БАТЫР АНА 26 ЖАСТА
БАТЫР АНА 26 ЖАСТА
Соңғы уақытта Қырғызстанда үшем туған келiншектер көбейдi. Наурыз айының ақырғы күндерiнде Жалалабад облысындағы Ақсы ауданының орталығы – Кербен қаласында Нұрзада Қожабекова деген 26 жастағы келiншек екi бала, бiр қызды дүниеге әкелдi. Ол бұдан бұрын екi рет босанып, екеуiнде де егiз нәрестелi – бiрiншiсiнде екi қызды, екiншiсiнде екi ұлды болған.
Жеті балалы болған болашақ батыр ананы және оның жолдасы Ұрматаалы Темірбаевты ауданның әкімі, қаланың мэрі және қалалық кеңестің төрағасы келіп құттықтап, тарту-таралғыларын тапсырды.
Өткен жылдың күзінде Бішкек қаласының іргесіндегі Шу облысына қарасты ауылдардағы 31 жастағы Ермек Сакиевтің және 20 жастағы Мірбек Барқтабасұлының келіншектері үш қыздан босанып, отбасы, туған-туысқандарын қуантқан. Күйеуімен құрдас, 31 жастағы Назира Жұмаева бұрын ұл бала туған екен, ал енді Мірбектің келіншегі Айзада Ақылбекқызы 17 жасында тұңғыш нәрестелерін – үш егізді көтерді.
Бір мезгілде дүниеге келген бұл екі отбасы мүшелерін сол кезде премьер-министрдің міндетін атқарып жатқан Өмірбек Бабанов және әлеуметтік қорғау министрі барып құттықтаған. Үкіметтің атынан олардың әрбіріне 500 мың сомнан ақшалай сыйлық, үй салу үшін 7 сотықтан жер телімінің құжаттары берілген. Әлеуметтік қорғау министрі ай сайын берілетін жөргек пұл тағайындаған.
Шетелдерде еңбек миграциясында жүрген отбасылардың арасында да үшем туған қырғыз келіншектері ұшырасады. Мирзат Сапаралиева деген келіншек Мәскеуде кү-йеуімен бірге жұмыс істеп жүргенде күні жетіп босанып қалған. Дүниеге үш ұл келген. Егер жұбайлар Ресейдің азаматтығын алса, балаларының әрқайсысына 150 мың рубльден бір жолғы жөргекпұл, сосын ай сайын 6 мың рубльден жәрдемақы төленбек екен, олар Ресей азаматтығын алғысы келмей, балаларын алып жүруге жарағанда, Қырғызстанға, туған жерлері –Талас облысының Қарабура ауданына оралған. Бірақ Мирзаттың айтуынша, мұнда оларға жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.
Көп балалы аналарды қолдау бойынша өлкенің жаңа заңына сәйкес жеті бала туып, оны аман-есен өсіріп отырған аналарға 2009 жылдан бастап «Батыр ана» атағы, алты балалыларға «Ана даңқы» медалі беріле бастады. Марапаттаудың бір шарты бар – балалар сотталмаған болуға тиіс. Биылғы ақпанда мемлекет басшысының жарлығымен 4 мың 655 әйел “Батыр ана” орденімен, 1 мың 235 әйел “Ана даңқы” медалімен марапатталды. Былтыр 6 мыңдай әйел “Батыр ана” атанып, одан тысқары 1600 ден астам әйел “Ана даңқына” ие болған еді. Екі жылда 13490 ананың Президенттің жарлығына ілінуі қырғыз елінде сәбилердің саны өскенін білдіретін көрсеткіш.
Республикада бала туымы жыл сайын өсіп келеді. Осы өсім жыл сайын шетелдерге жұмыс іздеп кетіп, барған жерінің азаматтығын алып жатқан мыңдаған адамдардың орнын толтыруда. 7-8 жылдан бері Қырғызстан халқының саны 5 миллионнан төмен түспей, тіпті көбейіп отырғаны осыған дәлел. Қырғыз Республикасының ұлттық статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, 2012 жылдың 1 наурызында Қырғызстан халқының саны 5 миллион 571 мың 200 адам болды. Былтырғыға салыстырмалы халық саны 1,5 пайызға өскен. Елдің халқының көпшілігін, негізінен жас адамдар құрайды. Республика халқының үштен бір бөлігі 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Оқушылардың саны 1 миллионнан асып түседі. Жоғарғы және орта оқу орындарында 200 мыңнан астам студент білім алып жүр.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ,«Түркістанның» Қырғызстандағы меншiктi тілшісі