КҮЛӘШ АПАМЫЗҒА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙДЫҚ
КҮЛӘШ АПАМЫЗҒА ЕСКЕРТКIШ ҚОЙДЫҚ
Дарынды әнші, ұлы актриса Күләш Байсейітованың туғанына 100 жыл толуының аясында «К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған РММОМИ» мемлекеттік мекемесі бірқатар игілікті шараларды жүзеге асырып жатқаны белгілі. Осы орайда біз аталмыш мекеменің директоры Оқан Абдуллаев мырзаны сөзге тарттық.
– Қазақтың бұлбұл әншісіне биыл – 100 жыл. Аталмыш шараға Күләш Байсейітова атындағы мектептің дайындығы ерекше болар. Қазақтың дүлдүл әншісін еске алу мақсатында қандай игілікті шаралар жасалуда?
– Қазақ халқы болып, өнерді сүйетін қа-уым болып, бәріміз біріге отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге биылғы жылды Күләш апамыздың жылы деп атап отырмыз. Осы жыл шеңберінде Алматы қаласының әкімшілігі де биылғы жылды «Мәдениет жылы» деп атап отыр. Тұңғыш рет апамыздың ескерткіші ашылды. Бұрындары Алматы қаласында Күләш Байсейітоваға арналған ескерткіш болмаған екен. Бұл ескерткішті ашу үшін көп жүгірдік. Бостандық ауданының әкімі Зәуреш Аманжолова қолдап, қала әкімі Ахметжан Есімовтiң рұқсатымен апамызға ескерткіш аштық. Ол ескерткіштің ашылу рәсіміне қала әкімінің өзі қатысып, арнайы сөз сөйледі. Мұны мен біздің ең үлкен жетістігіміз деп білем. Астана қаласында Күләш апамыздың атында опера және балет театры бар. Ол жақта да апамыздың ескерткішін ашатын шығар деп ойлаймын. Күләш апамыздың ескерткіші бір ғана жерде болған екен бұған дейін. Ол өзінің мәңгілік жатқан жерінде Райымбек көшесінің бойында тұр. Бұдан басқа жерде ескерткіші болмаған.
– Күләш апамыздың 90 жылдық, 80 жылдық мерейтойлары кезінде бұл мәселе көтерілмеген бе еді? Ескерткішін ашу мәдениет департаменттерінің ойында болмаған ба сонда?
– Бұл мәселе бұрыннан көтеріліп келе жатыр. Осы мекемеге директор болып келген сәттен бастап, ескерткішін ашу мәселесімен айналысып келеміз Қаражатты да, мүсіншіні де тапқанбыз. Ал ескерткішті орнату үшін арнайы рұқсат керек. «Ескерткіш қою керек» деп, кез келген жерге ескерткіш қоя беруге болмайды. Сол себепті қалалық әкімдіктің қолдауымен, биыл апамыздың ескерткішін аштық. Мұның бәрі 100 жылдықтың аясында жүзеге асып отыр. Бұл мектеп 1957 жылдан бері апамыздың атын иемденіп келеді. Құдай бұйыртса, биыл 45 жыл толады екен. Мектебімізде 12 кафедра бар. Әрбір кафедра биыл апамыздың атына арнайы байқаулар өткізді. Жыл бойы. Бірінші, екінші, үшінші дәрежедегі дипломдар шығардық. Неше түрлі плакаттар жасалды. Бірінші рет халықаралық конференция өтіп отыр. Бұл конференцияға еліміздегі музыка мектептерінен, жоғары оқу орындарынан көптеген ғалымдарымыз қатысуда. 17 сәуір күні есеп беру концерті өтті. Есеп беру кеші өзінің өмірінің соңына дейін қызмет еткен Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында өтті. Бұл концертке мектебіміздегі бірқатар ұжымдар қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Бұл мектепті 1984 жылы қабылдап алған едім. Бұрын бізде эстрадалық симфониялық оркестр болмаған екен. Эстрада жанры бізде бұрын дамымай қалған еді. Кеңестік идеология оны буржуазияға жақындау деп, көп оқытпаған, ойнатпаған. Сол себепті он жылдан асып қалды, осында келгелі бері эстрадалық орындау шеберлігі деген арнайы бөлім аштық. Тіпті арнайы пән де өткізіледі. Қазір біздің өзіміздің эстрадалық симфониялық оркестріміз бар. Толқын Забирова, Роза Рымбаева бізге кеп, оркестрмен ән айтады. Біздің қаракөздеріміз ешкімнен кем еместігін дәлелдеп отыр. Жыл сайын апамыздың зираты тұрған жеріне барып, үздік шәкірттеріміз гүл шоқтарын қояды. Бізде апамыздың атындағы мұражай да бар. Қазақстанда осындай талантты жастардың бар екенін, сол талантты балаларды оқытатын оқу орны бар екенін дәлелдеді кешегі концерт. Күләш апамыздың негізгі туған күні – 12 қаңтар. Дінмұхамед Қонаев атамызбен бір күнде дүниеге келген. Елдің бәрі Дінмұхамед ағамызды құттықтап барғанда, Күләш апамызды құттықтайды екен. «Ағамызбен бір күнде туған күнімді тойламайын» деген оймен Күләш апамыз туған күнін 2 мамырға ауыстырған екен.
– Жыл сайын мектепте Күләш Байсейітованың дәрістері өте ме? Әлде бұл мерейтойы қарсаңында ғана жүзеге асып отыр ма?
– Күләштің оқулары деген байқаулар өтеді. Кәсіби деңгейде ән айтқызу он сегіз жастан бастап, үйретіледі. Өйткені баланың кішкентай кезіндегі шіңкілдеген дауысы болады. Кейін есейген кезінде ол дауыс өзгеріп кетеді. Ал жалпы үкіметіміздің қолдауымен жыл сайын Күләш Байсейітова атындағы әншілердің байқауын өткізіп отырады.
– Күләш Байсейітова орындаған ариялар мектептің алтын қорында сақталған ба?
– Дауыстары бар бізде. Дыбыс таспасына түсіріліп алынған. Мемлекеттік архивтердегі сақталған дауыстарды көшіріп алғанбыз. Біздің мектебімізге Күләш апамыздың қыздары жиі келеді. Раушан Байсейітова Мәскеуде оқыған, танымал балерина. Үлкен қызы Қарлығаш Қанабековна да жиі келіп тұрады. Күйеу баласы Базарғали Әжиұлы – Қазақстанның халық әртісі. Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры.
– Гала концерттен бөлек, мерейтой аясында қандай іс-шаралар атқарылды?
– Күләш Байсейітова атындағы байқаулар жүзеге асырылды. Мектеп ішіндегі байқаулар өтті. Бұл да оңай шаруа емес. Мәселен фортепьяно бөлімінде орта буын, жоғары буын арасында байқау өтті.
– 100 жылдыққа орай, әншінің фотоальбомы жарық көрді ме?
– Фотоальбомын үлгере алмадық. Үлкен плакаттарда суреттері безендіріліп шығарылды. Арнайы күнтізбелер жасалды. Апамызға ескерткіш қоюдың өзі оңай шаруа емес. Жәй ескерткіш қоя салуға болмайды. Бұл ескерткішті Алматы қаласының айрықша ерекшеліктерінің бірі деп қабылдауға болады. Мектебімізде өте дарынды балалар білім алуда. Елден келген дарынды балаларға арналған жатақханамыз да бар. Содан кейін, тағы бір жаңалық, қоңырауды күйге ауыстырдық. Бұрын кішкентай қоңырауды қолымызға алып, орыс шіркеулерінің қоңырауындай қоңыраулататын едік. «Сабаққа кір, сабақтан шық» дегенде, қоңыраудың үні шоқынуға шақырып отырғандай әсер қалдыратын. Еліміз тәуелсіздік алды. Қазір балаларымыз күймен үзіліске шығады. «Сарыарқамен» шығады, «Адаймен» кіреді. Керемет емес пе? Күніне 24 сағат «Адайды» ойнай берші, бір жылдың ішінде қазақтың күйлерін жаттап алады. Оған керемет музыкант болу шарт емес. Ең бастысы, ойға, санаға сіңіру. Менің арманым – бүкіл Қазақстандағы мектептер осылай жасаса деймін.
– Бүгінгі ғылыми практикалық конференция неге орыс тілінде өтіп жатыр?
– Орысша емес, үш тілде өткізіліп жатыр. Жалпы, мен бірнәрсені түсінбеймін. «Тілді үйреніңдер» деп айта берсе, одан ештеңе шықпайды. Тіпті біздің тілді жек көріп кетеді, басқа ұлт өкілдері. Өзіміздің басымыздан өткен оқиғаны айтайын сендерге. Бірінші сыныпқа балаларды қабылдаймыз ғой, сонда ата-аналар өтініш жазады. Өтінішінде қай тілде оқығысы келетінін айтады. Орыстар «қазақша оқығымыз келеді» деп жазса, өзіміздің қаракөздеріміз «орысша оқимыз» дейді. Сонда мен екі бала үшін, орыс сыныбын ашпаймын ғой. Қазір төрт жыл болып қалды, орыс та, кәріс те, басқа ұлт өкілдері де, қазақша оқи бастады. Шуламай, айғайламай, осылай жасау керек. Алғашқы жылдары осылай жасаған кезде, ата-аналар қарсы бола ма, балалар қарсы бола ма деп қорыққан едім. Әрі жоғары сыныпқа көшкен сайын, пәндер де қиындай түседі ғой. Ата-аналарды жинап алып, жиналыс өткізіп едім, орыс балаларының ата-аналары «біз балаларымызды қазақ тілінде оқыта береміз. Қазір балалардың тәрбиесі қиындап кетті. Сондықтан қазақша оқығаны дұрыс» деді. Біздің мектебімізде қазақ тілінде мәселе жоқ. Ағылшын тілінде әлі де мәселе бар.
– Музыка мектептерінде оқытылатын оқулықтардың көбі орыс тілінде екен. Сонда қазақ тілінде білім алатын мектепте балалар әлі күнге дейін музыкадан орыс тіліндегі оқулықтарды оқып жүр ме?
– Музыка пәндері толып жатқан ғылымнан тұрады. Оларды қазақ тіліне ауыстыруға қарсымын. Оған мүмкіншілік те жоқ. Мүмкін де емес. Мысалы музыка деген сөз итальян сөзі. Бүкіл дүниежүзі «музыка» дейді. Бүкіл интервалдар итальян тілінде. Оны және қалай аударасың қазақ тіліне. Жарайды аударалық делік, одан кейін ол бала Мәскеуге оқуға түсе алмайды. Шетелде оқи алмайды.
– Сіздің ойыңызша, музыканың тілі қазақшаға көнбейді дейсіз бе?
– Болмайды. Мүмкін емес. Музыканы біздегі кейбір білгіштер «саз» деп алады. «Саз» деп алып, шетелге баршы, қайтіп оқисың. Космосты бүкіл дүниежүзі «космос» деп айтады, біз ғарыш дейміз. Бүкіл жер жүзінде «класс» деген термин бар, біз оны «сынып» деп ауыстырдық. Үйреніп көр.
– Музыкалық терминдер туралы айтып отырғанымыз жоқ, жалпы, музыка пәнінен өткізілетін оқулықтарды қазақшалауға болмай ма, сонда?
– Аударуға болады. Бірақ оны кім ұғады?! Ертең бала Мәскеуге оқуға барады. Конституция бойынша, әрбір баланың оқуды таңдауға құқы бар. Балаларымыз он төрт мемлекетте оқып жатыр деп айтып отырмыз. Австрияда Шопен, Моцарт, Бетховен оқыған жерде, біздің қаракөздеріміз оқиды. Ол жерге қазақ тілінде оқытып жіберсе, ол бала қалай оқиды екен? Менделеевтің бүкіл формуласы бүкілдүниежүзінде бірдей емес пе? Математика ілімі де солай.
– Әлемнің үздік оқу орындарында білім алған, дүниежүзіне танымал, кәсіби музыканттарымыздың көбі қазақ тілін білмейді. Шетелдерде білім алып жатқан дарынды балаларымыздың көбі музыкадан сол елдің тілінде білім алатын болса, қазақ тілін қалай үйренбек?
– Гүлнәр Дәукеева деген теоретигіміз бар. Қазір Англияда жүр. Әл-Фарабидің трактаттарын бірінші рет қазақ тілінде және ағылшын тілінде жазып шықты. Қазақша да сөйлейді. Білем деген адам қазақшаны сөйлейді, үйренеді. Музыка қазақ тілінде болсын деу – ол да мүмкін емес. «Қазақ музыка әдебиеті» деген кітап шықты. 12 том. Осыдан мемлекеттік емтихан тапсырамыз. Біз мұны алғаш рет шығарып отырмыз. Менің жасымдағы адамдардың көбі «Русское народное творчество» деген пәнді оқыды. Орыстың музыкасын, орыстың колидасын қазақтың музыкасынан артық білдік. Осында келгелі бері, мен оны жауып тастадым. Музыканың теориясын, музыканың гармониясын аударудың қажеті жоқ. Оған қажеттілік жоқ деп ойлаймын.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА