ХАН АБЫЛАЙ, ХАН БАТЫРЫ ҚАБАНБАЙ туралы жазба дерек не дейдi?
ХАН АБЫЛАЙ, ХАН БАТЫРЫ ҚАБАНБАЙ туралы жазба дерек не дейдi?
Өткен 2011 жылы Абылай хан дүниеге келгендігінің 300 жылдығы, сол Абылай хан атасының жолын жалғастырған хан Кененің хан сайланғандығының 170 жылдығы еді. Өкінішке қарай, осы бір ірі тарихи оқиғалар қазақ елінде пәлендей үлкен салтанатпен аталған жоқ.
Есесіне, Абылай хан мен Қабанбай батырдың өміріне Қытай қаламгерлері қызығып қалды. Олар: Абылай мен Қабанбай Қытай елінің тарихи жауы – жоңғарларды жоюда шешуші рөл атқарған деп қарап, таяуда «Қазақ батыры – Қабанбай» деген қытай тілінде жазылған киносценарий жазып бітіріп, маған көрсетіп, оны өңдеу жөніндегі пікірімді алып кетті. Қытайдың Іле аймағында Қабанбай шыңы дейтін шың бар, биіктігі – 4257 метр. Бүкіл қазақ жерін жаудан тазартқан Қабанбай батырға Қазақстан бір ауданының атын қимай отырғанымен, анау шығыстағы алып ел өзінің үлкен бір тауын Қабанбайдың атында атап, сол таудың етегіндегі екі ауданға екі жерден Қабанбай ескерткішін орнатып отыр. Ал мұндағы қазақ елі мен қазақ қаламгерлерінің бұл туралы не айтып жатқаны өздеріңізге белгілі. Кейбір қаламгерлер: «Қазақ халқы ешқашан да жоңғарлардың езгісінде болған жоқ…», – деп бұра тартады. Бұл арада орыстың тарихи архивтерін ақтарып отырып, Абылай хан мен Қабанбай батыр туралы шындыққа сай көлемді мақала жазған профессор Болатбек Нәсеновке айрықша алғыс айтқымыз келеді. Ол 1740 жылы 25-28 тамыз аралығында Ресей патшасының елшісі Орынборда Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан аралығындағы диалогтарға негізделіп, қазақ хандығы мен Ақ патшаның терезесі тең мемлекеттер ретінде сұхбат құрғандығын, әсіресе осы сұхбатта Абылайдың нағыз ханға біткен қайсарлық, табандылық арқылы ерекше көзге түскендігін, Абылайдың сонау 1742 жылдардан бастап қазақ ханы болғандығын Қытай мемлекетінің де мойындағандығын архив деректеріне сүйене отырып баяндайды. Сол қатарда ол 1752 жылғы Абылай ханның жоңғарға қарсы қайтарма соққы беру жөніндегі Көкшетау кеңесіне Бөгенбай мен Малайсары батырдың келмегендігін, Абылайдың Қабанбай батырды жоңғарларға қарсы соғыстың бас қолбасшысы етіп тағайындағанын сол архивтердегі жазба деректер арқылы анықтағандығын да айтады («Ана тілі» газеті, 2012 жылы, 26 қаңтар). 1750 жылдардан бұрын ерен ерлік көрсеткен Бөгенбай мен Малайсарының кейінгі кезде аты шықпай қалуы бәлкім осы оқиғаға байланысты болар. Бұл деректер Қытай деректерімен де сәйкеседі: «Жоңғар хонтайшысы Ламадоржы 1750-1753 жылдары қазақ хандығына шабуыл жасады. Абылай бастаған қазақ қолы Ламадоржының әскерімен қиян-кескі соғыс жүргізді… 1753 жылы Ламадоржы жеңіліп, оның орнына Дауачи хонтайшы болды… жоңғарлардың өз ішінде алауыздық туылды… осы орайды пайдаланған қазақ қолбасылары тұс-тұстан шабуылға өтті… Абылай хан 1754 жылы қазанда Дауачидың орталығы Іле өңіріне дейін жорық жасады, 10 мыңнан астам адаммен Бұраталаға келіп тиісті… Дауачи әскерінің Іле өңірінде сақталған астық, торғын-торқа қоймасын талап алды… талаудан қалған ат көлікті Дауачи Текеске алып қашуға мәжбүр болды… 1755 жылы ақпанда Дауачи қазақ хандығына қарсы тағы жорық жасады, қазақтар қайтарма шабуылға өтіп, ойсырата жеңді… сол жылы жоңғарларды тыныштандыруға шыққан Ежен ханның әскерлері Дауачидің қалған жасағын талқандап, өзін қолға түсірді… 1757 жылы жоңғарларды тыныштандыру аяқталды. Бұған Абылай хан елеулі үлес қосты… («Қазақтың қысқаша тарихы», Үрімжі, 2009 жылы, 372-373 бет)». Өкінішке қарай, кейбір Қазақстан тарихшылары осы фактілерге мүлде көз жұмып, жоңғарларды өздігінен жойылған немесе оларды қытайлар жойған деп тұжырым жасайды. Кейде Әмірсана бастаған ойраттар оларды жоюға қатынасқан деп кейбір тарихи негізі жоқ нәрселерді көлденең тартады. Тіпті Абылай хан туралы дұрыс тұжырым жасаған профессор Болатбек Нәсенов те: «1757 жылы Абылай 10 мыңдай сарбазбен Қашқария жерінде (бір миллион қалмақты қытайлар қырғаннан кейін) қалған торғауыттарды қырды…» – деп тұжырым жасайды. Біріншіден, Абылай хан Қашқария өңіріне бармаған, оның 10 мың қолды бастап барған жері Іле-Бұратала өңірі. Екіншіден, Абылай бұл өңірге 1757 жылы емес, 1754 жылы қазанда шабуылдап барып, Дауачидың Іле өңіріндегі қоймасына сақтаған астық және басқа қазына мүліктерін талап әкелген. Оның үстіне ол өңірде бір миллион қалмақ болмаған, оның нақ саны небәрі екі жүз мың ғана еді. Абылайдан қашып Текестің Гыдңсан деген тауына барып паналаған Дауачиды Манчың әскерінің 47 сарбазы барып тұтқындағаны анық уақыты бойынша жазба дерекке түскен. Жоңғарларды қытайлар емес, Абылай бастаған қазақ қолы жеңіп, оны өзінің шыққан апаны – Ілеге дейін өкшелей қуып, онан ары Текеске қарай қашқанын қытайдың Орда естеліктері де дәлелдейді: «Қазақ жасақтары Дауачи жеріне келіпті. Бұған қарағанда Дауачидың күші әлсіреп, жоңғарлардың үстемдігі құлайын деген екен. Егерде дереу әскер аттандырмасақ, қазақтардың жол ортадан пайда тауып кететіндігі сөзсіз…» – деп («Чиң патшалығы Гаузұңның орда естелігі», 181-бөлім, 7-бет) 1722 жылдан жоңғарлармен болған аралықтағы бітім бойынша Баркөл өңірінде екі жолбарыстың шайнасқанын сырттай бақылап отырған Манчың әскерлері 1755 жылы 1-ші айда Баркөл және Ұластай бағыттары бойынша жорыққа аттанып, сол жылы 4-ші айда Бұраталада бас қосады. Сол аралықта Манчың әскерлерін сол жерге бастап әкелген екі адамның бірі – Әмірсана хан тағына отырмағанына наразы болып, Манчың әскерінің өзіне қарсы шығады да, ол жерде тұрақтай алмай кешегі өзінің ата жауы қазақ жерін паналамақ болып, Абылайға келеді. Бірақ Абылай оны қолдамайды: «Абылай ханның жауыз Әмірсананы қолдамауы алқауға татырлық іс… сендер, қазақтар, біздің патшаға бағынасыңдар ма, бағынбайсыңдар ма, оны өздерің белгілейсіңдер…» («Манчың-Қазақ қатынасына қатысты 100 құжат», 27-бет). Осылайша Әмірсана қазақ жерінен пана таба алмай ақыры орыс жеріне – Тобылға барып, 1757 жылы 9-шы айдың 21-ші күні 35 жасында шешектен өледі. Сол Әмірсананы қуғындау кезінде Манчың армиясының шағын топтары қазақ жеріне бірнеше рет келеді, мұны Абылай хан дипломатиялық жолмен шешіп отырады. Біз көрген жазба дерекке қарағанда, екі арада қанды қақтығыс тумағандығы аңғарылады. Осылайша Абылай хан 1757 жылы 6-шы айдың 7-ші күні Аякөзде манчың армиясының әскербасыларын қабылдап, сол жерде Манчың, жоңғар, қазақ – 3 жақтың бірлескен «Мамырсу бітімі» жасалады. Бұл өткен жылы Қасабай батыр кесенесі тұрғызылған жер. Құрбанғали Халиди жазбаларында бұл бітім «Хандыжап бітімі» деп жазылған. Қабанбай батырға қатысты жырлардағы: «Айқастың Доржыменен Алакөлде, Шығардың жауды қуып сары белге, Ханды өлтіріп, жеңісті қолға алдың – Хандыжап қолға түсіп болды «пенде», – деген жыр жолдары сол оқиғаларды меңзесе керек. Сол 1751-1755 жылдар аралығында жоңғарларды қазақ жерінен бір жолата аластау кезінде болған сұрапыл соғыстар туралы, сол кездегі Қоңыр әулие шайқасы, Шорға шайқасы, Шаған шайқасы, Алакөл шайқасы және соңғы реткі шешуші шайқас – Алатау сағасы бойында жүргізілген сұрапыл шайқастар туралы айтылатын жыр-аңыздардың шындығын жоғарыдағы жазба деректер дәлелдеп отыр. Жоңғарлар қазақ жерінен аласталғаннан кейін Аппастың орнына Жаппас келіп қонбақ болып, Қоқан феодалдарының желіктіруімен қырғыз манаптары ежелгі Тараз, Алматы өңірін басып алып, Арқа жеріне ауыз салады. Қабанбай батырдың немерелес туыстары болып келетін Арыс (Қарақұрсақ) ауылын тұқымға тұяқ қалдырмай қырып, мал-мүлкін шауып әкетеді. Осыған қатуланған Қабанбай батыр атқа қонып, қайтарма шабуылға дайындалады. «Арысын қырғыз шауып кеткеннен соң, қан құсты қайғылы боп ер Қабанбай..» – дегенді естіп, қазақтың Абылай хан бастаған 40-тан астам батыры атқа қонып, қазіргі Талдықорғанның Сарыөзек деген жерінде «Қабанбайдың қара шоқысы» атанған төбеде бас қосып, ең әуелі Алматы өңірін басқыншылардан аластайды. Бұл соғысқа ұлы жүздің Наурызбай, Райымбек, Өтеген батыр бастатқан Егей ерлері де белсенді ат салысады. Бұл уақиға Қытай жазбаларына: «Бұраттар (қырғыздар) 1766 жылы қазақ еліне арт-артынан 3 рет шабуыл жасады… Абылай қолы Калабадан деген жерде бұраттармен соғысты. Қырғыздардың ер-әйелі, мал-мүлкі талауға түсті. Бұраттардың Әтеке бастатқан адамдары Талас деген жерге дейін қуып келген еді. Бірақ күйрей жеңілді. Мыңнан артық адамы өліп, мыңнан артық адамы тұтқындалды, олардың арасында қыруар елбасылары бар. Сөйтіп қазақтар өш алу үшін бұраттардың ойран-топырын шығарды («Чиң патшалығы Гаузұңның орда естелігі» 985 бөлім, 28-бет)», – деп түскен. Абылай бастаған қазақ қолы қырғыздарға екі линия бойынша қайтарма шабуылға өткен. Қабанбай батыр мен Райымбек батыр бастаған қалың қол Қытай жақтан келіп соққан. Сол реткі Қабанбай қолының Қытай жақтан өткен жорық іздері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Ол өңірдегі Қабанбай батыр шыңы, Аттың тауы, Тесік қарауыл тауы, Қубас аттың тұяғының ізі, жыр-дастанға айналған Жүрек жота хикаясы, т.б. бәрі де сол реткі жорықтан қалған іздер. Халық аңызы бойынша Қабанбай шоқысымен іргелес жатқан тағы бір ірі тау шоқысы – Әулиенің шоқысы деген шоқы сол рет Райымбек батырдың бекініс жасаған жері екен. Бұл уақиғалар туралы белгілі қазақ ақыны Дәулетбек Байтұрсынұлы тамаша жыр-толғау жазғаны жұртқа мәлім. Ал, Абылай бастаған қалың қол Қордай жақтан қайтарма шабуылға өтіп, шығыстан келіп соққылаған Қабанбай қолымен Қытай деректеріне «Калабадан» деп түскен өңірде Абылай қолымен тоғысып, «бұраттардың ойран-топырын шығарған…» Бұл жер кәдуiлгі Қарабалта деген жер еді. Қытай деректеріне 1766-1768 жылдар аралығы деп түскен бұл дерек Шоқан Уәлиханов еңбектерінде 1770-ші жылғы уақиға деп түскен: «1770-ші жылғы Абылай жорығының даңқы күшті болған. Ұрысқа қырғыздардың оңы мен солы түгел қатынасқан. Солты мен Саяқ руы талқандалып, атақты Жәйіл батыр өлтіріледі де, бұл соғыс «Жәйілдің қырғыны» деп аталады. Бұғы руын Ыстықкөлде қиратып-тонап алады. Алатау қырғыздарының Әтеке жырық батыры да, басқаларда сонда болады… Тоқаштың Қаратөбесі қайсақтардың топталып, ту тіккен жеріне айналады. Алатау қырғыздары жантүршігерлік қырғынға ұшырайды. Шоңбағыш руынан тек екі ауыл ғана, Шоңталқан тармағынан не бәрі 40 кісі ғана аман қалады. Жәйілдің қызы, Әтекенің әйелі Бикемжанның жоқтауын қырғыздар осы күнге дейін жырлайды (Бұл Қабанбай батыр жырында Ақбас атан жетектеп келіп Қабанбайдан әкесінің сүйегін сұрап алатын әйел – З.С.). …Осы ұрыстың нәтижесінде Көкшетауға бітім сұрап, Алатау қырғыздарының Барша руының уәкілдері барады…» (Шоқан Уалиханов «Таңдамалылары», 159-160 бет). Ол кезде қырғыздар Шоқан Уәлиханов жазғандай сондай мүшкіл халде тұрса да, олардың кейбір зерттеушілері Әтеке жырық тірі қалған, қырғыздар қазақ батырларының бас сүйегінен мұнара тұрғызған, шанышқылы Бердіқожа батырды кескілеп өлтірген, т.б. деп шіренетін көрінеді. Біздіңше бұл сөздер намыстан туған нанымсыз негізсіз байбалам екендігі өздігінен түсінікті. Құрып кетуге шақ қалған халық сонау Көкшетауға шапқылап, Абылай ханнан бітім сұрап, тентіреп жүрген жағдайда олар қазақ батырларының басына қайда жүріп «Калламұнара» тұрғыза алсын? Олар кескілеп өлтірдік деген бердіқожа батыр ұзақ жыл Қабанбай батырдың қасында болған әрі оның Қабанбай батырға арнаған сыбызғы күйлері Қытайда нотаға түсірілген… Оның сүйегі Арқа жерінде жатқандығын Мәшһүр-Жүсіп айрықша атап жазған. Ал Жәйіл батырдың қызы, Әтеке жырықтың әйелі Бикемжанды кейін Қабанбай батырдың немерелес інісі Тоғас Байбарақ батыр алғандығы мәлім. Құдайберген атты бір ұлмен келген Бикемжан анамыз кейін Байбарақтан Башық деген ұл көрген. 1790 жылдары Байбарақ дүние саларда «Есіл-Нұра бойында жатқан ағамыз Қабанбай батырдың қасына барып жатам» деген өсиеті бойынша оны қазіргі Қабанбай кесенесі еңсе көтерген жерге апарып қойған сол Башық атамыз екен. Қазір Ақсуаттың Шілікті деген жерінде сол Башық ұрпақтарынан 20-30 түтін бар көрінеді. Башықтан туған Додабақ бидің 1908 жылы Сүлеймен бидің асын басқаруы да сол бір ағайындықтың айқын жалғасы болса керек. Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамса», («Шығыстың бес тарихы») атты кітабының қолжазба нұсқасында: «Қабанбай Абылайға сенді. Үшбу Қабанбай Байбарақ деген туғаны ата жұрты деп Есіл-Нұраға алып барып қойғанлар…» деген сөздің көрсетілуіне қарағанда батыр бабамыздың дүниеден өтерінде: «Арқаға арнап бейіт соғып, от орныма қойыңдар» деген соңғы өсиетінің орындалғанын да анық аңғаруға болады. Міне, осы деректерге негізделіп біз елінен, қатын-баласынан айрылған Әтеке жырықты тірі қалды деудің өзі шындыққа жанасбайды деп білеміз. Абылай хан мен Қабанбай батыр қазақ елінің тәуелсіздігі жолында ерлікпен күресіп орысқа да, қытайға да бодан болмай, үлкен қайсарлық танытқаны жазба деректерден лайықты орын алған. Сол себепті Ресей патшасы Абылай ханға өшігіп, Қабанбайды тұтқындамақ болған. Абылай Нұралы хан сияқты орысқа бодан болуға көнбегендігі үшін Ресей құжаттарында: «Абылай өзінің надандығы, тәкаппарлығы немесе қыңырлығынан түсінгісі келмесе, онда оның ұлын жоғары мартебелі сарайға жіберуге рұқсат етпеу жөнінде пәрмен берілді…» («Қазақ тарихынан», Алматы, 2004. 424-бет) делінген. Өйткені олар 1740 жылғы Абылайдың терезесі тең ел қатарында қарым-қатынас жасауы жөніндегі ұсыныстарынан сескеніп, Нұралы хан сияқты айтқанына көніп, айдағанына жүрмегені үшін Абылай ханды Қытайға бодан болды деп әртүрлі өсек-аяңдар таратқан. Іс жүзінде Абылай 1760 жылы Жұмық Құттыбай би бастаған үйірмені қытай патшасына жіберіп: «Ташкент пен Тарбағатай ежелден қазақ жері еді, өзімізге қайтарып берсеңдер…» деген талап қояды. Бұл талап Манчың патшасының Ташкентке жорық жасау үшін Абылайдан ат-көлік, азық-түлік сұраудан келіп туындаған-ды. Нәтижесінде манчың патшасы ташкенге жорық жасау райынан қайтады, бірақ «Тарбағатайға біздің адамдарымыз орнығып болды…» – деп ол жерді бергісі келмейді. Кейін қазақ халқы өз ата мекенін ешкімнен сұрамай-ақ Барқытбел асып, сонау Ерентау, тіпті ежелгі үйсіндердің ата мекеніне дейін керегесін кең жайып, шалқып кете барады. 1778-1779 жылдарға келгенде Ресей Абылайды «орта орданың ханы» деп тағайындап, оны Петрополға келіп, хандықты қабылдауды талап етеді. Қазаққа 40 жыл хан болған Абылай мұны қорлау, деп түсінген болар, ондай мәртебені менсінбейді. Сол себепті олар: «Абылайға жоғары мәртебелі грамота мен хан тағы белгілерін тапсыру үшін Петропол бекінісіне келтіруге бағытталған барлық әрекеттер бос әурешілік болып шықты…» деп өкінген («Қазақ тарихынан», Алматы, 2004. 425-бет). Кейбіреулердің «Абылай қазақтың кейбір жеріне бірнеше жыл ғана хан болған…» – деп жүргені сол Абылай хан алмай, жұртта қалған аталмыш хандықтың кебіні болса керек. Ал, Қабанбай батыр Қытай жазбаларына 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы – яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі 3-ші ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі 4-ші ірі тұлғасы ретінде аталып отырады. Циянлұң патшаның 1760 жылы 25 наурыз күні Қазақ хандығына жолдаған хатында: «Қазақтың Аблмамбет, Аблай, Әблпейіз және Қабанбайларына…» деген есімдердің аталуына қарап біз осындай тұжырымға келеміз.Мұның өзі сол Абылай заманында өткен қазақтың ұлы жыраулары Бұхар, Үмбетей, Саршуаш, кейінгі Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали аталарымыздың Қабанбай батырды бар батырдың басына қойып жырлаған жырларымен және жазба деректерімен бірдей шығып отыр. Профессор Болатбек Нәсеновтің орыс архивтерінен алған деректерімен де сәйкеседі. Оңда былай делінеді: «1760 жылы 20 мамырда Қабанбай батыр Абылай хан атынан Райымбек батырға бұйрық түсіріп, Жоңғарлардан босаған Шығыс өңірге ел қондыруды тапсырған… Әлдекімдер «Бұл барабы татарлардын жері» дегенде Абылай хан : «Ешқандай барабы татар дегенді естімеппін, жер біздікі…» деп кесіп айтқан. Демек халқымыздын ілгерінді-кейінді ата-жұрты – Алтай, Тарбағатай, Іле, Ерентау өңіріне келіп, қоныстануын Абылай мен Бас батырдың орындағандығын осыдан да анғаруға болады. Ал Бейжиңде жарық көрген Қытай тіліндегі «Батыс өңірдегі аз ұлттардың сауда тарихы» атты кітаптың 134-ші бетінде: «Нусанның мәліметіне қарағанда Абылайдың да, Әбілпейіздің де, Қабанбайдың да Манчың үкіметімен сауда қарым-қатынасын орнатуға деген тілегі күшті екен… Абылайдың өзін патшамызбен жүздесуін талап етіп едік, оған ол ұнамады. Інісінің баласы мен бас батырын және солар бастаған елудей адамын жіберетіндігін айтты… 1758 жылы 17 қыркүйекте (әсілінде шілде айында келмек еді) қазақтардың ең алғашқы сауда тоғанағы Үрімжіге келді. Олар: Қабанбай баласы Едіге, інісі – Туматай бастаған 57 қазақ екен. Өздерімен бірге әкелген 380 неше жылқысы бар… демек бас батырдың өзі емес, баласы Едіге мен інісі Туматай келді… біз Едігеден қазақтың бұдан кейінгі мәмілегерлік – сауда жұмыстарының беталысын сұрап едік, оған Едіге: біз қайтып барған соң Абылай, Әбілпейіз, Қабанбайлар ақылдасқаннан кейін белгілі болады деп жауап берді…» делінген. Қытай жазбаларына бұлардан сырт Қабанбай қолының алдыңғы легін басқарып жүрген Жұмық Дәулетбай батыр, Көтеш батыр, Көкжарлы Қалдыбарақ батыр, Қызай Есенгелді батыр, шанышқылы Бердіқожа батыр, ұлы жүз Қонай батыр, Қожаберген батыр, Ханбабасұлтан т.б. ірі тұлғаларда түскені мәлім. Әсіресе, Қазақ-Қытай кеден тарихының жүз жылдық естелігінде ұшан-теңіз материал жатыр. Біздің қолымызға түскен орыс тарихшыларының жазбаларына қарағанда Қабанбай батыр айрықша аталып отырады. Орыс тарихшысы Кузнецовтің 1750 жылдардағы жазбаларында: «Қазақ қолының солтүстік шығыс бөлігін Қабанбай батыр бастап, оңтүстік шығыс бөлігін Абылай бастап жоңғарларды шығысқа қарай тықсырып барады…» – деп жазса, тағы бір орыс тарихшысы Веляминов-Зернов 1752 жылдары Еділ қалмақтары Қытайға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған Қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетіп, жол азық ретінде пайдаланбақ болғанда сол елді қалың қол бастап құтқарып қалған адам қазақтың Қабанбай батыры екендігін жазған. (Мұқтарбек Каримов. «Қазақтың даңықты қолбасшысы Қаракерей Қабанбай» 5-бет, Семей, 2000 ж.). Сол сияқты мынау шығыстағы Керей елі Жәнібек батырдың бастауында өздерінің ата жұрты Алтайға алғаш рет қоныс аударып барғанда ар жағындағы Қобда қалмақтарының ауыр қырғыншылығына тап болады. Осындай қиын-қыстау күндерде сол елді де ауыр қырғыннан құтқарып қалған қазақтың бас батыры Қабанбай екендігін сол елдің үлкен жырауы Ақыт қажы Үлімжіұлы жыр-толғау ретінде жазып кеткен. Сол XVIII ғасырдың 40-шы жылдарында башқұрт елінің Ресей отаршылдарына қарсы күресін ұйымдастырушы Қарасақал (шын аты – Меңдіқұл) әуелі арғын Қазыбек биге келіп паналайды. Ол жерде оған тұрақ болмайтындай жағдайға түскен соң ақыры Қабанбай батырға келіп, сонан пана табады. Бұл туралы бұйрат тарихшысы Ш. Чимидоржиев: «Оны жоңғарларға қарсы күрестің көрнекті көсемі Қара керей Қабанбай батыр қорғап қалған еді…» – деп жазған екен. (Мұқтарбек Каримов «Қазақтың даңқты қолбасшысы Қаракерей Қабанбай» 4 бет). Жоңғарға қарсы күрестің алғашқы жылдарында Қабанбай батыр Әбілқайыр ханмен жақсы өтіскен, әрі ортақ жауға бірге қарсы тұрған. Әбілқайыр ханды Барақ сұлтан өлтіргеннен кейін Қабанбай оның бала-шағаларына да қамқорлық қолын созған: «1748 жылы 20 ноябрь күні Смайыл молла Әбдірнеков дегеннің көрсетуімен жазылған документте Қабанбайдың Әбілқайырдың жесіріне көмектеспекші болғаны жазылған…» (Б. Әбілқасымов. «Қабанбай батыр», 2005. 21-бет). Өкінішке қарай, қазақ халқының азаттық күресіне осыншама адал еңбек етіп, отаршылдыққа қарсы күреске қамқор болған Қабанбайға орыс отаршылдары мен оның қолшоқпарлары қатты өшіккен. «1750 жылы 18 январь күні Нұралы ханның Орынбор губернаторы И. Неплюевке жазған хатында: «Егер Орынбор жағына өте қалса Қабанбайды немесе оның балаларын тұтқындау керек…» деген жарлық түсірген (Б. Әбілқасымов. «Қабанбай батыр» 2005 жылы, 21-бет). Өз өмірінде: «Қазақ жерінің шығысы – Кеңсу, Тарсу, батысы – Қеңтүп, Тартүп, елдессең шетім – Ерентау, елдесбесең болдың жау» деп өткен ұлы қолбасшының айбыны жоңғарларға да ғаламат болған тәрізді, сонан болар «Қаракерей Қабанбай атқа мінді дегенде жұртыңды тастап қаша бер…» деп мәтелдеп, Қабанбайды ауызға алғанда тітіреп тұратындығын Байынғұлын қалмақтары осы уаққа дейін аңыз ретінде әңгімелейді екен. Мейлі Абылай ханның ұрпақтары болсын, мейлі Қабанбай батырдың ұрпақтары болсын, бабаларының ерлік рухын ту етіп, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырған. Абылай ханның 3-ші ұрпағы Кенесары (1802-1847) орда бұзар 35 жасында 1837 жылы орыс отаршылдарына қарсы көтерілісті ұйымдастырады, сонан сол көтерілісті 10 жылдай жалғастырып, 1847 жылы ерлікпен қаза болады. «Найман шежіресі» атты кітапқа түскен деректерге қарағанда мынау шығыстағы найман қолының Кенесарыға барып қосылуына арадағы кейбір қазақ рулары кедергі болғандығы мәлім. Сол себепті хан Кененің өзі: – Ойда қоқан, қырда орыс, Хакім болды қаласы. Кімнен таяқ жегендей, Біздің қазақ баласы. Алдырып жүрген дұшпанға Өзі-өзінің аласы, – деп жазғаны сол шындықты аңғартады. Сол жылдары Қабанбай батырдың 3-ші ұрпағы Әділбек батыр (1820-1866) мен 4-ші ұрпағы Сүлеймен би (1841-1905) мынау шығыстағы алып патша Манчың патшасының өзбырлығына қарсы атақты Байжігіт көтерілісі деген көтерілісті ұйымдастырып, Қытайдың Тарбағатай аймағына билік жүргізіп тұрған Манчың ұлықтарын қаладан қуып шығып, оларды сонау Үрімжі іргесіндегі Құтыби-Манас өңіріне дейін өкшелей қуып». Сол жерде 4-5 жыл хандық құрады. Бұл кезде Қабанбай әулетінен Мәмбет Отыншы би хан тағына отырып, Қабанбайдың 3-ші ұрпағы Әділбек батырмен Жұмық Қоңыз батыр бас сардарлық міндет атқарады. Бұл да Әділбек батырдың орда бұзар отыз жастар кезі еді. Кейін Әділбек батырдың ісін баласы Сүлеймен би жалғастырып, 29 жасында дала демократиясы бойынша билік басына келіп, екі патшаның алма кезек қырғынына тап болып, торғайдай тозып кеткен халқының басын құрап, сонан біртіндеп мынау шығыста жатқан қалың қазақ еліне төбе басы болып сайланады. Сол дәуірді өз көзімен көріп, төбе бидің әділ билігіне риза болған ақын Кәрібай Таңатарұлының (1860-1932): – Сүлеймен Қабанбайдың баласы еді, Сауыттың оқ тимеген жағасы еді, Бір істі үш өлшемей кеспейтұғын, Өзінің заманының данасы еді… Атақты Көктұманың сиязында – Сияздың төбе басы – ағасы еді. Бітірген сияздағы істеріне Сүйініп болды разы алаш елі…» – деп жырлауы сол бір даналықтың дәлелі еді. Сүлеймен бидің ерлігі мен әділ билігі бүкіл Арқа өңіріне даңқы шығып, онан Жетісу жерінде өткізілген Шұбарағаш – Ойжайлау сияздарында да ерекше көзге түскен. Сол замандағы айтыскер ақынның дүлдүлі ақын Сараның: «нағашым – Байжігітте ер Қабанбай…» деп келіп: Кім жетер Қабанбайға дуа қонған. Батырлық тұқымына қуа қонған, Қожақұл, Әлі, Жақас, ер Әділбек, Сүлеймен оның ұлы шықты соңынан… – деп сол бір ұлы тұлғаларды мақтанышпен атауы ата қуған елдік бен ерліктің, билік пен біліктіліктің шежіресі іспетті терең әсер қалдырғаны тарлан тарихтан мәлім. Сүлеймен бидің ісін жалғастырған Қанағат болыс (1867-1942) пен Әлімғазы болыстың (1883-1942) жасаған дәуірі тіпті қиын болды. Бұл атышулы Қазан төңкерісі, 1930 жылдардағы ашаршылық, қуғын-сүргін, 1940 жылдардағы Қытайдағы қырғыншылық дәуіріне тура келді. Сол қатарда елдің шеті, жаудың өтінде жасап жатқан Қабанбай елінің тартқан азабы мен көрген қорлық-зорлығы адам айтқысыз дәрежеде ауыр болды. Ары өткен атаман Анненков пен Бакиштің табанында қанды қырғын көрген, онан қалғаны сол ақтардың соңына түскен қызыл терроршылардың азабы мен тозағына түскен елін апаттан құтқару жолында Қанағат болыс пен Әлімғазы болыс ғажайып ерлік көрсетіп барып, ақыры қытайлардың қолына тұтқынға түсіп, сонан сол кездегі адамды дағарға салып тірідей қыратын «он мың адамдық орға» тастап, сонда мыңдаған адаммен бірге азаппен өлтіріледі. Сол қырғынның ішінде болған ақын Таңжарық Жолдыұлының: – Бәрі қан Үрімжінің айналасы, Ескі там, ұңғыл-шұңғыл сай-саласы, Ішегін ит сүйрелеп өлген жанның, Құс шоқып, домаланып жатыр басы. Шәуешектен Қанағат пен Әлімғазы, Нұртаза, Қазез кетті келер жазы. Алтайдан Шақаң, Маңкей, Ақыт қажы, Бұқат бейсі, Зия мен Қалел тәйжі… – деп ақырында арманда кеткен асыл тұлғаларды бірден атап көрсетуі сол кездегі Шинжияңдағы қазақ халқының мұң-зары мен жоқтауын анық аңғартқандай сезіледі («Таңжарық шығармалары», 1-том, 111-бет). «Жақсының ұрпағына жазым көп» деген сөз тегін айтылмаған болар. Болашақты болжау қиын. Солайда біз «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр – Қабанбай» атты кітаптардан кейін сол батыр бабаның ұрпақтары туралы кеңірек сөз қозғайтын «Сүлеймен би» атты кітапты оқырманға жолдап отырмыз. Онда екі патшаның алма-кезек қырғынына тап болған батыр ұрпақтарының бастан кешкен ауыр күндері, олардың елі мен жерін қорғау жолында жүргізген жанқиярлық күрестері, сол елден шыққан ірі тұлғалар мен ақын-жыраулардың сол заман, сол бір есіл ерлер жөніндегі жыр-хикаяттарын нақты жазба дерек, ауыз екі дерек көздеріне негізделе отырып хатқа түсірдік. Ендігі төрелік халықта, қалың оқырманда… Зейнолла САНIК