ҚАЛА... ҚАҢҒЫБАС БАЛА

ҚАЛА... ҚАҢҒЫБАС БАЛА

ҚАЛА... ҚАҢҒЫБАС БАЛА
ашық дереккөзі

Бүгiнгi қоғамда қаңғыбас балалардың саны күн санап артып келе жатқандығы жөнiнде күнделiктi ақпарат құралдарынан байқап жүрмiз. Бұл – қазаққа өткен ХХ ғасырда келген iндет дейдi, ғалымдар. Рас, XIX ғасырдың аяғына дейiн қазақ даласында жетiм балалар болғанымен, қаңғыбас деген ұғым болмағанын тарихтан жақсы бiлемiз. Бұған дейiн бұл атаудың қазақшасы «далабезер» болатын. Жаңаша атауы – қаңғыбас.

Ертеректе күні бойы үй бетін көрмей, дала кезіп, ойынға құныққан баланы қазақ далабезер деген. Бірақ далабезер баланың көбі түбі пысық, еті тірі, өз күнін өзі көрерлік өжет болып өсетін. Біреудің ала жібін аттап, ұрлық-қарлық жасамайтын, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайтын. Өкінішке қарай, соңғы жылдары баспасөз беттерінен, телехабарлардан «қаңғыбас балалар» туралы жиі айтыла бастады. Тіпті олардың тіршілік ететін орталары жайында деректі фильмдер де түсіріліп, құқық қорғау орындары ауық-ауық рейдтер ұйымдастырады. Бірақ жағдай оңалудың орнына күрделеніп бара жатқанға ұқсайды. Бұрынғының қаңғыбас балалары күндіз «қаңғыса да», түн баласында үйіне қайтатын. Ал бүгінгінің қаңғыбасы айлап жоғалады. Осы мәселеге байланысты кез­дейсоқ ұшырасып қалған қаңғыбас жеткіншекті ешқашан ұмытпаймын. Бұл жағдай осыдан бірнеше жыл бұрын болған еді. Ауылыма жолым түсіп, Астана теміржол вокзалына бардым, менің пойызым бірнеше минөт бұрын аттанып кетіпті. Жолымның болмағанына қапаланып, біраз уақыт абдырап тұрып қалдым. Сол сәтте құжаттарын көрсетіп екі тәртіп сақшысы жаныма келді. Қастарында 9-10 жас шамасындағы қазақтың қаракөз баласы бар. Келісімен тәртіп сақшылары: –Балаңызды неге бейсауат жі­бересіз? – деп сауал тастады. Аң­тарылып қалдым. – Ол менің балам емес, кім айтты? –деп азар да безер болдым. – Мына балаңыз вокзалдың үстіңгі қабатындағы ойын апараттарымен ойнап жүр. Неге жалғыз жүрсің? – деп сұрағанымызда, «Мен жалғыз емеспін, әне әкем күтіп тұр» деп сізді нұсқады. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізген қос сақшы бөлімшеге жүруді өтінді. Мән-жәйды түсіне келе ол бала­ның Қарағандыдан Астанадағы туыс­қанының үйіне қыдырып кел­гендігі белгілі болды. Осылайша қала­ны қы­дырмақ ниетпен автобусқа отырып, адасып кетіпті. Сосын кеш қарая біреулер оны вокзалға жеткізген екен. Баланың айтуынша, ол өздігінен үйді таба алмайды. Бірақ апайы «Леснозавод» ықшам ауданындағы «Мария» (Қателеспесем) атты дүкеннің қасында тұрады екен. Тәртіп сақшылары істің мәнжайын анықтау үшін әлгі мекен жайға бармақ болып жиналды. Осы сәтте тілші екенімді айтып, мен де көлікке отыра кеттім. Таңғы сағат төрт шамасында дүкенді де, ауласы биік темір қоршаумен қоршалған үйді де таптық. Сақшылар есікті ұрып, іштегілерді оятты. Үйден шыққан ерлі-зайыпты екі азаматқа жоғалған балаларыңызды тауып әкелдік деген тәртіп сақшысына ар жақтан «біз ешқандай бала жоғалтқанымыз жоқ», деп біреуі дүрсе қоя берді. Аңтарылып қалдық. Мән-жайды айтып, дуалдың ішіне ендік. Ал үйден шыққандар баланы танымайтын болып шықты. Әлгі бала да: «Бұл менің апайым емес», – деп қарап тұр. Міне, қызық. Жап-жас баланың барлығымызды алдаусыратып, сәті түскен кезде қашып құтылудың амалын қарастырып жүргенін енді ғана түсінгендей болдық. Бөлімшеге қайтып оралдық. Қолы кісенделіп, темір торға бекітті. Сол сәтте бала қорыққанынан бар шындықты жайып салды. Оның айтуынша, өзінің шын атын білмейді. Серіктері «Вова» дейді екен. Әкесінен бейхабар. Осы күнге дейін ішімдікке салынған анасы мен өгей әкесінің қолында тұрған. Ата-ана дегені болмаса, олардан ешқандай да жылулық көрмеген Вова бірнеше жыл бұрын үйінен кетіп қалған. Осылайша Қарағандының көшесін кезіп жүріп базар, вокзал маңындағы адамдардың қалтасына сұғанақтануға машықтаныпты. Айтуынша, кез келген адамның қалтасына қол салып, әп-сәтте сөмкесіндегі ақшасын сыпырып кетеді-мыс. Бұл әдетке оны қарағандылық достары үйреткен. Осылайша, Вова бірнеше күн бұрын Қарағанды – Астана бағытымен қатынайтын электропойызға мініп, Астанаға келген. Біраз осында болып, сосын кейін ауылға қайтпақ ниетте көрінеді. Бұл кезде таң атып, қала қалың ұйқыдан ояна бастаған кез еді. «Баланы қайтесіңдер?» деген сауалыма тәртіп сақшылары: «Таңертең басшылыққа тапсырамыз, одан кейінгі мәселені солар шешеді», – деді. Міне, бар болғаны осы. 10 жастағы Вованың қазіргі қылығы мынау, ал өсе келгенде не жасайтынын ойлағанда жан түршігеді. Әрине, артынан тағдыры беймәлім Вованың жағдайын білмек ниетпен бірнеше жерге қоңырау шалдым. Өкінішке қарай, еш жауап жоқ… Бұл елімізде панасыз балалардың қатарының көбейгендігін ғана аң­ғартпайды. Сонымен қатар, жас­өспірімдер қылмысының да арта түсетіндігі баршаға белгілі. Сол себепті мемлекет те, арнайы білім беретін орталықтар, тіпті тәрбие ұйымдары мен қарапайым азаматтардың өзі жас­тар мәселесіне айрықша мән беруі қажет. «Бізде қаңғыбас балалар жоқ» деп көңілді кеңге салып отыра беруге болмас. Еліміздің батысында мектеп жасындағы 4 жеткіншек ауқатты адамдардың үйіне ұрлыққа түсіп, дүние-мүлкін тонап, көңіл кө­теріп жүрген жерлерінен ұсталды. Ал оңтүстіктегі мектептердің бірінде өз достарын өлтірген жасөспірімнің сот-сараптама ісі жүруде. Айта берсе мысал көп. Қаңғыбас балалар бізде де бар, оған қаңғыбас әке, қаңғыбас ананы да қосыңыз! Олай болса, ұлт тағдырына балта болып шабылар мұндай әлеуметтік қасіретпен ертерек күрескеніміз жөн-ау. Өйт­кені бүгінгі қаңғыбастан көбіне ер­теңгі қылмыскер шығатыны өмір шындығы.
Бердiбек ХАБАЙ