Жаңалықтар

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

ашық дереккөзі

АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫНАН

Ежелгі түркіде көкбөрі туралы аңыз-әфсана бар. Сүйінбайдан қалған жырда «Бөрі басы – ұраным, Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсем, Қозып кетер қайдағым…» деген өлең жолдары да кездеседі. Бекер айтылмаған секілді. Ел қорғаған бағзы бір замандарда жауға батырлар сол бөрілі байрақты ұстап ұрандап ұмтылғанда, сарбаздар рухтанып, күш-жігерлері тасып, аттандап шапқан. Соған қарағанда түркі мен көкбөрі арасындағы байланыс бекер емес-ау, сірә. Ана бір жылы мына бір әңгімені ұстазым Әбілфайыз Ыдырысов айтып берген еді.

Ежелгі түркіде көкбөрі туралы аңыз-әфсана бар. Сүйінбайдан қалған жырда «Бөрі басы – ұраным, Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсем, Қозып кетер қайдағым…» деген өлең жолдары да кездеседі. Бекер айтылмаған секілді. Ел қорғаған бағзы бір замандарда жауға батырлар сол бөрілі байрақты ұстап ұрандап ұмтылғанда, сарбаздар рухтанып, күш-жігерлері тасып, аттандап шапқан. Соған қарағанда түркі мен көкбөрі арасындағы байланыс бекер емес-ау, сірә. Ана бір жылы мына бір әңгімені ұстазым Әбілфайыз Ыдырысов айтып берген еді.

1941 жылы фашистік Германия бізге соғыс ашып, әкесі Алдияр мен оның інілері Нұрмақ және Қалық майданға аттанған. Сол жылдың соңында атасы мен әжесі де дүниеден озып, әлі буыны өсіп, бұғанасы қатпаған алты бірдей жас өскін Нұрмақтың әйелі Сәуленің қолында қалады. Әлі мүшел жасқа толмаған Әбілфайызды отау үйдің үлкен ұлы болғандықтан Сәуле жеңгесі ата салтпен «Отаудың баласы» деп атап кеткен. Ал өзінен бар болғаны төрт-ақ жас үлкен ағасы Хамит колхоздың есеп жүргізушісі. Балалардың бәрі анасындай болған Сәулені – Сәлен дейді екен. Колхоз орталығы Аяқмойылды бұлар тұрып жатқан Егінсайдан жеті-сегіз шақырым жер. Сол Егінсайда «балталы-бағаналы» Найзабек пен «татан» Оспан деген үлкен кісілердің отбасылары да қоңсылас отыр. Үш үйдің үлкені мен кішісі колхоздың 800 бас саулық отарын бағып күн кешеді.

1942 жылдың қысы ерте түсіп, үскірік аяз бетті қари бастаған шақ. Ақтүтек боран басталғалы мал қолға қарап қалған. Олардың күнұзаққа шаруадан қолдары бір босасайшы. Кешкісін қорадағы малды жайғап келген соң, жеңгесі Сәуле дайындап қойған құрт көжесі мен бірнеше тілім тары нанды дастарханға қойды. Қажыған өңінің қабағы салыңқы, ұнжырғасы түсіп кеткен.

– Отаудың баласы, міне өткен күзде тірнектеп жинаған бір қап тары да таусылуға айналды, – деді терең күрсініп.– Қыс болса қаһарына міне бастады. Көктем шығып мал төлдегенше, мына шиіттей балалардың аққа ауыздары тигенше әлі қанша уақыт бар. Енді алдағы күніміз не болады, шырағым, – деді торыққан үн­мен күрсініп.

Әбілфайыз бала да болса, ойға зерек. Содан ба өзін үлкендерше ұстауға тырысатын. Ол қаннен-қаперсіз құрт көжелерін сораптап ішіп жатқан кішкентай бауырларына, Сәленнің шарасыз кейпіне қарап, іштей налып, көжеге тәбеті тартпады. Сонда да тұйықтан шығар жол тапқандай:

– Жеңеше, Найзабек пен Оспан атаның үйінде бар болса бір қап тарыны қарызға алайық. Алдағы жазда егістен түскен өнімнен ептеп-септеп қайтарармыз – деді.

Сәлен басын шайқады.

– Оларда қайдан болсын. «Битін сығып, қанын жалап» отырған жоқ па? Кеше Найзекеңнің үйіне бірер салым шәй сұрап барғанымда, «Есілдегі өз ағайындарыма барып, астық алып келмесем болмас» деп отырған. Есілдің бойындағы «бағаналы» астықты ел көрінеді ғой. «Бір семіз қойға алты қап бидай алып қайтамын» дейді.

Әбілфайыз азапты ой үстінде. «Не істесем екен?.. Азық болатын астықты қайдан табамын?». Жеңесі оның ой басқан кейпін көріп, қояр да қоймай: «Отаудың баласы, көжең суып қалды, іш-іш»,– деп қолқалай берген соң жиегі кертілген ағаш қасыққа құлықсыздау қол созған. Көжеден екі-үш қасық ұрттап, төмен салған басын тағы көтеріп алды.

– Жеңеше, мен де бір семіз қойымды алып, Найзабек атамен «бағаналыға» бірге барсам қайтеді?..

Сәлен оған шошына қарады.

– Мынау қақаған қыста ма?.. Боранда адасып өліп қалсаң мен ел бетіне қалай қараймын. Қой, Отаудың баласы, сені алыс жолға жібере алмаймын. Мүшел жасқа да толған жоқсың. Оның үстіне қымызын талғажау етіп отырған жалғыз күреңбие буаз. Жолда құлын тастаса, онда біздің біткеніміз ғой, – деді түңіле сөйлеп.

Әбілфайыз намысқа шауып:

– Жеңеше, қайтсем де барамын! Тек сен маған бір тон, аяғыма пима, басыма тұмақ тауып берсең болғаны. Жолда не көрсем де Найзабек атамен бірге көремін. Күрең биені құлын тастайды деп қорықпа. Өзімнен бұрын соны бағамын. Найзабек ата бізге астық әкеп береді деп ай қарап отыра береміз бе? – деп қасарысып тұрып алды.

Сәлен оның арғы бабасы Шақшақ Жәнібекке тартқан өжеттігіне қайран қалып, ақыры лажсыздан көнді. Қасым атасының тығулы жатқан ескі тонын шығарып, етек жеңін кесіп, белін ықшамдап жөнге келтірді. Ағасы Нұрмақтың шүберекке оралған пимасын әбдіренің астынан алды. Киіп көріп еді, аяғы қолпылдап тұр. Сәлен жүнді теріден саптама байпақ тігіп, соны пиманың ішінен кигенде, шап-шақ болып шыға келді. Қалпе атасының елтірі тұмағы да басына қона кетті. Солай үш-төрт күнде оның жолға киетіндері дайын болды.

Найзабек ақсақал Есіл бойындағы Қаракемерге бұрын да осындай қыста барып, келіп жүрген. Сонда жұрт оның жүректілігіне таң қалатын. Кейін оның Торжорға биесіне арқа сүйейтіні мәлім болды. Ол Торжорғаны тай кезінен сол жақтан алып келген екен. Жануар Мойылды өзенінің Ақмола жақ беттегі Көкалажартас пен Қайыңдыдан әрі асса болды, Қаракемердегі жайылымын өзі табады екен.

Шананың үстіне биелер жейтін шөп қалыңдап салынды. Екі семіз қойды артқы жағына байлап, таңып тастады. Найзабек алдыңғы жағына текеметтен үйшік жасап, Әбілфайызды соған отырғызып, қолына божыны ұстатты. Өзі беліндегі жалпақ кісесіне семсер іліп, қолына шоқпар ұстағанда, баяғының сұсты батырларындай болып шыға келді.

Күн ашық, шыңылтыр аяз. Үш үйдің бар жандары тайлы-таяғымен шығып, шал мен баланы бір Аллаға тапсырып, шығарып салды. Сәлен әлденені іші сезді ме, жоқ әлде Әбілфайызды ұзақ жолдың азабынан аяды ма, орамалының ұшымен көзінің жасын сүртті. Аппақ қарды сықырлатып, шана орнынан қозғалды. Найзабек ақсақал алда. Былай шыға ол:

– Әбдіғаппар, (Әбілфайызды солай атайтын) кештетіп Мойылды өзенінің ең шетіндегі Қызылталға жетеміз. Сол жерде менің Есбатыр деген танысым бар. Жалғыз үй болып қой бағып отыр. Соның үйіне түнеп, ертеңіне ертелетіп жолға шығуымыз керек, – деді дауыстап.

Олар қас қарая Қызылталдағы межелі жерге жетті. Есбатырдың үйі қабырғасы жартылай жерден қазылып, шымнан соғылған екен. Ол құрақ ұшып қарсы алды. Кешкі астан соң Найзабек үй иесіне төрт жылдан бері еліне ат ізін салмағанын айтып, жолдың жөнін сұраған. Есбатыр:

– Ескі қара жолдың сүрлеуімен жүрсеңдер осы жерден Қаракемер жүз елу шақырым. Ал Жонмен төтелеп салсаңдар жүздің ар жақ, бер жағы. Алайда қыс биыл құтырып тұр. Алдарыңда Көкалажардың терең сайы бар. Болдырған көліктеріңді сол сайда біраз жемдеп, тынықтырып алып, содан әрідегі Қопалыкөлге жетіп түнегендерің жөн,– деп кеңес берді. Олар ертеңгісін жол жүретін болған соң ертелеу жатып қалды.

– Әбдіғаппар, тұр! Жолға шығамыз. – Ол Найзабек ақсақалдың даусынан оянып кетті. Киініп сыртқа шыққанда, әлі ай жарық екен. Тым биіктен Үркер ауып барады. Найзабек шанаға күреңді жекті. Торжорғаның арқасына ер салып, өзі мінді. Есбатыр бір құшақ шөп пен бұтарлаған отын әкелді. Сосын Найзабекке оттық беріп жатып:

– Көкалажардың сайында от тұтатуға керек болар, – деді. Найзабек тізгінін тартып, Әбілфайызға өзінің кешегідей алдында жүріп отыратынын, жол-жөнекей ауық-ауық дауыс­тай­тынын, сонда жауап беруін, божыға мықтап ие болуын ескертті де биені тебініп жүріп кетті.

Есбатыр шанадағы киіз үйшігінде отырған Әбілфайызға еңкейіп:

– Балам, атаң Қалпені де, әкең Алдиярды да білуші едім. Арғы бабаң Шақшақ Жәнібектің әруағы жебеп, желеп жүрсін. Жолдарың болсын! – деді. Әбілфайыз божыны қақты.

Олар қар басқан ескі жолдың сорабымен жүріп келеді. Шана табаны оппа қарды сықырлата бұзып, жылжуда. Биенің ауық-ауық танауынан бу шығарып, пысқырғаны естіледі. Әлден соң Найзабек:

– Әбдіғаппар, қалай, тоңып қалған жоқсың ба? – деп дауыстады.

– Тоңғаным жоқ, ата.

Бір кезде Найзабек ақсақалдың ән салған қоңырқай үні естілді. «Балталы-бағаналы ел аман бол…» – деп бастап, дауысын ән ырғағымен көтере түсті. Оның ән салғанын Әбілфайыз бұрын-соңды көрген де, естіген де емес. Әйтсе де әнге елітіп ақырындап ақсақалға қосылды. Олар солай таңды да атырды. Шетсіз, шексіз Арқаның жері ақ көрпеге оранып, көсіліп жатыр. Көз жетер жер анық көрінеді. Көкалажардың дөңіне шыққан екен. Түнде жел тұрып, қары жұқалтаң тартқан. Жұқа қарда биелер жортақтай жөнелді. Біраздан соң аспанды бұлт торлап, күн реңі өзгере бастады. Найзабек ат тізгінін тартып, шанамен қабаттаса берді де:

«Әбдіғаппар, мына күннің бұзы­ла­тын түрі бар. Боран басталып, қара жолдың сорабынан айырылып қалмасақ бол­ғаны. Қалай болғанда да сен еш қорықпа. Батырдың ұрпағысың ғой», – деді.

Көп ұзамай қар ұшқындап, теріс­тік­тен соққан жел сәт сайын күшейе түсті. Сіресе тұтасқан қою қара бұлт дүн-дүниені қарауытып жіберді. Долы желдің сүйкімсіз ызыңы көкірекке әлдеқандай үрей ұялатады. Екілене соққан жел Найзабектің: «Әбдіғаппар, божыға мықты бол!»,– деген үнін жеткізді. Олар кеуделерінен кері итерген долы желмен алысып жүріп, Көкалажардың сайына алып баратын құлама жолға жетті. Найзабек аттан түсті.

– Әбдіғаппар, мына терең сайға биелерді жетектеп түспесек болмайды.

Екеуі жануарлардың тізгін­де­рінен ұстап, бұралаң жол сорабымен ақырындап төмендей берді. Сайдың тереңіне бойлаған сайын желдің де ашуы басыла түсті. Найзабек:

– О, жасаған! Көкалажар сай­ын­ың табанына да жеттік-ау әйтеуір! – деді айнала биік жарға қарап. – Енді ат шалдырып, шәй ішіп жан шақырып алайық. Күннің күңгірт тартуына қарағанда кеш те болып қалған-ау шамасы. Түнде сайдың тарам-тарам бұралаңдарынан адасып кетерміз. Осы жерге түнегеніміз жөн шығар, сірә,– деді.

Айнала жым-жырт. Биік жар­дың басынан суырынды қардың ұшқан бозғылт тозаңы көрінеді. Әбілфайыз шанадан шөп алып, биелердің алдына салды. Найзабек ақсақал қара шәугімімен ақ қарды қарпып алып, мосыға ілді де астындағы Есбатыр берген бұтарларды тұтатты. Олар шәй ішіп, көңіл жайлаған соң шанадағы шөптің үстіне киіз жамылып түнеп шықты. Ертеңіне Көкалажардың сайынан биікке өрлеп шыққанша, біраз уақыт жүрді. Күңгірт аспаннан мезгілдің қай уақыт екенін білу мүмкін емес. Кешегі аласапыран боран басылған. Жәй бұрқасын ғана бар. Аттардың жүрісі жеңілдеп, олар кештетіп Қопалыкөлге жетті. Найзабек қалың қамыстың арасында жолбарыстардың болатынын білетін. Екеуі түнімен көз іліндірмей қамыс жағып, аттарды күзетіп шықты. Таңертең мосыда қайнаған шәйді ішіп, піскен еттен жеп, тыңайып алды. Үшінші күні Қопалыкөлден шыға бере Найзабек ақсақал:

– Қаракемер осы жерден аса алыс емес. Әрі десе жиырма, жиырма бес шақырым-ау шамасы. Торжорғаны еркіне салсам, күн екіндіге таянғанша өзі-ақ тауып барады, – деді көңілденіп.

Алайда оның болжамы ұзаққа созылмады. Бұрқасын басталып, жалақтаған жел қарды жыландай ирелектете суырып ала жөнелді. Аласапыран қайта басталды. Ақ түтек бораннан қарға адым жерді көру мұңға айналған. Әдеттегідей Найзабек алдыңғы жақтан ауық-ауық дауыстап қояды. Түтеген боз-бораннан төңректі қара түнек басқаны да қашан. Жолдың сорабын да суырынды қар басып, көрінуден қалды. Найзабектің сенгені – Торжорғасы. Соны еркіне жіберген.

Әлден соң Әбілфайызды түнгі ұйқы меңдей бастады. Шана таяздау жыраға солқ етіп түсіп кеткенде ғана, ілініп бара жатқан көзін қайта ашып алады. Ол қанша сергек отыруға тырысса да ұйқы қысып, еріксіз қалғи берді. Биені қақпайлап келе жатқан божыны да қолынан әлденеше рет түсіріп алды. Ақыры ұйқы жау жеңді. Бір кезде оң жағына қарай көтеріліп бара жатқан шанадан ауып, қалың қарға күмп еткенде ғана шошып оянды.Үстіндегі қалың киім мен үлкен пима қанша жанталасқанымен тез тұруға мүмкіндік берер емес. Ол орнынан көтерілгенше шана біраз жерге ұзап кетті. Жан ұшыра айқайлап, соңынан далақтап жүгіріп-ақ келеді. Қарсы алдынан соққан дүлей жел кеудесінен кері итеріп, жеткізе алар емес. Сәлден соң шана ақ түтек боранға сіңіп, көзден ғайып болды. Әбілфайыздың әлі құрып, буындарынан күш кетіп, жерге етбеттей құлаған. Қайта тұруға әл-дәрмен жоқ. Әлден соң әлдекімнің өзін желке жағынан сүйрегенін, жылы орынға әкелгенін еміс-еміс сезді. Содан соң үстін жапқан шөптің ашқылтым кермек исі келді мұрнына. Анықтап қарайын десе әлсіз жанары кіреукеленіп, бас жағындағы өңкиген сұлба бұлдырап, анық көрінер емес. Содан арғысын мүлдем білмейді. Тағы да талықсып, тәтті ұйқы құшағына ене берді.

Найзабек тағы дауыстады. Жауап жоқ. Ерге бір жамбастай отырып, артына мойнын бұрып, «Әбдіғаппар, тоңған жоқсың ба?», – деді бар дауысымен. Тентек желдің уілінен басқа дыбысты ести алмады. «Бала ұйықтап қалған-ау, шамасы». Ат басын тежеп, түсті де шанадағы үйшікке үңілді. Бала жоқ. Қорыққаны соншалық төбе шашы тік тұрды. «Шанадан ауып қалыпты-ау жазған бала», – деп шананы кері бұрып, ізімен біраз жүрді. Ауық-ауық: «Әбдіғаппар қайдасың?..» – деп дауыстап жатыр. Үйіре соққан желдің алабөтен ызыңынан басқа үн құлағына жетер емес. Айқайлай-айқайлай тамағы да қарлығып, үні шығудан қалды. «Тағдырдың басқа салғаны осы шығар. Таңертең Қопалыкөлден шығарда арттарынан қараңдаған қасқырларды байқап қалып едім. Сол қорқаулар жетімекті жеп кетпесе иегі». Қорқынышты суық ойдан тұла бойы мұздап сала берді. Ақыры шаршап-шалдыққаннан күдерін үзгендей болып: «Мына боранды түн-түнекте сүйегін таба алмаспын. Ертең боран басылғанда ағайынмен келіп іздемесем болмас», – деп Торбиені еркіне салды.

Әбілфайыздың құлағы қиқулаған дауыс­тарды шалды. Көзін ашса, айнала жап-жарық Шөмеленің тасасында жатыр. Үстін шөп басып қалыпты. Есіне түнде шанадан ауып қалғаны оралды. Боран басылған екен. Әлдекімдердің даурыға сөйлегендері анық естілді. Жуан дауысты біреу:

– Апырай, мына қасқырлар баланы осы шөмелелердің тасасына әкеп, жеп қоймаса игі еді, – деді үрей билеген үнмен аптыға сөйлеп.

– Анау ізді қараңдар!.. Қасқырлар оны ана шөмелеге қарай сүйреткен екен,– деді тағы бірі шошына дауыстап. Әлдекім даурыққандарды сабырға шақырды.

– Ана бөрі соншалық аш болмаса баланы жемейді. Жейтін болса Қопалыкөлде қоян көп қой.

Ат дүбірлері енді тап қасынан естілді.

– Мына шөмеленің етегі қопарылып қалыпты. Қане, шөп астын қараңдар!– деді жаңағы жуан дауысты қатқыл үнмен бұйыра сөйлеп.

– Иә, Сарқасқа!.. Баланы аман ете көр!..

Әбілфайыз Найзабектің даусын жазбай таныды. Ол үстін жапқан шөпті әлсіз қолдарымен ысыра бастады. Сол кезде әлгілердің бірі

– Айттым ғой… Бала тірі!.. Үстіндегі шөбі ауырлық етіп жатыр. Алып тастаңдар! – деді жан-дәрмен. Аттан қарғып түскен Найзабек оның үстіндегі шөпті құшақтап, бір жақ қапталына тастай салды.

– О, Жаратқан ием, жар бола гөр! Дін аман екенсің ғой, балам! Сарқасқа!… Әбдіғаппар тірі!.. – Ол қос қолынан тартып тұрғызды. Бетінен өбіп, жанары жасқа шыланып, құшақтап бауырына қатты қысты. – Тірі екенсің ғой!.. Садағаң кетейін!

Анасы дүниеден озғалы мұндай жылы сөзді естімеген Әбілфайыз, өксіп жылап оның құшағына ене берді. Мауқын басқан соң ғана:

– Құтқарып қалғаныңызға рахмет, ата! – деді ол.

– Рахметті маған емес алдымен сені сақтап қалған Аллаға айт! Шақшақ Жәнібек бабаң мен Қалпе атаңның әруақтары жебеген ғой сені. Анау қаншық қасқырдың сені түні бойы басқаларына жегізбегенін айтсайшы,– деп таңданды.

Ол сонда ғана Найзабек ақсақал нұсқаған жаққа көз жіберді. Жүз елу метр­дей жерде бір қасқыр шоқиып отыр екен. Одан әрідегі төбеде төрт-бес қасқыр ақырындап кетіп барады. Топ ішінен біреу:

– Мынаның бізден қорықпай оқ жететін жерде отырғанын қарашы. Мен мұны атып қанжығама байлайын, – деп иығына асынған мылтығын алып, кезене бергенде Әбілфайыз қолына жармаса кетті.

– Ағатай, атпашы!..

Найзабек мылтық ұңғысын жоғары қарата бұрып жіберді.

– Сен оны атпа. Баланы түнде осы шөмелеге сүйреп әкеп, үстін шөппен жауып, басқаларына жегізбей қорып отырған осы қаншық қасқыр. Атпа! – деді зілді үнмен.

Қасқыр орнынан қозғалар емес. Қара тұмсығын көкке көтеріп, ұзақ ұлыды.

ҚАЗАҚ БҰЛБҰЛЫНА ҚҰРМЕТ

Биыл қазақтың бұлбұлы атанған ұлы актриса Күләш Байсейiтованың туғанына – 100 жыл. Қазақтың бұлбұл қызы, қазақтың дүлдүл әншiсi – барша қауымға ортақ тұлға. Исi қазақ мақтан тұтатын бұлбұл әншiнiң тағдыр-тауқыметi Кеңестер Одағының дүркiреген уақытына тура келген екен. Бiр ғасырда бiр-ақ рет туатын ұлы дарынның Кеңестер Одағында қазақтың атын барша әлемге танытуының өзi үлкен ерлiк. Қазақта дарындардың көп екендiгiн барша әлемге паш еттi. Қазақтың ұлылығын, асқан дарындылығын танытты. Абыройын асқақтатты.

Ұлт үшін туған ұлы дарынның туған күні де Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен бір күнде болған екен. Ол туралы Шара Жиенқұлованың «Өмірім менің – өнерім» атты кітабында: «1912 жылы қаңтар айының он екісінде дүниеге екі алып келді. Оның бірі – Күләш, екіншісі – Димаш, біздің соңымыздан Шара секілді «кәкір-шүкірлер» келіпті, – деп бұлақ суындай сыңғыр күл­кі­сіне салып сақылдап күлетін» – деп Күләштің қалжыңдайтынын жазған екен. Бұл туралы қызы Қарлығаш Байсейітова баспасөз беттерінде берген сұхбаттарында да растайды. Патша заманында дүниеге келген қазақтар кезінде өздерінің туған күнін атамағанын және тууы туралы куәлігінің де болмағанын айтады. Қай күні дүние есігін ашса да, қай күні өмірге келсе де, әншінің туған жылы 1912 жыл екені белгілі. Сондықтан биылғы жыл – қазақ бұлбұлының жылы. Қазақтың маңдайына біткен ұлы әншісінің, актрисасының жылы болуы керек. Исі қазаққа ортақ ұлы тұлғаның, Күләш Жасынқызы Байсейітованың ғасырлық мерейтойын атап өту – қазақ елінің даңқын асыра түсер салтанат екені даусыз.

Осы орайда, Алматыдағы ұлы әншінің атындағы дарынды балалардың мектебі «Күләш Байсейітова: Шебер әншінің тұлғасы. Заманауи ұлттық мәдениеттің даму жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференцияға еліміздегі мәдени ұжымдардан ғалымдар келіп қатысып, Күләш Байсейтіова туралы ғылыми деректерге толы мазмұнды әңгімелерден сыр шертті.

Ғылыми-практикалық конференцияда Күләш Байсейітованың әлем музыка мәдениетіндегі рөлі, маңыздылығы және орны, Қазақстан театр өнері, ХХІ ғасырдағы музыкалық білім берудің сабақтастық проблемалары және келешегі сөз болды.

Көлбай Адырбекұлы