АҚЫН САРА — ақын емес пе?

АҚЫН САРА — ақын емес пе?

АҚЫН САРА — ақын емес пе?
ашық дереккөзі

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ

Биылғы жылы “Түркiстан” гәзетiнде әйгiлi ақын Сараға қатысты екi мақала жарық көрдi. Бiрi – Ұзақбай Доспамбетовтiң түсiнiктемесi мен марқұм Ыбырайым Мамановтың өткен ғасырдың 70-жылдарында жазылған “Бiржан мен Сара айтысының авторы – Әрiп ақын” деген мақаласы (23 ақпан), екiншiсi – өткен ғасырдың 80-жылдарында жазылған Бегiлдә Алдамжаровтың “Расында, Бiржан мен Сара айтысқан ба?” атты мақаласы (1 наурыз).

Екі мақаланың да Ақын Сараға қатысты күдіктері заңды. Дерек пен мәлімет жетіспеген жерде күдік туындайтыны рас. Әсіресе Бегілдә тізіп келтірген көп күдік Біржан мен Сараның айтысын үңіліп оқыған адамды еріксіз күмәндандырады. Ол күдіктердің жауабы табылмайынша, сөз жоқ, дау басылмайды. Дауды тоқтататын – тек дәлел. Қадыр ақынның “Арқа тірейтін ақиқатың болмаса, айтысып нең бар?” дегені есіме түсіп, мен де өз ақиқатымды алға тартпақпын. Шындығында, мен бұл айтыс жайындағы пікірімді “Ақын Сараның ақиқаты” деген мақаламда 1989 жылы 26 көкекте жазған едім (“Лениншіл жас”). Бұл жолы мына екі мақалаға байланысты өз ойымды кеңірек баяндамақпын.

Бірінші Ыбырайым ағаның күдіктеріне көңіл аударайық.

“Біржанның да, Сараның да өлеңдерінің ұйқастары, стилі бір-біріне өте ұқсас. Мұны қалайда бір ақынның жазып шығарғандығы анық сезіледі”, – дейді. Онысы рас, Бегілдә да осыны айтады. Бұл күдікті бұрын да талайлар айтқан. Біздің кінәміз сол, бұл күдікті сейілтетін дәлелге мән бермей, көңіл аудармай келген екенбіз, оған айрықша тоқталуға тура келеді.

“Менің әкем Маманов Есенғұл… пошта начальнигі болып істеген, Зайсан жағынан келген Әріп ақын жазып шығарған… Абайда өкпесі, кегі бар көрінді. Абайға өзі бата алмай, Сараның сөзі етіп, Абайды даттап өш алу мақсатымен жазған” деп еді, – дейді Ыбекең.

Бұл да бұрыннан айтылып келе жатқан күдік. Алайда өзгелер сенсе сенер, мен дәл сол мақсат үшін бүкіл айтысты Әріп ойдан құрастырып шықты дегенге сене алмаймын. Бұл – әншейін айтылған бір пікір, бірақ ғылыми дәлел емес.

“Сара туралы ел ақсақалдары оның көрікті адам болғанын, домбыраға қосылып ән салып, өлең айтатынын қуаттайды, бірақ оның үлкен ақындығын, басқа белгілі ақындармен айтысқанын ешкім естімеген”, – дейді Ыбекең.

Ыбекең 1969 жылы 94 жастағы Мейрамбай деген кісімен сөйлесіпті. Ол кісі Сараның әкесі Тастанбек емес, Сүлеймен депті. “Жиенқұл дегенді өмірі естігем жоқ”, – дейді. “Сара қайтыс болғанда, мен 33 жас­та едім. Сара менен 10 жас үлкен. Сонда Сара 45 жаста қайтыс болғаны ғой”, – депті Мейрамбай ақсақал. Бұл кісі 1969 жылы 94-те болса, 1875 жылы туған, 33-ке 1908 жылы келеді. Сара сонда сол жылы өлген болып шығады. Бұған сене салудың реті еш келмейді, өйткені Сараны 1910, 1911, 1913 жылдары көрген, кездескен адамдар туралы әдебиет тарихында мәлімет мол. Мұндай мәліметті іздеген адам жазушы Зейтін Ақышевтің, ғалым Балташ Ысқақовтың, Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітовтің жазғандарынан табады.

Ыбекең әңгімелескен екінші адам – 1970 жылы 80-ге келген Сәрекеұлы Кәрия деген ақсақал. Ол кісі: “Сараның ауылын жақсы білемін. Сара – Толыбайдың қызы… сымбатты, көрікті адам болған… Ел арасында Бейсетбайды Сараның ауылына бара береді деп сөз қылатын”, – депті.

Шынын айтқанда, бұл мақала Сара жайындағы күдіктерге дәлелді түсінік бермейді, қайта оны өршіте түседі. Ең бас­тысы “оның үлкен ақындығын… ешкім естімеген” деген өз пікірін өзі терістейді. Оған мақалада айтылатын үш жағдай дәлел.

1. Сара оң жақта отырғанда жүкті болып, Тасыбай руынан шыққан Бекбайға ұзатылып келгенде, сол елдің бір жігіті алдынан шығып, оны ойда жоқта масқараламақ болады.

– Еліне Тасыбайдың Сара келді,

Қолына домбырасын ала келді.

Білмедік біздікі ме, басқа ма екен,

Жетелеп бір баласын ала келді, –

деген екен әлгі. Біріншіден, “Қолына домбырасын ала келді” дегені – тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да Сараның өнерлі әйел екенін мойындағаны. Екіншіден, кез келген адамды састыратын дәл мынандай тұтқиыл жағдайдан Сараның сөз тауып шығуы – оның шын мәнінде талантты, тапқыр адам екенін айғақтайды.

– Еліне Тасыбайдың Сара келді,

Қолына домбырасын ала келді.

Тасыбай аз рудың бірі еді деп,

Бір батыр найзасымен ала келді, –

депті Сара. Мұндай сөзді айтысқа бейімі, дағдысы жоқ адам айта салады дегенге кім сенеді. Ақындығына қоса Сараның өжеттігі де байқалмай ма бұдан?

2. Сәрсекеұлы айтып отырған Толыбай деген кісі, Мейрамбай ақсақалдың айтуында, Сараның екінші әкесі көрінеді. Сол Толыбайдың асында елдің сұрауы бойынша Сара:

«А дегенде айтамыз ебін білмей,

Ерге құлақ бітеді тебінгідей.

Кей адам құдасынан мал алады,

Қызына жасайтұғын себін білмей.

Көшбасшысы жаманның көші адасар,

Қонатұғын қоныстың жөнін білмей», –

деп, суырып салып айта жөнеледі. Мұндай төгіліп тұрған өлеңді ел алдына шығып екінің бірі айта бермесе керек. Және айтқыш екенін білмейтін адамға ел-жұрт өлең айт деп қолқа да салмайтын болса керек.

3. Мұны Сәрсекеұлы айтыпты. Бір тойда Сарамен айтысқан жігіт оның сағын сындырмақ болып былай дейді:

– Құдай қосқан, ей Сара, Бекбай байың,

Жігітті таба алмайсың Бекбайдайын.

Бағыңды басыңдағы бағалай біл,

Қанжығалап қалмайды Бейсетбайың.

Топ ішінде, той үстінде айтылған мынандай кінәдан кідірмей жауап тауып құтылу тек тапқыр, өжет ақынның ғана қолынан келеді деп ойлаймын.

– Кісімен сөйлеспеймін надан болса,

Айта бер тағы жабар жалаң болса.

Іші күйсе, жігіттер тұз жаласын,

Тартармын ақыретте жазам болса, –

деп жауап береді Сара.

Осы үш жағдайдың өзі-ақ Сараның оқшау, ерекше дарын екенін әйгілейді. Сондықтан Сара атының ел аузынан түспей келе жатуы – заңды құбылыс.

Енді айтыс жайына ойысайық. Бегілдә дәлелді күдіктерді тізе-тізе келіп, “Қалайда да бұл даулы мәселені тереңінен зерттеп барып шешкен жөн”, – деп аяқтапты мақаласын. Кімнің тереңінен зерттегісі келмейді дейсің, соған дерегіміз бен дәлеліміз жетпей немесе көп жылдан бері қордаланып қалған күдікті бір сәтте біржола сыпырып тастауға тәуекеліміз де жетпей діңкелеп жүрміз ғой.

Ең басты мәселе – Біржан мен Сара айтысқан ба? Біржан Жетісуға шынымен келген бе? Келсе, соның дәлелі бар ма?

Осы күдіктің бәріне жауапты алдымен Шайхысыламов Жүсіпбек қожа 1898 жылы Қазанда бастырған “Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны”деп береді. Өйткені бұл қиссаға Әріптің ешқандай қатысы жоқ. Ал ешқандай қатысы жоқ нәрсені Әріптің шығаруы тіптен мүмкін емес. Бұл, шынын айтқанда, ғылыми жаңылыс. Бұл шығармаға қатысы бар екі-ақ адам: бірі – Сара, екіншісі – Жүсіпбек қожа. Сондықтан бар мәселе, бүкіл күдік пен оның шешуі тек осы екеуіне қатысты. Соған көз жеткізу үшін, бұл шығарманы айтыс деп талдамай, жанры бойынша қиса (қисса) деп қарайық. Ол үшін әуелі “қисса” терминін талдап алайық. “Қисса – ауыз әдебиетіне тән эпикалық жанр, сюжетті жыр, дастан, кітәби эпос”, – депті “Қазақстан” ұлттық энциклопедиясы (5-том, 688-бет). Оның қазақ арасына кең тарауына Жүсіпбек Шайхысыламұлы үлес қосқанын да жазыпты.

Ендеше біз айтыс деп алашапқын болып жүргеніміз айтыстың өзі емес, айтыс туралы қисса болып шықты ғой? Солай.

“Қызы екен Тастанбектің Ақын Сара,

Бәйгеден күнде келген жалғыз дара”.

Бұлай деп отырған Сара емес, Жүсіпбек.

“Сол кезде он жетіде ақын Сара”, – деп жаңылып отырған да Жүсіпбек.

“Елі – Керей, ұраны Алтай Қарлық”, – деп, арғын мен Керейдің ұранын шатастырып отырған да сол (Мысалдар “Айтыс” кітәбінің 1-томынан алынып отыр. Алматы, 1965. 399-бет).

“Сараны естіпті Біржан анық,…

Келіпті отыз сегіз жасқа кемел”, –

деп, Сараны біресе 17-де, біресе 18-де, Біржанның біресе 37-де, біресе 38-де деп отырған да қиссаның авторы Жүсіпбек.

Енді мына мәліметке көңіл аударалық: “Әлқиса, Жүсіпбек қожаға Сара қыздың Біржанменен айтысқанын қыздың өзі осылай деп бастан-аяқ баян қылғаны айтысқанның келер жылында” (Сонда, 400-бет).

Осы мәлімет рас па, жоқ па? Рас болса да, өтірік болса да, Сараның тағдырын шешетін – осы.

“Ақсүйек пайғамбардың тұқымы деп,

Сөзімді естіргелі келдім саған”, –

депті Сара Жүсіпбекке. Қарап отырсаң, бұл кәдімгі оқиғалы шығарма емес пе? Айтыс өткен соң келер жылы Жүсіпбек келеді, Сара оған айтыстың қалай басталғанын, қалай аяқталғанын – бәрін бастан-аяқ өз аузымен айтып береді. Мұның жұмбағы да, жаңылтпашы да жоқ.

“Үйінде отыр едім Тастанбектің,…

“Сөйлес”, – деп даусы шықты Жүніс­бек­тің”, – депті Сара.

“Сөзінің білдім Біржан ыңғайынан,..

Сүйтсе де шошымадым айғайынан”

Көрдіңіз бе, Сараның айтқанын Жү­сіп­бек қисса етіп баяндап қана отыр. Бәрі ап-анық, бәрі ап-айқын. Бұл араға Әріпті араластырудың өзі мынандай шындыққа көпе-көрнеу қиянат.

“Сонда Біржанның қызды шақырып айтқан сөзі”, – дейді қиссаның авторы. Сөйтеді де, Біржанның не дегенін келтіреді. Оның не дегенін ол, әрине, Сараның өзінен естіп отыр. Ал Біржан дәл солай деді ме, оны Сара еш өзгертпей дәл күйінде жеткізді ме, оны Жүсіпбек сөзбе-сөз өзгертпей келтірді ме, – мұның бәрі бүкіл қазақ айтысына тән мәселе. Тек бір ғана нәрсеге – мазмұнын жеткізгеніне – сенген жөн.

Әйгілі сурып салма ақын Иса Байзақов “Он бір күн, он бір түн” дастанын алғаш айтқанда керемет шабытпен жырлапты да, енді соны кітапқа бастыру үшін қайта жырлағанда, онысы алғашқысынан әлдеқайда солғын шыққан екен. Демек суырып салма ақындар өз айтысын әр айтқан сайын азды-көпті өзгеріспен айтады. Ол – ақынның табиғи мүмкіндігі. Сондықтан ондай мүмкіндіктен Сараны да, Біржанды да ада деп қарауға болмайды.

“Шырағым Сара, саған не болды?” – деп,

Есімбек кіріп келді ағатайым”, –

дейді Сара болған істі рет-ретімен Жүсіпбекке баяндап (401-бет).

Міне, осындай ретпен айтысты Жүсіпбек шиеленіскен жырға айналдырып жазады. Әріп жазбайды, Жүсіпбек жазады. “Сонда Біржанның қызды шақырып айтқан сөзі”, “Қыз көріспеген соң, Біржанның айтқаны”, “Сонда Сара қыздың берген жауабы”, “Сонда Біржан сөйлейді” деген тараулармен оқиғаны бірте-бірте дамыта береді. Ақырында Біржан Сараның қапалы жағдайын түсініп, сөзінің аяғын Есімбекке арнап бітіреді.

Осының бәрін Жүсіпбек Сараның өз аузынан естідім деп жырлайды. Бүкіл айтысты Сараның айтуы бойынша жазып шығады. Қиссаның соңында Жүсіпбек өлеңінің алты шумағы сәл өзгерісі бар Абайдың “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат” деген өлеңін қайталайды. Ал Абайдың алғашқы кітабы әлі ол кезде жарық көрмеген. Алайда бұл өлең 1886 жылы жазылған. Ал “Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны” Қазан қаласынан 1898 жылы басылып шығады. Екі арада бақандай 12 жыл жатыр. Сонда мына алты шумақты Жүсіпбек қайдан көшірген? Бір жерден көшіріп алмаса, дәп бұлайша алты шумақтың дәлме-дәл қайталануы мүмкін емес. Екі өлеңді салыс­тырып қарайық.

– Біздерге өлең арзан, күлкі қымбат,

Нәрсе ғой екі түрлі сыр мен сымбат.

Арзан жалған күлмейтін шын күледі,

Біледі жақсы ерге қылсаң қызмет.

Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,

Кейбіреу қояр құлақ ұққанынша.

Білерлік сөз баһасын кейбір адам,

Абайлар әрбір сөзді өз хәлінше.

Алты шумақ та осындай сәл өзгерістермен берілген. Жүсіпбек біз астын сызған сөздерді ғана өзгертіп жазған. Оның “Біздерге” дегені Абайда, мәселен “Жігіттер” боп келеді. Абай “Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес” десе, Жүсіпбек “Сыртыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес” дейді (Сонда, 426, 427-бет).

Мұны қалай түсінуге болады?

Түсіне қою, біле қою, әрине, қиын. Алайда әлдебір жолмен, біз әзірше біле алмаған бір жөнмен Жүсіпбек Абайдың өлеңдерін қолжазбадан оқыған деген жорамал жасауға болады. Олай болса, Абайға қатысты Сараның аузымен айтылатын айтыстағы ащы сөздерге Әріптің ешқандай қатысы жоқ екенін, ал оған тек Жүсіпбектің ғана қатысы барын білеміз. Міне, бұл алты шумақ өлеңнің бізге беретін бағалы мәліметі әзірше осы.

Енді Біржан мен Сара, расында, айтысқан ба, әлде бәрін Жүсіпбектің өзі бастан-аяқ жазып шыққан ба деген мәселеге келсек, айтыстың болғандығы қиссаның бүкіл оқиға дамуынан-ақ аңғарылып тұрған жоқ па?

Жүсіпбек не үшін Сараны іздеп келді?

Оның Біржанмен айтысқанын елден естіп, соның мән-жайын өз аузынан есту үшін іздеп келді.

Сара оған не деді?

«Айтыстым» деді. Мен Тұрысбектің үйінде отырғанымда Біржан бір топ нөкерімен келді. Келе сап сырттан “Сөйлес” деді. “Кісі екен отыз екі жолаушымен, Ақ үйдің жабығынан көрсем санап”, – дейді.

Ары қарай Біржан олай деді, мен былай дедім басталады. “Әуелі қазақшалап көріселік, Жарқыным, берірек кел, жасың кіші!” – дейді Біржан.

“Хауанаға бұрын барған Адам ата,

Есіткен жоқ па едің мұны да ақымақ”, –

дейді Сара. Сөз қағысу солай басталады.

“Қолыңды ұстатпайтын ерке болсаң,

Келімсек берді әкең неге құлға?” –

деп, Біржан да тиіседі.

Ал енді айтыстың дәл осындай сарында өткенін Жүсіпбек ойдан шығара ма, әлде Сараның айтуы бойынша өлең қыла ма? Бәрін Сараның айтуымен жазғанын қиссада Жүсіпбектің өзі бүкпесіз мойындайды. Бұл жөнінде онда жалтару жоқ. Ендеше оған неге сенбейміз? Қадыр ағамыздың тағы бір айтқаны бар еді, “Өзі өтірік айтатын адам өзгеге сенбейді” деп. Меніңше, бұл арада Жүсіпбекке сенгеніміз дұрыс.

Сараның көрікті болғанын, жасынан домбыра ұстап өлең айтқанын, әлденеше рет өзін масқараламақ болған жігіттердің тұтқиыл шабуылынан абыроймен шығып кете алатын тапқыр, өжет адам болғанын жоғарыда айтып өттік қой. Біржанмен сөз қағыстыратындай, оның тиісуіне орай жауап қайтара алатындай қауқары бар ақын екенін Ыбырайым ағамыздың мақаласындағы мысалдардың өзі-ақ толық дәлелдейді. Осы арада тағы бір тоқтала кететін жағдай бар. Біріншіден, найманның беделді адамдарын Сара дәл білмейді, білсе де бәрін білмейді. Меніңше, он сегіздегі қызға ондай кемшілік кешірімді. Айтыс үстінде аузына бірі түссе, бірі түсе бермейді. Екіншіден, арғын тайпасының адамдарын Әріп біледі, оларды айтысқа қосып отырған сол деген пікір айтылады. Әріп білетін арғындарды Жүсіпбек те біледі, тіпті одан гөрі көбірек білуі де мүмкін. Себебі ол туралы мынандай дерек бар: “1892 жылы – ұлу жылы жазда Қызылжар үйезіне барып ел аралап, ауыл-ауылдағы жас балаларды сүндетке отырғызып жүрген мұсылманша сауатты Жүсіпбек Қожа Шайхысыламұлы (1861-1941) осы Сегіз сері шығарған жырды Көшебе керей, әнші-палуан Андамас Есболұлы мен Бекқұлы Құдасұлы есімді 65-66 жастардағы әнші қариялардан алғаш рет естіп, жазып алған” (Н.Әбутәлиев, “Шоқ жұлдыз”, Алматы, 1998. 56-бет).

Демек Біржан мен Сара айтысында арғын тайпасының атақты адамдарына қатысты ағаттықтар айтылса, оған Әріп те, Сара да кінәлі емес, Жүсіпбек кінәлі. Әріптің мүлде қатысы жоқ.

Жүсіпбек Қожаның соңынан, жалпы сан алуан сөз еріп жүреді. Өзгенің жазғанын өзім жаздым деп ұрлап алатыны бар дейді, тіпті ол өлең жаза алмайтын адам деседі. Алайда оның ақындығы Әріпке қарағанда әлдеқайда озық екенін мойындауға тура келеді. Ол туралы аталмыш кітабында Нәбиден ағамыз Әбутәлиев былай дейді:

“Сөйтіп “Қыз Жібек” қиссасының кейбір тұстарын (Сегіз Сері жырлаған алғашқы нұсқаны айтып отыр – Б.Н.) қысқартып, орнына татаршалап қара сөз қосып, кей жерін ертегіге айналдырып, Төлегенді өлтірген Кес­кен­терек деген Қожаның орнына қарақшы деп Бекежанды жазып, оның руын арғын етіп өзгертіп, қиссаны өзім шығардым деп, 1894 жылы – жылқы жылы Қазан қаласында бас­ты­рып шығарған” (сонда, 56-бет).

Соншама өзгерісті өлеңмен жасауға, ақындығы болмаса, Жүсіпбек қалай барады? “Қыз Жібек” пен “Біржан – Сара” қиссаларын салыстырып қараған адам екеуінің көркемдігі деңгейлес екенін жоққа шығара алмайды. Сондықтан Жүсіпбек қожаның ұнамсыз қылықтарын біле тұра, ақындығын бағалауымыз да керек деп ойлаймын.

Біржандай атақты салмен Сарадай жас қыздың айтысуы мүмкін емес-ау деп күдіктенудің, меніңше, нанымдылығы жоқ. Өйткені арғы-бергі бізге белгілі мәліметтерге сүйенсек, кейбір қысқа-қысқа сөз қағысулары болғанмен, Сараға қарағанда, Біржан ақындармен айтысқа түсе қоймаған адам. Ал Сараның ақын екені, әркіммен айтысып қалып жүргені қыз күнінде-ақ өз төңірегіне мәлім болған. Біржан Сараны өзінің адуын әнімен, беделімен және біліп келген бірер дерегімен састырып тастайтынын алдын ала сезіп келген. Осы жағдайды ескерсек, Біржан мен Сараның ақындық дәрежесі тең түседі-ау деп шамалау, меніңше, шындыққа қайшы келмейді. Оның үстіне, Сара әншілік жағынан да осал бола қоймаған. Әдемі дауысты әдемі қыз ақ үйден жарқ етіп шыға келгенде, Біржан да бір жөткірініп алған шығар деп шамалаймын.

Ендеше Біржан мен Сараның ай­тыс­қа­нына неге күмәнданамыз? Сонда Біржан не­мене, сонау жақтан Сарамен амандасып қайтуға ғана келіп пе? Айтысуға жү­рек­сінген Сараны Есенғұл ағасы жалынып-жалпайып сыртқа шығарады ғой. Бұл Есенғұл мақаланы жазып отырған ағамыз Ма­мановтың әкесі болып келеді.

Бұл пікірімізді шындыққа жақындататын тағы бір жағдайға тоқталайын.

1988 жылы “Айтыс” жинағының 2-томында Төребай ақынмен Сараның айтысы тұңғыш рет жарияланды. Бұл айтыс­пен танысқан адам Сараның өміріне де, ақындығына да ғылыми дұрыс бетбұрыс жасауы тиіс деп ойлаймын. Себебі бұл жай ғана тың дерек емес, талай нәрсені орнына қоятын бағалы дерек… мұндағы мәліметтерге ерекше сену қажеттігі Сара мен Төребай ауылдарының бір-біріне көршілес болғанынан, сондықтан олар бір-бірінің жағдайын жақсы білгендігінен туындайды.

Төребай Есқожаұлы деген ақын 1911 жылы қайтыс болған екен. “ Айтыс” жинағының 2-томына оны Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Кекілік Сеңгір тауының етегінде туды десе (342-бет), оның қазіргі Алматы облысы, Талдықорған ауданында тұратын туыстары Батыс Қазақстан облысына қарасты Жымпиты ауданында туған дейді. Алайда біраз уақыт Кекілік тауының етегін мекен еткені де рас көрінеді. Кеңесары көтерілісі жеңіліс тауып, Кекілік тауында қырғыздар қырғын жасаған соң, 140 үй жағалбайлы (Сара мен Мәйке ақынның айтуы бойынша – Б.Н.) жалайыр ішіне келіп қоныстанады. Төребай – солардың биі болған ақын. Кезінде Шоқан өлгенде, оның жоқтауын осы Төребай ақын жазған деген дерек те, жоқтаудың өзі де бар.

Енді осы айтыстан сыр тартып көрелік.

– Қырықтың сегізіне жасым келді,

Екпінім өзге ақыннан басым келді, –

дейді Сара Төребайға.

– Мен де білем сенің де бар екенің,

Найманда ақынсымақ Сара екенің.

Біржанға он сегізде мұңың шағып,

Құтылған Жиенқұлдан жан екенің, –

дейді Төребай.

Сонымен Жиенқұл өмірде бар адам ба, жоқ адам ба деген сұраққа бұл айтыс осылай жауап береді. Оның үстіне Сара шығармашылығын ұзақ зерттеген Қалилаханов Тәңірберген ағамыз “Ақын Сара” атты кітабында: “Әкесі Тастанбек ерте өліп,… ағасы Жайсаңбек те күн көру амалын іздеп, жесір шешесі Жаншөке мен жас қарындасы Сараны ертіп Абдыра бекетіне келіп, Тұрысбектің малшы, жалшысы болып күн көрген. Сондықтан Тұрысбек қажы өзім асыраған жетім қыз деп басынып, билік жасап, Сараны жастай өзінің малшыларының бірі Жиенқұлға атастыра салған”, – дейді (1993. 36-бет). Ал Төребай: “Жиенқұл – Қыдыралының сіңбе құлы”, “Жиенқұл теңің емес, түбі шикі, Мінезі жаман кісі ед ұйқы-тұйқы”, – дейді (116, 126-бет), “Айтыс”, 2-том. 1988). Жер бетінде жоқ кісі жайында мұндай пікірлер айтыла қоймауға тиіс.

Батасын Біржан салдың мен де алғанмын,

Айтыста қатарымнан кем қалмадым.

Өзіңді Бекбайға қосып, бата беріп,

Білемін Біржан сені құтқарғанын.

Шығарған ақын Біржан атағыңды,

Тындырған Жиенқұлмен шатағыңды, –

дейді Төребай тағы да.

Біржан Жетісуға келген жоқ деушілерге Төребайдың бұл сөзі біржола тоқтау салуы тиіс. Қадыр айтпақшы, арқа тірейтін ақиқаты жоқ сөзді сапыра бермеген мақұл. Ол Жетісуға келмесе, Сара мен Төребайға батасын пошта арқылы жібермеген шығар?

Біржан келмесе, келіп айтыс үстінде Сараның жағдайын өз аузынан естімесе, ол қалайша оны Жиенқұлдан құтқарып, Бекбай екеуіне батасын қалай береді? Қисынды жағдай мен қисынды сөзге көлденең ши жүгірте беруді тоқтату керегін Төребайдың сөзі толық дәлелдейді. Оның:

– Арғын менен қыпшақты кемітем деп,

Жеңілдің сүйіндік арғын Жәмшібайдан, –

деуіне қарағанда, Сара ақындармен аз айтыспаған.

– Ояз бенен Біржан салдың достығынан

Сен болдың Жиенқұлдан мүлде азат, –

деп, бұрын біз білмеген жәйтті де Төребай осы айтысында жария етеді.

“Он төрт жас Әсет ақын сенен кіші”,..

“Әсетпен сен айтыстың сиыр жылы.

Жүсіпбек келіп кетті барыс жылы,

Сара, сен шамалы ақын болсаң дағы,

Шығарды атағыңды Біржан жыры”, –

“Қырықтың сегізіне сен де келсең,

Елудің жетеуіне мен де келгем”, –

депті Төребай. Әсетпен айтысқан Сараны осал ақын деп айтуға менің аузым бармайды. Тек өкініштісі – сол айтыстың ешкімнің есінде сақталмағаны.

– Ол рас, Біржан маған пана болған,

Бекбай мен маған өкіл аға болған.

Біржанға он сегізде мұңым шағып,

Ақыры Жиенқұлдан азат болғам, –

депті Сара. Біржанға мұңын он сегізінде өлеңмен шаққанын, оған Біржанның қалай ықылас қойғанын айтыс ішінен кез келген адам-ақ оқи алады. Айтыстың шын болғанына соның өзі мықты дәлел емес пе?

Сара Төребайға құда деп, Төребай оған құдаша деп тиісуінің өзі де екеуінің бір-бірін жетік білетін жандар екеніне дәлел. Сондықтан олардың пікірінде өрескел жаңсақтық болмауға тиіс. Енді екеуінің жоғарыда айтқандарын бір саралап көрелік.

Тышқан жылы айтысқанда Сара 48-де, Төребай 57-де екен. Әсет ақын 1867 жылы туып, 1922 жылы 55 жасында қайтыс болған. Сарадан ол 14 жас кіші болса, 1900 жылдан бұрынғы сиыр жылы 1889 бен 1877 ге тура келеді. Бірінде Әсет 10 жаста, екіншісінде 22-де. Әрине, 22-сінде 1889 жылы айтысады.

Сара 1900 тышқан жылы 48-де болса, онда ол 1852 жылы туған болып шығады. 18-ге 1870 жылы толады, демек Біржанмен 1870 жылы жолығады.

Сара Әсетпен 1889 сиыр жылы айтысса, келесі барыс жылы 1890-да Жүсіпбек іздеп келеді. Айтысты 8 жылдан соң 1898 жылы Қазанда бастырады. Бұл деректерімізде бір-біріне қайшы келетіндей ақау жоқ.

Айтыс 1870 жылы өтсе, сол жылы 37-ге толса, онда Біржан 1833 жылы дүниеге келген болып шығады. Міне өстіп бір дерек екінші деректің көзін ашады.

Төребай деген кісімен Сараның айтыс-қақтығысы болғанын аталмыш кітабында Т.Қалилаханов та айтып өтеді (108-бет).

Осындай деректер мен дәлелдерге арқа сүйей отырып, Біржан мен Сараның айтысы 1870 жылы Тұрысбектің ауылында болған, оны Сараның өз аузынан Жүсіпбек қожа 1890 жылы әдейі іздеп келіп жазып алады да, оны қиссаға айналдырып 1898-жылы Қазаннан бастырып шығарады, ал бұл айтысқа Әріп Тәңірбергеновтің ешқандай қатысы жоқ, болмаған деп кесіп айта аламыз.

Сонымен қабат сонау 1962 жылы 1 мамырда “Қазақ әдебиеті” газетінде академик-жазушы Сәбит Мұқановтың “Бұлайша шатастыруға болмайды” атты ашынған мақаласы шыққанын, сонда оның: “Мен Әріптің өлеңдерімен біраз таныс адаммын, олардың ішінде асылдық және көркемдік жағынан Біржан мен Сараның айтысында қатарласу түгіл, маңайлайтыны да жоқ. Егер Әріп күшті ақын болса, оның өз өлеңдері “Біржан мен Сараның айтысына” неге теңдесіп жатпайды?” – дегенін еске сала кеткім келеді.

Ақын Сараның Әріптен озық ақын екеніне, сондықтан Сараның өз өлеңіндей көркем туындыны оның шығара алмайтынына Сәбеңнің осы сөзі де дәлел ғой. Осы дәлелді құп көргеніміз Сара мен Біржанға да, әдебиетке де құт болар еді.