ҚЫРҒЫЗДЫҢ ҚАЛЫҢ МАЛЫ – 50 МЫҢ СОМ
ҚЫРҒЫЗДЫҢ ҚАЛЫҢ МАЛЫ – 50 МЫҢ СОМ
Қырғыз елiнде де қызға қалың мал беру ата салт екенi мәлiм. Бұл әсiресе өлкенiң оңтүстiк аумақтарында бұлжымас дәстүр. Әлбетте, қалыңмал жiгiт жақтың шама-шарқына сәйкес әртүрлi бола бередi.
Бiрақ намысқа тырысып, аса шауып, нәтижеде жас отау шаңырағын биiгiрек көтергеннiң орнына той иелерiнiң әжәптеуiр тұралап қалатыны да бар. Осы мәселенiң алдын алу үшiн Ош облысындағы Науқат ауданының әкiмi өз ауданының шеңберiнде қалыңмалдың мөлшерiн шектеу жөнiнде бұйрық шығарды.
Бұйрық бойынша қалыңмалдың құны 50 мың сомнан (қазір 1000 доллар 46800 сомның төңірегінде болып тұр), 4 қойдан және тығыздалып бастырылған 2 бума мақтадан көп болмауы керек. Той салтанаты 4 сағаттан ұзамауы керек және жігіт пен қалыңдықты сайрандатушы жеңіл көлік керуенінде машинаның саны төрттен аспауы қажет. Бұл ережелер сақталмаса, той иесіне ауданның Ақсақалдар кеңесі жаза белгілейді.
Соңғы жылдары Қырғыз парламентінде де үйлену тойларына және марқұмдарды ақырғы сапарға ұзату рәсімдеріне орасан зор қаражат шығындалатыны, бұларды шектеу керектігі жиі-жиі айтылып келеді.
Жақында Ош облысының губернаторы Сооранбай Жээнбеков облыс белсенділерімен осы мәселелерді талқылап, Жоғарғы Кеңешке арнайы заң қабылдау жөнінде ұсыныстарын жөнелтті. Губернатордың есебіне қарағанда, облыста жас жұбайлардың тойларына ғана жылына 4 млрд. сом (90 млн. долларға жуық) жұмсалады екен.
Республикалық әлеуметтік мониторинг өлке бойынша үйлену тойларына жыл сайын 1 млрд. доллар, жаназа рәсімдеріне де осындай дәрежеде ақша кететіні туралы мәліметті жариялаған. Сарапшылар мұны сыртқы қарызы 3 млрд. долларға жақындаған Қырғызстан үшін мүлде орынсыз ысырап деп дабыл қағуда.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ,«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі