Жаңалықтар

АСТАНАДА ТҰҢҒЫШ СТУДЕНТТЕР КИНОТЕАТРЫ АШЫЛДЫ

ашық дереккөзі

АСТАНАДА ТҰҢҒЫШ СТУДЕНТТЕР КИНОТЕАТРЫ АШЫЛДЫ

Астананда тұңғыш рет Студенттер кинотеатры ашылды.Тұңғыш дейтініміз, мұндай мәдени орын Елордадағы бірде-бір жоғары оқу орнында бұрын болмаған. Кинотеатрдың ашылуына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен ЕҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы және студент жастары қатысты.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған Еуразия ұлттық университеті бүгінде тек Қазақстан және Орта Азия аумағында ғана емес, бүкіл посткеңестік аймақтағы елеулі білім мен ғылым орталығына айналып отыр. Еліміздегі 150-ге жуық жоғары оқу орны арасында көшбасшыға айналып, әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындары арасында үздік 400 университет қатарында. Тағы бір айта кетері, университет басшылығының ұйғарымымен мемлекеттік білім грантында оқитын барлық студенттер жүз пайыз жатақханамен қамтамасыз етілген. 2013 жылдан бас­тап студенттік кампус салынады. Арнайы бөлінген жерге оқу-зертхана ғимараттары, бірнеше жатақхана, спорттық кешен және мәдениет орталықтары шоғырланады.

– Біз үшін студент жастардың мәдени тынығуын педагогикалық басқару маңызды мәнге ие: мұнда отандық және әлем киноматографтарының классикалық туындыларын көрсету бірінші орында тұрады, – дейді университет ректоры Ерлан Сыдықов. – Бүгінгі ашылып отырған Студенттер кинотеатры 180 көрерменге арналған: жұмсақ орындықтар, тамаша экран, қуатты акустика, кондиционер жүйесі қарастырылған. Өздеріңіз куә болғандай, «Қазақфильм» киностудиясы АҚ-ның бас директоры Ермек Аманшаевпен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Ендігі жерде олардың өнімі тегін, аптасына үш-төрт рет көрсетіліп тұрады.

Сөйтіп, бүгінгі жастар Елордада тұңғыш ашылған Студенттер кинотеатрында отандық картиналармен қатар шетелдік фильмдерді тамаша сапада көру мүмкіндігіне ие болып отыр. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы АҚ бас директоры Ермек Аманшаев: «Кинотеатр алдағы кезде «Қазақфильмнің» Астанадағы өндірістік базасы болады», – десе, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұржұман Ықтымбаев та өз ойын: «Жасыратыны жоқ, соңғы кездері мемлекеттік кинотеатрлар жоқ, қайда барып, қайда кездесу өткізеріңді білмейсің. Ал бір университеттің қолға алып жатқан мұндай шарасы еліміздегі аудан, қала, облыс әкімдеріне сабақ болуы тиіс», деп түйіндеді.

Базарбек ТҮКIБАЙ