ТҮЙТКIЛДI ТҮЙIНДЕР
ТҮЙТКIЛДI ТҮЙIНДЕР
Наурыз мерекесі қарсаңында Атырау облысының әкімі Берегей Рысқалиев қаланың «Болашақ» ықшамауданында 120 пәтерлік екі жаңа тұрғын үйді әлеуметтік жағынан төмен отбасыларға, мүгедектерге, ауған соғысына қатысқандарға, апатты үйде тұрғандарға беріп, кілттерін салтанатты түрде табыс етті. Бірнеше жылдан бері пәтер азабын тартып жүргендерге бұдан асқан қуаныш болмас, сірә да?!
Бірақ дейміз-ау, сол Атырауда бір-екі жыл бұрын салынып, сапасы сын көтермей жатқан базбір үйлердей, ертеңгі күні тұрғындар шағым жаудырмаса игі еді. Оны қайта жөндеу мүгедек жандарға оңайға түспесі анық. Әңгіме түйіні сол үйлердің сапасында!
***
Қыстың соңы салыңқы болып, көктемнің шуақты күндері кешеуілдеп жатыр. Табиғаттың мұндай мінезі ауыл шаруашылығына да кері әсерін тигізуде. Жуырда ғана Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы мен Алматы облысының Жамбыл ауданындағы біраз ауылдарынан аусыл шығып, ауылшаруашылығы министрлігінің бұйрығымен ауру ошағы деп табылған ауыл қойлары мен сиырлары өртелінді. Министрлік қызметкерлері ауыл тұрғындарына сол малдары үшін қазіргі нарық бағасына сай өтемақы төлейтін болып отыр. Ал ауыл жұртшылығы қолдарына бірден ақша түспеген соң, құрғақ сөзге сенер-сенбесін білмей қамкөңіл күй кешуде.
Бірақ… дейміз-ау, инфляция шарықтап тұрғанда министрлік кешіктіріп берген сол өтемақыға жұрт қанағаттана қояр ма екен?..
P.S. Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімшілігі орын алған аусыл ауруына байланысты, арнаулы комиссияның тұжырымымен өртелген малдардың жынысына, жасына қарай қазіргі нарық бағасын белгілеген екен.
1 жасқа дейінгі бұзау – 85000 теңге; 1 жастан 2 жасқа дейінгі баспақ – 190000 теңге; сиыр – 225000 теңге; бұқа – 320000 теңге; 1 жасқа дейінгі қозы – 9000 теңге; тоқты – 20000 теңге; саулық – 25000 теңге; қошқар – 45000 теңге; 1 жасқа дейінгі лақ – 5000 теңге; шыбыш – 7000 теңге; ешкі 15000 теңге.
***
Алматы қалалық қаржы полициясының бастығы Әмірхан Аманбаев: «…Мысалы тендерге қатысып, ұтып алу үшін пара береді. Шыны сол, оны жұрттың бәрі біліп отыр ғой. Біз соларды тоқтатуымыз керек. Көбінесе орындаушы қызметкерлер тұтылады да, олардың артында тұрғандар тасада қалады. Сондықтан қаржы полициясы қылмыстық іс қозғаған кезде алдымен сыбайлас жемқорлық пен әкімшілік қылмыстардың аражігін анықтайды»,– дейді «Айқын» газетіне берген сұхбатында.
Бірақ… дейміз-ау, тендер үшін пара берудің басталғаны қашан. Қазір адам ағзасын біржола меңдеп кеткен кесел сияқты. Аманбаевқа дейін де тоқтатпақшы болғандар жарияға жар салып шыққанын білеміз. Түбін қуалап келгенде, әлгілер сатылап жоғарылай береді, жоғарылай береді… Содан соң ғой орындаушысы тұтылып, артында тұрғандарының көрінбей жатқаны.
***
Парламент Сенатының депутаты Светлана Жалмағанбетова: «…Үкімет қарастырылған қаржы бойынша, Жолдаудың әрбір бағыты бойынша есеп беруді ұйымдастыру керек. Мұнсыз болмайды. Өйткені шешімін күткен мәселе өте көп. Осы орайда солардың бірнешеуіне тоқтала кетейін. Алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жайын айтсам, олар бүгінде өздеріне тиесілі шағын несиелерді ала алмай отыр. Себебі оған қоятын кепілі, алғашқы жарнамаға қажет қаржысы жоқ. Егер мұндай мүмкіндіктер болса, бұл азаматтар қазіргідей қиын жағдайға жетпес еді. Сондықтан Үкімет шағын бизнесті қолдау үшін «Бизнес картасы – 2020» бағдарламасын жетілдіру керек». Сенатордың ұсынысы орынды-ақ. Шағын бизнес өркендесе орта шаруа қалыптасады.
Бірақ… дейміз-ау, осыдан бес жыл бұрын шағын бизнеспен айналысушылар қатары көп еді. Ал қазір едәуір кеміп кеткен. Неге? Оған басты себеп, несие қайтарымының пайызы жоғары. Үкімет осы жағын оң шешсе, шағын бизнес қайта жандана түсері сөзсіз.
***
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, биыл 21 миллион гектар жерге тұқым себіледі екен. Соның 16,3 миллион гектары астық. Барлық облыстар қажетті тұқыммен толық қамтамасыз етіліпті. Солардың 77 пайыздан астамы тиісті тексерістен өткізілген деп отыр. Сондай-ақ, бидай егістігінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 300 мың гектарға азайып, 13,5 миллион гектарды құрамақ. Наннан асқан байлық жоқ. Биыл да былтырғыдай молшылық болса, өте жақсы.
Бірақ… дейміз-ау, астық қабылдайтын элеваторлар алдымен тек ірі астық компанияларының өнімдерін ғана қабылдап, өткен жылғыдай жеке шаруашылықтардың жинаған бидайына қырын қарап әбігерге салып қойса, кім ұтып, кім ұтылады? Министрлік осы жағын алдын ала реттесе, құба-құп дер едік.