Жаңалықтар

ТЕГЕРАННЫҢ ТЕГЕУРІНІ ТЕЖЕЛДІ

ашық дереккөзі

ТЕГЕРАННЫҢ ТЕГЕУРІНІ ТЕЖЕЛДІ

Халықаралық қауымдастықтан қағажу көрген Тегеран Анкараға арқа сүйеуге мүдделi. Ядролық бағдарлама мәселесiнде Түркияның Иранды қолдайтынын айтқан түрiк премьерi Ердоған жүздеген атом бомбасына ие Израильге ешкiмнiң тiсi батпай отырғанына алаңдайды. Ал ирандықтарды қара күшпен бағындырғысы келетiн кейбiр әлемдiк саясаткерлер Ердоғанға тоң-терiс. Себеп – тағы да мүдделер қақтығысы. Түрiктер жерiндегi екiншi рет өткiзiлген кездесуден кейiн халықаралық санкциялардан запы болған Иран икемге көнген сыңайлы.

Ядролық технологиялар саласындағы жа­ңа­лықтарға ұмтылған Иранға халықаралық қауымдастық тарапынан жасалған қысым күшейіп келеді. 2012 жылдың 1 қаңтарында Иранға қарсы бірқатар экономикалық санкцияларды енгізген Еуропалық Одақ ирандық газ импортына шектеу қойып, иран мұнайы мен мұнай шикізатын тасымалдауға және пайдалануға, соларға қатысты қаржылық қызметтер және сақтандыру шараларына ты-йым салды. Иран мұнайына қатысты толық эмбарго 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Дәл осы күнге дейін еуропалық мемлекеттер Ираннан «қара алтын» сатып алуға құқылы. Ал оған дейін мұнайдың балама көзін табулары тиіс. Қатаң шаралар тізбегіне Халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттіктің «Иран 2003 жылға дейін ядролық қару-жарақ өндіруге бағытталған ғылыми жұмыстарын жасырын түрде жүргізіп келген және қазір де жүргізілуі мүмкін» деген баяндамасы себеп болды.

Түріктер ирандықтардың ядролық бағдар­ла­масына қарсы емес, керісінше қолдайды. Иран­ның вице-президенті Мохаммад-Реза­ Рахиммен кездескен Түркияның премьер-ми­нистрі Реджеп Тайип Ердоған: «Ядролық өндірісті тек бейбіт мақсатта қолдануға бет бұрған мемлекетке қарсы күш қолдануға ешкімнің құқығы жоқ», – деді. Осылайша әлем­дік саяси сахнаны дүр сілкіндірген Анкара­ Жер шарындағы есі дұрыс адамдардың бар­л­ығы атом энергиясын бейбіт мақсатта пай­далануды қолдайды деп кесіп айтты. Ердоғанның бұл мәлімдемесіне халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі қатаң сын айтты, бір бөлігі таң қалды, енді бір бөлігі түсіністікпен қарады. Бұдан сәл бұрын Анкара Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың Иранға қарсы енгізген халықаралық санкцияларына қосылмайтынын ашық мәлімдеген болатын. Басты себеп – түріктер ирандықтар жерінен тасымалдайтын көмірсутегілер көлемін төмендетуге мүдделі емес. Әлбетте, бұның «көгілдір отын» бағасына қатысы жоқ. Себебі түркиялық Bugün газетінің хабаралуынша, ирандық президент Ахмаденижад түріктерге экспорттайтын газ бағасын арзандатудан бас тартқан көрінеді.

Еуроодақ пен Американың әлемдік саяси сахнадағы басты серіктестерінің бірі әрі Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан Түркия Батыс пен АҚШ үшін стратегиялық тұрғыда аса маңызды мемлекеттер санатында. Оның үстіне, соңғы кездері Изриаль Түркиямен қырғи-қабақ. 2011 жылы түрік және изриальдік биліктер арасында туындаған дипломатиялық дау соңы екі елдің дипломатиялық, әскери және экономикалық қарым-қатынасына сызат­ түсірген еді. Түріктермен дүрдараз ев­­рейлер ирандықтарға да аса елжіреп, іш­тар­тып отырған жоқ. Тегеранды «ядролық бағ­дар­ла­масын арзан электр қуатын өндіруге емес, атомдық бомба жасауға пайдалануды көздейді» деп айыптаған израильдік шенеуніктер Иранды кез келген әдіс-тәсілмен, тіпті қажет болса, әскери күш қолдану арқылы да тоқтатуға уәде берді. Алайда Реджеп Тайип Ердоған «ұр да жық» саясаттың соңы орны толмас өкініштерге әкеп соғатынын ескертті.

Ирандықтардың атом өндірісін талқандауға қатысты мәлімдемеге үзілді-кесілді қарсылық білдіруінің себебін түрік премьері түріктің бұқаралық ақпарат құралдарына былайша түсіндірген: «Израиль Иранды бомбалайтын болса, тұтас бір аймақтың күл-талқаны шығады. Аймақтағы жанжал Израильге де кері әсер етеді. Мысал ретінде Американың Ирактағы әскери шараларын алуға болады. Мен бұл мәселені АҚШ президенті Барак Обамамен де талқыға салғанмын. Бүгінде Обама Ирактағы барлық әскерін түгел қайтарып алды десе болады. Америка Иракқа соғыс ашу салдарынан 2 трлн. доллардан астам қаражатынан айрылды, яғни бұл бюджетке үлкен шығын әкелді. Егер Израиль Иранға қарсы соғыс ашса, амеркиалық-ирактық соғыстан әлдеқайда сұмдық жағдай орын алмақ». Түрік басшысының Обаманы көлденең тартуы тегін емес. Өйткені Тель-Авивтің бас­ты әскери серіктестерінің бірі – Вашингтон. Демек, Израиль ирандықтарға қарсы соғыс ашқан жағдайда еврейлер америкалықтардың көмекке ұмтылатыны анық.

«Қазір Израильдің қолында кем дегенде 250-300 ядролық қару бар. Бірақ бұл туралы ешкім сөз қозғаған емес, тіпті талқыға салғысы да келмейді. Иран өзінің ядролық бағдарламасын бейбіт мақсатта қолдануды көздейтінін айтты. Оның үстіне Тегеран зерттеулерге қажетті көлемде атом алғаннан кейін оны өндіруді тоқтатқанын мәлімдеді» деген Ердоған әлемдік саясаттағы әділетсіздік пен алалаушылықты сынады. Сондықтан Ахмаденижадпен кездесу барысында Түркия халқы мен үкіметі ядролық бағдарлама мәселесінде Иранды қолдайтындығын жеткізді: «Түркия үкіметі мен халқы әрқашан Ислам Республикасын жақтайтын. Алдағы уақытта да біз дәл осы бағыттан айнымаймыз».

Шынында да, түріктер ирандықтарға халықаралық сахнада әрдайым қолдау жасап келеді. Жуырда ғана Стамбұлда бас қосқан Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі – АҚШ, Франция, Қытай, Ресей, Ұлыбритания мен Германия Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты туындаған дауды бейбіт жолмен қалай шешуге болатынын талқыға салған. «Sabah» газетінің хабарлауынша, үстіміздегі жылдың 13 сәуірінде өткізілуі тиіс келіссөздің келесі бөлігін де түріктер өз жерлерінде өткізуді мойынға алып отыр. Ал АҚШ президенті Барак Обама бұл мәселе жақын күндері керісу емес, келісу арқылы шешілетінін жеткізді: «Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдануға Иран құқылы. Бірақ Тегеран оны халықаралық қауымдастықпен бірге жүзеге асыруы тиіс. Бұл ұсынысқа ирандықтар бірнеше рет қарсылық танытты. Оларға қарсы бірнеше рет халықаралық санкция енгізілгені, жалғыз қалуы сондықтан».

Әлемдік даудың салдарынан жақтастар қатарын сиретіп алған Тегеран Анкарамен барынша жақын болуды көздейді. Dünya Bülteni сайтының хабарлауынша, Ердоғанмен кездескен Рахими: «Екі мемлекет арасындағы экономикалық қатынасты дамытуға әлеует зор. Түркия мен Иранның экономикалық байланыстар шеңберін кеңейтуге ешқандай кедергі жоқ», – деді. Бұл мәселеде ирандықтар алдымен көмірсутегілер экспортының бағасын арзандата ма, жоқ па деген сауал өзекті. Өйткені Ахмаденижадтың газ бағасын төмендетуге қарсылық білдіруі түріктердің ирандықтардан импорттайтын «көгілдір отын» көлемін 20 пайызға дейін азайтқан.

Үстіміздегі жылдың 14 сәуірінде Стам­­бұл­да өткізілген Иранның ядролық бағдар­ла­­масына қатысты келіссөздердің екінші бө­лі­гіне халықаралық қауымдастықтың дипло­мат­тары түгел қатысты. Басты мақсат – ор­тақ шешімге келмес бұрын бір-бірінің сө­зін соңына дейін тыңдай білу, яғни тараптар­ арасындағы сыйластық еді. Әлемдік сая­сат­кер­лердің «келіссөзде нақты нәтижеге қол жеткізілмегенмен, діттеген мақсат орындалды» деп мәлімдеулері сондықтан. «Алтылықтың» Иранға қарсы тобын басқарған Еуропалық Одақтың ішкі саясаты мен қауіпсіздігі жөніндегі мәселелерге жауап беретін өкілі Кэтрин Эштон: «Келіссөздер тиімді болды және оңтайлы жағдайда жүргізілді. Бірақ бізге үшінші раунд қажет. Келесі кездесу 23 мамырда Бағдадта өткізіледі», – деді. Келіссөздердің кезекті кезеңін өз аумағында өткізуге Қазақстан да ұсыныс жасады. Бірақ Иранның сыртқы істер министрі Әли Акбар Салехи кезекті раунд Бағдад не Қытайда ұйымдастырылатынын мәлімдеген.

Ұзаққа созылған текетірестен шаршаған Те­геран бүгінде азаматтық ядролық бағдар­ла­масын жалғастыруға рұқсат алған жағдайда БҰҰ қауіпсіздік Кеңесінің кейбір талапта­рын орындауға бейіл отыр. Ирандағы Ұлттық қауіп­сіздік Жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили: «Кейбір сәттерде біз ортақ пікірге келе ал­мадық. Алайда келісім жасаған баптардың құны өте жоғары», – деді. Ресми хаттамада тараптар келіскенмен, сыншы келетін сырт көздің өз уәжі бар. Мәселен Виргиниядағы Лексингтон институтының вице-президенті, бұрын Пентагонда жұмыс істеген Дэниэл Гурэ Иранның кенеттен көнбістікке салынып, қарсыласының бірнеше талабын қабыл алуы уранды байытуға қажетті уақытты соза түсудің амалы деген күдік айтады. Сондай-ақ Тегеран мәселесінде Ақ Үйдің де керісуге емес, келісуге мүдделі болуы кезекті президенттік сайлауда сайлаушылар алдында Барак Обаманың абыройын сақтап қалуға тырысуынан. Шынында да, ирандықтар бұрынғыдай емес, ортақ тіл табысуға, келіссөздер үстеліне қоқан-лоққысыз отыруға шын пейілдерімен кіріскен. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке ядролық бағдарламасын бейбіт мақсатта пайдаланатынын дәйекті деректермен дәлелдей білсе, «Алтылық» халықаралық санкциялардың күшін жояды.

Соңғы кездері әлемдік БАҚ пен әлеуметтік желіде «Иранға қарсы соғыс ашыла қалған жағдайда Қазақстан жерін ұрыс алаңы ретінде пайдалануы мүмкін» деген болжам қызу талқыға түскен. Америкалық бір телеарнаға сұхбат берген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон өздерінің қолында Израиль мен Қазақстан арасында бұл мәселеге орай жасалған келісімді растайтын құжаттың жоқтығын көлденең тартқан болатын. Осы мәселені теріске шығарған ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев жуырда Қазақстан аумағының шетелдік әскери нысандарына Иранға қарсы әскери шараларды жүргізу мақсатында рұқсат берілмейтіндігін мәлімдеді. Есесіне, еліміз тараптар арасындағы дауды реттеуге, проблеманың бейбіт жолмен шешілуіне ықпал етуге, ширыққан саяси ахуалды дипломатиялық жолмен реттеуге мүдделі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ