Жаңалықтар

ЗАҢСЫЗ ТАУАРЛАР ТӘРКІЛЕНДІ

ашық дереккөзі

ЗАҢСЫЗ ТАУАРЛАР ТӘРКІЛЕНДІ

Салықтан жалтарғандардың кесiрiнен бюджетке қыруар шығын келiптi. Кеденнен тауарларын заңсыз жолмен өткiзем деп аузы күйгендердiң үстiнен бүгiнде қылмыстық iс қозғалған.

Алматы қалалық прокуратурасы мен «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ-ның Қазақстан аумағында бірігіп өткізген контрабандалық жолмен елге тауар әкелу шарасына қарсы күресінің нәтижесінде шұғыл іздестіру шаралары ұйымдастырылыпты. Тексеру нәтижесінде құқық қорғау қызметкерлері Түркияның халықтық сұранысқа ие заттарын елімізге әуе жолы арқылы заңсыз кіргізетін тәсіл бар екендігін ресми түрде дәлелдеді. Осыған орай, 2012 жылдың 5 наурызында Алматы қаласы прокуратурасының қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы «Жетісу» кеден бекетінде жүргізген тексеру барысында кедендік тазарту және жүктің кедендік деклорациясына сәйкес келмейтін әуе көлігі арқылы жеткізілген тауарлардың ішкі сауда айналымына енгізілгені анықталған. Мәселен кедендік деклорацияда «керамикалық плита» деп көрсетілген заттың орнына тұтынушылық сұраныс жоғары киімдер мен аяқ киімдер шыққан. Аталған тауар Алматыға Стамбұлдан жеткізіліпті. Мемлекетке келген шығынды есептесек, 1 көліктегі тауарға 326 990 теңге төленсе, шын мәнісінде 1 243 943 теңге төленуі тиіс болатын. Қазақстан Тауар-Өнеркәсіптік палатасының есептеуінше, мұндай көлемдегі тауарға төленетін салық 20 727 638 теңге болуы тиіс. Бірақ төленген сома 20 есеге аз, яғни небары 326 990 теңге… Прокуратура қызметкерлерінің мәлімдеуінше, осы мәселеге орай ҚР Қылмыстық кодексінің 209-бабы 2-тармағына сәйкес, қылмыстық іс қозғалып, тексеру жалғасуда.

Салықтан жалтарып, мемлекеттік бюджетке қыруар шығын келтіргендер арасында букмекерлік қызмет көрсетушілер де бар. Ресми деректер бойынша Алматы қаласындағы букмекерлік қызмет көрсету орындарының жалпы саны 89 деп көрсетілгенмен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексеру нәтижесінде олардың саны 251 екенін анықтады. Салық және ойын автоматтары туралы заңдардың сақталмауы салдарынан кейбір жекелеген кәсіпкерлер пайдаға шаш-етектен кенеліп отыр. Есесіне, салық ретінде жергілікті бюджетке түсуі тиіс қаражат базбіреулердің қалтасында кетеді. Осындай заң бұзушылықтарды негізге алған қалалық прокуратура қызметкерлері мен Салық департаментінің өкілдері бірігіп, Алматыдағы 22 букмекерлік қызмет көрсету орындарын тексеруден өткізгенде ҚР Салық кодексінің 574, 645-баптарының талаптары бұзылғандығы анықтап, осыған байланысты 29 әкімшілік іс қозғалды.