Жаңалықтар

«КАЛИБАТАҒА» ҚОЙЫЛҒАН ГҮЛ ШОҚТАРЫ

ашық дереккөзі

«КАЛИБАТАҒА» ҚОЙЫЛҒАН ГҮЛ ШОҚТАРЫ

Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасына ресми сапармен барып қайтты. Елбасының Индонезиядағы сапары «Калибата» ұлттық батырлар мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұдан кейiн Елбасы мемлекеттiк сапар аясында Индонезия Республикасының президентi Сусило Бамбанг Юдойономен кездестi.

Мемлекеттiк сапар аясында екi ел арасында бiрқатар келiсiмдерге қол қойылды. Екi ел басшылары Қазақстан-Индонезия қарым-қатынастарының ағымдағы жай-күйi мен келешегi туралы пiкiр алмасты. Сонымен бiрге халықаралық күн тәртiбiндегi мәселелердiң кең көлемi талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылман әлеміндегі ірі ел болып саналатын Индонезиямен қа­рым-қатынастарды дамытуға үл­кен мән беретінін атап өтті. «Біздің ынтымақтастығымыздың анағұрлым келешегі бар бағыттары қатарына мұнайгаз секторы, энергетика, кө­лік, машина жасау саласы, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі, фармацевтика, туризм, шағын және орта бизнес жатады. Индонезия Қазақ­станнан астық, ұн мен мақта тасымалдауға қызығушылық танытып отыр. Біз Сізге біздің аумағымызда ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін бірлескен өндіріс құруды ұсынамыз. Индонезия Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Бірыңғай экономикалық кеңістігінің барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алады»,– деді Елбасы.

Сонымен бірге, Елбасы екі елдің ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін мықты шарттық-құқықтық база, сондай-ақ үкіметаралық комиссия құру қажеттігін де тілге тиек етті. Өз кезегінде Индонезия Президенті екіжақты серіктестіктің үлкен әлеуе­ті бар екенін айтты. «Сіздің бұл сапарыңыз біздің экономикалық және саяси өзара іс-қимылымызды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенемін», – деп атап өтті С.Юдойоно.

Джакартада Қазақстан Елшілі­гінің ашылуы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін маңызды қадам. Бұдан басқа, 2013 жылы Қазақстанда Индонезияның мәдениет күндерін, ал 2014 жылы Индонезияда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

– .Біз Индонезияның 2001 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауым­дастығына төрағалығын жо­ғары бағалаймыз және Джакарта Қазақстанға Ұйымның Өңірлік форумымен өзара іс-қимылын тереңдетуге көмектесетініне сенім артамыз. Сонымен қатар, біз БҰҰ, ИКҰ және өзге де халықаралық құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Біз Индонезияға Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске толыққанды мүше болуын ұсындық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Сусило Бамбанг Юдойононы Қазақстан Республикасына жауапты сапармен келіп-қайтуға шақырды. Индонезия басшысы 2013 жылы арнайы сапармен келіп қайтатын болды.

Екіжақты жүргізілген келіссөздер екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастығын тереңдетуге деген екі жақты ұмтылысын көрсетті. Дипло­матиялық және қызметтік паспорттар иелерін виза рәсімдеуден босату туралы үкіметаралық келісімге, сондай-ақ Әділет министрліктері ара­сындағы 2012-2013 жылдарға екіжақты ынтымақтастық ниеті туралы Хаттамаға қол қойылды. Екі елдің мемлекеттік органдарына екі жақтық салық салуды болдырмау туралы Тұжырымдаманы, инвестицияны өзара қорғау және ынталандыру туралы Келісімді, сондай-ақ ынтымақтастық туралы бірқатар салалық келісімдерді әзірлей бастау туралы тапсырма берілді.

Сондай-ақ, Индонезия Қазақстан аума­ғында жеңіл өнеркәсіп нысанда­рын құруға және біздің еліміздің транзит-көлік инфрақұрылымын бірлесіп да­мытуға ниетті. Қазақ­стан Индонезияға минералдық тыңайтқыштар жеткізуді жолға қоюға дайын.