ИНТЕРПОЛ iздегенде...
ИНТЕРПОЛ iздегенде...
Елiмiздiң ақпарат құралдары ұлттық санаққа бөлiнген қаржыны қымқырып, iле-шала шетелге қашқан Статистика агенттiгiнiң бұрынғы басшысы Анар Мешiмбаеваның Араб Әмiрлiктерiнде бой тасалап жүргенiн жарыса хабарлады. Ал Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель Қазақстан мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi арасындағы қылмыскердi ұстап беру туралы келiсiм елiмiзден қашып кеткен басқа да қылмыскерлердiң кейбiрiн құрықтауға жол ашатындығын мәлiмдеген болатын.
Осыдан үш жыл бұрын еліміз үлкен үміт күткен ұлттық санақтан да шу шыққанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Сорақысы сол, шалғайда жатқан қаншама ауыл тұрғындарын айтпағанның өзінде, Алматы қаласының іргесіндегі кейбір елді мекендердің халқы санаққа ілінбей қалғандарын айтып, наразылық танытқан болатын. Көп ұзамай-ақ ұлттық санақтан ши шығып, Мешімбаеваның 750 млн. теңгені қолды қылғаны әшкереленген. Алайда қалай екені белгісіз, шенеунік ханым сол екі арада шетелге қашып үлгеріпті.
Бұған дейін дерек көздері Анар Мешімбаеваның Анталияның табиғат аясында демалып жүргендігін айтса, тағы бір мәліметтерде Мәскеуде, тіпті Лондонда бейқам өмір сүріп жатқандығынан хабар берген. Бірақ Анар ханым жерұйықты Араб әмірлігінен тапқан сияқты. Интерпол дәл қазір БАӘ-де Анар Мешімбаевадан басқа алты қылмыскердің қашып жүргенін айтуда. Олардың әрқайсысы кем дегенде қазынаның 500 млн. теңгесін жеді деп айыпталып отыр. Оның ішінде Астанадағы «Қыпшақ» тұрғын үй кешенін салу барысында жарты миллиард теңгені қымқырған «Какаду» ЖШС-нің бұрынғы директоры да бар.
Айта кету керек, бүгінде еліміздің байлығын жымқырып, ақыры шетелден бір-ақ шыққандардың саны 1600-ден асыпты. Олардың 1558-іне мемлекетаралық, 6-на халықаралық іздеу жарияланса да, оның небәрі 176-сы ғана табылған. Есесіне өткен жылы Қазақстанда бой тасалап жүрген шетелдік 134 қылмыскер елден аластатылды. Өкініштісі, қылмыскерлерді елге әкеліп, жазалау оңайға соқпай отыр. Тіпті Қазақстан мен қылмыскерлер бас сауғалаған көптеген елдердің арасында оларды ұстап беру туралы келісім жоқ көрінеді. Әрі-беріден соң келісімге сәйкес, сұрау салушы тараптардың іздестірген адамы саяси сипаттағы қылмыспен айыпталса әрі оның нәсілі, діни ұстанымы, азаматтығы, саяси сенім белгілері бойынша қудаланғаны белгілі болса, еліміз сұрау салған азаматқа Араб Әмірлігі саяси баспана берсе, мұндай қылмыскер қайтарылмайды. Мұны тәптіштей түсіндірген Иоган Меркельдің: «Қазірге дейін бұл талаптар қаралмаған. БАӘ тарапы қазақстандық азаматтарды ұстап беру мәселесін осы келісімді бекіткеннен кейін ғана қарайтын болады» деуі сондықтан. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан ұстап беру туралы келісімді Қытай, Түркия, Моңғолия, Корея, Литва елдері арасында ғана жасаған. Бүгінде Парламент сенаты БАӘ-не қашып кеткен күдіктілерді ұстап беру туралы халықаралық келісімді мақұлданып, қажетті құжаттар жолданды. Бұдан кейінгі мәселенің шапшаң шешілетін түрі бар. Алайда БАӘ-мен арадағы келісімді біржақты етеміз деп жүргенде, Араб Әмірліктеріндегі қылмыскерлер қайтарып алу одан да қиын Еуропа елдеріне қашып кетуі әбден мүмкін.
АЛДЫҢҒЫ АРБА ҚАЙДА ЖҮРСЕ…
Ұлттық санаққа бөлінген қаржыны қымқырған экс-басшы Анар Мешімбаеваның БАӘ-де жүргендігін айтып, ауыз жия бастағанда Астанадағы Сарыарқа аудандық №2 соты ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің қызметкері Қ.Жақыпова мен «Парасат» ақпараттық-сараптамалық орталығы қоғамдық бірлестігінің есепшісі М.Камшилина қызмет бабын пайдаланып, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдiстемелiк орталығының түрлі шараларды (конференциялар, жарыстар, т.б.) өткізу үшін бөлінетін қаражаттарын іс жүзінде орындалмайтын келісімшарттар жасау жолымен ұрлау мақсатында қылмыстық жоспар құрып, мемлекетке 9,5 млн. теңге залал келтірген қылмыстық ісін қарады. Қылмыстық істі тексерген Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен Қ.Жақыпова ҚР ҚК 28-бабы 2-бөлігі (орындаушы), 176-бабы 3-бөлігі «б», «г» тармақтары (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал есепші М. Камшилина ҚР ҚК 28-бабы 2-бөлігі (орындаушы) 176-бабы 3-бөлігі «б» тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл сынақ мерзімімен шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Жалпы, біздің шенеуніктер өткеннен сабақ алмайтын сияқты. Бәлкім, «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы да солай жүредi» деген осы шығар. Бұған дейін қаншама мемлекеттік қызметкер қазынаның ақшасын жеп, істі болғаны белгілі. Осыдан үш жыл бұрын Мәдениет министрлігіне қарасты Тіл комитетінің бұрынғы төрағасы Ерден Қажыбек мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген 65 млн. теңгені жымқырып, қашып кеткен болатын. Қаржы полициясының мәліметтерінше, Республикалық бюджеттен бөлінген қомақты қаражатқа тілдерді дамыту комитеті барлық министрліктер мен мемлекеттік мекемелер пайдаланатын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде электронды сөздік жасап шығару керек болған. Ол әлі қолға алынбаған істі «Аяқталды, ақша тиісінше жұмсалды» деп жалған құжаттарға қол қойып жіберіпті. 20 министрлік пен ұлттық компаниялардың, сонымен бірге, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі 12 мемлекеттік мекеменің шағымдарын тексерген тергеу органдары үш тілді аудармашының мүлдем жұмыс істемейтіндігін анықтаған. Ал кейінірек қызмет бабын асыра пайдаланған экс-төрағаның Түркия аумағын паналап жүргендігі айтылды.
Енді міне, сол Тіл комитетінде тағы да ақша жымқыру фактісі тіркеліп отыр. Сонда біздің шенеуніктер «сиырға туған күннің бұзауға да туатынын» білмей ме?
МАЛЯНОВ ҚАЙДА ЖҮР ЕКЕН?!
Қазақстандағы тұрғын-үй құрылысының сапасыздығы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Жақында ғана осы сөзімізге дәлел бол арлықтай оқиға орын алды. Қарағанды қаласындағы «Бесоба» ықшамауданындағы үлескерлердің қаржысына тұрғызылған көппәтерлі үй үйіндіге айналды. Тұрғын үйдің құлауына сәуірдің 1-і мен 5-і аралығында үйдің бұрыштары жарылып, аражіктері тігінен ажырай бастағаны себеп болған. Абырой болғанда, құлаған үйдегі 138 тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліп үлгерген. 2009 жылы ғана қолданысқа берілген тұрғын үй кешенінің апаттық жағдайда екендігі бұған дейін де ақпарат құралдарынан сан мәрте хабарланған болатын. Алайда жергілікті шенеуніктер тұрғын үй қирап қалғаннан кейін ғана әрекетке көшкен сияқты.
Бар жиған-тергенін баспанаға салған үлескерлер үйдің сапасыз салынғанын айтып, шырылдаған еді. Әне-міне құлап қалады деген үреймен күнелткен тұрғындар жергілікті әкімшілікке талай рет мұңын шаққан екен. Еш нәтижесі болмапты. Енді…
Төтенше жағдай болған жерге арнайы комиссия келіп, тексеру шараларын бастап кетті. Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің айтуынша, Қарағанды облысының әкімдігі үйлері құлаған тұрғындарға бюджет қаржысынан шығындарын өтеп бермек. Ал Қарағанды қаласының әкімі Бауыржан Әбдішев апатты үйдің құлаған бөлігінің тұрғындарына өтемақы төленетіндігін және осы мақсатқа бюджеттен 600 млн. теңге бөлінетіндігін мәлімдеді. Дүние-мүліктері үйінді астында қалған тұрғындардың қанша шығынға батқаны сот арқылы дәлелденбек.
Бүгінде Қарағанды облысының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 307-бабы 4-тармағы («қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану») бойынша, ал Қаржы полициясы «Бесоба» тұрғын үй кешенін салған «Сервиспромснаб» компаниясының директорына қатысты үлескерлерді алдау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, компанияның директоры Андрей Малянов қазіргі кезде бас сауғалап жүр. Сондай-ақ компания несие алған банкке 300 млн. теңгеден артық сомада қарыз екен.
Шындығында, қазір шенеуніктердің көбіне халықтың ақшасын ойланбай жеу індеті тән болып барады. Мұндайда жапа шегетін қарапайым жұрт. Бір ғажабы, біздің құқық қорғау қызметкерлері мен жедел-іздестіру тобы қылмыстық іс қозғалмай жатып, қылмыскерлердің елден қашып кеткендігін хабарлап жатады. Оларды біреулер алдын-ала хабардар етіп үлгере ме, кім білсін?!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ