ҰЛЫ ХАННЫҢ ҰРПАҚТАРЫ ҚАЙДА ТАРАҒАН?
ҰЛЫ ХАННЫҢ ҰРПАҚТАРЫ ҚАЙДА ТАРАҒАН?
Жуырда Алматыда Ғизат Таболдиннiң «ХIII ғасырдан ХХI ғасырға дейiнгi Шыңғыс ұрпақтарының Дүниежүзiлiк (әлемдiк) генеологиясы» кiтабының тұсаукесерi болып өттi. Ол 2010 жылы академик Анатолий Оловинцовпен бiрiгiп шығарған «Шыңғыс ұрпақтары. Әулеттерi және дәуiрлерi» еңбегiнiң толықтырылған басылымы болып табылады.
Жиынға Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің көрнекті ғылым, мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында: Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Оразақ Ысмағұлов, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, кинорежиссер Эльза Ділмұхамедова, Қазақстандағы орыс, казак және славяндары Үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары, Жетісу казактары одағының атаманы Сергей Машканцев, «Шыңғысхан» журналының шығарушысы Дулат Әрінов және басқалар болды. Шараның негізгі ұйымдастырушыларының бірі ретінде «Еуразия халықтарының бірлігі» қозғалысының жетекшісі, әлем түркі халықтары конгресінің президенті (Нью-Йорк, АҚШ) Арман Ақмұханов сөз сөйледі.
Соңғы кездері дүниежүзінде этногенез және генеология тұрғысындағы мәселелер соны қарқынмен көтерілуде. Шығыс өркениеті үшін рулық түп-тамырыңды білу қалыпты құбылыс. Үш мың данамен жарық көрген аталмыш басылымды дүниежүзіндегі ұлы ханды зерттеудің үзіліссіз сатылық жалғасы деуге болады. Ол ұлы әміршінің 850 жылдығына арналған. Зерттеу 800 жылды және Шыңғыс ұрпақтарының 10 мыңнан астам өкілін қамтиды. Бұның алдындағы басылымда үш мыңға жуық жандардың аты-жөні аталғанын ескерте кеткен жөн. Сөйтіп, Шыңғыс хан мен оның ұрпағының шежіресі дүниеге келді. Кітап авторы Ғ.Таболдин генеология бойынша Шыңғыс ұрпақтары жөніндегі жинақталған деректерде тек қазақ жүздерін билеушілердің аттары мен олардың туыстық қатынастары ғана емес, сондай-ақ, көшпенділерді билеудегі ғасырлар бойғы қалыптасқан дәстүрінің де қамтылғанын атап өтті. Шыңғыс ұрпақтарының мұралары мен мұрагерлер тағдыры бүгінгі Еуразия құрлығында өмір сүретін күллі түркі халықтарының тарихынан елеулі орын алған. Әлеуметтік зерттеулер мәдениеттің дүниежүзілік классикасына кірген, көптеген әдеби шығармаларға енген есімдер жайындағы бірталай қызғылықты құпияларды ашады. Аталмыш еңбекте тарихи жазбаларды зерттеу барысында (араб, парсы, қытай, моңғол, Еуропа) ХІІІ ғасыр мен ХХІ ғасыр аралығындағы Шыңғыс хан ұрпақтарының жүйелі туыстық-отбасылық қатыстығы жинақталды. Кітапты жарыққа шығару барысында В.Бартольд, М.Сапарғалиев, Л.Гумилев, В.Юдин, С.Кляшторный, Т.Сұлтанов, Ю.Селезнев сияқты шығыстанушылармен қатар отандық тарихшылар М.Қозыбаев, М.Әбусейітова, Б.Ермұханов, И.Ерофеевалардың, моңғол зерттеушілерінің еңбектері және 170-тен астам басқа да дерек көздері пайдаланылды. – Бұл – объективті ғылыми-зерттеу жұмысы, – деді өз сөзінде Ғизат Жолдағарұлы. – Кітап жазу мақсатында біз Шыңғыс ұрпақтарына жататын адамдарды, олардың қатыстылығын растайтын құжаттық фактілерді іздеп шетелдерге де шықтық. Көптеген ғалымдар бізді Алтын Орда мен онан кейінгі мемлекеттер туралы тың дүниелермен байытты. Яғни біз өзімізде әлі жарық көрмеген ұшан-теңіз соны деректерге ие болдық. Бүгінде дүние жүзінде бір адамнан тараған туыстық байланысты зерттеу осы уақытқа дейін тап осындай ауқымда жүзеге аспаған еді. Шыңғыстану мен Шыңғыс ұрпақтарын қан арқылы зерттеу және адамдардың туыстығын дәлелдеудегі жаңа бағыт Оксфордтың генетик ғалымы Спенсер Веллстің есімімен тікелей байланысты. 1998 жылы ол өзінің әріптестерімен бірге Орта Азияны аралап, 2 мың жергілікті тұрғынның сарапқа қажетті қан мөлшерін алып кетті. Жиналған материалдарды зерттеуге бірнеше жыл қажет болды. Шыңғыс ұрпақтарының V хромосомдары Каспий теңізінен Тынық мұхитына дейінгі ұлан-ғайыр жерде мекендейтін 16 азия халықтарынан кездескен. Орташа есеппен генетикалық із әлемнің 0,5 пайыз ер адамдарынан анықталған. Хромосомдардың осы түрінің пайда болу мерзімі ұлы қолбасшының өмір сүрген кезеңімен дәлме-дәл. Сондай-ақ мұрағаттық және басқа да көздерден алынған деректер генетикалық дәлелдермен сәйкес. Дегенмен беделді зерттеушілердің пайымдауына қарамай-ақ, мұның барлығын тек теория жүзінде қалдыра тұруға тура келеді. Өйткені оны тек Шыңғыс хан сүйегіне жасалған сараптама қорытындысы ғана растай алады. Өкінішке қарай, оның сүйегі әлі табылған жоқ. Ғизат Таболдин, оңтайлы сәтті пайдаланып, кітапты шығаруға демеушілік еткені үшін және осы кітаптың негізіне айналған зерттеу жұмыстары үшін Еуразия ғалымдар одағына алғыс білдірді. Бүгінде Ғ.Таболдин мен А.Оловинцов Шыңғыс ханнан тарайтын қазақ хан, сұлтандарының шығу тегін зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Нәтижесінде тек ғылымда ғана емес, өнер мен мәдениет саласында бай дүниелер жарыққа шығатыны сөзсіз. Сөз арасында бірінші кітап жарық көргеннен кейін оның авторлары АҚШ Конгресс кітапханасынан алғыс хат алғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Ғ.Таболдин мен А.Оловинцов Гарвард университетінде өтетін Шыңғыс ханның 850 жылдығына арналған форумға шақырылған. Таяуда олардың «Шыңғыс ұрпақтары. Есімдер әліпбиі» атты жаңа кітабы жарық көрмек. «ХІІІ ғасырдың ХХІ ғасырға дейінгі Дүниежүзілік Шыңғыс хан ұрпақтарының генеологиясы» кітабының тұсаукесерінде академик Оразақ Ысмағұлов: «Бұл кітап тарихшылармен қатар Қазақстан мен Орта Азия тарихына қызығатын қалың оқырмандардың көңілінен шығатынына кәміл сенемін. Мұндай бай дүниені Қазақстан тарихын оқытқанда бүкіл Еуразия аймағындағы даму үрдісін дұрыс түсіндіру үшін міндетті түрде пайдалану керек», – деді. Абылайханның шөпшегі Нұрия Бекмаханованың «Аңыз. Арбау. Ғылым» атты кітабының бүтіндей бір тарауы Шыңғыс хан өміріне арналғанын да айта кеткен жөн. Елена ХОЛЩЕВНИКОВА, Тұрсынбек ТОКИН