ТЕРМИНДЕРДІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
ТЕРМИНДЕРДІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
Бүгінде жарық көрген терминологиялық сөздіктердің арқасында ғылымның барлық салалары бойынша жаңа терминдер жасау жүйесі қалыптасқаны белгілі. Тіпті бұрыннан келе жатқан терминдердің ұтымды қазақша баламалары да қолданысқа енгелі қашан. Сондықтан бұл көрсеткішті әрі қарай жетілдіре түсу қажет. Алматыда өткен «Жаратылыстану ғылымдары бойынша салалық терминологиялық сөздік жасаудың кейбір мәселелері» атты дөңгелек үстелде тіл мамандары осы мәселелерді ортаға салды.
Бұл шараны Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесіп ұйымдастырды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев төрағалық еткен дөңгелек үстел мәжілісіне халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, терминолог-ғалым, академик Өмірзақ Айтбаев, белгілі тілші-ғалым Шора Сарыбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбай, физик-ғалым, профессор Еренғайып Омаров секілді отандық ғылымның терминологиялық тілін түгендеп жүрген ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары мен терминологиялық сөздіктер жасап жүрген түрлі шаралардың мамандары мен ғылыми ізденушілері қатысты.
Жиында салалық терминологиялық сөздіктер жасауды қолға алған мамандардың тәжірибелері ортаға салынып, ой-пікірлері тыңдалды. Әрі келешекте атқарылар мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. «Күнде өзгеріп, жылдам дамып жатқан қоғам өміріндегі өзгерістерге сәйкес, тіліміздегі терминдер қолданысы да өзгерістерге ұшырап отыруы – заңдылық. Осыған байланысты терминдік сөздіктер дайындауда замана талабына сай, қайта қарап, үйлесімді жетілдіру міндеттері туындайды» дейді жиынды ұйымдастырған Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев.
Салалық терминологиялық сөздіктерді жасау ісін бір жүйеге түсіру, ретке келтіру және оны жетілдіру мәселелері туралы пікірлескен ғалымдар болашақта сөздіктердің сапасын арттыру үшін бұған дейінгі жарық көрген сөздіктердің артықшылығы мен кемшіліктерін де саралап өтті.
Мадина ТӨЛЕ