ӘКІМ АЙТПАСА, жарнама жөнделмей ме?

ӘКІМ АЙТПАСА, жарнама жөнделмей ме?

ӘКІМ АЙТПАСА, жарнама жөнделмей ме?
ашық дереккөзі

Көрнекi ақпараттардың сауатсыз жазылуы әдетке айналған Павлодарда олардың мемлекеттiк тiлдегi нұсқасының бар-жоғына да назар аударылмайды. Облыс орталығында бұндай жазу «үлгiлерiнен» көз сүрiнедi. Әсiресе «сауатсыз жазу қашан түзетiледi?» деп сұраған бала-шағасы алдында ата-аналары қызарады,кiрерге тесiк таппайды.Осындайда қол қусырып қарап отыру мүмкiн емес те. Тiл болашағына алаңдап және ұрпағымыз ана тiлiнде сауатсыз жазылған жазуға немқұрайлы қарамасын, әрi күресiмiз оларға үлгi болсын деген ниет болды. Сөзiмiздi жергiлiктi билiкке жеткiзiп, күрес жолдарын түрлендiрдiк.

Мәселен былтыр «Қөш келiнiздер! Халал­ дәмханасына «Арабика» мұсыльман ме­рекелерiн өткiзуге шакырамыз…» деген басынан бақайшығына дейiн өрескел қателерге тұнып тұрған сауатсыз жарнамалық тақтаның көпқабатты үй қабырғасында iлулi тұрғанын облыстық тiлдер басқармасында тiлге тиек етсек те, кейiн «Ертiс дидары» қоғамдық газетiнiң 5-санында (23.06.2011ж.) «Жарнамалардағы сауатсыздық жойылуы үшiн» мақаласында атап өтсек те нәтиже болмады. Бәлкiм назар аударар деп, қалалық «Шаһар» гәзетiнде «Сауатты жазу қажет» (№24, 19.08.2011ж.) мақала жарияладық та. Шара қолданылмады.

Облыс орталығындағы бұндай жағдайды көргенде Академик Сәтбаев көшесiндегi 136-ғимараттың төртiншi қабатында орна­лас­қан облыстық тiлдердi дамыту жөнiндегi бас­қарманы (бастығы Талгат Шайкенович­ Абыл­касимов – құжаты бойын­ша) жағалай­ты­нымыз рас, тiптi бұл ме­кеменiң жұмысына көңiлiмiз толмаса-дағы,­ баратынымыз – жауапты мекеме болғандығынан, әрине. Ал көңiлiмiздiң қала көшесiндегi жазу былай тұрсын, тiптi көз алдындағы ақпараттың «Тiл туралы» Заң талабына сәйкес еместiгiн «көрмей» отыра берер ме едi? «Бiлмедi», «көрмедi», «байқамады» дейтiндей емес, мекемеге кiрiп-шыққан сауатты адам баспалдақпен кө­те­рi­лiп-түсiп жүрiп, сатының үшiншi қабат тұ­сында 17 (он жетi!) көрнекi ақпараттың «Тiл туралы» Заң талабына сәйкес берiл­ме­генiн айтып жүретiн. Ал Талгат Шайке­но­вич «Тiл туралы» Заңның 21-бабы тала­бын бiр кiсiдей бiледi. Сонда қалай? Бұны жұмысқа күнделiктi келетiн тiлдер басқармасы бастығының, мамандарының көрмеуi, байқамауы мүмкiн емес қой! Осындай олқылық бiрiншi қабаттағы «KassaNOVA» банкi, «Faberlic» фирмасы, т.б. кәсiпкерлердiң тарапынан да кеткен едi.­ Жоғарыда атап өткенiмiздей, кезiнде сөз арасында: «тiлдердi дамыту басқармасы орналасқан ғимаратқа «Тiл туралы» Заңның 21-бабындағы талаптың қатысы жоқ па едi?» деген сұрақты көрнекi ақпараттардың «түзетiлуiне» сеп болар деп қойғанбыз. «Көш жүре түзелер» деп, ақпараттардың заң талабына сәйкес дұрысталатындығына титтей де күмәнiмiз болмаған. Содан берi талай уақыт өтсе де оң өзгерiс болмапты.

Сондықтан шыдамның да шегi бар, жер­­гiлiктi баспасөздерде жарияланған қала­ көшесiндегi сауатсыз ақпараттың тү­зе­тiлмеуi, әрi «Тiлорда» орын тепкен ғи­ма­­раттағы заң талабына сәйкеспейтiн жа­зу­лардың iлiнiп тұруы облыстық тiлдер басқармасының бастығына: «Тiлдердi дамыту басқармасы жұмыс iстейтiн ғимараттағы көрнекi ақпараттар елiмiздiң «Тiл туралы» Заң талабына сәйкестендiрiлмесе, қала көшелерiндегi сауатсыз жазылған жарнамалық ақпараты жөнiнде тiлдер басқармасынан не талап етпекпiз? Жергiлiктi баспасөз бетiнде бiрнеше ай бұрын сыналған өрескел қателер нелiктен жойылмайды?» деген мазмұндағы хаттың жазылуына түрткi болды. Хат мәтiнiң үстiне: «Облыс әкiмiнiң назарына!» (ол кезде облыс әкiмi Б.Ә.Сағынтаев едi) деп жазылып, оны тiлдер басқармасында 05.12.11ж., облыс әкiмдiгiнде 06.12.11ж. тiркеттiк. Басқа амалымыз болмады.

Жазғанымыз сол-ақ екен, көп ұзамай хат­та көрсетiлген барлық кемшiлiктер теп-те­гiс жойылды! Бiртiлдегi ақпараттар мен шала сауатты ақпарат алынып тасталды. Ол жөнiнде облыстық тiлдер басқармасының бастығы Т. Абылкасимов қол қойған жауап хатта (№21/1-09.23, 09.01.2012ж.): «…Павлодар қаласы Ак.Сәтбаев көшесi, 136 мекенжайы бойынша орналасқан ғимараттың 1-3 қабаттарындағы офистердi жалға берушi жеке кәсiпкер Н.Р. Садыкова, «Kassanova» банкi, «Faberlic» офисi және басқа да жеке кәсiпкерлер, сонымен қатар Катаев, 55 мекенжайындағы «Арабика» халал дәмханасы көрнекi ақпараттарын Қазақстан Республикасының «Тiл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес орындап, кемшiлiктердi жойды….» деп жазылған.

Сөйтiп, жергiлiктi баспасөз материал­да­ры­на назар аудармауының және көтерiлген мә­селе бойынша дер кезiнде шара қол­дан­­бауының салдарынан облыстық тiл­­дер басқармасы ыңғайсыз жағдайда қал­ды.­ Әйтпесе бiздiң облыстық тiлдер басқар­ма­сына бес бересiмiз, алты аласымыз жоқ. Де­генмен қаламызда сауатсыз жазулар әлде­ де аз емес. Көптiгi сонша, оны әдейi iзде­мей-ақ, жол-жөнекей қойын дәптерiңiзге түр­тiп алсаңыз да, фотосүгiретке түсiрiп ал­саңыз да бастан асады. Дәлелдi алыстан iздеп қайтейiк, «Тiл туралы» Заңның 21-бабы талабына сәйкеспейтiн көрнекi ақ­параттар қала көшелерiне ғана емес, об­лыс­тық тiлдер басқармасы орналасқан ғимаратқа дейiн енiп кеткенiн жоғарыда айттық. Сондай ақпараттар мен жергiлiктi бас­пасөздерде бiрнеше рет жарияланған сауат­сыз iлiнiмдер облыс әкiмi араласқанға дейiн iлiнiп тұруы сөзiмiзге қосымша дәлел болар. Тұрғындар айтпаса, облыс әкi­мiнен нұсқау болмаса, облыстық тiлдер бас­қармасы баспасөздегi сын материалдарға өздiгiнен көңiл бөлмей, сауатты жазу да, заң талаптары да жайына қалмақ па? Жалпы, бұл мекеменiң қызметкерлерi дәрменсiз бе, әлде бар мәселе басқарма бастығының iскерлiк қарым-қабiлетiнде ме? Тiлдер басқармасы өзiне артылған сенiмдi, бюджет шығынын қаншалықты ақтап отыр? Бәлкiм басқарманы таратып, ҚР-ның «Тiл туралы» Заңында көрсетiлгендей, әр мекеменiң бiрiншi басшысы мемлекеттiк тiлдiң қолданылуына жауапты деген талапқа көңiлдi көбiрек бөлсек қайтер едi? Сұрақ көп… Жауап табылмай тұр.

Облыстық тiлдердi дамыту басқар­ма­сының бастығы Талгат Шайкенович Абыл­касимов 2012 жылы ақпанның 13-i күнi өткiзiлген басқарманың кеңейтiлген ал­қа мәжiлiсiнде жасаған баяндамасын­да: «…Сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы тiл­ туралы» Заңы 21-бабының орындалуын қадағалау мақсатында облыс, қала, ау­дан көшелерiнде орналасқан көрнекi ақпа­рат­тарды тексеру жұмыстары жүргiзiлуде. 2010 жылы 1531 нысан тексерiлiп 138 қате­ түзетiлсе, өткен жылы 1700 мекеме тек­се­рiлiп, 312 қателер анықталып, түзетiлдi. …2011 жылы жоспарланған iс шаралар толығымен орындалып, алдымызға қойған мақсаттар мен мiндеттер толығымен орындалды деуге негiз бар…» («Ертiс дидары» №1, 2012 ж.) деп мақтанса да, дәл осы мезетте облыс орталығындағы көше көрсеткiштерi мен сiлтемелерiнiң сауатсыз және әркелкi жазылуы айыпталып, фото айғақтарымен «Қала көшелерi сауатсыздықтан қашан арылады?» (республикалық «Ана тiлi» газетi) атты мақала жарияланған-тын.

«Қатесi бар бұл көше сiлтемелерiнiң, көр­сеткiштерiнiң iлiнгенi кеше ғана емес. Осы уақытқа дейiн «Айналайындар-ау,­ қайда болдыңдар, ә»? дегендер де табылмай қоймас. Айтайық! Құзырлы меке­ме – тiлдер басқармасына сендiк! Тiл­дер­дi дамыту бағдарламасына сендiк, ал басқармадағы жағдай жоғарыда баяндалды! Сенiм ақталмады, ақталатын түрi де жоқ! Бәлкiм «жұмыс iстемеген адам қателiк жасамайды!» деген жаттанды сөз алдымыздан шығар? Бiздi «жұмыс iстемейдi» деп кiм­ айтады? Әрi –тегiн, әрi тек қана алға. Мақ­са­ты­мызға жетпей қоймайтын мiнезiмiз тағы бар.­ Сол үшiн… атқа қондық!

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ

Павлодар қаласы