«МЕН НЕ ДЕЙМIН, ДОМБЫРАМ НЕ ДЕЙДI?»

«МЕН НЕ ДЕЙМIН, ДОМБЫРАМ НЕ ДЕЙДI?»

«МЕН НЕ ДЕЙМIН, ДОМБЫРАМ НЕ ДЕЙДI?»
ашық дереккөзі

Бiз ұсынған мақаланың («Түркiстан» газетi, 19 қаңтар, 2012 жыл) әу бастағы тақырыбы «Ұлу жылы – улитка емес» едi. Оқырман қауым қазақша жыл атауындағы жыртқыш хайуан мен жәндiк ұлуды шатастырмас үшiн осылай қойған болатынбыз. Газет редакциясы ықшамдап, «Ұлу – улитка емес» деп жiберiптi. Байқауымызша, бiраз түсiнбестiк осы екiұштылау тақырыптан бастау алса керек. Әйтпесе, бiз көтерген мәселенiң зоология ғылымына қатысы шамалы, тiптi үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Айтпағымыз: қазақша жыл атауындағы ұлудың тұқымы жойылып кеткен жыртқыш аң екендiгi ғана болатын. Ғалым Мыңбай Ысқақовтың «Қазақ календары» атты кiтабындағы дәйектi дәлелдердi алға тарта отырып, мерзiмдi басылым беттерiне шырышты ұлу жәндiгiнiң суретiн берiп жүрген әрiптестерiмiзге оларының жаңсақтығын аңдату ғана едi бiздiң негiзгi көздеген мақсатымыз. Алайда әлдебiр тiршiлiк иесiн қорлау немесе әлдекiмдердiң бақшасына түсу деген үш ұйықтасақ, түсiмiзге кiрмеген жайт. Осы ретте халық календарын, ескiше жыл атаулары мен жыл қайыру жайлы зерттеп жүрген ғалымдарды (зоолог-мамандарды емес) ой қосып, пiкiр алысуға шақырғанымыз да рас. Оған сөз төркiнiн түсiнiп, байыбына бара бiлетiн оқырман қауым өзi – куә, өзi – төрешi.

Ендi «Жоқ, ұғымда ол – ұлу жылы» атты мақала авторларының (Р.Сәтiмбеков, Г.Бектұрғанова) бiзге деген «қара қазандай өкпесi мен сын-ескертпелерiне» тоқталсақ: Бiрiншiден, мақала авторлары: «Ұлу –улитка емес» дегенi дұрыс емес. …Орысша улитка сөзi ежелден ұлу аталып келе жатқандығы барша жұртқа белгiлi жағдай» деп бастайды. Ал бiз сөз етiп отырған ұлу – орыстың емес, керiсiнше бүгiнгi көпшiлiк жұрт бiле бермейтiн қазақтың ежелгi сөзi екендiгiне мән бергiлерi келмей, бiрден сыңаржақтай тартады. Екiншiден, «орынсыз қолданылған» деп, «ұлуқұрт» деген сөзiмiзге шүйлiгедi. Даңқты батыр Бауыржан бабамыз айтқандай «әр затты өз атауымен атасақ», оның несi әбестiк, несi айып?! Қазақта шыбын-шiркей, құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жан-жануар деген қалыптасқан сөз тiркестерi бар. Құрт демеген күннiң өзiнде аяқ астында езiлiп жататын бақалшақты шырышты ұлуды (өзге түрi емес) «жануар» деуден гөрi жәндiк деген жөн болар. Ғылымда қалай екенiн қайдан бiлейiк, бiз бiлетiн қазақы ұғымда осылай. Ұлуқұртты жануар дегендi естiсе қарапайым жұрттың күлерi даусыз. Сол сияқты ол кiсiлерге «зиянкес», «сүйкiмсiз» деген сөздерiмiз де ұнамайды. «Ұлулардың бәрi «сүйкiмсiз» деп жеккөрушiлiк сезiм бiлдiру мүлде дұрыс емес» деп түйiндейдi. Ал бiз әңгiме қылып отырған ұлу – бәрi емес, газет-журналдарда суреттерi басылып жүрген, өзiмiз кiтаптан емес, табиғаттан, күнделiктi тiршiлiктен жақсы бiлетiн кәдiмгi құрлықтағы шырышты ұлу жәндiгi. Жазғы маусымның жартысын саяжайда өткiзетiндiктен, оның зиянкестiгiн бiр кiсiдей-ақ бiлемiз. Бiлген соң айтамыз. Ендеше, авторлардың бiздi «Табиғаттану – туған мекенiңдi танып бiлуден басталады» деген ой-толғаммен қамшылауы да орынсыз. Себебi бiз де дәл осы тақырыпта балаларға арналған танымдық өлеңдер мен жұмбақ-жаңылтпаштар жазып, кiтап шығарып жүрген қаламгерлердiң бiрiмiз. Асылы, қаламгерлер көзiмен көрiп, бiр емес, бiрнеше мәрте ой елегiнен өткiзiп, көкейге түйгенiн жазып, жырлайды. Бейнелеп жеткiзуi мүмкiн, бiрақ жалған әспеттеп, әсiрелемейдi. «Ғалым ағайындарымыз бұл сөзiмiзге қалай қарар екен» деп, қымсынбайды да. Мысал үшiн белгiлi ақын Мақсұт Неталиевтiң «Алматы ақшамы» газетiнiң 2012 жылғы 22 наурыз күнгi нөмiрiнде жарияланған «Ұлу деген немене?» деген өлеңiнiң бiр шумағын оқып көрейiкшi. …Толқын шайып шыққан кезде жағаға, Құйылып кеп бас салады шағала. Су тартылып қайтқан кезде Құрты өлiп, Қабыршақ боп қалады тек далада… Демек, жансыз бақалшағынан айрылып, жы­­бырлаған жылбысқы жәндiктi құрт демей, сүй­кiмсiз демей не деймiз! Тым болмаса, жұл­дызқұрт сияқты сыртында түгi, түрлi-түс­тi реңкi болса бiр сәрi. Ал бұл – бiз тiл­ге тиек еткен құрлықтағы емес, сiздер пiр тұ­тып, қорғаштап отырған судағы ұлудың өзi. Белгiлi ақын ағамыз оны да «құрт» деп отыр­ған жоқ па?.. «Ұлу жылы – улитка емес» деп шорт кесiп ай­туымыздың себебi: жыл атауындағы ұлудың ба­рыс, қабылан тектес қорқынышты әрi ұли­тын жыртқыш аң екенi бiздiң санамызға ба­ла күннен сiңiп, қалыптасқан ұғым. Оны бiз­дер ес бiлiп, етек жапқанымыздан бастап үл­­ке­ндерден естiп, бiлiп өстiк. Демек, бiз тәр­биеленген ортада ол кезде көнеше жыл қайы­ру­ға жүйрiк, жыл атауларын жақсы бiлетiн әрi олар туралы нешеме аңыз-қиссаларды майын тамыза жатқа айтатын аталарымыз баршылық едi. Ең өкiнiштiсi сол: кейiн келе бiз соның бәрiне мұрын шүйiре қарап, ес­кi­нiң сарқыншағы, бiзге қажетсiз дүние деп қа­­радық. Сөйтiп, мiне, дәл осындай қит ет­се, алдымен орысшасына жүгiретiн шөре-шө­ре күйге түстiк. Әрi қарай мақала авторлары Мыңбай Ыс­қақов ағамызды «көрнектi ғалым», ал ол­ кiсiнiң бiз сiлтеме жасаған «Халық ка­лен­да­ры» кiтабын «құнды еңбек» дей отырып, ол кi­сiнiң «барыс тұқымдас» деген сөз тiркесiн сын­ға алады. Сiрә, автор сөзi мен келтiрiлген дәй­ектеменi (цитатаны) шатастырып алған болуы керек. Жалпы алғанда «тұқымдас» сөзi кең мағыналы. Бұл жерде ғалым М.Ысқақов «тұқымдас» сөзiн тектес, тәрiздес деген мағынасында қолданған. Әрi ұлудың мысыққа қарағанда iрi, дене тұрқы жағынан барыс пен итке жақын екендiгiн аңдату үшiн әдейi алып отыр. Ал «мысық тұқымдас» дегеннен басқа барыс тұқымдас, ит тұқымдас деген сөз тiркестерi «зоология ғылымына жат ұғым» болса да, қазақы ұғымға жаттығы жоқ. Зоология ғылымы «тұқымдас» сөзiн жекешелендiрiп ала қоймаған шығар әлi. Оның үстiне «олай деуi дұрыс емес, былай деуге болмайды» деп, жөн сiлтейтiндей бiз зоологиядан ғылыми реферат жазып немесе диссертация қорғайық деп отырған жоқпыз ғой. Ең қызығы мақала авторлары ғалым ағамыздың : «Сондықтан ұлуды орыс тiлiне «крокодил», «дракон», «рыба» т.с.с деп аударып шатастырмай, орысша «улу» деп, тиiстi түсiнiк беру керек» деген тұжырымын аттап кетедi. Сол сияқты, «зоология жағынан ит тұқымына жататын және ұлитын аң болуы керек» дейтiн түйiндi пiкiрiне де бiр ауыз уәж айта алмайды. Ғалымның бұл пiкiрiн дәлелдей тү­се­тiн осы кiтаптағы бiр ғана мысал – ал­ғаш­­қы қазақ календарын (1928ж) жарыққа шы­ға­ру­шылардың бiрi – Бейiмбет Майлиннiң 1917 жылы мартта жазылған «Ұлу» атты өлеңi: …Ұлу келiп көтердi елдiң обалын, Мал жұтатып, сынын алды қораның. Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты, Аты шулы былтырғы өткен «қояның… Бұл – Наурызды тойлауға әлi тыйым салынбаған, салт-сана, әдет-ғұрыптарымыз бен ана тiлiмiздiң қаймағы бұзылмаған кез. Демек, он екi жылда бiр рет Наурыз айында айналып келiп отыратын жыл атауларын елiмен бiте қайнасып, жұртының жыртысын жыртып жүрiп, құрбан болған сол кезгi Бейiмбеттей арыстарымыз жақсы бiле ме, жоқ бұл дәстүрден 60 жылдан астам уақыт қол үзiп қалған бүгiнгi бiз жақсы бiлемiз бе?!. Сөз ұғатын жанға Ұлудың қандай хайуан екендiгi осы өлең шумағындағы бiз қарайтқан жолдан-ақ көрiнiп тұрған жоқ па, әлеумет?!. Тыңдар құлақ болса, дәл осы тұжырымды мереке күнi ұлттық арнадан табиғат құбылыстарын зерттеушi белгiлi ғалым Назарбек Қожамсейiт пен көрнектi жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi Адам Мекебаев мырзалар да айтты. Сол секiлдi, авторлар бiздiң мақа­ла­мыз­да­­ғы: «тышқан мен жыланның жылға қалай кiр­генi жайлы аңызды екiнiң бiрi бiледi» де­ген сөзiмiзге де мән берместен, «Жыланға жеке жылдың атауын берген халқымыз Ұлу­ға да жеке жылдың атауын беруiне еш­қан­дай күмән келтiруге болмайды» дейдi. Нұх пайғамбар кемесiнiң тесiгiн бiтеп, күллi тiршiлiк иесiн апаттан аман алып қалған жылан сияқты ұлуқұрттың жақсылығы немесе «асқан сұлулығы» жайлы бiр аңыз естiген жан бар ма екен?.. Ал мақала авторларының: «Ұлудың бей­несiн мақалада берiлген К.Истоминнiң кес­кiн­деме суретiндей бейнеде беру керек деген пi­кiрiмен де келiсе алмаймыз» деген жолдары бiздi мүлдем таң қалдырды. Өйткенi бiздiң ма­қаламызда мұндай сөз де, пiкiр де жоқ. Су­реттi берiп отырған газет редакциясы. Бiздiң мақаламыз: «Қыл қалам шеберлерi арасында конкурс ұйымдастырылып, оның нәтижесi баспасөз беттерiнде жарияланып, Ұлудың жалпыға бiрдей бiрегей бейнесi жасалса…» деген ұсыныспен аяқталатын едi. Ол кiсiлердiң бұл жолдарды қайдан алып отырғанын бiле алмай дал болдық. Бұл не сонда?!. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, тұқырта беру ме?.. «Жайра» сөзiне келетiн болсақ, рас, бұл – бiздiң «төл» сөзiмiз, ашығын айтсақ, өз пiкiрiмiз. Оның мәнiсi былай: қазақта жайрағыр деген жаман қарғыс бар. Осы сөздiң түп-төркiнi жайлы бiр көнекөз атамыздың: «Жайра деген алып әрi құбыжық мақұлық болған. Кейiннен түп-тұқиянымен құрып кеткен көрiнедi. Сол мақұлық сияқты тұқымың құрып кетсiн дегендi бiлдiретiн қатты қарғыс» дегенi жадымызда қалған едi. Ол мақұлық осы Динозаврға келетiн болған соң көне атауды жаңғыртып, кейiнгi жастарымызға динозаврдың да ертеде қазақша атауы болғандығын бiлдiру мақсатында жайра сөзiн фантастикалық көркем дүниелерiмiзде де қолданып жүрген жайымыз бар. Ал дикобраздың жайра атануы, бiздiң ойымызша, бертiнгi сөзжасамнан туындаған болса керек. «Әннiң де естiсi бар, есерi бар» деп Абай атамыз айтқандай, ол сөзжасамдардың iшiнде де сәтсiздерi кездесiп қалатындығын жасыра алмаймыз. Сәтсiздiк сол баяғы орыс тiлiне жүгiнуден шығады. Бiр ғана мысал: подорожник өсiмдiгiнiң қазақша атауы көптеген ғылыми кiтаптар мен басылымдарда әлi күнге дейiн жолжелкен болып келе жатыр. Мұның сөзбе сөз аударма екендiгi көрiнiп тұр. Ал оның халық қойған ежелгi өз атауы – иманжапырақ. Мұндай мысалдарды iндетiп, тiзе берсек, жетерлiк. Дикобраз атауына да дәл осындай күмәнiмiздiң бар екендiгiн жа­сыра алмайтындығымыз сондықтан. Әйт­песе, сiздердей терең болмаса да, дино­за­вр мен дикобразды, жәндiк (жануар емес) пен жануарды айыра алатындай, энци­кло­пе­диялық бiлiм деңгейiнде түсiнiгiмiз бар деп ойлаймыз. Қорыта келгенде, бiздiң аталмыш мақа­ла­мыздағы айтпағымыз жыл атауларының iшiн­дегi жыртқыш аң – ұлу туралы ғана едi. Бол­мас iске тұмсығымызды сұғып, бiреудiң кә­сi­бi­не араласып немесе әлдекiмдермен бiлiм жа­рыс­тырып, бiлгiшсiне қояйық деген ойымыз да жоқ. Бiзге қаламгер ретiндегi абырой – атағымыздан артық ешкiмнiң ештеңесiнiң қажетi де шамалы. Бiрақ қалам ұстаған халық адамы ретiндегi бар мақсатымыз – өшкенiмiздi жандырып, өлгенiмiздi тiрiлтiп жатқан тәуелсiздiк кезiнде көкейге қонымды дәйектi дәлелдерге толы ғалым тұжырымына «көкiрегi ояу», көзi қарақты жұртшылықтың назарын аударту. Сөйтiп, жыл атауы ұлудың не екенiн бiлмегендiктен, амалсыз сөздiкке жүгiнудiң салдарынан 1988 жылдан берi улиткаға тастабандап жабысып қалған және содан айрылғысы келмей адасып жүрген стереотиптi жандарға қол ұшын беру, тым болмаса, жоғарыда аталған кiтапқа бет бұр­ғы­зып, назар аударттыру. Арасанбай Естенов, жазушы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi Р.S. Жалпы, ой бөлiсу барысы қалың оқырман қауымға түсiнiктi болу үшiн төменде ғалым Мыңбай Ысқақов ағамыздың «Қазақ календары» атты кiтабындағы «Мүшелдегi хайуандар» мақаласынан Ұлу жылына қатысты үзiндi жариялауды жөн көрiп отырмыз. МҮШЕЛДЕГI ХАЙУАНДАР Ұлу Бұл хайуанды алтайлықтар мен телеуiттер «ұлы» дейдi, ұйғырлар және түркiмендер мен қазақтардың бiр бөлiгi «балық» дейдi. Парсыша – неһеңгi, яғни темсақ (крокодил). Көрнектi орыс ғалымы, Шығыс­танушы, түрколог, Петер­бург университетiнiң профессоры П.М. Мелиоранскийдiң (1868 – 1906) айтуынша, ХIV ғасырда бiр араб ғалымы Персияда сығыр, ат, балық жылдары болады деп жазған. Қазақ, қырғыз, Қырым татарлары, Ставрополь түрiкмендерi, ноғайлықтар бұл жылды «ұлу жылы» дейдi, бiрақ ұлудың қандай хайуан екенiн анық бiлмейдi. Мүшелдi көп зерттеген ғалымдардың бiрi А.Н.Самойлович ұлудың мағынасын сұрағанда Қырым татарлары «бiр қара түстi, көбелек сияқты» жәндiк деп, Ставрополь түркiмендерi «бiр кiшкене құс болса керек» деп, ноғайлықтар «құс па, маса ма, анығын өзiмiз де бiлмеймiз» деп жауап берiптi. Н.Северин ұлуды орыс тiлiне «улитка» деп аударыпты. Кумандиктер ұлуды «кербалық» немесе «ұлу-аржан» дейдi. Алтайлықтардың мүшелдi кескiндейтiн бiр ескiлiктi суретiнде ұлу орнына жираф суретi көрсетiлген. Мүшел суретi салынған ескi Қытай медальдарында ұлу төрт аяқты ұзын жылан бейнесiнде. Сондықтан оны кейбiреулер орыс тiлiне «дракон» деп аударады. Айдаһар – қытайша лун. Бiрталай зерттеушiлер «ұлу» сөзiн осы «луннан» шыққан деп топшылайды. Бұрын Қытай империясының туы мен гербiсiнде айдаһар суретi болған. Қытайдың ескi монеталарындағы суреттер бойынша айдаһардың терiсi балықтiкiндей қабыршақтармен қапталған, қабыршақтары күнмен шағылысып жалтырап тұрады. Бұған қарағанда ол су хайуаны. Айдаһар суретiнде қанат та бар. Демек, ол құсқа да ұқсас, ұшып жүрмек. Сурет жалпы алғанда темсақ сияқты. Телеуiттер ұлуды үйрекке ұқсас құс, шалшық суларда болады деп есептейдi. «Ұлу» сөзiн тибет тiлiнен шыққан деп жорушылар да бар. Бiрақ оның тибетше мағынасы белгiсiз. Д. Банзаровтың айтуынша, моңғолдар будда дiнiн қабылдағаннан кейiн (бұл дiн Тибеттен тараған) ұлу деп Үндiстан жерiнде болатын нәгi деген жыланды айтқан. Өткен ғасырда моңғол тiлiнде «ұлу» сөзiнiң екi түрлi мағынасы болған. Олардың бiрi – айдаһар, екiншiсi – «жер мен суды билейтiн жын». Моңғолдар күннiң күркiреуiн көктегi айдаһардың арқырауы деп түсiнген. Оларша күн күркiреу – «тәңiрiн ду», дәл мағынасы – «аспан дауысы». Логикалық жағынан алып қарағанда ұлудың көбелек, маса, қоңыз болуы қисынсыз. Ондай ұсақ жәндiктер ел өмiрiнен елеулi орын алмаған. Мүшелдегi басқа хайуандардың бәрi де (тышқаннан басқасы) iрi хайуандар. Ұлудың балық болуы да екiталай. Бiрiншiден, оны халықтардың басым көпшiлiгi балық деп есептемейдi, екiншiден, мүшелдегi қалған он бiр хайуанның бәрi де құрлықта, жер бетiнде болатын хайуандар. Айдаһардың да мағынасы жоқ, табиғатта ондай жылан болмайды. Айдаһар халықтардың қиялынан шыққан фантазиялық хайуан, ол кейде аждаһа деп те айтылады. Қытай тiлiнде бұғыны лу дейдi, бiрақ ұлу жылы бұғы жылы болып саналмайды. Мүшелдi кескiндейтiн суреттердiң ешқайсысында бұғы жоқ. «Ұлу» сөзi түркiлердiң «ұлы» (үлкен, зор) сөзiне жақын. Бiрақ бұл сөздiң ескi түрi «ұлы» емес, «ұлүғ». Сондықтан «ұлуды» «ұлыдан» шықты деуге де болмайды. Алтайлықтардың жоғарыда келтiрiлген ертегiсiнде былай делiнген: «Манының жетi ұлы болған, олар – борсық, мысық, барыс, ұлу, қарағұла, iрбiс және текен». Бұл тiзiмнiң iшкi мазмұнына қарағанда ұлу – балық та, айдаһар да емес, барыс тұқымдас жыртқыш аң. Сондықтан да алтайлықтардың мүшелдi бейнелейтiн кейбiр суреттерiнде ұлу төрт аяқты, құлағы төбесiне бiткен хайуан түрiнде көрсетiлген. Ежелгi заманның халықтарында сол кез­дегi соқыр сенiмдер бойынша, кейбiр хайуандардың атын атамайтын әдеттер болған. Атын атаса, олар өшiгiп кетедi-мiс. Сол әдет бойынша ертедегi қазақтар қасқырды көбiнесе «бөрi» демей, «ит» деген. Мәселен: «итке кәдiк болмасын», «санын ит тартқан». Абайдың белгiлi «Қыс» деген өлеңiнде: «Малшыларым, қор қылма итке малды» делiнген. Мұнда айтылып отырған ит – кәдiмгi қасқыр. Осы тұрғыдан қарағанда «қасқыр» сөзi бөгде мағынада алынған сөз. «Қара құлақ десе, қасқыр шамданады». Қара құлақ жоғарыда айтылған ұлудың «iнiсi» –қарағұла болуы мүмкiн. Айбатты болып есептелген жыртқыш ұлу жымысқы ұры, дәрменсiз қарағұла дегенде «қорлануға, шамдануға» тиiс. Сонымен, сайып келгенде ұлу көбелек те, балық та, темсақ та, айдаһар да емес. Ол қабылан, сiлеусiн, бұлыңғыр сияқты, жалпы алғанда, зоологиялық жағынан ит тұқымына жататын және ұлитын аң болуы керек. Ертеде Оңтүстiк Сiбiрде тiршiлiк етiп, бертiн тұқымы құрып кетуi мүмкiн. Қазiр ұлудың нақты мағынасы ұмыт болған, ол фантазиялық хайуанға айналып кеткен. Сондықтан ұлуды орыс тiлiне «крокодил», «дракон», «рыба» т.с.с. деп аударып шатастырмай, орысша «улу» деп, тиiстi түсiнiк беру керек.
Мыңбай ЫСҚАҚОВ «Халық календары» кiтабы. «Жазушы», 2009. 271-273 беттер