ӨҢІР ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖӘНЕ ЖАҢА МЕДИА
ӨҢІР ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖӘНЕ ЖАҢА МЕДИА
Жақында Ақтөбе қаласында Билайн сауда белгісімен «КарТел» компаниясының қолдауымен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы Батыс Қазақстан өңірінің журналистеріне арнап екі күндік «Жаңа медиа және қазақ журналистикасы» тақырыбында семинар-тренинг өткізіп қайтты. Тренингке Ақтөбе, Ақтау, Орал және Атырау қалаларынан 15-ке жуық журналист қатысты.
«Тренингтің басты мақсаты — медиатехнологияларды қазақтілді журналистердің арасында насихаттау. Бүгінде телекоммуникациялық қызметтердің дамуы барысында журналистер Wi-Fi немесе Интернеттің стационарлық нүктесінен еш қиындық көріп отырған жоқ. Beeline-ның сенімді әрі нақты байланыспен қамтылған аймағындағы барлық қазақстандықтардың 80 пайызы өз ұялы телефондарынан интернет желісіне шыға алады. Ұялы телефон арқылы журналистер өз аймағының жаңалығын тез арада жеткізіп үлгере алады. Блогтарда жұмыс жасау, жаңа таныстар табу және жаңа медиаларды пайдалану – журналистердің кәсіби шеберлігін арттырады. Айналып келгенде, бұл қазақтілді интернеттің дамуына, телекоммуникациялық тақырыптағы мақалалардың көбірек жарық көруіне әкеп соғары сөзсіз», – деп атап өтті «КаР-Тел» ЖШС PR менеджері Анар Жұмағұлова.
«Мінбер» қоғамдық қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызының айтуынша: «Жаңа медианың қоғамға ықпалы әрі қарқынды дамып келе жатқан телекоммуникация нарқын қазақ тілінде сараптау жайы баспасөзде аз қамтылған тақырыптардың бірі. Өткен тренинг журналистерге осы салаға жаңаша үңілуге, жаңа медианың көмегімен бұқараға мәліметті еркін әрі жылдам жеткізуге жол ашты деп ойлаймын. Өңірлерде осы салаға қатысты тренингтер қазақ тілінде жиі ұйымдастырылмайтыны белгілі. Сондықтан осы іске мұрындық болып, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының бастамасын қолдаған Beeline тренингі өзгелерге үлгі болады деп сенгім келеді».
Beeline журналистерге қатысты тиімді әрі пайдалы семинарларды дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Ақтөбе қаласында өткізіліп отырған семинар екінші семинар-тренинг. Бұдан бұрын мұндай тренинг Оңтүстік Қазақстанда ұйымдастырылған еді. Алда мұндай семинар-тренингтерді Қазақстанның барлық аймақтарында өткізу жоспарда бар.