БIР ҚЫЗ БАР «АЛТЫН ҚОРДА» АЛТЫН ДЕГЕН

БIР ҚЫЗ БАР «АЛТЫН ҚОРДА» АЛТЫН ДЕГЕН

БIР ҚЫЗ БАР «АЛТЫН ҚОРДА» АЛТЫН ДЕГЕН
ашық дереккөзі

Өткен ғасырдың сексенiншi жылдарының орта тұсында, Қазақ телеайнасының музыка редакциясында қызмет iстеп жүрген кезiмде, бiрде «Жазушы» баспасына бара қалып ем, дарынды шайыр Бекен Әбдiразақов ағамыздың әйелi, «Мектеп» баспасының белдi қызметкерi Қазына апамыз қолымнан тас қып ұстап алды да, зорлағандай ғып өз кабинетiне әкелдi. Iшке кiрсем, көзiлдiрiгiнiң шынысының дөңестiгi төңкерiлген қазандай, бiр ақсары қыз майда әрiптермен терiлген әлдеқандай қағазға шұқшиып отыр екен. Оның арқа жағында домбыра тұр. Апамыз орнына отырар-отырмастан әлгi ақсары қыздың ән айтатынын баяндап өттi.

Сол екен, кѳзілдірігінің әйнегі тѳңкерілген қазандай әлгі ақсары қыз алдындағы қағазды ысыра салды да, домбырасын қолға алып, Арқаның неше алуан сырлы әндерін, ал кеп, аңыратып берсін! Соны кѳріп, мынадай ѳнерлі жанның қансыз-сѳлсіз қу әріпті кеміре-кеміре қатып-семген кәрі қақсалдар ғана қызмет ететін, ѳнер атаулыдан аулақ жатқан мынадай баспада жүргеніне қайран қалдым. Ізінше жѳн-жобасын сұрастыра келе, оның қызылжарлық, белгілі жазушы Зейнелғаби Иманбаевтың қызы екенін, Алматыдағы ѳнер және цирк студиясын бітіргенін, амалы жоқтықтан, баспада кіші редактор боп жүргендігін білдім. Содан кѳп ұзамай бір ретін келтіріп, студияға жарты сағатқа Алтын Иманбаеваның жеке орындауындағы телеконцертті жаздым. Алтынның ѳнердегі үлкен старты болғандай оны эфирде біраз уақыт қайталап бергіздім. Аздан кейін ол Қазақ радиосына қызметке ауысып, ѳзінің әншілік ѳнерімен қатар, қабілетті жорналшы екендігін де кѳрсете бастады. Бүгіндері оның ѳнер мен журна­лис­тикадағы ѳткен жолын ойша шолып қарап отырсам, қабілетті жанның екі саланы да жақсы алып жүргендігін кѳргендей болам. Ең басты айта кетерлігі, Алтын Арқа әндерінің сыршыл сазын бойына жастайынан сіңіріп ѳскен, халықтың қалың ортасынан шыққан лирик әнші. Бұл арада мына бір жағдайды ескере кеткен жѳн. Бізде Кеңес заманының салтанат құрған алғашқы кездерінде, Еуропа ѳнерін әсіре ұлықтаудың салдарынан, оған еш қатысы жоқ, орындау үрдісі де, мелосы да мүлдем жақын­дамайтын аз халықтардың вокалын сол стандартқа зорлап жақын­дату, басқаша айтсақ, қаймағы әлі бұзыла қоймаған ѳнердің табиғатын белден басып, оны бұзып, «еуропаландыру», «орыстандыру» үстем бол­ған еді. Бұған, біріншіден, сол кездері консерватория білімін алып, маман­данбаған әншілеріміздің бол­мағаны әсер етсе, екіншіден, қай жерде бір кѳзе алтын­ның тѳбесі кѳріне қалса, сол жерге топ ете қалатын, қазақ түгіл, орыс халқына да еш қатысы жоқ, «интерна­цио­нализмді» ѳтірік ұран етіп ұстан­ған, әлдеқандай келімсектердің қаптап кетуі де зор әсер еткен еді. Оған енді тілі жақын­дау болғанымен, мәдени үрдісі де, салт-санасы да, тұрмыс-тіршілігінің қалпы да мүлдем алыс жатқан, тек қана «түркі» атауын жамылған әлдеқандай елдердің ѳкілдерінің үстемдік етуін қосып кѳ­ріңіз! Қысқасы, біздің мәдени ѳмірімізде Брусиловский мен Хами­дидің ізбасарлары билік құрып, қазақ халқының мелосы мен орындау үрдісін шетқақпай ете бастады. Соның нәтижесінде не қазақ емес, не орыс емес, Еділ бойының сандуғашының сайрағанын салам деп әлекке түскен, қазақ даласының бозторғайынан хабары да жоқ, сайын саһарамыздың самалының ыссы лебі бойларына сіңбеген әлдеқандай әулекі әншілер асқақтата дәріптелді. Қазірде де сол. Оның есесіне халқымыздың ғасырлар бойы кѳздің қарашығындай етіп сақтап келген ән айту үрдісін ұстанған Ж.Омарова, Р.Есімжанова, Р.Қой­шыбаева сияқты нағыз тума таланттар қолдан шеттетілді. Брежнев заманында олар мүлдем ұмыт болды. Тек қана ұлт саясатының бір кѳрінісі ретінде ѳз-ѳзін домбырамен сүйемел­деп айтатын әншілердің үрдісі жал­ғастырылған болды. Ол да, кѳп жағ­дайда, сыртқы декорация, шырайсыз шымылдық ретінде ғана ұсталын­ды. Оған қоса бізге әлі де онша таныс емес эстрада ѳнерін мүлдем теріс, тайыз, дүмшелікпен түсінудің салдарынан, қазақ мелосына мүлдем жат сорақы жағдайлар сахнадан түспей қойды. Басқаша айтқанда, «шыб­жыңдаған шібіштер» мен «шошаң­даған шайтандар» ұлт вокалының быт-шытын шығарды. Үлкен-үлкен ресми концерттерге халқымыздың бұрын-соңды үрдісінде болмаған, қазақ топырағында бастауы да жоқ, белькан­тоға еліктеп, ауыздарын дѳңге­лете ашып ән салатын, бет-ѳңінен ұлтының репеті де байқал­майтын оңаза опера әншілері мен есерсоқ эстрадашыл­дардың дүңкіл­деген дәуірі басталды. Ресми атақ та, үлкен-үлкен сыйлық пен неше түрлі шылдырмақ та соларға берілді. Сол тұстары «сәбет халқын» жасаймыз деген ѳрескел талап, одақ­тас басқа мемлекеттерге қара­ғанда, қазақ мектептері жаппай жабылып, ел ана тілін ұмытып, орыс тіліне кѳше бастаған Қазақстанда адам айтқысыз қарқынмен салтанат құрды! Бір сѳзбен айтқанда, сол кездері қалай орысша білмесең, үлкен қызметке тұра ал­майтының сияқты, ұлт вока­лының үрдісін ұстансаң, солайша шетке шығып қалатының анық бола бастаған да еді. Міне, осындай қолайсыздау кезеңде ѳнер табалды­рығынан ат­тағандарды, бір тараптан, онша айыптай қою да қиын. Мұндай жағдайда ретін тауып ұпай жинап қалуға тырысатын, ауызды­ғымен алысқан, арқырағыш азбан сияқты айғайшылдар мен ұраншылдар емес, нағыз отаншылдар керек. Ал ондай ѳрелі жандар Бағдат шаһарының кейінгі замандарға зәру болар зергерлеріндей үн-түнсіз жұмыс істейді. Алтын да сондай бола білді. Ол орындаған «Маңмаңгер», «Жалғыз арша», «Үшқара», «Әпитѳк», «Сырымбет», «Әупілдек», «Майдақоңыр», «Перуайым» және де басқа Арқа елінің әндері ѳздерінің алғашқы қаймағы бұзылмаған қалпында кѳрінді. Оның орындауында сол кездері оркестрдің сүйемелдеуіне сүйеніп, ауыздарын арандай ашып, тіл мен кѳмейін кѳрсетіп, арылдай жѳнелетін қолайсыз нәрсе мүлдем жоқ. Жалпы қазақ халқының бұрынғы әншілеріне дыбыс шығаратын аппаратты қалың кѳпшілікке бадырайтып кѳрсететін антиэстетизм мүлдем жат болатын. Алтын да осы шартты табиғи түрде ұстанған. Оның сызылып шыққан даусында жұмсақ тембр, құлаққа жағымды үн, орнымен қолданылған мелизмдер бар. Кей-кездері қашаннан «арқалы әншінің қолғанаты» деп түсінілген қара домбыраның қызметі сәл-пәл оралымсыздау, икемсіздеу боп шығып жатқанына қарамастан, сыршыл дауыс тыңдаушыға басқаша түрде әсер етеді. Ол ѳз ата-баба­ларының ән айту үлгісін кѳрген­дей, нағыз қазақы «қара дауысты» тыңдап отырғандай бір әдемі әсерде болады. Ал қандай да болмасын, ұлт ѳнерінің негізгі сиқыры да, ерекшелігі де дәл осында жатыр. Мен бұл арада дикция жағын айтқым да келмейді, ол Алтынның жаратылысында әзәлынан жетік, кемел. Басқаша айтқанда, оның «орыстанып» кеткен «операшылдарымыздай» боп, «і-нің» орнына «и-ді», «ѳ-нің» орнына «о-ны», «ә-нің» орнына «а-ны» аңырай созатын, Еділ бойының бұлбұлдарына бойсұнып, есіре еліктеп, шиқылдай жѳнелетін шалағайларымыздай болмайтыны да сондықтан. Бұл жерде оны нағыз ұлт әншісі етіп кѳрсететін тек қана ѳзін ѳзі домбырамен сүйемелдеуі де немесе бұраңбел ғып көрсететіндей қосетекті, бүрмелі ақ кѳйлекті киіп шығуы да емес (әрине, олардың да атқаратын ѳз қызметі бар,– Б.А.), таза, еш қоспасы, ешқандай да «синтезі» жоқ, мұнтаздай қазақы жан дүниесінде жатыр. Басқаша айтқанда, ол басқа тілде емес, тек қана қазақша ойлайды, не нәрсені де шынайы қазақы жан дүниесімен ғана қабыл алады. Осындай бір тұста, кейде, менің басыма Алтын татардың «Тәф­тиләуін» орындаса, не болар еді деген ой түседі. Әрине, «Тәфтиләу» татари «тәфтиләу» болмай, нағыз қазақы «қатты илеу» боп шығар еді. Мұның түп негізі музыкалық инстинкте, руһани ген мен нәсілде жатыр. Бұған керісінше, біздегі «татарилар» қазақ­тың халық әндерін орындағанда, мен олардан Сарыарқаның ыстығын емес, Қама бойының қаһарлы ызғарын сезіп, орманды аймақтарға барып қайтқандай болам. Турасын айтқанда, қанша тырысқанымен, ол орындаудың барлығы да қазақы емес. Оның есесіне Ж.Омарова мен Р.Есімжанова орын­даған әндерді тыңдай қалсам, қазақы ауылдың ажарлы қыздары сахнаға шыққандай жатырқамай қабыл алам. Алтын да сондай. Мұның екінші бір басты себебі, Арқа әндері – Алтынның ѳз жаратылысы, ѳз та­биғаты, ѳз стихиясы. Ал адам баласы әзәлдә нәсіліне берілген қасиет­терден ѳмірі арыла алмайды. Ол тіпті мүмкін де емес. Жалпы одан құтылам деп тыраштанып жатудың қажеті де жоқ. Бұны, қара­пайым тілмен айтсақ, қарға бұлбұлша, бұлбұл сауысқанша сайрай алмайды. Үйтуге олардың қай-қайсысының да дыбыс шығаратын аппараттары сәйкес келмейді. Ал біз мұндай ѳрескел жағдайдан қорық­паймыз. Шырқап салар даусымыз бар екен деп, үрдісі, салт-санасы т.б. қандай халық екен­дігіне қарамастан, ѳзімізді қолдан қинап, тілімізді бұрап, сол жаққа қарай икемделіп, әртүрлі елдің әнін сал­ғанды озаттық пен жетістік кѳре­міз. Осы тұрғыдан алғанда, ѳз басым Алтынның «Ах, Самара-городокты» айтпағанына іштей шүкіршілік етем. Оның «Ах, Самарасы» – Сарыарқа! Сол Сарыарқада сайран салған сал-серілердің әндері! Бұл жағынан ал­ғанда Алтын, әнші ретінде, басқа қатарластарынан бѳлекше тұр. Бұған оның Қазақ радиосының алтын қорында жатқан жүзден астам әні бірден бір дәлел. Әрине, бұл арада жалпы музыкада сәл-пәл бір жақтылау монодиядан гармониялық ойлауға кѳшіп отырған заманда, бір ғана домбырамен ѳзін ѳзі сүйемелдеудің кѳп жағдайда «әншінің оншалықты қол­ғанаты» бола бермейтінін, кей кез­дері оның дауысты барынша табиғи етіп, түу тереңнен шығаруға келгенде кедергі келтіретінін, кѳп ретте ән­шінің вокалы мен музыканттығының тең түсе қоймайтынын, жалпы замана ѳте келе вокал мен аспапта орын­даудың бір бірінен енші алыс­қанын айта кеткен жѳн. Мұны басқаша айтсақ, жеке домбыра мен оркестрдің сүйемел­деуімен орындалған халық әнінің ажары да, етер әсері де, мелодияның естілуі де мүлдем бѳлек. Осы жағ­дайды Алтынның ѳзі де сезетін сияқ­ты. Ол бірнеше халық әнін оркестрдің сүйемелдеуімен де орындады. Сол екен, жаңа ғана Сарыарқаның сары алтынындай боп кѳрініп тұрған Алтын, аяқ астында Қызылжардың күміс реңкі басымдау басқаша бір гәуһарына айналып кеткендей боп байқалды. Әрине, бұл халқымыздың домбырамен сүйемел­деп ән айту үрдісін тәрк ету деген сѳз емес. Керісінше, оны жаңа заман дәстүрімен жалғастыра, ұштастыра білу керек деп түсінген жѳн. Алтын дәстүрлі әнші бола жүріп, музыка журналистикасы саласында да кѳп шаруа тындырды. Әсіресе оның радиохабарлары, радиоконцерттері мен радиосұхбаттары білімдарлығын, ѳзек етіп отырған нысанын жақсы білетіндігін, баяндау мен сұрақ қоярда такт сақтай алатындығын, автор мен сѳзге тиек боп отырған кісінің арасындағы кѳзге кѳріне қоймайтын шекарадан аспайтындығын, оны кѳп ретте сездірмейтіндігін, жалпы мәдениетінің жоғарылығын тайға таңба басқандай етіп кѳрсетеді. Бұл – бір. Екіншіден, осы радиохабарлардың ауқымы қандай кең десеңізші! Оларда қазақтың атақты-атақты азаматтарынан бастап бүгінгі танымал боп жүрген ѳнерпаздарымызға дейін қамтылған! Осы арада сұңғақ бойлы талдырмаш қыздың радионың салмағы бір түйеге жүк боларлық диктафонын арқалып жүріп, сонау С.Мұқанов, Ж.Елебеков, Ш.Қал­­даяқов, М.Маңғытаев және бас­қалардың сѳйлеген сѳздерін қалай жазып үлгеріп алғанына қайран қаласың! Кеше ғана арамызда болған, бәріміз кѳріп, амандасып, тілдесіп жүрген олар бүгіндері өш­пес тарих, өлмес шежіре сияқты бѳлекше бір әсер етеді. Сол хабарларды қайтадан тыңдап отырып, ѳткен заманның рухын, лебін сезгендей боласың. Бүгіндері Қазақ радиосының «Алтын қор» дейтін арнаулы бѳлімін басқарып отырған әрі әнші, әрі радиожорналшы Алтын Иманбаева ән айтуын азайтса да, музыканы дәріптейтін, насихаттайтын радиохабарлар жасауын азайтқан жоқ. Бұл оның табиғатына сіңген қасиет. Оның орындаған қай әні де, жасаған қай радиохабары да ұзақ ѳмір жасайды. Бұл жағынан алғанда, қазақ халқының перзенті ретінде ѳз парызын әл-қадарынша атқара білген Алтынды, ѳз арамызда әзілдеп айтуымызша, «сары алтындай» Алтын Иманбаеваны, нағыз Арқаның алтын аруы бола білді деп айтуымызға әбден болады.
Бегiлдә АЛДАМЖАР