«ТҮНГI ТАНГОНЫҢ» СЫРЫ

«ТҮНГI ТАНГОНЫҢ» СЫРЫ

«ТҮНГI ТАНГОНЫҢ» СЫРЫ
ашық дереккөзі

Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесi Гүлнар Дәукенованың көпшiлiк арасында кең тараған «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Мөлдiр сезiм», «Құштар көңiл», «Жасай бер, Қазақстаным!», «Астана байтақ» сынды әндерi мен күйлерiн халық сүйiп тыңдайды. Таяуда танымал композитор «Түнгi танго» деп аталатын тағы бiр тамаша әнiн көпшiлiкке тарту еттi. «Түнгi тангоның» дүниеге келу тарихының өзi қызық.

Әрбір жаңа ән жаңа туған нәресте сияқты. Анасына да ыстық, кіндігін кескен жанға да қымбат. Соған байланысты әнді алғаш орындаған Лидия Кәденованың пікірін білгенді жөн көрдік:

– Лидия апай, «Түнгі тангоның» шығуына бірден-бір себепкер өзіңіз көрінесіз…

– Гүлнар Дәукенова – өзіндік қол­таңбасы қалыптасқан қазақтың композитор қыздарының бірі. Ол тек жүрекке жылы, мағынасы терең, сырлы да әсерлі, әйелдің жан дүниесіне өте жақын әндерді жазады. Мәселен бір ғана Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз» әндерінің өзі неге тұрады? Әйел затының сағынышы, мұңы, сүйініші мен күйініші, тұнық махаббаты, бәрі-бәрі әннің өн-бойында анық сезіледі. Мен де Гүлнардың бір әнін орындауды көптен бері ойлап жүр едім. Енді міне, «Түнгі танго» өмірге келіп, Қазақ радиосынан орындалып жүр. Бұл әнді мен үлкен сахнаға алып шыға алмаймын. Оның себебі белгілі. Әншілермен тайталасып, әнші болып кеткенім ыңғайсыз шығар. Әнді театр сахнасында, арнаулы мерекелік кештер мен түрлі кездесулерде орындаймын. Жалпы бұл әнге жай ғана көп әннің бірі деп немесе әйелдің монологі деп қарауға болмайды. Әннің мазмұнына қарасаңыз, жаны нәзік әйелдің тағдыры айтылған. Қазіргі таңдағы әйелдердің тағдырымен тамырлас. Көпшілік әлі толық естіп үлгерген жоқ. Дегенмен ән әйел затының жүрегіне жол табатындығына сенімдімін.

Ән мәтінін жазған адамды әңгімеге тартпау әбестік болар еді. Оның үстіне өзінің нақты аты-жөнін көпшіліктен жасырын ұстауды жөн көрген адамның ішкі ойын білу де қызық. Карина Құрбан апаймен тілдесудің сәті түсті.

– Әннің сөзін жазғанмен, оның авторы ретінде атыңызды айтқыңыз келмегені қалай?

– Шынында, ол да бір қызық нәрсе. Өмір бойы қолыма қалам ұстап келе жатсам да, мен ақын емеспін ғой. Сол қалам маған әуелі журналистикаға жол салды, одан ары көркем прозаға жетеледі… Әрине, бала кезде, мектепте сыныптастармен жарысқандай боп жазған ұсақ нәрселер, өлең шумақтары болған. Бірақ ол есепке алынбайды. Әйтсе де поэзияның да, прозаның да – тамыры бір болса керек. Оны айтасыз, тіпті музыканың да тамыры осы жерден алыста емес дегім келеді. Бәлкім, сондықтан шығар, сөзден ән туады, немесе керісінше, ән өзіне тиісті сөзді іздеп табады. Ал өз басым жақсы жырды оқығанда, жақсы музыканы тыңдағанда сондағы сөз бен әуеннің бір бөлшегі сияқтанып еріп, қуанған, не жылаған сәттерім аз болмайды. Ал Гүлнәрдің «тангосы» көпшілікке ұнап, жұрт арасында айтылып жатса, композитор үшін қуанамын, маған соның өзі жеткілікті. Әр жерде көріне берейін деп мен атақ қуып жүрген, не даңққа ұмтылып жүрген жан емеспін.

– Түсінікті. Ақын болмасаңыз да, ақындарша сезінесіз… Сонымен, «Түнгі тангоның» сөзі қалай жазылды?

– Жазатын адамға көп нәрсе әсер ететіні белгілі. Кейде сол әсерлер бірден қағаз бетіне түседі, не «сүрленіп», ойда сақталып бұғып жатады. Бұл да солай бұғып жатқан әсерлердің бірі еді. Бірін-бірі сүйген қыз бен жігіт. Алғашқы ару сезім. Алайда асау өмір-толқынның құшағында екеуі екі жаққа айрылысқан. Арада талай қыс пен жаз өтіп, жиырма жылдан соң баяғы қыз бен жігіт… ойламаған жерде ұшырасып қалады.

Жігіт – үйленген, балалы-шағалы, қызметі өскен, төрт құбыласы түгел.

Ал қыз… тұрмысқа шықпаған, бала сүймеген, бұрынғысынан өзгермеген, жалғыз!..

Мұны көрген жігіт ағасы: «бұл қалай болғаны, мені неге ұмытпаған, осындай да болады екен-ау?!» деп дел-сал күйде қалады. Қыз болса, «мені неге іздемеген, қалайша ұмытқан, мен кімді күткенмін?!.» деп өзінше мұңға батады. Сол қыздың мұңы көзінде жас болып тұнып тұрды… Мен сол туралы жазғым келген. Алдымен, « тек бәрібір, тек бәрібір кім сенер, жаным деген – ғажап сиқыр, бал-шекер…» деген жолдар туды.

Одан әрі біртіндеп, басқа жолдар жазылды.

Бұл – шыңыраудың түбінен шымырлап шыққан бұлақ суындай тап-таза үлбіреген сұлу сезім, дүниенің өткіншілігі жайлы мөлдір мұң, сүйген жүректен төгілген нала.

Бұған – «Өмір-өзен» атты ғажап әндегі: «Қарсы жүріп үйренсек те қар мен жаңбырға, бірақ қарсы тұра алмадық асау тағдырға!» деген тәрізді уәж лайық болар деп санаймын. Бірақ опасыздар да арамызда аз еместігі – өмір шындығы. «Дос өлсе де, достық өлмейді» деп жатады ғой. Кісі кеткенмен, оның шын сезімі өшпейді. Ал әнді тұңғыш рет белгілі актриса Лидия Кәденованың орындауында «Қазақ радиосынан» естігенде денем шымырлап, көзіме жас келгені рас. Әндегі, «сен екеуміз болмағандай бәрі өшер» деп ар жағынан налып, жылап тұрса да, «жаным дегенің жәй сөз болып шықты ғой» деп әншінің тәкаппар сезіммен аяқтауын да көңілге қонымды деп қабылдадым. Жалпы, бұл арада әуенші де, мәтінші де жайына қалып, бәрі бір ғана Лидияның дүниесі болып шыққандай. Әнге жанын салу дәл осындай болатын шығар! Әйтпесе бізде әнді құр дауысқа салып, жансыз, қансыз-сөлсіз айтатындар жетерлік.

– Сіздің әндеріңіздің көпшілігі халықтың рухани қазынасына айналғаны белгілі . Ал «Түнгі танго» әні дүниеге қалай келді?

– Түрлі жанрда ән жазу – әр­бір композитордың арманы. Ме­нің негізі мамандығым күйші-домбы­рашы. Алғашқы күйім – «Жасай бер, Қазақ­станым!» деп аталады. Қазақ­станның Тәуелсіздік алғанына арналған күй. Қазақ радиосының «Қайырлы таң» бағдарламасының беташарына айналған.

Ән жазу – біреулерге оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл өте қиын дүние. Кез келген әннің мағынасы мен мазмұны автордың ғұмыр-тарихымен астасып жатады. Ән дегеніміз – ең алдымен ақын өлеңі мен композитор әуенінiң үндесуі. Екіншіден, әншінің сол әнді халыққа дұрыс жеткізе білуі.

Бірде Республика сарайындағы ән кешінен шығып, Лидия Кәденова апайымызды үйіне шығарып салдық. Сонда апай: «Сен маған арнап бір танго жаз», – деп қолқа салғаны бар еді. Қазақта бұл жанрда ән аз ғой деп ойлап қоямын. Кейін көп ойланып жүрдім. Кездескен сайын Лидия апай «Танго қайда?» деп сұрайтын болды. Одан бері де 6-7 жылдың жүзі болды. Ол кісіге уәде бермеп едім, бірақ сұраған са­йын қысылатын болдым. Содан бір күні Карина Құрбан деген жазушы апайымыз (шын аты басқа) әннің мәтінін жазып: «Гүлнар, мына өлеңге ән жазып көрші», – деп факс арқылы жіберіпті. Қарасам, өлең «Түнгі танго» деп тұр екен. «Көктен іздегенім жерден табылды» деп, өзімше бір қуанып қалдым. Көптеген ақындар маған өлеңдер әкеліп беріп жатады. Оның ішінде танымал ақындар, жаңадан шыққан жас­тар, тіпті лирикаға жақын қыздардың да шығармалары жетерлік. Бірақ бәріне бірдей ән шыға бермейді. «Түнгі танго» деген аты айтып тұрғандай, лирикаға толы, адамды терең ойға батыратын дүние екен. Ән шыққаннан кейін бірден Карина апайымызға хабарластым. Артынша Лидия Кәденоваға қоңырау шалып, «Сіздің тапсырмаңыз орындалды», дедім. Бір апта өтті. Лидя апамнан хабар жоқ. Өзім хабарласып: «Дәукенова қанша ақша сұрайды деп жүрген боларсыз. Сіздей талантты, дарынды адамға мен тегін беремін. Бұл әнді сізге сыйлаймын», – деп едім, балаша қуанды. «Әнді өзіңіз өңдетіп аласыз» дедім. Содан ән өңделіп болған соң, тыңдап едім, жаман емес сияқты. Ойнақы, образды, шеберлікпен орындап шыққан.

Осылайша дүниеге жаңа ән келді. Оның тұсауын бірінші болып «Қазақ радиосы» кесті, артынша «Қазақстан» телеарнасынан да сұхбатта айтылды. Астананың радиосында сұхбат бергенімде, «Түнгі тангоны» халыққа тыңдатып, тарту етті. Көпшілікке ұнап жатқан сияқты. Дегенмен әрбір туындының сыншысы – халық қой. Халық шынайы бағасын берер деп ойлаймын. Негізі Лидия Кәденова өте сәтті орындаған. Тек сол кісі ғана тамаша орындай алатынына сенгенмін.

– Қазақта танго жанрында ән өте аз. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Әннің жазылу тарихына қарасақ, «Түнгі танго» өзі шығуға сұранып тұрғандай болып көрінеді…

– Қазақ эстрадасында, қазақ ән жанрында танго жоқ деу орынсыз шығар. Бірақ танго қазаққа соншалық етене дүние бола қойған жоқ. Халық арасында «композитор білген-түйгенін басқаша тұрғыда халқына сыйлайды» деген жақсы сөз бар. Оның үстіне, Лидия апайымыздың жақсы тілегі мен ниеті себеп болса, ойламаған жерден Карина апайымыз сөзін жазып беріп жатса, неге жазбасқа? Ол да бір жұмбақ болып тұр ғой. Әйтпесе, мен танго жазам деп еш ойламаған едім…– «Танго» жанрындағы туындыны қазақ халқы қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

– Ескендір Хасанғалиев ағамыздың, Исраил Сапарбай ағамыздың әдемі әндері бар. Ал мен өзімнің әндеріме көбіне сыни тұрғыда қараймын. Әлі де жетілдіріп, «пісіру» керек. Әлем­де бұл жанрдың өзінің орны бар, тыңдаушысы көп. Біздің елімізде де өз тыңдарманын табар деп ойлаймын.

Мәселен «Сағындым сағым жылдар» әні де алғашында шағын аудиторияда айтылып, кейіннен қалың жұрт­шылыққа танылып үлгерді. Қазір міне, Құдайға шүкір, халықтың әніне айналды. Сондай-ақ, бұл ән Мұхтар Әуезов театрында «Мәңгілік бала бейне» спектаклінің лейтмотиві болып алынды. 1994 жылы шыққан ән 18 жылдан бері үшінші жас толқынның орындауында айтылып жүргені мені қуантады.

– Әннің мәтініне қарап отырсақ, жалпы әйел затының ер адамға деген өкпесі мен реніші білінеді. Бұл қоғамдағы әйелдердің еркектер туралы түсінігіне кері әсер етпей ме?

– «Жаным деген, жаным деген – құр сөз екен жай бекер» деген жолдар расында қазіргі өмірдің келбетін аша түсетін сияқты. Өмір болғаннан кейін біреу шын бақытын тапса, енді бірі адасып жатады. Негізі, менің естуім бойынша, әйел адамы ерте ме, кеш пе жалғыздықты бастан кешетін көрінеді. Шын мәнінде, жауапкершіліктен жалтармай, мойнына артылған ауыр жүкті түсініп, қолындағы құсын аялап өтетін ер адамдар аз дейді. Біздің қазақтың әрбір отбасында ұлттық тәрбие берілуі керек. Бала кішкентай күнінен бас­тап отбасының, ата-ананың жылуын, мейірімін көріп өсуі керек. Әкесі анасын қалай ардақтап, алақанына салып аялағанын көрген бала әрдайым өзінің жарын да сондай бақытқа кенелтері сөзсіз деп ойлаймын. Ал ері әйелінің көзіне «шөп» салу, қасында жүріп «сені сүйемін» деп, басқаға кетіп қалып жатқандар, «жаным» деп алдап, тастап кетіп жатқан жағдайлар қаншама? Талай әйел басынан кешкен дүние. Сондықтан да болар, көпшілік әйелдер бұл әнді тыңдап, көздеріне жас алған екен.

– Қазіргі жас композиторларға көңіліңіз тола ма?

– Әр заманның өз әншісі, өз композиторы болады. Жастардың көпшілігі қазір композитормыз деп жүреді. Ешқандай музыкалық білімі жоқ, бірақ «мен жүзге тарта ән жаздым» деп жататындары да бар. Өз басым мұндай нәрсені түсінбеймін. Кейде сұхбаттарын оқып, тыңдап отырып, ұяласың, нота танымаймын, бірақ композитормын дейді.

– Әндеріңіздің көпшілігі халықтың жүрегіне жол тауып жатады. Бұл – табиғи дарын ба, әлде биік кәсібиліктің нәтижесі ме?

– Ән жанры күрделі келеді. Абай атамыз айтқандай «Әннің де естісі бар, есері бар…» Жыл сайын, әртүрлі әндер туып жатады. Соны саралайтын, бағасын беретін – халық. Менің анам Рысхан әндерді тыңдап, өзінше баға беріп отырушы еді. Ұнамаған әндерді: «Мынау бір дәмі жоқ ән екен», – деп. Әкем Жұмай екеуі әндерді шебер орындайтын. Бала жастан халық әндерін, елде айтылатын әндерді бойымызға сіңіріп өстік. Бала жасымнан музыка мектебі, Алматыдағы музыка училищесін, Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірдім. Консерваторияда оқып жүріп, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне жұмысқа орналасып, онда табысты ширек ғасыр қызмет еттім. Қаншама шығармалар, қаншама әндер орындалды. Небір өнердің майталмандарымен қызметтес болдым. Соның барлығы текке кетпеген шығар деп ойлаймын. Ән шығаратын композитордың талғамы биік болуы керек. Сонымен қатар ұлттық музыканы тұғыр ету керек! Сонда ғана жақсы ән, күй тумақ. Сондай-ақ, ән жазылып, дайын болғаннан кейін композитордың жақсы әнші іздеуі заңдылық. Мен де сол сияқты әншілердің бәрін сырттай өзімше «зерттеп» жүремін. Кейде әншінің табиғатына, ерекшелігіне қарай ән жазылады. Мәселен «Сағындым сағым жылдарды» шырқағанда марқұм Мәдинаның бар болмысы ән салып тұрушы еді. Сол сияқты ән сөздерінің мағыналы, мәнді, тыңдарманға айтары бар болғаны жөн. Жоғарыда айтып өткенімдей, ақын өлеңінің әрбір сөзіне композитор әнмен, әуенмен жан бітіріп, оны әнші тамаша шеберлікпен орындап шыққан жағдайда ғана ән өз тыңдарманына жол тауып, халықтың әніне айналатыны сөзсіз.

– «Қанатсыз құс, армансыз адам болмайды» дейді халық даналығы. Сіздей композитордың не арманы бар?

– Жақсы ән, жақсы туынды шығар­сам деген басты мақсат. Басқа біреудің жақсы әндерін естісем де шабыттанамын. «Сағындым сағым жылдар» әнін бір жарым сағат жылап отырып шығардым. «Жасай бер, Қазақстаным!» күйін де жылап отырып шығардым. Себебі сонау 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қазақ жастары алаңға шығып, қыздарымыз шаштарынан сүйреліп, жазықсыз жапа шегіп, қазақ жігіттері қыршыннан қиылды. Сол қантөгісті теледидардан көріп отырып жазған болатынмын. Мәселен жақын шетелдерге бара қалсаң: «Қазақ халқы бірінші болып бастамаса, біздер Тәуелсіздікке жетер ме едік?» деп қал­жың­дап жатады. Яғни бұның өзі үлкен ерлік екенін олар біледі. Мойындайды.

– Сізді не толғандырады?

– Аяусыздық жайлаған заманнан қорқамын. Өмір қатал болып барады: кісі өлтіру, тонау, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, ақша мен дүниге құнығу, имансыздық көп. Мейірімсіздік пен қатыгездіктен қорқамын.

– Әңгімеңізге рахмет! Сізге зор шығармашылық табыстар тілейміз.

Сұхбатты жүргiзген

Маржан КЕҢЕСБАЙ