Тағы да тіл туралы
Тағы да тіл туралы
Жақында интернетте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» басқармасының төрағасы Өмiрзақ Шүкеевтiң атына «Ел» алқасынан жазылған ашық хат жарияланды. Онда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» ақпараттарын тек қана орыс тiлiнде тарататыны айтыла келiп, егер бұл үрдiс осылай жалғаса беретiн болса, «10 миллион қазақтiлдi (мұның iшiнде қазақтар да, қазақтiлдi қазақ емес азаматтар бар) қауымның адамдық құқығын аяққа таптап отырған «Самұрық-Қазына» қорын жауапқа тарту шарасына кiрiсетiнiмiздi ескертемiз» делiнген хатта.
Иә, қазақ баспасөзінде жекелеген министрліктер мен ведомстволардың мемлекеттік тілде сөйлемейтіндігі жайында мәлімдемелер жиі көрініс табады. Мәселе – жекелеген министрліктер мен ведомстволарда емес, мәселе – мемлекеттік саясатта екенін түсінетін кез жеткен секілді. Қазір тек қана «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ғана емес, барлық жекелеген ұлттық компаниялар, қаржы саласы, банк, министрліктердің барлығы іс-қағаздарын орыс тілінде жүргізеді. Әрине, бұрынғыдан өзгерген бір нәрсе бар,ол – құжаттардың барлығы бұрынғыдай орыс тілінде ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік тілде де жүргізілетіні. Бірақ, оны жүзеге асырушылардың біразы қазақ тілін әлі күнге дейін мемлекеттік тіл ретінде мойындағысы келмейтін сияқты. Біз бұған дейін Әділет министрлігінің мемлекеттік тілде сөйлемейтіндігі жайында жазған едік. Бүгінде бұл тізімге Ішкі істер және Қаржы министрлігін қосуға дайынбыз. Олай дейтініміз біз жұмыс істейтін банкілердің барлығының ресми құжаттары екі тілде дайындалған, алайда банкіде отырған менеджерлердің көбінің қазақша түсінбейтіндігі салдарынан ол құжаттарды орыс тілінде толтыруға мәжбүрміз.
Егер естеріңізде болса, Алматыдағы бір МАИ қызметкерімен қазақ журналисінің арасындағы егестің интернетке жарияланғанына көп болған жоқ. Онда МАИ инспекторы қазақша сөйлеуден саналы түрде бас тартып, мемлекеттік тілді менсінбейтіндігін танытқан болатын. Жақында сол МАИ инспекторына біздің де ісіміз түсті. Жол ережесін бұзғандығымыз жайлы хаттаманы толтырар кезде, екі тілде толтырылған дайын құжатқа орысша жазуға бұйрық берді. Мен «Неге қазақша жазбаймыз?» деп едім, «Қазақ тілінде жазуға әлі дайын емеспіз, компьютер қазақша қабылдамайды» деген жауап алдым. Дәл осындай жағдай былтыр құжаттарымды жоғалтқан кезде де басымнан өткен еді. Құжат жоғалтқаным жайлы өтінішті де Алмалы аудандық ішкі істер басқармасындағы қызметкерлер орысша жазуға мәжбүрлеген болатын.
Жақында «Эйр Астана» әуе компаниясынан билет сатып алған едік. Қазақша мәтінде жазылған аты-жөнімізді компанияның компьютері қабылдамайтынын айтты менеджер. Себебі олардың компьютерлік жүйесі қазақ әріптерін қолдамайды екен. Мұндай жекелеген мысалдардың тізімін бұдан да соза беруімізге болады. Бұның сыры мемлекеттік саясаттың жүйеленбеуінде, мемлекеттік тілге деген немкеттілік пен сүйей салды көзқарастың салдарынан.
Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша біз 2020 жыл мемлекеттік тілге 100 пайыз көшуге тиіспіз. Бірақ қалай, қайтіп? Бұл жағы бағдарламада нақты көрсетілмеген. Бұның алдындағы Тілдерді дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында облыстардың мемлекеттік тілге көшуі нақты көрсетілген еді. Әрине, жүзеге аспаса да, бұл бағдарламада жүйелілікті байқайтынбыз. Ал қазіргі бағдарламада нақты іске жұмылдыратын күшті көре алмай тұрмыз. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілде сөйлеушілердің қатары жыл санап өскен сайын, тілге қатысты мемлекеттік саясат ілгерілемей отыр. Мемлекеттің ұлттық рух, ұлттық саясатқа және мемлекеттік тілге деген саясатының салғырттығынан оны насихаттау ісі де ала-құла сипат алып барады. Әсіресе, орыстілді ақпарат құралдары әлі күнге дейін орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл дәрежесін беру туралы идеяны көлденең тартып әуре. Мәселен, «Свобода слова» былтырғы желтоқсандағы санында, газеттің бас редакторы Е. Рахимжанов «О союзах и языках» атты мақала жариялаған. Онда орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл дәрежесін беру туралы ой айтылады. Бұған жауап ретінде «Общественная позиция» газетінде экономика ғылымдарының кандидаты Мұхит Дербісәлиннің «Знаешь казахский – гражданин второго сорта?» («Общественная позиция» (проект «DAT» № 14 (143) от 28 марта 2012 г.) атты мақаласы жарық көрді. Аталған мақалада «Свобода слова» газетінің бас редакторы Е. Рахымжановтың қазақ тілінде сөйлеушілерді екінші сорттағы адамдарға теңегеніне қорлана отырып, қазіргі қоғамдағы толғақты проблемаларды жайып салады. «Кедендік одаққа кіруімізге орай, қазір Ресей мен Белоруссиядан келетін еңбек күшіне енгізілетін квота тоқтатылды. Енді олар экономикалық одаққа мүше мемлекет ретінде азаматтарының емін-еркін жүріп тұруына, лицензиясыз қызмет істеуіне мүмкіндік тудырды. Бұдан былай бұл мемлекеттерден жұмыс күші тоқтаусыз келетіні сөзсіз» дей отырып, автор Қазақстан азаматтығына алуға үміткерлердің мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы қажеттігін көлденең тартады. Қазақ баспасөзі мен қазақ зиялыларының дамыған мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып, бұл ұсынысты ту еткеніне жиырма жылдың жүзі болды. Бірақ оған елең еткен өкімет жоқ. Жалпы қазақ билігі осы жиырма жыл ішінде қазақ тілін шын мәнісінде мемлекеттік деңгейге көтеру жайлы ешқандай жүйелі қадамға барған емес. «Общественная позиция» газетіне 22 ақпанда сұхбат берген тәуелсіз сарапшы, саясаттанушы Виктор Ковтуновский «Мәселен, Қазақстандағы орыстар әлі күнге дейін азаматтық бірегейлік тұрғысынан нақты айқындала алмай келеді. Олардың басым көпшілгі саналы немесе санасыз түрде жаңа империяның пайда болуына сенеді. Бұл қазақтар тарапынан сенімсіздік тудырады. Екі ірі этнос арасындағы бұл сенімсіздік пердесін түретін жалғыз мәселе бар: ол елдегі барлық азаматтардың мемлекеттік тілде сөйлеуі. Меніңше, орыстар қазақ тілінде сөйлеген кезде ғана өздерінің ұлттық, мәдени құқықтарын талап етуге моральдық тұрғыдан құқылы болар еді» деген екен. Мемлекеттік тіл дәрежесіне ие бола тұрып, әлі күнге қағажау көрген тілдің көсегесін көгертудің жолдары мен тетіктері қарастырылмайынша, қоғамда шынайы біртұтастық бола қоймайтынын мойындайтын кез келді.
КЕЛІСІМ АЯСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ
17 сәуір күні Астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттің басқару Академиясының арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы Келісімге қол қою рәсімі өтті.
Келісімге Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан Төраға орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Е.Тоғжанов, Мемлекеттік басқару академиясы тарапынан Б. Әбдірәсілов қол қойды.
Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назарбаевтың Ассамблеяның ХVІІ сессиясында айқындаған міндеттері аясында жұмыс деңгейінің сапасын арттыру мақсатында кадрлық әлеуетті қалыптастыру ісінің кең ауқымды біртұтас интеллектуалдық ресурстары, мемлекеттік және қоғамдық тетіктері іске қосылды.
Ел Президентінің тапсырмасына орай Академия базасында құрылған Этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын зерттеу орталығы қазіргі таңда оқу жобаларына этносаясат пен конфессияаралық қатынастар саласындағы шетелдік ғалымдармен қоса, сарапшыларды, жоғары кәсіби мамандарды тарту арқылы мемлекеттік қызметшілердің, этномәдени бірлестік басшылары мен қоғамдық сектор өкілдерінің біліктілігін арттыру, қайта даярлау жөніндегі шынайы оқу алаңына айналды.
Іс-шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Қ.Сұлтанов, К.Бұрханов, Р.Халмурадов, Е.Каппель, Ж.Алиев, Р.Ким, М.Ахмадиев, А.Мурадов, Ю.Тимощенко, Н.Нестерова, З. Саяпова, сонымен қатар ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері, Академияның профессор-оқытушылар құрамы, докоранттары мен магистранттары, этномәдени бірлестіктердің басшылары қатысты.
Шараға қатысушылар бірқатар мәселелерді талқылады: жаңа технологияларды, саяси менеджменттің әдістерін, мемлекеттік және қоғам институттарының өзара іс-әрекеттерін меңгеру бойынша Ассамблея мен Академияның теориялық және қолданбалы тұрғыдағы әлеуетін пайдалануға бағытталған жобалардың маңыздылығы мен жаңашылдығын атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі тегеуріндер мен қатерлер жағдайында этноәлеуметтік саланың тәжірибесі мен жаңалығын игеру қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, толеранттық мәдениетті қалыптастыруға қосылатын нақты үлес екендігі баса айтылды. Жоба этносаралық қатынастар саласындағы мәселелер мен тәжірибедегі кадрлық әлеуетті және ерекшелікті ескере отырып, өңірлік деңгейді қоса алғанда, әртүрлі санаттағы тыңдаушылармен жұмыс істеуді қамтамасыз етеді.
Келісімді іске асыру бойынша жоспарларда тараптар этносаралық мәселелер бойынша оқудың инновациялық әдістері мен тәжірибелерін пайдалану арқылы мемлекеттік қызмет кадрларын, этномәдени бірлестіктер, ғылыми-сараптамалық топтардың және жоғары оқу орындарының өкілдерін оқытуды қарастырып, ғылыми-қолданбалы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды ұйғарды.
Базарбек ТҮКIБАЙ