“ZHERSU” корпорациясы 20 жасқа толды

“ZHERSU” корпорациясы 20 жасқа толды

“ZHERSU” корпорациясы 20 жасқа толды
ашық дереккөзі

Өткен сенбіде Тұрар Рысқұлов атындағы экономи­калық универ­си­тетінің стадионында елге белгілі кор­порацияның құрылғанына жиырма жыл толуына байланысты мерекелік шара өтті. Алты жүзге тарта адам қатысқан бұл жиынның ерекшелігі Наурыз тойын бірге өткізуі еді. Осы жылдар ішінде “ZHERSU” инвестициялық-өндірістік корпорациясының табысы туралы оның басшысы Бауыржан Кеңесбекұлы Оспанов қысқаша баяндап, шараға жан-жақтағы бөлімдердегі департаменттер өкілдерінің қызметкерлерінің қаты­сып отырғанын тілге тиек етті. Корпорацияның Талды­қорған, Қапшағай, Алматы маңайындағы негізі­нен металл өңдеу, құрал-сайман жасау, аккумулятор шығару, құрылыс, электрлендіру сияқты тағы басқа саладағы бөлімдерінің жұмыстарының нәтижесі қорытындыланды. Ерекше айтылатын бір нәрсе, “ZHERSU” инвестициялық-өндірістік корпора­ция­сының жеті жылдан бері балаларға қаржы ұсынып, халықаралық “Дарабоз” әдеби бәйгесін ұйымдастырып, жылына “Кәусәр бұлақ” сериясымен үш жарым мың дана кітап шығарып, тегін таратып жатқаны көпке белгілі. Бүгінгі бала – ертеңгі қазақ халқы. Қалталы азаматтардың мұндай қамқорлығы ұлт келешегін ойлағаны деп ұққан жөн. Мерекеге Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, жазушы Берік Шаханов қатысып, құттықтап, сый-сияпатын тапсырды.

Қысқа да, тұжырымды ресми бөлімнен кейін, мереке Наурыз шаттығына ұласты. Айта кетерлік жайт, қаз-қатар тігілген қазақ үйлер жайлауға қоныс тепкен қазақ ауылына ұқсап, әп-сәтте көңілді күлкіге, қазақы қалжыңға ұласып, Қыдыр баба қауым елге бата беріп, ат мінген батырлар ары-бері ойқастады. Күй күмбірлеп, би биленді. Бұл шараға Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева қатысып, “Наурыз” әнін шырқады. Наурыз көже ішіліп, жас сәбидің тұсауы кесілді. Келін түсіріліп, беташар айтылды. Алтыбақан тербетіліп, аспанға үлкен шар көтеріліп, балалар қуанышқа бөленді. Енді бір сәтте командалар арқан тартысқа кірісті.

Сол сияқты волейбол, футбол, гир көтеру, шахмат-дой­быдан командалық жарыстар өтіп, жеңімпаздарға сыйлықтар тапсырылды.

Бердiкей МҰҚАШ