ИМАНДЫ АНА – ҰЛТ ҰЙЫТҚЫСЫ
ИМАНДЫ АНА – ҰЛТ ҰЙЫТҚЫСЫ
Апта ортасында Қазақстан қажылары қауымдастығының Алматы филиалы әйел-қыздармен тәрбие жұмысы жөнiндегi бөлiмiнiң ұйымдастырған рухани-патриоттық кешi осылай аталды. Оған республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен осы қауымдастықтың жетекшiлерi мен мүшелерi, зиялы аналар мен дiнтанушы ғалымдар қатысты. Мұсылмандықтың бес парызының бiрi – қажылық дер болсақ, сол өздерiнiң адами борышын өтеп қайтқан аналарымыздың жаулықтары Алатаудың аппақ шыңдарындай болып залды көрiктендiрiп жiбергенi көңiлiмiзге нұр ұялатты десек, артық айтқандық болмас. Имани кездесудегi әрбiр уағыз жанымызды жадыратып, кеудемiздегi пәндәуи пиғылдарды жуып-шайғандай күй кештiк.
Еліміздің тәуелсіздігімен бірге оралған ата дініміз қанға сіңген қасиеттерімізді қайта тірілтіп, аналарымыздың киелі ақ жаулығы мен асының адалдығына мән берулеріне мүмкіндік берді. Иманды ұрпақ тәрбиелеу – иманды ананың ғана қолынан келеді. Ұрпақ тәрбиесі үшін ата дінімізден нәр алған салт-дәстүріміздің ұтымды жолдарымен қыз-келіндерімізді халықтық педагогика, ұлттық психологиямыздан ауытқымай тәрбиелеуге үн қосып, жастардың жан дүниесінің рухани жұтаңдыққа ұрынбауына жолбасшы бола білуде қажы аналар күллі қазақ әжелеріне үлгі болуда. Адам баласы үшін нағыз қасіреттің тұрмыстық жоқшылық емес, рухани азғындық екенін түсіндіру жолымен қисайғанын түзетіп, қалпына келтіріп, адасқанның үйіріне қосылуына жәрдем беруді Алла үшін парызына санаған қажы аналардың қоғам тағдырын, ұлт тағдырын ойлауы – ең бірінші имандылықтың дамуының айғағы десе болады.
– «Отанды сүю – имандылық» бағдарламасы бойынша облыстарды аралап, имани, адамгершілік жайлы уағыз жүргізуді жалғастырамыз,– дейді Еркін қажы Дуанаев мырза. – Республикамызда 2300-ден аса мешіт, 11 миллион мұсылман бар. Оның 17 мыңдайы қажылық міндетін атқарып келгендер, бұл сан жылдан жылға көбеймесе азаймайды деген үміт бар. Еліміздегі мұсылмандардың 25 мыңы қарттар үйінің тұрғындары болса, 75 мың жетім бала тағы бар. Бұл қоғамның, оның ішінде қазақ халқының қайғы-қасіреті емей немене?! Бұл еліміздің экономикасы аяғынан тік тұрғанымен, рухани жұтаңдықпен күрес әлі де жолға қойылмай келеді деген сөз.
Талғар қаласындағы «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің «өкіл анасы», танымал балалар ақыны Жақсыгүл Шәріпханқызын әңгімеге тартқанымызда, бұл қауымдастықтың айқай-шусыз-ақ тындырған шаруалары ұшан-теңіз екенін айтып өтті.
– «Нұр» қайырымдылық балалар үйімен он жылдан бері тығыз байланыстамын, шығармашылығымның арқауы да балалар болғандықтан болар, оның үстіне « Жетім көрсең жебей жүр» деген халықтық философияның тәрбиесімен өскен ұрпақтың өкіліміз ғой, тастанды балалар тағдыры жанымды ауыртады. Балалар үйінің директоры Тұяқ Қазкенқызы мен Әубәкір мырзаның қамқорлығында 110 бала тәрбиеленіп жатыр. Онда 3 жас пен 25 жас аралығындағы сәбилер мен ақыл тоқтатқан жасөспірімдер де бар. Көздері жәудіреп, үлбіреп тұрған жүздеріндегі жауабы жоқ сұрақтар кез келген пенденің жүрегін сыздатары сөзсіз. Қай заманда да жесірін тастамаған, жетімін жылатпаған қазақ халқының соншалықты қатыгез, безбүйрек болуына не себеп? Толғағы жетсе де, шешімі жоқ осы өзекті тақырыптың түп тамыры,әрине, аналарға, болашақ әз-аналарға келіп тірелетіні ақиқат. Сондықтан да осындай имани кездесулер мен жүздесулерді жиі ұйымдастырып отырған дұрыс. Бүгін де балалар үйінің айналасына 100-ден аса жеміс, 50 түп жидек және 70 түп роза гүлдерінің көшеттерін отырғыздық. Балалармен бірге кеш қонақтары да бұл игілікті іске бірге жұмылып, шын ниеттерімен атсалысты, – дейді ақын Жақсыгүл қажы аса риза кейіппен.
Сырттай шығармашылығын сыйлайтын ақын апайымыздың «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ творчестволық Бірлестігі Алтын медель лауреатының жүлдегері атанып, түркі халықтары мәдени қоры «Түркі әлемі» жастарының «Рухани анасы» деп атағанын естіп қуанып та қалдық. Өзінің аналық ыстық мейірімін тек өз отбасы, ошақ қасында ғана емес, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де бөлуге құмар, ынтызар пейілі болар, «нұрлылықтардың» өкіл анасы аталуы да сондықтан болар деп сезіндік.
Ана жүрегі қашанда перзентінің бақытты болуын, болашағының жарқын болуын, өсуін-өнуін шексіз тілеп, өзінен гөрі ұрпақ тәрбиесін ойлайтын бірден бір қамқоршы, тілеуқор екені анық. Қоғамды құрайтын адамзат дейтін болсақ, сол адамзатқа тірлік нәрін себетін ананың ақ сүті, ыстық мейірімі. Сондай мейірім-шапағаттың кейде қатыгездікке ұласып жататыны неліктен? Кейде емес-ау, екі күннің бірінде шаранасынан жерінген көкек аналар қайдан шығып жатыр? Ол да ана құрсағында жатып, ақ төсін ембеп пе еді?! Қазақ халқының ғұмырнамасында бұрын-соңды болмаған тастанды бала неге көбейіп барады? Басқа түгілі етегін жел көтеруге жібермейтін ұлттық тәрбие көзі неге бітеліп қалды? Оң босаға, оң аяқпен аттайтын адалдықты қанына сіңірген қайран шешелеріміз, бүгінде неге көрсоқыр? Сондықтан да болар, дәретсіз сәби емізбейтін қасиетті аналар азайған заманда ұятсыздық, арсыздық жер бетін жаулағаны жанымызды ауыртса да, көзіміз бұл көрініске үйренгелі де қашан…
Екі сағатқа созылған имани кештен санамыз санға, ойымыз онға бөлініп қайттық…
Таңсұлу Алдабергенқызы