ОРЫС ТІЛІН өршелене қорғау

ОРЫС ТІЛІН өршелене қорғау

ОРЫС ТІЛІН өршелене қорғау
ашық дереккөзі

Латвия халқы орыс тiлiн екiншi мемлекеттiк тiл ретiнде қабылдауға қарсы екендiктерiн 18 ақпанда өткен жалпыхалықтық референдумда анық көрсеттi. Тiптi, сол кезде Латвия президентi Андрис Берзиньштiң орыс тiлiне қарсы дауыс берген отандастарына ерекше алғыс жаудыруының өзi азаматтық iс ретiнде бағаланды. Бұдан кейiн кейбiр орыс тiлiнiң шашбауын көтерген азын-аулақ топтың да аузына құм құйылған.

Өткен аптада «Русские в Казахстане» сайты «Русский мир» порталында жарияланған ресейлік дипломат Фарит Мухаметшиннің сұхбатын көшіріп басты. «Русский язык – воп­рос не закрыт!» деген мақалада Фарит Мухаметшин Латвияда орыс тілінің мәртебесіне байланысты өткен референдумға түсіндірме бере келе, дәл осындай референдумның жақын арада Эстонияда өтетіндігін тілге тиек етіпті.

Білуімізше, Эстония басқа мемлекеттерге қарағанда, орыс тіліне аса мұқтаждық танытқан ел емес. Тіпті, бір кездері бұл мемлекеттің дәрігерлеріне дейін тұрғындарды тек мемлекеттік тіл – эстон тілінде ғана қабылдауға көшкенін білеміз. Сол үшін орыстілділер кейбір эстон ұлтының патриоттарын «менімен орыс тілінде сөйлеспеді» деп сотқа да сүйрегені есімізде. Білікті мамандардың айтуынша, мұнда орыс тілін қолдауға қатысты референдумның өтуіне ешқандай негіз жоқ деуге болады. Бірақ таяуда Эстония билігінің бірқатар орыс мектептерін жабуына және қай тілде оқуды таңдау құқығына тыйым салуына байланысты шешіміне қарсы топ қол жинау шарасын бастап кеткен болатын. Десек те, Эстонияның конституциясына сәйкес, эстон тілі – мемлекеттік мәртебеге ие. Яғни, негізгі заңнамалық құжат бойынша олар аз ұлттар орналасқан жерлерде де ана тілін кеңінен қолдана алады. Бірақ та Эстония мен Латвияның орыс тілінің қолдану аясын тарылтып жатқанына іштей тісін қайрап жүрген Ресей «орыстілділерге қысым жасалуда» деп айыптап, бірнеше рет мәлімдеме жасап үлгерген.

Мына қызыққа қараңыз. Жақында ғана Латвияның батысында орналасқан Лиепае қаласының жергілікті полициясы «Родной язык» қоғамының өкілі Евгений Осиповке әкімшілік іс қозғады. Өйткені ол өзі тұратын үйдің көше атауын латыш тілімен қатар орыс тілінде де жазып, іліп қойған. Құқық қорғаушылар мұны заң бұзушылық ретінде бағалап, тақтайшадағы сөз тек мемлекеттік тіл – латыш тілінде жазылу керектігін ескерткен. Тіпті, бұл істі соңына дейін жеткізу үшін тіл заңдылықтарын бұзатындарды жазаға тартатын Мемлекеттік тіл орталығы да араласуы ғажап емес. Бұл оқиға Тәуелсіз Қазақстандағы бізді де қайран қалдырды. Қандай керемет! Көше аттары да, мекеме атаулары да мемлекеттік тілде сайрап тұрады. Ұлттық болмыс пен ұлттық бояу деген осы емес пе?! Ал біз көше аттары мен қоғамдық мекеме атауларын тек қана қазақ тілінде жазбақ түгіл, орыс тілімен қатар тұрған қазақ тіліндегі мәтінін қатесіз, дұрыс жаза алмай жүрміз. Қазақ халқының маңдайына туған тұлғалардың атын әлі күнге шатастырып келеміз. Латыштар бұл жағынан үлгі аларлық ұлт!

Латвияда орыс тілін жақтаушылар өз дегеніне жетпеген соң басқа айла-тәсілге көшкен сияқты. Қазір ресейлік биліктің сойылын соғып жүрген саясаттанушылар тағат таппай, орыс тілінің қоғамдағы рөлі мен маңызын насихаттап, ғаламтор беттерінде жариялау­дан жалығар емес. Мәселен Думаның спикері Сергей Нарышкин: «Орыс тілі бұрынғы кеңес республикаларында тұратын адамдарды біріктіретін негізгі фактор. Жер бетіндегі 160 млн. адам орыс тілін туған тілі ретінде санаса, ал оны күнделікті өмірде 278 млн. адам қолданады. Сондықтан да қоғамда үнемі орыс тілінің құндылығын насихаттайтын пікірталас жүргізу қажет. Орыс тілі – потскеңестік кеңістіктегі тиімді ұлтаралық тіл екенін ұмытпау керек», – деп түпкі ниетін танытса, Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин: «Орыс тілі – орыс адамдары жаппай түрде тұратын кез келген мемлекетте мемлекеттік, аймақтық немесе ресми тіл мәртебесін алуы қажет. Керек десеңіз, біз бірнеше миллион орыстілділер мекен еткен Еуроодақта да орыс тіліне ресми мәртебе алуға қол жеткізуге тырысамыз. Ол үшін мектептер мен жоғары оқу орындарында орыс тілінде оқытуды сақтап, оны әрі қарай дамытып отыру керек. Жақында Латвияда өткен референдумда халықтың 74,8 пайызы орыс тіліне қарсылық танытты. Бұл басқа елдердегі отандастарымызға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отырғанымызды дәлелдейді», – деп кінәні өздерінен іздепті.

Не десек те, алып империя ұйқысынан оянғандай. Олар бұдан былай қол қусырып, қарап отырудың жөні жоқ екендігін анық білді. Тіпті ресейлік дипломат Фарит Мухаметшиннің аузына «Эстонияда орыс тілін қолдауға байланысты референдум өтеді» деп сөз салуының өзі бекер емес. Қажет болса, жалпыхалықтық референдумның өтуіне ресейлік билік қолдан келгенін аянып қалмайтын сияқты. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, Лативияда орыс тілінің мәртебесіне байланысты өткен референдумды ұйымдастырушы «Родной язык» қоғамына қаржылай көмекті Ресей берген көрінеді. Ал Ресейдің Латвиядағы елшісі Александр Вешняков болса, бұл ақпаратты жоққа шығарып әлек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ