Жаңалықтар

БИШІ БОСС САЯСАТТАН БАС ТАРТТЫ

ашық дереккөзі

БИШІ БОСС САЯСАТТАН БАС ТАРТТЫ

Мақсұт Нәрiкбаев «Әдiлет» партиясының төрағалығынан кеттi. Үлкен саяси додадан қол үзетiндiгiн мәлiмдеген ол бұл шешiмдi өз еркiмен қабылдағанын айтады. Осыдан екi жыл бұрын 72 жастағы саясаткер Қазақ гуманитарлық заң университетiнiң 4 мыңға жуық студентi мен оқытушыларының басын қосып, «Қара жорға» биiн билеп жұртты таңғалдырып едi. Ендiгi уақытын кiтап жазуға бөлмекшi.

Алайда танымал саясаткер партия төрағасы қызметінен босатылса да, мүшеліктен бас тартқан жоқ. Саяси ұйым мүшелері төраға міндетін атқарушы ретінде оның бірінші орынбасары Төлеген Сыдықовқа сенім артқан. Ол Павлодарда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде Мақсұт Нәрікбаевтың төрағалықтан кетуі ешқандай саяси жағдайға, не денсаулығына байланыс­ты емес екендігін айта келе, «экс-төраға шаршағанын айтып, жастарға орын беру керек деп шешіпті», – деді. Ал партияның негізгі көшбасшысы қазан айында өтетін кезекті 3-съезде белгілі болады.

Парламент мәжілісі сайлауы алдында Мақсұт Нәрікбаевтың қалауымен партия басшылығына бұрынғы сенатор Уәлихан Қайсар мен өзін эколог-саясаткер ретінде танытып жүрген Мұсағали Дуамбеков шақырылған болатын. Төрағаның орынбасарлары болып тағайындалған бұл екеуі сайлау аяқталысымен партия басшылығы құрамынан шығарылды. Жақында Уәлихан Қайсар телеарна тілшісіне берген сұхбатында: «Нәрікбаевсыз партияның болашағы бұлыңғыр. Нәрікбаев болса, бұл партияның мүмкіндіктері бар еді. Бірақ ол ойыннан шығып қалды. «Әділетке» қайта жандану енді қиын», – депті. Ал кейбір сарапшылар Нәрікбаевтың төрағалықтан бас тартуын «Әділет» партиясының Мәжіліс сайлауында ең төменгі нәтиже көр­сетуінен іздейді. Бірақ та саяси ұйым­ды уақытша тізгініне алған Төлеген Сыдықов «мұның сайлау қорытындысына қатысы жоқ» деп сендірді.

Динара ДҮРМӘН