірлері, Жалаңтөстің Самарқанда қырық жылға жуық әмірлік етіп, «Шердор» (арыс­тан қаба) және Тиллә-Қари (алтын медресе) медреселерін тұрғызған Регистан сәулетті сарайлар кешенін салдырып, оның Орта Азия аймағында мыңдаған мешіттер салып, дін исламның кеңінен қанат жаюына, имандылықты арттыруда ерекше еңбек еткені фильмнен жақсы көрініс тапқан. Әйтсе де бөлінген қаржының жетімсіздігіне байланысты баһадүрге байланысты әлі де көп жайларды қамтуға мүмкіншілігі болмай қысқа қайырғанына режиссер өз өкінішін білдірді.

Фильмнің өн бойында «Жалаңтөс баһадүр» бірлестігінің төрағасы, Халақаралық «Руханият» университетінің профессоры Төлеуқажы Қосанұлы, сәулетші, дизайнер Хайролла Ғабжәлелов, жазушы, драматург Смағұл Елубай, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының журналисті Қаршыға Есімсейітова батыр тағдырының әр қырынан келіп, көрермендерді таныстырып отырады. Оның тек ел қорғаған батыр ғана емес, үлкен әскери қолбасшы болғанын, ел басқару ісіндегі қайраткерлігі, халықты діни оқумен ағартудағы үлкен ұйымдастырушылығы, сәулет өнеріндегі талғамы, елді біріктірудегі қыруар еңбегін нақты мысалдармен тілге тиек етті.

Алдағы сәуір айында «Баһадүр» деректі фильмін Қызылорда қаласы мен облыс аудандарында көрсетілу жоспарланып отыр.

Көлбай Адырбекұлы