ҰЛАНДАР ЕСКЕ АЛДЫ
ҰЛАНДАР ЕСКЕ АЛДЫ
Жуырда №0111 әскери бөлімнің ТжӘҚЖ-да Алматы қаласындағы Медеу ауданының № 27 мен № 32 кітапханалар ұжымдарының ұйымдастыруымен Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына қарай «Ол кемеңгер – ұлы тұлға» атты тақырыптық кеш өтті.
Кеш №131 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы, бала ақын Жамбыл Дүйсеновтің Д.Қонаевқа арнау өлеңімен ашылды. Содан кейін Д.Қонаевтың туған қарындасы Сара Ахметқызы ағасының өмір жолы туралы зал толы сарбаздарға тартымды естелік айтты. Ал Қонаев атындағы мұрағаттың қызметкері Нұрила Жүсіпбаева мұражайдағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сыр шертті. Медеу ауданы әкімінің кеңесшісі Алмасбек Нұғыманов пен сол аудан әкімшілігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фараби Бекманбетов Қонаев туралы өз пікірлерін ортаға салды.
Сарбаздар алдында Абылай хан атындағы шет тілдері университетінің І курс студенті Ж.Қалқанбаев «Қара бауыр қасқалдақ» әнін шырқаса, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің 3-курс студенті А.Жандос «Қазақтай ел қайда» әнін әуелетті. Қатардағы жауынгерлер Ж.Құрманбаев пен Н.Асқанбаев ақын Қ.Бегмановтың Қонаев туралы жырларын оқыды. №32 кітапхананың қызметкері Айсара Мұсаева сарбаздарды «Заманымыздың заңғар ұлы» атты кітап көрмесімен таныстырды.
ҚР ұланының № 0111 әскери бөлімінің командирі подполковник Абзал Тоқбанов бөлім атынан Сара Ахметқызына, №32 кітапхана меңгерушісі Айша Баймаханбетқызына, бала ақын Жамбыл Дүйсеновке ыстық ықыласын білдіріп, «Алғыс хатпен» марапаттады.
Кешті негізгі ұйымдастырушы Айша Баймаханбетқызы қорытынды сөз сөйлеп, Д.Қонаевтың халық үшін атқарған еңбегі мен есімі ешуақытта ұмытылмайтынын айтып, сарбаздарды Отанды сүюге шақырды.
«Түркiстан-ақпарат»