ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕНТIЛ ЖАНАШЫРЫ

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕНТIЛ ЖАНАШЫРЫ

ТЫҒЫРЫҚҚА  ТІРЕЛГЕНТIЛ ЖАНАШЫРЫ
ашық дереккөзі

Кереку өңiрiндегi газетiмiздiң тұрақты оқырманы, тiл жанашыры Руза Бейсенбайтегi былтыр «Павлодарлифт» ЖШС мекемесiн қазақ тiлiн аяққа таптағаны үшiн сотқа берiп, жеңiске жеткен едi. Түбiртекте өзiнiң аты-жөнiнiң үнемi қате жазылатынын және қызмет түрiнiң тек орыс тiлiнде ғана көрсетiлетiндiгiне шағым түсiрген ол бұл жеңiстi қазақ тiлiнiң жеңiсi деп сүйiншiлеген болатын.

Қазақ тілі үшін талай жылдан бері табан­дылықпен күресіп жүрген Руза Бейсен­байтегі таяуда басынан өткен келесі бір оқиғаны ашына жеткізді. Ол дәрі-дәрмек алу үшін Лермонтов көшесіндегі 106-үйде орналасқан дәріханаға барып: «Сіздерде «Алфавит» деген дәруменнің бір түрі ғана бар ма?» – деп сұрайды. Сөйтсе, фармацевт үн қатпапты. Сұрағын қайтадан қаттырақ қойған Руза апайға: «Что на русском не можете, сейчас позову» деп басқа орыстілдіні шақырғанға ұқсайды. Әрі қарай әңгімені Руза Бейсенбайтегі былай деп жалғастырды:

«Оған да сұрағымды қайта қойсам, «Говорите по русский, я не понимаю, вообще Назарбаев сказал, что у нас двуязычие» деп көкіп тұр. «Құдайым-ау, өзім де сол екі тілдің біреуінде сұрап тұрмын ғой. Не эфиоп, не француз тілінде сөйлеп тұрмын ба? Егер мына жерде менің қан қысымым көтерілсе, бетін аулақ қылсын, басқа бірдеңе бола қалса, кім жауап береді?» десем, шіркіндер келемеждеп күлсін кеп. Соған қатты қапаланғандықтан буын-буыным босап, жерге отыра кеттім де, жедел-жәрдем шақырдым. Ал фармацевт мұнымен қоймай: «Мне на казахском говорит! Мешают работать, заберите женщину» деп полицияға телефон шалды. Дереу тілшілерді шақырып едім, олар бұл масқараны бейнетаспаға да түсірді. Сорақысы сол, жедел-жәрдем қызметінің №7 бригадасы да: «Мы обслуживаем только на русском языке. На скорой все русскоязычные!» деп бедірейіп тұр. Олар да қазақша сөйлегенімді мазаққа айналдырды. Мінеки, «адам денсаулығына еш нұқсан келтірмеймін, қолдан келген көмегімді аямаймын!» деп гиппократтық ант берген дәрігерлердің түрі осы! Сонда Кереку қаласындағы қазақтілділер қазақ болғаны үшін көмексіз қалуы керек пе? Әлде, хал үстінде жатқан адамдар аудармашы іздеп жүре ме екен?».

Шынында да, бұл не деген бассыздық?! Мұндай оқиға бір Руза Бейсенбайтегінің басынан өтпейтіні тағы белгілі. Сонда Кереку өңірінің дәрігерлері Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілін менсінбегені ме? Тіл мәселесінде отқа да, суға да түсіп жүрген Руза апайдың мына бір мысалы да кісі шошытарлық. – Осыдан екі жұма бұрын Гүләйім атты оралман келіншек: «Орысша сөйлемегенім үшін қалалық №5 емхананың дәрігері «Неге орысша білмейсің?» деп балағаттап, қабылдамай қойды деп мұңын шақты. Көрдіңіз бе, Керекудің қоғаммен тығыз жұмыс істейтін қарапайым дәрігерлері де қазақ тіліне мұрын шүйіреді», – дейді ана тіліміздің бүгінгі бейшара халіне жаны ашыған тіл жанашыры.

Тіпті Руза Бейсенбайтегі 2010 жылы бірнеше республикалық газетке Онкологиялық ауруханадағы хатшы қыздың: «Женщина, либо переходим на русский, либо я кладу трубку» дегеніне шағым түсірмекші болғанда, «Говорите на русском!» деп, оның ана тілін пайдалану жөніндегі конституциялық құқын бұзып, бастығы Кузеков мырзаға екі мәрте кіргізбей қойғанын жазған еді. Одан бері екі жыл уақыт өтсе де, «баяғы жартас, сол жартас». Мұндай оспадар әрекеттердің күн сайын алдымыздан шығып жүргеніне налыған ол соңғы үмітті Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековадан күтеді. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болса да, Кереку қаласындағы медициналық көмек, фармацевтикалық қызмет көрсету орыс тілінде болуына не жорық? Бұл жағдай Керекуде жыл сайын ушыға түсуде. Әлгіндегі жағдайдан кейін қажетті дәруменді де алған жоқпын. Енді не істеймін? Қайдан сатып аламын? Әлде баяғы АҚШ-тағыдай «касса для белых, касса для черных» деген сияқты бүкіл Керекуден қазақтілділер істейтін дәріхана іздеп жүруім керек пе? Осы масқарашылыққа тосқауыл қоюыңызды сұраймын» деген талап-тілегін білдірді. Алайда өзі де қазақ тіліне мүдіретін министр ханым бұл мәселеге қалай қарайды екен?

Керекудегі қазақ тілінің жағдайының мәз емес екендігі осындай жайттардан-ақ аңғарылса керек. Ол ол ма, Стрюк деген мырза өзінің әлеуметтік дүкенінде сатушымен қазақ тілінде сөйлескен Руза Бейсенбайтегіне: «Неліктен орыс сатушыдан кәмпитті қазақша сұрайсыз?» деп тергеп қана қоймай, облыс әкімшілігі алдында жазалануын сұрайтынын жеткізіпті. Мұндағы «Балтика», «Джамал», «Сладко», «Евромобайл», «Артур» сауда дүкендері оған: «Говорите на нормальном русском языке», «Может на литовский перей­дем», «Вы провокатор, националистка. Зная русский почему-то всех будоражите своим казахским языком» деп тойтарыс жасап, есіктен шығарып салатын көрінеді.

Әңгіме олардың қазақ тілін білмеуінде емес, гәп мемлекеттік тілге құрмет танытпауында. 20 жыл бойы осы қарапайым қағиданы ұқтыра алмай жүргеніміз өкінішті-ақ.

Сорақысы сол, жергілікті атқамінерлер мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды атқаруға келгенде немкеттілік танытатындай. Мына түрімізбен елімізде қабылданған «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 2020 жылы да халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі мүмкін емес сияқты көрінеді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ