ҰЛУ ЖЫЛҒЫ ҰЛЫЛАР

ҰЛУ ЖЫЛҒЫ ҰЛЫЛАР

ҰЛУ ЖЫЛҒЫ ҰЛЫЛАР
ашық дереккөзі

Ұлу – қазақтың ұғымында өзен мен көлдiң жағасында кездесетiн кiшкентай жәндiк. Сiрә, суға жақын жүргесiн шығар, осы жылы құрғақшылықтың болуы некен саяқ. Алдындағы Қоянның «әуре-сарсаңынан» сандалған адам да, жан-жануар да Ұлудан бiр тыныстап, тыныштық табады. Әдетте осы жәндiктiң атын иеленген жылда жаз ыссы да ылғалды, күз шуақты, қысы мейлiнше жылы келедi. Әрине, айтып отырғанымыз – әр жылдың 22 наурызында басталатын қазақтың нағыз Ұлуы. Өйткенi көршi қытайлар «Айдаһар» деп атайтын Ұлу жылы оларда 10 ақпанда басталады. Қазақтың Ұлу жылы елiмiздiң табалдырығынан 22 наурыз күнi аттайды.

Сонымен өткен ғасырдағы Ұлу жылы мыналар: 1904,1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988. Жаңа ғасырда – 2000 және 2012 жылдары. Онан кейінгі Ұлу 2024 жылға келіп тұр. Өткен ғасырда тек екі Ұлу жылы ғана қазаққа қайғы-қасірет әкелген екен. Біріншісі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі болса, екіншісі – 1928 жылғы атышулы «кәмпеске». Бұл жылы коммунистік билік қазақтың ірі байларының мал-мүлкін тәркілеп, қаңғыртып жіберу саяси науқанын бастады. Оның соңы сұрапыл аштыққа ұласты. Айтпақшы, 1964 жылғы КОКП-ның қазан Пленумы «реформашыл» Н.Хрущевті биліктен босатты. Сөйтіп, сан жылғы «жаңартулардан» жалыққан ел қалыпты өмір сүруге мүмкіндік алды. Ұлу жылы туған әлемнің ұлы тұлғалары көп-ақ. Әрине, бәрін бірдей мысалға келтіруге мүмкіндік жоқ. Дегенмен жекелеген тұлғаларға айрықша тоқтала кеткен жөн. Әлемді дүрліктірген марксизм-ленинизм қағидатының негізін қалаушылардың бірі – Фридрих Энгельс 1820 – Ұлу жылында дүниеге келіпті. Өмір бойы сүрбойдақ болып өткен осы ұлы ойшыл жан досы К. Маркс­ты отбасымен көзі жұмылғанша асырапты. Ағылшынның атақты жазушысы Бернард Шоу (1868-1950) да Ұлу жылының «перзенті». Бернард Шоудан бір қалжың әңгіме… …Бұл ағылшын жазушысы өмірде денесі тарамыс, өте арық адам болған. Әдетте сондай жандардың өткір тілді келетіні де белгілі. Бірде кемеде жолаушылап келе жатқан жазушыға месқарын бай еш себепсіз тиісіпті: – Сіз әлгі атақты жазушысыз ғой. Ал мен сізді көргенде, бүкіл Англия аштыққа ұшырағандай көрінеді екен, – депті. Ұлы жазушы есесін жіберместен, іле-шала: – Ал сізді көргенде, тап сол аштыққа сіз кінәлі сияқты көрінеді екенсіз, – депті. Француз халқының тамаша перзенті Шарль де Голльдің шәкірті, өткен ғасырдағы ел президенттерінің бірі Франсуа Миттеран 1916 жылы Ұлу жылында дүниеге келген. Отанын басып алған неміс нацистеріне Қарсыласу қозғалысының белсенді мүшесі, бір рет тұтқыннан қашып, екі рет сырттай өлім жазасына кесілген Ф.Миттеран 80 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Ал кемпірі былтыр өмірден озды. Өткен ғасырдың ортасында «Париж Құдай анасының ғибадатханасы», «Фанфан-Қыз­ғалдақ» және басқа тамаша фильмдерде ойнап, әлемнің назарын өзіне еріксіз аударған итальянның сұлу актрисасы Джина Лоллобриджида 1928 жылы өмірге келген. Жасы сексеннен асқан актриса бүгінде суретшілікпен айналысады. Бұдан басқа, Ұлу жылындағы атақты адамдардың арасында Гүржістанның бұрынғы басшысы Эдуард Шеварнадзе (1928), атышулы ағылшының «Битлз» ансамблінің мүшелері Джон Леннон (оны 1980 жылы көшеде атып өлтірді) мен Ринго Стар (1940) және басқалары бар. Әлемдегі ең саны көп ұлттардың бірінен саналатын орыс көршіміз де Ұлу жылы туылған ұлы тұлғалардан кенде емес. Тіпті, ұзын саны жүзден асарлық. Біз соның ішінен үшеумен шектелгенді жөн көрдік. Орыстың ұлы жазушысы Максим Горький 1856 – Ұлу жылы дүние есігін ашқан. Тамаша актер, «Тырналар ұшып барады» және «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильдерімен бұрынғы Кеңес Одағының бұрымдыларының жүрегін баураған Алексей Баталов (1928 жылы өмірге келген) әлі күнге дейін актерлік шеберлігін жоғалтпаған өнер иесі. Сондай-ақ, Ұлу жылында туған Ресейдің президенті Владимир Путин биыл 60-қа толмақ. Рас, жеке өмірін үнемі жасырын ұстайтын, бұрынғы құпия қызметтің өкілі Путиннің мерейтойға маңыз бермеуі де мүмкін. Ұлу жылында қазақтың да талай жай­саңы мен жақсысы жарық дүние есігін ашыпты. Солардың ішінен энциклопедист-ғалым Жүсіп Баласағұн (1016), ғұлама Әнет баба (1628), Қарасай батыр (1664), Шал ақын (1748), күйші Дәулеткерей Шығайұлы (1820), күйші Абыл (1820), қазақтың алғашқы режиссеры Жұмат Шанин (1892), археолог-ғалым Әлкей Марғұлан (1904) бар. Бұлардың бәрі де бүгінде өмірде жоқ. Көзі тірілердің ішінде бірінші кезекте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Қазақтың атақты сазгері әрі жерлесіміз Ескендір Хасанғалиев те Ұлу жылында туылған. Әрі Нұрсұлтан На­зарбаевтың құрдасы. Өкініштісі сол, Жайық өңірінде Ұлу жылы туылған танымал жандардың толық дерегін таба алмадық. Білгеніміз – облыс ақыны, Мұхит әндерін шебер орындаушы Хатимолла Бердіғалиев биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтпек. Одан басқа, кезінде Кеңес Одағының, соңынан тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінде қызмет атқарған, қазір доғарыстағы генерал-майор Еламанов Бисақан (1952) да Ұлу жылының тумасы.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ Орал қаласы