ТЕРМИНДЕРДІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

ТЕРМИНДЕРДІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

ТЕРМИНДЕРДІҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі

Бүгінде жарық көрген терминологиялық сөздік­тердің арқасында ғылымның барлық салалары бойынша жаңа терминдер жасау жүйесі қалыптасқаны белгілі. Тіпті бұрыннан келе жатқан терминдердің ұтымды қазақша баламалары да қолданысқа енгелі қашан. Сондықтан бұл көрсеткішті әрі қарай жетілдіре түсу қажет. Алматыда өткен «Жаратылыстану ғылымдары бойынша салалық терминологиялық сөздік жасаудың кейбір мәселелері» атты дөңгелек үстелде тіл мамандары осы мәселелерді ортаға салды.

Бұл шараны Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Халықаралық «Қазақ ті­лі» қоғамы бір­лесіп ұйымдастырды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылым­да­ры ака­де­миясының вице-президенті Кәрімбек Құр­манә­ли­ев төр­ағалық еткен дөңгелек үстел мәжі­лісіне халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының пре­зиденті, терми­нолог-ғалым, академик Өмірзақ Айт­баев, белгілі тілші-ғалым Шора Сарыбаев, фи­лология ғылым­да­рының докторы, профессор Нұр­жамал Оралбай, физик-ғалым, профессор Ерен­ғайып Омаров секілді отандық ғылымның терми­нологиялық тілін түгендеп жүрген ғалым­дар, жо­ғары оқу орындарының ректорлары мен термино­логиялық сөздіктер жасап жүрген түрлі ша­ра­лар­дың мамандары мен ғылыми ізденушілері қатысты.

Жиында салалық терминологиялық сөздіктер жасауды қолға алған мамандардың тәжірибелері ортаға салынып, ой-пікірлері тыңдалды. Әрі келешекте атқарылар мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. «Күнде өзгеріп, жылдам дамып жатқан қоғам өміріндегі өзгерістерге сәйкес, тіліміздегі терминдер қолданысы да өзгерістерге ұшырап отыруы – заңдылық. Осыған байланысты терминдік сөздіктер дайындауда замана талабына сай, қайта қарап, үйлесімді жетілдіру міндеттері туындайды» дейді жиынды ұйымдастырған Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылым­да­ры ака­де­миясының вице-президенті Кәрімбек Құр­манә­ли­ев.

Салалық терминологиялық сөздіктерді жасау ісін бір жүйеге түсіру, ретке келтіру және оны же­тілдіру мәселелері туралы пікірлескен ғалымдар болашақта сөздіктердің сапасын арттыру үшін бұ­ған дейінгі жарық көрген сөздіктердің артық­шы­лығы мен кем­­­ші­ліктерін де саралап өтті.

Мадина ТӨЛЕ