Жаңалықтар

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ШАЛАҒАЙЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ШАЛАҒАЙЛЫҒЫ

Қазақстандағы атасы бөлек отандастар мен «өз қағынан жерiген» қандастарға қазақша үйрете алмай әлек болып жүргенде, тағы бiр шикiлiктiң шетi қылтиды. Бұл жолы билiк тарапынан. Заң жобаларын дайындауға мiндеттi кейбiр шенеунiк орысша әзiрленген мәтiндердi қазақшаға аударуға кәсiби мамандарды емес, iсi шалағай компьютерлiк бағдарламаны тартады екен. Сорақысы сол, мемлекеттiк қана емес, халықаралық маңызы бар құжаттардың қазақша аудармасы сапасыз болуынан кейде тiптi халықаралық келiсiмдерге қайта қол қоюға тура келетiн көрiнедi. Мұны Мәсiмовтiң өзi мойындап отыр…

ҚР Парламентінің Мәжілісі мен Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау барысында сапасыз аударманың кесірінен қазақша және орысша мәтіндердің арасы алшақтап, заң жобаларының мағыналары өзгеріп кететіні туралы бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Өткен жұмадағы Үкіметтік сағатта ҚР Әділет министрі Берік Имашев: «Мемлекеттік органдардың Лингвистика орталығына тапсыратын заң жобаларының қазақ тіліндегі мәтіндері өте төмен деңгейде. Тіпті компьютерлік бағдарламаның көмегімен аударылған, өңделмеген мәтіндер де келіп түскен жағдайлар кездесті», – деп мәлімдеді. Ереже бойынша заң жобалары аталған орталыққа Үкіметтің талқылауына түсерден бұрын тапсырылып, 15 күннің ішінде лингвистикалық тексеруден өткізілуі тиіс. Үстіміздегі жылы қаралуы тиіс 34 заң жобасы бар. Оның 7-еуін дайындау міндеті Әділет министрлігінің құзырында. Ал министрліктің ресми сайтында заң жобаларының 135 мәтін жарияланған. Бұл құжаттармен танысуға кез келген азамат құ­қылы. Министрдің айтуынша, былтыр құрылған лингвистика орталығының арқасында Мәжіліс аппаратының сапасыздығына бай­ланысты кері қайтаратын заң жобаларының саны 2 есеге азайған көрінеді.

2011 жылдың 13 маусымында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов заң жобалары мәтіндерінің түп­нұсқалығын қадағалауға сол кез­дегі Әділет министрі Рашид Түсіп­баевқа тапсырма берген болатын. «Бізде бұл жиі кездеседі. Парламент депутаттарының атымызға сын айтуы да – әділ. Біздің өз арамызда да жиі кездесетін жайттар салдарынан, кейде тіпті, халықаралық келісімдерді қайта қабылдауға мәжбүр боламыз. Кейбір жобаларға қол қою ұзаққа созылады», – деп кемшіліктерді ашық мойындаған Мәсімов қарамағындағыларға қазақ тілінде дайындалатын құжаттарға мұқият болуды тапсырған. Бірақ Министрлер кабинетінің жетекшісін құлаққа ілген шенеуніктер кем де кем болып шықты. Орысшадан қазақшаға шалағай аударылатын сапасыз мәтіндердің әлі күнге тыйылмай келе жатуы – соның айғағы. Өткен жұмада ҚР Әділет министрлігі мемлекеттік, кейде тіпті халықаралық маңызы бар құжаттарды, яғни заң жобаларын қазақ тіліне сапасыз дайындаған мемлекеттік органдардың басшыларын жауапқа тартуға шешім шығарды. Нәтиженің қандай болатыны уақыт еншісіндегі мәселе.

Үкіметтік сағатта «Компьютерлік бағдарлама қай тілде аударма жасаса да оны қайтадан адами, түсінікті тілге өңдеуді қажет ете­тінін компьютерлік бағдарлама мәтіндерімен жұмыс істегендер жақсы біледі. Шын мәнісінде, мұндай аударма мәтінді жолма-жол аударуға пайдалануға мүлде сәйкес келмейді» деген Берік Имашев заң жобаларының түпнұсқалық мәтіндері күн тәртібіне шыққан өзекті мәселе екенін айтты. Сонда Қазақ мемлекетінің заңдық құжаттарын мемлекеттік тіл – қазақ тілінде дайындауға не кедергі? Со­рақысы сол, заң жобаларын дайындайтын мемлекеттік органдардың басында қаракөз қандастарымыз отыратыны ешкімге жасырын емес. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында: «Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде сөйлесін» деген нұсқауын әлгі шенеу­ніктер құлақтарына ілмегені ме?! «Мәжіліс мақұлдамайтын сапасыз заң жобалары кейінгі кездері екі есеге азайған екен» деп көңілімізді біз де жұбатуға тырысқанмен, сырт көзге тіпті ұят жағдай. Қазақстанда тұратын атасы бөлек отандастар мен «өз қағынан жеріген» қандастарға қазақша үйрете алмай жүргенде заңдық құжаттарды дайындауға міндетті шенеуніктердің мем­лекеттік тілді сонша қорлауы «жығылған үстіне жұдырықпен» тең болды. Жалпы, «балық басынан шіріп жатқанда», қарапайым қазақстандықтардан қазақ тілін білуді талап етуге биліктің мо­ральдық тұрғыда құқығы бар ма? Мемлекеттік қызметте отыр­ған мемлекеттік қызметкердің Атазаңда тайға таңба басқандай етіп көрсетілген мемлекеттік тілді, ҚР «Тіл туралы» Заңын аяқ асты етуіне, компьютердің көмегі арқылы шалағай аударма жасауына құқығы бар ма? Әділет министрлігінің «ұртоқпағы» болмаса, Лингвистикалық орталықтың қатаң бақылауы болмаса, Қазақ елінің мемлекеттік мәртебеге ие тілін шенеуніктер сыйламағаны ма, Атазаңға мойынсұнбағаны ма сонда?..

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ